Жүйрік мініп, желдей есіп жүрген осы жандардың бәрі де Құдай бұйыртса жетпіске келеді. Бірақ, сол жасқа кім қалай жетеді, адам үшін ең маңыздысы сол. Сыр елінің саңылақ перзенттерінің бірі, «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Бақыт Әбдіғаппарұлы Нұртазаев жетпіс жасқа толып отыр. Болмысынан биязылық, өн-бойынан қазақы тәрбие тебіндеп тұратын осы бір қарапайым адамның жан дүниесіне үңіліп көрсеңіз, өмір сырына ғана емес, өңір тарихына да қанығар едіңіз. Бұлай деуімнің себебі бар.
«Жайқалған ақ күріші» деп әнге арқау болған Қызылорда облысы қазір күріш дақылын елімізден бөлек шет мемлекеттерге де шығарады. Күріштің пайдасы орасан, дәнінен тәтті ас піседі, сабанынан қағаз жасалады, кебегі мал азығы болады. Азиялықтардың мүсіні әсем, өмірінің ұзақ болу сыры да күрішті көп тұтынғандықтан дейді ғалымдар. Қазір аймағымызда егілетін күріштің сексен пайызы «Лидер» және «Янтарь» деп аталатын сұрыптар екен. Жаңағы айтқан пайда мен нәр де осы сұрыптарда көбірек көрінеді. Сол бір сұрыптардың облысымызға келуіне, жерімізден жайқалып шығуына біз айтып отырған Бақыт Әбдіғаппарұлының біріміз білсек, біріміз білмейтін айрықша еңбегі бар. «Бейнет қыл да, міндет қыл» дейді қазақ. Бірақ, Бәкеңнен кез келген жерде осы еңбегін еске салып, айбарақтап айтып жатқанын естімеппін. Ендеше, оны біз айтуға тиіспіз.
Бұл үшін білгенімді сәл әріден бастағаным жөн.
Бәкеңнің әкесі Әбдіғаппар аға Нұртазаұлы – ауыл шаруашылығының білгір маманы, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген агрономы», Жаңақорған ауданының «Бірлік», «Талап», «Задария» шаруашылықтарын басқарған кісі. Қайырымды, қоғамшыл, еңбек майталманын халық ерекше сыйлаған, елге ел қосқан азамат.
Тәуелсіз еліміздің қалыптасуында өзіндік өрнек қалдырған тұлға Бердібек Сапарбаевтың мына бір жазбасы Әбдіғаппар ағаның болмысын аша түседі.
«1960 жылдардың басында КСРО басшысы Н.Хрущевтің ықпалымен Оңтүстік Қазақстан облысының біраз жері Өзбекстанға берілді. Халықпен ақылдасып істелген іс емес, жоғарыдан келген өкім. Бұл, әрине, зор қиянат еді. …Халық арасында ішкі наразылық болғанымен, ешкім сыртқа шығара алған жоқ.
Міне, осы кезде Әбдіғаппар Нұртазаұлының іскерлік қыры жарқырап көрінді. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Түгіскен массивінде жаңадан құрылған «Задария» кеңшарының директоры болып тағайындалған ол аудан басшысымен ақылдаса отырып, әуелі жұмыс күшін қамдауға кірісті. Ол үшін Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстанға өтіп кеткен аудандарды аралап, халықпен кездесті. Бірін аға, бірін іні тұтып, бауырға тарта сөйлескен оны жұртшылық та жатсынған жоқ. Ол Өзбекстанға қараған елді Қазақстанға көшуге үндеді. Сол кезде тың жер есебіндегі Түгіскен массивті аумағын бірге игеруге шақырды. Жердің ерекшелігін, егіннің бітік шығатындығын, бірлік болса, тірлік болатындығын еске салды. Қалың қазақтың ортасында отырудың тілді, ділді сақтайтындығын да айтуды ұмытпады. Соның арқасында алпысыншы жылдардың аяғында Жаңақорған ауданына Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстаннан 500-ге жуық отбасы көшіп келді. Оңтүстік өңірлерде бір үйде 7-8 бала болатынын ескерсек, жаңа қонысқа 4 мыңнан астам адам келді…».
Біздің еліміздің өсіп-өркендеуі, халқымыздың ынтымақ-бірлігінің ыдырамауы міне, дәл осындай кісілердің туған жеріне дәл осындай қызмет етуімен тікелей байланысты деп сенімді айтуға болады.
Бәкең – ел-халқын анам деп сүйген сондай азаматтың ұрпағы.
Өмір жолына назар аударатын болсақ Бақыт Әбдіғаппарұлы 1969 жылы Жаңақорғанға қарасты №167 Жаңарық орта мектебін бітірді. Ал жоғары оқу орнын Жамбыл облысында тәмамдады. 1974 жылы сондағы гидромелиоративтік құрылыс институтының «инженер-гидротехник» мамандығын алысымен елге оралып, алғашқы еңбек жолын аудандағы су жүйесі басқармасында бастады.
– 1974 жылдан бастап 1992 жылға дейін үздіксіз аудандағы «ПМК-34», яғни, жылжымалы механикалық колоннада мастерліктен бастап, прораб, бөлім басшысы, аға инженер қызметтерін абыроймен атқарды. Қызмет атқарған жылдары «ПМК-34» мекемесінің қатысуымен аудан көлемі бойынша 18 мың гектар жер инженерлік жүйеге келтіріліп, тегістелді. Сондай-ақ 1976 жылы 20 млн текше метр су сиятын «Бесарық» плотинасы, 1981 жылы 10 млн текше метр су жинайтын «Жиделі» қоймасы салынды.
1992 жылы облыстық құрылыс материалдары комбинатына қарасты Жаңақорған ауданындағы тас ұнтақтау зауытын басқаруға ұсыныс түсіп, зауыт директоры болып тағайындалды.
1995 жылы облыстық құрылыс материалдары комбинатына қарасты Жаңақорған ауданындағы тас ұнтақтау зауытының директоры болып қызмет атқарып жүрген Бақыт Әбдіғаппарұлын аудан басшысы қызметке шақырып, «Әкеңіз ұйымдастырған совхоздың жағдайы нашарлап кетті, соған сені басшылыққа жібермекші болып отырмыз» деп қолқа салады. Ол кездегі жағдай белгілі, Бәкеңді басшылыққа қолайлап отырған шаруашылық мал басы кеміген, азық-түлік өндіру жоспарлары орындалмаған, егіс көлемі қысқарған, алашағынан берешегі бес есе көп өндірістік кооператив болатын. Бәкең соның барлығын жақсы біле тұра, тәуекелге бел байлап елге қызмет етуге барды. Бара сала іске кірісті, аудан басшысының қолдауымен барлық саладан білікті мамандарды қатыстырып комиссия құрды. Шаруашылықтағы бар мен жоқты анықтап, жағдайды облыс әкімі С.Шаухамановқа баяндап, жаңадан бірнеше комбайн, трактор алуға қол жеткізді және күріш, көкөніс, бақша бригадаларын ұйымдастырды. Сол кезде Үкімет тарапынан ұжымды жедел жекешелендіріп жер көлемін, мал басын, техникаларды ғимараттағы үлестерін бөліп беру жөнінде қатаң тапсырма түсіп жатты. Бірақ, директор Бақыт Нұртазаев халықты қағаз жүзінде қаржылай үлестерін шығарып, ұжым болып жұмыс істеуге келістірді. Осы ісінің арқасында екі жылда мал басы 7 пайызға, егіс көлемі 10 пайызға ұлғайып, сыртқы қарыздары 5 пайызға қысқарды. «Әкесі құрған совхозды, баласы келіп таратып кетті» деген ел наласына қалғысы келмеді. Сол үшін «Задариядан» кеткенше жердің, техниканың, ғимараттардың не малдың жекеге өтіп, қолды болып кетуіне жол бермеді.
Ал 1997 жылы аудан әкімі С.Мырзабековтің шақыруымен аудан әкімінің 1-орынбасары болып тағайындалды.
Бұл үлкен жауапкершілікті арқалап жүруде де Бәкең тынымсыз еңбек етті. Аудан бюджетін көбейту, салық түсіру, аудан көлеміндегі табиғи байлықтарды заңды түрде пайдаланудың жолдарын ашу оның басты жұмысына айналды. Осы міндеттерді атқаруда да ол халық көңілінен шығып, абырой иеленді.
1999 жылы қыркүйек айында басшылықтың ұсынысымен облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып қызмет ауыстырды. Жауапкершілік салмағы бұрынғыдан да ауырлай түсті.
Бақыт Әбдіғаппарұлының облыс басшылығына тұқым шаруашылықтары «Түгіскен», «Қарауылтөбе», «ІІІ Интернационалдың» материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде, Ресейден күріштің жаңа сұрыптарын әкеліп, аудандастыру жөнінде ұсыныс жасайтыны осы кез.
Сөйтіп, 2001 жылы Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы Төрехан Қарлыханов екеуі Ресейдегі Краснодар қаласындағы «Федеральный научный центр риса» орталығына барып, тәжірибе алмасады. Күріштің «Лидер» сұрыбының авторы Григорий Леонидович Зеленскимен сөйлесіп, келісім-шарт жасасады. Сол уақытта Қызылордада «Ақ маржан» бір ғана күріш сұрыбы бар еді. Басты мақсат дақылдың жаңа түрін көбейту болады. 2002 жылдан бастап осы сұрып түрлері тәжірибе түрінде пайдаланылып, келесі жылдан толықтай егіле бастайды.
Қазіргі «Лидер» мен «Янтарь» сұрыбы Сыр бойына осылай келген. Мұны Бақыт Әбдіғаппарұлының туған жері Сыр бойы халқына сіңірген айрықша еңбегі деп еркін айта аламыз. Атақ адам еңбегінің бір көрсеткіші болса, Бақыт Нұртазаев пен Төрехан Қарлыхановқа осы еңбегі үшін облыстың Құрметті азаматы атағын берсе, жарасар еді.
Бәкеңнің жетпіс деген жасқа абыроймен, биік тұлғасымен, халық алғысымен жетіп отырғанының өзі атақтың үлкені, біздікі – бір лебіз.
Өмірде бар білім мен тәжірибесін елдік қызметке жұмсаған Бақыт Нұртазаев әлі де осы саптан түскен жоқ. Бүгінде ол қалалық әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының директоры қызметінде. Отанасы Сымбат екеуі қос қызын қияға ұшырып, қос ұлын ұяға қондырып, он алты немере сүйіп, шаттықты шақта отыр.
Бұл кісімен кездескен сайын мен тектіліктің, еңбекпен сұлуланған ерекше мінездің иесін көремін. Қиыны мен ауырын арқаға салған қу тірліктің жанына түсірген сызатын білдірмейтін, алдыңнан күн шыққандай күлімдеп қарсы алатын осы бір кісінің жаныма жақын болатын сыры неде? Бәлкім, биіктігін білдірмей, болмысын өзіңмен тең ұстайтын қарапайымдылығы шығар. Мен бұл кісіге арнап күрмексіз күріштей деген теңеу айтар едім. Иә, бір кезде өзі ел асып алып келген күріш сұрыптары қазір аймағымыздың ақ даласында көк теңіз секілді толқып жатыр. Осы көріністі көргенде сол ырыс теңізінің айдынында жүзген Бәкең секілді бірегей жанның ел құрметтеген еңбегі бар екенін қайта-қайта айтқым келе береді.
Әріп ҚОЖБАНОВ,
Қызылорда облыстық
Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Сырдария ауданының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<