Ауылдарды түлеткен тұлға

200

0

Сыр еліне жарқын істерімен жақсы танымал, бүкіл ғұмырын ауыл шаруашылығын дамытуға арнап келе жатқан білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, ғалым-агроном Алданберген Құлбаев ағамыз биыл 75 жасқа толғалы отыр. Оның ғұмыры ғибратқа толы, ел үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Алдекең әлі де бір емес, екі ауылдың шаруашылығын шалқытып, берекесін тасытып келеді.

Сонау 1970 жылдары бала кезімізде «Шаған» ауылының жоғары білім алып келген бір топ жастары комсомол жастар бригадасын құрып, күріш егумен айналысты. Бірі – экономист, бірі – заңгер, бірі – гидротехник, бірі –  агроном, әйтеуір әртүрлі мамандық иелері ауылдың абыройын асқақтату үшін дипломдарын механизаторлық пен диқандыққа, звено жетекшілігіне ауыстырып, еңбекке араласты. Сол кезде осы бригаданы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының түлегі, ғалым-агроном А.Құлбаев ағамыз басқарған болатын. Таң алагеуімнен тұрып, қас қарайғанға дейін маңдай терін тамшылатып еңбек еткен жастар «Шаған» ауылының атын аспанға шығарды. Жақсы өнімдерге қол жеткізіп, ауылдың атын республика көлеміне танытты. Кейіннен осы бригада мүшелері өз мамандықтары бойынша әр саланы өркендетуге күш салды. Сол кезде «Шаған» ауылы «мамандар ұстаханасы» деп аталды. Себебі сол жігіттер аудан, облыс көлеміндегі басшылық қызметтерде өзін көрсетіп, нағыз еңбекпен шыңдалып, ел үшін қызмет ете білетінін дәлелдеген болатын.

Шаруасы шатқаяқтаған ауылдарды аяғынан тік тұрғызып, қайта түлеткен Алдекең қай елді мекенге барса да ең әуелі халықпен тіл табысты. Өз ісіне, жұмысына берік мамандарды, механизатор мен диқандарды таңдай білді. Өзі де үлгі көрсетіп, қатаң тәртіптің адамы екенін танытты. Еңбек өнімділігін арттыруға, үнем мен ұқыптылыққа айрықша ден қойды. Соның арқасында Сырдария ауданында маман-кадрлар, жас басшылар жетіліп шықты. Бүгінде басшылықта жүрген жігіттердің дені Алдекеңнен тәлім-тәрбие алған, темірдей тәртібінен өткендер. 

Агрономдық қызмет атқарған шағында озық шаруашылықтардың тәжірибесін зерттеп, білімін жетілдіріп отырды. Кей жылдары тәжірибе алмасу мақсатында шетелге, Италияға және Ресейге іссапармен барып келді. Ондағы күріш сорттарын егу барысымен танысып, қай дақылды қалай орналастыруды зерделеп қайтты. Соның нәтижесінде қай ауылды басқарса да жоғары өнімділікке қол жеткізіп отырды. Тоқырау кезеңдерінде «Шіркейлі», А.Тоқмағамбетов, О.Мәлібаев, Қалжан ахун секілді шаруашылықтарға директор болып, ауылдарды қайта түлетті. Сол қиын-қыстау кезде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды.

Жаңашылдық пен озық технологияны меңгеруге, заман ағымына сай үрдістерді үйренуге деген талапшылдық пен табандылықтың арқасында ауданға келген инвестор «Шапағат Лимитед» ЖШС директорының орынбасары, кейіннен директоры болды. Сол уақытта шаруашылықтардың жұмыстарын ширатуға, материалдық-техникалық базасын жақсартуға, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге көп күш салды. Түрлі техникалармен жабдықтап, ел жағдайын көтеруге ықпал жасады.

– Ауылдың бір топ ақсақалдары мен азаматтары келіп, шаруашылық басқаруға қолқа салғанда көп ойландым, – дейді Алданберген ағамыз өткенді еске алып. Тұралап қалған шаруашылық, жөні түзу бірде-бір техника жоқ, мамандардың барлығы жан-жаққа нәпақа іздеп кеткен. Әйтсе де халықтың жағдайы қатты толғандырды. Сонымен тәуекелге бел байлап 2008 жылы О.Мәлібаев ауылына келіп, «Қызылдиқан» шаруа қожалығын құрып, іске кірістік.

Ауылға жанашыр азамат Б.Мақашев сынды инвестор тапты. Шаруашылық техникаларын, комбайн, тракторларды жаңартты. Облыс көлемінде некен-саяқ кездесетін астық қоймалары, қырманы, гаражы, кеңсесі, асханасы, өндірістік цехтары, яғни барлық қажетті ғимараттары бар агроөнеркәсіптік кешен  салды. Бүгінде оның игілігін жергілікті халық көріп отыр.

Білікті де іскер Алдекең жақсы мамандарды, механизатор, диқандарды жинақтап, ауылдың ажарын кіргізді. Жыл сайын жоғары өнім алып, қожалықтың күш-қуатын арттырды. Небәрі 800 гектардың о жақ бұ жағындағы жердің әр гектарынан 50-60 центнерден өнім жинап, ел байлығын еселеді.

Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтап, сәулетін дәулетіне сай етуге тырысқан Алдекең ауыл орталығынан наубайхана ашты. Биыл өз күшімен тұрмысы төмен 4 отбасына арнап, жаңа тұрғын үй салып жатыр. Жыл аяғына дейін тұрғын үйлер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ең бастысы, несібе-нәпақасын еңбекпен арттырған ел Алдекеңе дән риза. Қазіргі кезде ауылдың келбеті, тыныс-тіршілігі ешқандай елді мекеннен кем емес.

Иә, ауыл шаруашылығының білікті маманы, іскер басшы, ұйымдастырушылық қабілеті зор, ғалым-агроном Алданберген Құлбаевтың осы кезге дейінгі қажырлы да табанды, жемісті еңбегі еленбей қалған жоқ. Әр жылдары ауыл шаруашылығын дамытқаны үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Былтыр саланы дамытуға зор үлес қосқаны үшін «Парасат» орденін кеудесіне тақты.

Ел үшін ерен еңбек етіп, талай шаруашылықты қайта түлеткен Алдекең ағамыз жеңгеміз Күлзейнеппен ұл-қыз өсіріп, қазір олардан немере-шөбере сүйіп отырған өнегелі отбасы.

Жастайынан шыңдалып, ауыл шаруашылығы саласына айрықша еңбек сіңірген, білімді де, іскер басшы Алданберген Құлбаев ағамыз – таза да адал қызметімен мерейлі болған тұлға.

Бүгінде Алдекең мал шаруашылығын дамытуға да айрықша көңіл бөліп келеді. Қалжан ахун ауылында мал бағып, оны көбейтуге күш салуда. Табиғи шөп, жоңышқа, жем дайындайды. Сонымен қатар екі ауылдың тұрғындары көкөніс, бақша дақылдарын егуге де ден қойып, жыл сайын картоп, сәбіз, қауын-қарбыз, басқа да дақылдар мен қысқы азық-түлігін дайындайды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылдағы №131 орта мектептің ауласын темір шарбақпен қоршап берді. Ардагерлерге көмек көрсетіп, жастардың мәдени-спорттық шараларына демеушілік жасайды. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін әр отбасы жағдайын әрдайым бақылап отырады.

Елдің ықыласы мен қошеметіне, ыстық ілтипатына бөленген Алдекең биыл да егін жинау науқанын табысты аяқтап, ел несібесін еселеуге түп-түгел дайын отыр.

«Қызылдиқан» шаруа қожалығы биыл да мол өніммен қуантарына ел сенімді.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<