Балалар әлемінің бағбаны

531

0

сурет ашық дереккөзден

Қазақ әдебиетінің жанрлық аталымдарының ішінде балалар әдебиетінің орны бір бөлек. Өйткені баланың жан дүниесімен үйлесім табатын тақырыпты таба біліп, оны көркем туындыға айналдыру қажет. Сондай-ақ, шығарманың тәлім-тәрбиелік мәні болуы міндетті. Маңыздысы сол, баланың санасы тез қабылдайтын, жаттап алатын, ойы ұшқыр, тілге жеңіл туындылар шығармашылыққа бейімі бар балдырғанды мектеп жасынан, тіпті балабақша қабырғасында жүргенде-ақ айқындап, қабілетін ұштай түседі.

Жарты ғасырлық ұстаздық жолында бала тәрбиесіне бағытталған бірнеше әдістемелік құралдар мен шығармашылық еңбектер жазған, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР  Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рахат Наурызбаеваның есімі Сыр жұртшылығына ғана емес, республика көлемінде белгілі. Саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне арнаған ардагер ұстаздың балалар әдебиетіне еткен еңбегі бір төбе. Ғалым ұстаз биыл 80 жасқа шықты. Осыған орай мерейтой иесін облыс әкімі Н.Нәлібаев құттықтап, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, лайықты сый-сыяпат көрсетті.

Ол аймақ басшысының құрметіне алғысын білдіріп, бұл – шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп жүрген барша ұстаздардың еңбегіне берілген баға деп қабылдайтынын атап өтті.

Ұстаздың өмір жолына зер салсақ, Қазалы стансасында дүниеге келіп, қарапайым отбасында тәрбиеленген ол ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді бойына сіңіріп өсті. Сол жердегі №420 мектептің 7-сыныбын бітірісімен, облыс орталығындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне түсіп, білім алады. Ал 1961-1965 жылдар аралығында Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын иеленді. Осылайша өмірінің мәніне айналған ұстаздық міндеттің зор жауапкершілігін арқалай жүріп, жас ұрпаққа білім берумен қатар, жан-жақты тәрбиеге баулуда өзіндік ізін қалыптастырды.

Шындығында, ол қатардағы көп мұғалімнің бірі емес,  әйгілі ағартушы Ы.Алтынсаринше айтқанда, шәкірт жүрегіне шамнан шырақ жаққан шынайы ұстаз болуды мақсат етті. Сол мақсатына жету жолында аянбай еңбек етті. Әр жылдары облыс, аудан мектептерінде, М.Мәметова атындағы педагогикалық училище (қазіргі жоғары колледж), Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Сейхун» академиясы, тағы басқа оқу орындарында дәріс беріп, шәкірт тәрбиеледі.

– Ұстаздық етумен қатар, шығармашылық жұмыстармен шұғылдандым. Әсіресе, орта мектептерде мұғалім болып жүрген кезімде балалардың білімге деген ынтасын арттыру үшін әр күн сайын жаңа сабағыма көрнекі құралдар әзірлейтінмін. Әйтсе де ол жеткіліксіз сияқты. Ойлана келе, бойымдағы білім мен тәжірибемді шығармашылықпен ұштастырып, тәрбиелік мәні бар дүниелер жазуды ұйғардым. Осылайша қолыма қалам алып, балалар әдебиетіне бет бұрдым.

Әдебиет деген өзінше бір телегей теңіз әлем ғой. Оған тосыннан келіп қосыла кету оңай емес. Осы орайда 1978 жылы қазіргі «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінде әйгілі ақын А.Тоқмағамбетов шығармашылығыма ақ жол тілеп, сенім білдіргені мен үшін ерекше қолдау болғанын айтар едім. Сол уақыттан бастап балалар әдебиетіне арнап жазған туындыларым мерзімді басылым беттерінде, журналдарда тұрақты жарияланып жүрді.

Ең алғаш 1980 жылы «Жалын» баспасынан «Бастау» атты жыр жинағым жарыққа шықты. Араға жылдар салып, «Аққозы», «Сергек Серік» атты көркем шығармаларым жас оқырманмен қауышты. Бұдан бөлек, «Ана тілі» баспасынан «Үй ішімізбен қазақша үйренейік» қосымша оқулығым жарық көрсе, «Атамұра» баспасынан шыққан 2-3-сыныптарға арналған «Музыка» пәні оқулығына  «Жыл басы кім болады?», «Аңдардың айтысы» атты музыкалық ертегім мен сюжетті шығармам енгізілді. Сондай-ақ «Алақаныңда алтын бар»  атты жантану іліміне көмекші оқу құралым, «Алма берсем аласың ба?» атты балаларға арналған суретті кітабым жарық көрді. Бұл еңбектерім сол уақытта үлкен сұранысқа ие болып, облыс мектептерінде бастауыш сынып балаларын оқытуда кеңінен қолданылды, – дейді Рахат апай.

Иә, жылдар өте «Білім» баспасынан «Ақ батамен өс, балам!», «Мектептегі сахна сабақтары», «Бастауыш мектепте халықтық тәлім-тәрбие берудің шығармашылық жолдары», «Ғылым ордасы» баспасынан «Сүйімбикенің қоштасу дұғасы», «Әуен әлемінде» сияқты туындылары жарыққа шығып, жас мұғалімдердің тәжірибесін толықтыруына игі ықпал етті. Автордың айтуынша, «Балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауының алдын алуда педагогтің  рөлі», «Балалар мен жасөспірімдерді эвристикалық әдістермен көркемдік-шығармашылыққа баулу», «Ғажайып әлем» атты кітаптары да әлі күнге дейін тәрбиелік мәнін жойған жоқ. Расында, баланы кішкентай кезінен бастап, қоғамның толыққанды мүшесі болғанға дейін үздіксіз дамытып отыру үшін қиял әлемінде қанаттандырып, арман-мақсатына жетелейтін шығармашылық ойлау мен іс-әрекеттің маңызы зор.

Сонау 1990 жылдардың басында облыстық радиода «Кел, қазақша үйренейік!» атты арнайы хабар беріліп, онда бағдарлама бойынша сабақ жүргізілетін. Сол жылдары білікті ұстаз Рахат Наурызбаева өңірде қызмет ететін өзге ұлы өкілдеріне, ынталы азаматтарға «Білім» қоғамының лекторы ретінде қазақ тілінен сабақ берді. Бұдан бөлек, радио арқылы педагогикалық тақырыпта «Тәрбие туралы толғаулар» атты хабар да жүргізді.

Әрбір мұғалім жоғары білімді маман болса да әрдайым ізденісте жүруі тиіс. Заманауи үдерістерге дайын, шығармашылығын үздіксіз дамытып отыруы қажет. Алдына осындай мақсат қойған Рахат Наурызбаева Қазан университеті жанындағы «Біліктілікті жетілдіру» факультетінде бірнеше рет дәріс алып, біліктілігін арттырып, тәжірибесімен ұштастырды. Соның нәтижесінде, 1994-1997 жылдар  аралығында аталған университеттің «Татар тілі» мен «Педагогика» кафедраларында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, 1997 жылы «Жеке тұлғаны шығармашылық бағытта ұрпақтар сабақтастығын қамтып тәрбиелеу» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ал 2009 жылы осы университеттің педагогика кафедрасында «Оқушыларды халық өнері арқылы көркемдік-шығармашылық іс-әрекетке эвристикалық оқытудың педагогикалық жүйесі» тақырыбын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының докторы атанды.

Аймақтың оқу-ағарту саласында өзіндік өрнекті қолтаңбасын қалдырған  ұстаз қоғамдық ортаның белді мүшесі бола жүріп, рухани құндылықтарымызды нығайтуға да зор үлесін қосты. Айталық, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жанындағы «Рауан» шығармашылық орталығының құрметті мүшесі, Қызылорда гуманитарлық университетінің «Шамшырақ» шығармашылық үйірмесінің көркемдік кеңесшісі ретінде жас өркенді шығармашылыққа баулуда жемісті еңбек етті.

Иә, кешегі кеңес өкіметінің тұсындағы білім беру, тәрбиелеу қағидалары еліміздің тәуелсіздік жылдарында түгелге жуық қайта жаңарды. Десек те мемлекет саясатында идеологияның басты бағыты болғандықтан, білім мен тәрбие беру ісі әркез қоғамның назарында. Сондықтан саладағы тың бастамалар ұдайы талқыға салынып, таразыланып отырады. Айталық, ертеңгі ұрпақты оқытуда ел тарихын терең танытып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мәселесі  басты орынға шықты. Осынау екі дәуірдің тоғысында өз мойнына алған мәртебелі міндетті абыроймен атқарып, ұрпақ тәрбиесі жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен Рахат Наурызбаева сынды ұстаздың өмір жолы өнеге деп білеміз.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<