Азамат. Ғалым. Ұстаз

1108

0

Биыл Сыр өңірінің белгілі білім ордасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрылғанына
85 жыл болады. Осы кезеңде университет қабырғасында қазақтың атпал азаматтары, ғалымдар, оқытушылар абыроймен қызмет атқарды, атқарып келе жатыр. Солардың бірі және бірегейі – өңіріміздің белгілі азаматы, ғалым, ұстаз Қазыбай Құдайбергенұлы. Қазақтың ұлы ойшылдарының бірі Шәкәрім былай
деген екен: «Адамды адамилыққа апаратын оның үш қасиеті – ойы, сөзі, мінезі. Осы үш қасиетті Қазыбай
Құдайбергенұлынан табуға болады.

Ағамыздың ойы сұңғыла, сөзі парасатты, мінезі бай. Мінезді болмаса ауылдан шыққан қарапайым бозбала қалаға келіп, құрылыста жұмыс істеп, шыңдалып, әскер қатарында Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, сол кездегі білім қуған азаматтардың арманы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетіне түсе ме?! Ол кезде тарих факультетіне оқуға түсу қиынның қиыны еді. Конкурс өте жоғары болған. Бір орынға 10-15 үміткер таласатын. Міне, осындай қиындықтарды жеңе біліп студент атану Қазекеңнің өмірінің алғашқы саналы баспалдағы болып қалыптасуына ықпалын тигізді.

Студенттік жылдарда беткеұстар зиялы азаматтар, мемлекет қайраткерлері Амангелді Құсайынов, Әскербек   Абаев,  Аманжол   Күзембаев және т.б. бірге оқып, жақсы қарым-қатынаста болды. Университетті бітіргендеріне 50 жылдан асып кетсе де, олардың арасындағы достық, сыйластық қарым-қатынас әлі де жалғасын тауып келеді. Дархан қазақ елінің әр түкпірінен білім қуып Алматыда бастары түйіскен азаматтардың дүние болмысының кеңдігі, рухани тазалығы, адамгершілік қасиеттері, азаматтық позициясы кейінгі ұрпаққа үлгі. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың мынадай сөздері бар екен. «Есті адамдардың үш үлкен қасиеті болады, біріншіден, жұртқа берген ақыл-кеңесін өзі орындайтын болады, екіншіден, ешуақытта әділдікке қарсы шықпайды, үшіншіден төңірегіндегі жандардың қателіктеріне кешірімшіл келеді».

– Адамға ащы татпай, тәтті қайда?

Тер төгіп тапқан абзал адал пайда.

Әркімді жаратпаған тәңір жайға

Өлшемі адамшылық тура жолда! –  деген ислам әлемінің ойшылы Қожа Ахмет Иассауидің нақыл сөздері Қазыбай Құдайбергенұлының дүние болмысынан орын алып, азаматтық кредосын айқындайды.

Осы үш қасиетті де Қазыбай ағамыздың бойынан табуға болады. Мінез дегеніміз – ұзақ уақыттан бергі әдет дейді қазақ даналығында. Қазекең – текті жердің тумасы. Әкесі Құдайберген ақсақал кешегі қиыншылық жылдарда, азық-түлік тапшылығы кезінде қойма меңгерушісі болған екен. Сол кезде тазалықтың, әділдіктің үлгісін көрсеткенін үлкен бір жиында елге белгілі азаматтың айтып бергеніне куә болдық. Сонда біз тектіліктің, рухани тазалықтың Қазекеңнің бойында қалыптасуының мәні тереңде жатқанын білдік. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен қоса Қазекеңнің адамгершілік қасиеті де жоғары. Қазақта «Тектіден текті туады» деген қанатты сөз бар. Қазекең тектілікті алдымен отбасынан алған.

Қазыбай Құдайбергенұлы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында 1942 жылы 15 наурызда дүниеге келген. Сырдария ауданындағы И.Тоқтыбаев атындағы (бұрынғы Калинин) орта мектепті тәмамдағаннан кейін целлюлоза-картон комбинатының құрылысында бетон құюшы болып үш жыл еңбек етті. Одан кейін үш жыл ГДР-да әскери борышын өтеген. Қазіргі әл Фараби атындағы (бұрынғы С.Киров атындағы мемлекеттік университет) Ұлттық университеттің тарих факультетін үздік бітірген.

Ұстаздық жолын Жалағаш ауданы қазіргі Бұқарбай батыр (бұрынғы Калинин) ауылындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. Кейін Қызылорда қаласында саяси оқу-ағарту орталығында әдіскер ретінде қызметін жалғастырған. Осы уақыт ішінде өзін жақсы қырынан көрсете білген жас маманды Қызылорда пединститутының басшылығы оқытушылық қызметке шақырады. Міне, осы кезден ғылыми ізденісі, оқу-әдістемелік қызметінің саналық баспалдағы басталады.

1971 жылдан бастап Н.Гоголь атындағы пединститут қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор қызметтерін абыроймен атқарды. Ғылыммен айналысты.

1977 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының саяси экономика кафедрасының аспирантурасын бітірген, Украина ғылым академиясы экономика институтының ғылыми кеңесінде 1981 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған. Доцент, Мәскеудегі педагогикалық білім беру халықаралық академиясының мүше-корреспонденті. 200-ден аса ғылыми проблемалық мақаланың, бірнеше монография мен оқу құралдарының авторы. 10-нан аса халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасаған.

Украина Ғылым академиясының экономика институтында кандидаттық диссертация қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Ғылым жолы – өте ауыр жол. Осы ауыр жолдан абыроймен, адалдықпен өтті. «Ақтөбе өндіріс торабы: қалыптасуы мен торабы», «Экономикалық саясат» атты еңбектерінде еліміздің өңірлік, экономикалық саясатының мазмұны мен мәнін, заңдылықтарын жүйелікпен баяндай білді. Экономикалық саясаттың теориясын, саяси танымдылығын, философиясын, әлеуметтік негіздерін тұжырымдады. Нарық жағдайында экономикалық саясатты жүзеге асыру барысында туындайтын проблемаларды айқындау және шешу жолдарын қарастырды.

Қазекең ұстаздық қызметімен қатар аймақтың саяси-қоғамдық өміріне де белсене араласып жүреді. Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты, көптеген қоғамдық кеңестердің мүшесі ретінде облыстың әлеуметтік-экономикалық салаларындағы қордаланып қалған мәселелерді шешу жолында өзіндік азаматтық позициясын ашық білдірді. Адамдық пен білімге құштарлықты басты мақсат еткен ғибратты ұстаз білім саласындағы қызметін қажырлылық, тиянақтылықпен, абзал ниетпен атқарып келеді. Осылайша бір бойында сан алуан өнері мен қабілеті бар Қазыбай Құдайбергенұлы биік белестерді бағындырып, сексен жастың сеңгіріне толағай табыспен жетіп отыр.

Қазекең – білікті ұстаз, ғалым болуымен қатар, қадірменді отағасы, аяулы әке, шөбере сүйіп отырған сүйікті ата. Өз перзенттеріне нағыз қазақы әдетпен тәрбие берген. Олар қазіргі уақытта білікті де білімді мамандар болып, әр салада абыроймен қызмет атқарып жүр. Қазекеңнің кісілік келбеті мен болмыс-бітіміне келсек, саналы да сырбаз, шыншыл да сыпайы, қамқор да қарапайым қалпынан айнымайтыны, кімге де болса қол ұшын беруге әрдайым дайын тұратындығы сүйсіндіреді. Орнықты ойы, табандылығы мен тиянақтылығы, ұстамдылығы, айналасына шуақ шашып жүретін жаны жайсаң, кішілігі мен кісілігі жүзінен білініп тұратын, ішкі мәдениеті жоғары, табиғатынан сыпайы, ақжарқын жанға ортасы зор құрметпен қарайды. Онда дос та, жолдас та аз емес, қазақтың талай жақсыларымен араласып, оларға құрмет көрсете жүріп, өзін де сыйлата білген.

Қазыбай Құдайбергенұлы – Алты Алашқа әйгілі ақын Күдеріқожа Көшекұлының ұрпағы. Қолы бос уақытында жан дүниесіндегі тебіреністерін қағазға түсіріп жырға айналдырып жүр. Қаламынан «Сырым мен шыным», «Талантымен танылған тұлға» және т.б. туындылары шықты. Қоғамдағы түйткілдер туралы, тарихи тұлғалар, өзі куә болған оқиғалар жайлы мақалаларын «Сыр бойы», басқа да басылымдарға жариялап тұрады. Оның орнықты ғалым, көпті көрген адам ретіндегі ойлары мен пікір-пайымы оқырман үшін бағалы. Өмірінің елу жылдан астамын, күш-жігерін, білім-білігін арнаған Қорқыт ата университетінде Қазыбай Құдайбергенұлы атындағы дәрісхана бар. Біз мұны ардагер ұстазға арналған құрмет деп түсінеміз. Ғалым-ұстаз білімнен бөлек, тәрбиені қатар берген шәкірттерінің өмірлік жолындағы жетістіктеріне қуанады. Беделді, білікті, қарапайым, адамгершілігі мол, жастарға қамқор, әділдікті сүйетін шыншыл, көпшіл тұлға. Сексеннің сеңгіріне шыққан ағамыздың зиялылық пен парасаттылықтың биігінен көрінуін, мәртебесі жоғары болуын тілейміз.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы университет профессоры

Сырым мен шыным

(Әскербек пен Нұршагүлге)

Шерменде оймен шектеліп,

Күндерім зулап ағады.

Өзімді кейде жек көріп,

Улаймын таза сананы.

Жаны жайлау, ісі – іңкәр,

Болса екен тапқан адамың.

Мәңгіге кетсе сүйген жар,

Тұсалды дей бер қадамың.

Жас келгенде жақпайды,

Бірі былай, бірі олай.

Көңіл шіркін сақтайды,

Ойларды таудай толағай.

Сұрасаң халім осылай,

Сыртым шуақ, іш жалын.

Шағына берсем досым-ай,

Шыға да бермек қайдағым.

Сұғанақ көздің жазасын,

Тарттым ғой мен де кезінде.

Тәңірдің берген бағасын,

Шыңдатып берік сезімге.

Жақсылық атты ұғымның

Жан серігі – жамандық.

Ақ тіні сіздер жырымның,

Сүйейтін арқа қамал қып.

Бәрі де досым өткінші,

Шыдамды шайқап алмасаң.

Жамандық құрдым кетсінші,

Қосылып жанға, малға сан.

Кездейсоқ пәле сендерді,

Бір түйіп өтті-ау қапыда.

Қабылда алған емдерді,

Жасыма, досым, жасыма!

Ақыры жақсы иншалла,

Тездетіп соны бере гөр.

Өмірдің жолы бір басқа,

Аллаға досым сене бер.

Анашым

Ақ сүтімді тауысқан кенжем деген

Мейіріміңді ол кезде сезгем бе мен?

Әжім бетте қайсарлық ізі жатыр,

Бар бақытқа өзімді тең көрмеген.

Шындық пен әділдікті серік еттің,

Өмірдің қызығын да көріп өттің.

Қасқайып сұм ажалдан еш тайсалмай,

Күрестің өзімен де ауыр дерттің,

Бұза алмас ешбір адам өмір заңын,

Сондықтан көп ойладың өлім қамын.

Ажалдың тырнағынан құтқара алмай,

Артыңда қала берді-ау балаларың.

Сіз бәйтерек тамыры тереңдегі,

Сан бұтақты, саялы кемердегі,

Есімізде мәңгілік қалар жүзі,

О дүниелік жайыңа енердегі.

Мирас боп бізге қалды адалдығың,

Жақсылық боп төғілген жамалдығың.

Болмаса тастап кеткен қасиеттерің,

Өмір атты бұзады қамалды кім?!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<