Парламент депутаттарының аудан тұрғындарымен кездесу жиыны.
– Кімде қандай ұсыныс-пікір бар?
Залдан:
– Менде бар!
– Аты-жөніңіз?
– Балық шаруашылығының ардагері Арынғазиев Жылқыбай. Менің айтайын дегенім – аудандағы судың жағдайы, балықтың, балықшылардың жағдайы…
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында балық шаруашылығына байланысты облыстық сала басшыларының аудан балықшыларымен басқосуы өтіп жатты.
– Мәселе айқын, кімде қандай ұсыныс бар?
– Менде бар!
– Аты-жөніңіз?
– Арынғазиев Жылқыбай, өмірі балық шаруашылығында қызмет атқарған ардагермін. Менің айтайын дегенім, аудандағы балық шаруашылығының, судың қазіргі жағдайы… Айналайындар-ау, біттік қой, бұдан әрі төзуге болмайды. Осыған сәйкес менің 2-3 ұсынысым бар…
***
Оның осылай теңіз десе тебіреніп кететін, балық, балықшылар десе беймаза күй кешіп, байыз таппайтын әдеті бар. Әсіресе, тентек теңіз тартылып, бекіре, қаяздар көзден бұлбұл ұшқаннан бері Жылқыбайда осындай мінез пайда болды. Өйтпегенде ше, теңізден тірлігін, балықшылық кәсіптен бақытын тапса Жылқыбайға одан артық, одан қымбат не бар? Сондықтан да бүгінгі тартылған теңіз тағдырын, балық пен балықшылардың мұң-зарын Жылқыбай айтпағанда кім айтады? Олардың тағдырын, олардың мәселесін Жылқыбай көтермегенде кім көтереді?
Мергенсай өңіріндегі теңіздің бір түбегіндегі Тастүбектің ақшағыл құмына 1939 жылы кіндік қаны тамды. Сол теңіз жағалауындағы құмда балалық балдәурен шағының ізі қалды, сол түбек алдағы үлкен арманына қанат бітіріп ұшырған ыстық ұясы болды.
Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін Құлмырза ағасы Жылқыбайға ертерек талап қылуды ескертіп, сол кездегі Гурьев қаласындағы балық шаруашылығы техникумына оқуға түсуге кеңес берді. Балықшы ауылдың баласына мұнан артық қандай мамандық керек?!
Техникумды үздік бітірген соң айдынды Аралына білдей маман болып оралды. 1960 жылы «Аралбалық» комбинатында инженер болып еңбек жолын бастады. Осы комбинатқа қарасты Райым, Ақшатау, Аманөткел, Қосжар балық колхоздарының жұмыстарына жетекшілік жасап, елмен етене еңбек етті. 1964 жылы Жамбыл атындағы балық колхозы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, ауылдағы балықшылар қауымының тірлігіне тікелей араласты. Жоғары білім алу мақсатында қызу тірліктің соңында жүрсе де, Жамбыл гидромелиоративтік институтын сырттай оқып, бітіріп алды. Қай қызметте болса да, қандай жұмыс тапсырса да адал атқарып, абырой биігінде жүрген Жылқыбайға тағы бір жауапты жұмысты сеніп тапсырудың кезегі келді. Ол Қызылорда балық өсіру тоғанды шаруашылығының директоры міндеті еді. Бұл директор деген аты дардай болғанымен, шаруашылығы шашылған, жұмысы жұрдай, тұралаған тоған болатын. Сол кездегі облыстық партия, атқару комитеттерінің жауапты қызметкерлерімен тоғанды көрді. Не дұрыс жол жоқ, не су, балық та, баспана да жоқ, жырым-жырым тоған шаруашылығы еді. Бұл жұмысты жолға қою Жылқыбайға оңай тимеді. Мұндағы жағдайды облыстағы жауапты басшылармен төрт көзі түгел көрген соң, барлық атқарылатын мәселелерді бір жүйеге келтіріп, өз ұсынысын жасады. Алдымен тоған шаруашылығына баратын 20 шақырым жолды жаңадан салдыртты. Қосымша техника алып тоғандарды жөндеп, дамбыларын биіктетіп, қалыпқа келтірді. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен студенттердің құрылыс отрядтары келіп жатқан. Облыстық атқару комитетіндегі Ыдырыс Қалиевтің көмегімен тоғанға 40 молдаван студент құрылысшы әкеліп, он үй салуды қолға алды. Осы жұмыстардың басы-қасында әрине, Жылқыбайдың өзі жүрді. Құрылыс біткеннен кейін бір үйді мектепке, бір үйді балабақшаға, сондай-ақ медпункт, дүкен, шаруашылық кеңсесіне бөліп беріп, қалғаны тұрғын үйлерге пайдаланылды. Тоғандарды насоспен суға толтырды. Енді қалғаны балықты суға жіберу керек. Оны да сұрастырып көрсе, Түркіменстанның шеткі шекаралас ауданында балық тұқымын өсіретін арнаулы қоғамдық шаруашылық бар екен. Ұшақпен сол жаққа жол тартты. Айтуға оңай болғанмен, қаншама жол азабын тартып, 3 миллиондай балық тұқымын әкеліп, тоғанға төкті. Келесі жылы осы тоғаннан 1000 центнер балық аулап, жұмысының нәтижесін көрді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш болып бағаланды. Мұнда 3 жыл жұмыс істеп, қоғамдық балық шаруашылығының жұмысын жолға қойғаннан кейін 1975 жылы «Аралбалық» өндірістік бірлестігіне қайта оралды. Бұл уақытта Құдайберген Саржанов өндірістік бірлестікке бас директор болып келген кезі еді. Жылқыбайдың мұнда оралуына да оның ықпалы болды. Әрине, өз ортаңда, өз жеріңде жұмыс істеу кім-кімге де мәртебе ғой. Жылқыбай мұнда да бас маман, бас директордың орынбасары, бас инженер болып жоғары лауазымда аянбай-ақ қызмет етті. Арал, Қазалы және Ақтөбе облысында да «Қарғалы» қоғамдық балық өсіру шаруашылықтарын құрып, оларда да балық қорын көбейтуге тікелей басшылық жасады.
Ел тәуелсіздігін алып, нарықтық қатынасқа көшкен жылдары да, Арал балық өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары, бірлестік «Ақнұр» ЖШС болып қайта құрылғанда да осы серіктестік директорының орынбасары, кейіннен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында балық шаруашылығы жөніндегі маман болып қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты.
Сырдария мен Әмудария өзендерінің суының азаюына байланысты теңіз суының тұздылығы көбейіп, бұрынғы балықтар өмір сүруін тоқтатты. Арал теңізі осылай өлі теңізге айналған шақта Жылқыбай Арынғазиев Арал балықшыларын атакәсібінен қол үздірмей, ауданымыздан алыстағы Ырғыз, Зайсан, Балқаш көлдері мен Атырау облысының су бассейндерінен балықты көшіп аулауды ұйымдастырды. Мұнымен де шектеліп қалмай, Азов теңізінен тұздылығы жоғары суда өсуге бейім камбала балығының 20 мың данасын әкеліп, теңізге жіберіп, тиісті ғылыми жұмыстар жүргізді. 5-6 жылдан кейін бұл тәжірибе өз нәтижесін беріп, теңізде камбала балығын жақсы өсіріп жетілдіріп, оны өндірістік негізде аулауды ұйымдастырды. Мұны одан әрі дамыту мақсатында «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» деп аталатын Қазақстан-Дания елдері арасындағы халықаралық жоба өмірге келді. Осы жоба аясына Жылқыбай ауданның 20 балықшысын Данияға бастап барып, ол жақта камбала балығын өсіру, аулау, өңдеу жұмыстарынан жан-жақты тәжірибе алып қайтты. Кейін Даниядан арнайы мамандар, көптеген балық аулау құрал-жабдықтары, балықшы киімдері келіп, Арал балықшыларын камбала балығын аулау, өңдеу жұмыстарына үйретті.
Осы бір балық шаруашылығы шатқаяқтап тұрған жылдар жайлы Жылқыбай Арынғазиевпен әңгімелескенімізде, ол өткенді былайша ойға оралтты:
– 1995 жыл ғой деймін, ауданға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, әкімшіліктің мәжіліс залында актив жиналысын өткізді. Оған мен де қатыстым. Бір кезде облыс басшысы:
– Кімде қандай ұсыныс бар? – деді.
– Менде бар, – деп қолымды көтердім.
– Айтыңыз, – деді.
– Менің екі ұсынысым бар, – дедім. – Біреуі, бізде «Сексеуіл-Түркістан» деген тоқылдақ пойыз болды. Ауданымыздың халқы, әсіресе аналар ала дорбасын арқалап сол пойызбен күн көретін. Міне, осы пойыз тоқтап қалды. Арал халқының талабы – осы пойызды жүргізсеңіз. Екінші өтінішім, қазір теңізде камбала балығы бар, тұқымын Азов теңізінен әкеліп жібергенбіз, ол көбейді, аулайтын дәрежеге жетті. Сол балықты жаппай аулауды қолға алдырсаңыз, – дедім.
Облыс әкімі «жақсы» деп жазып алды. Ертеңіне аудан әкімінің орынбасары Ахметулла Үмбетов: «Облыс әкімі шақыртып жатыр. Қызылордаға барасың» дейді. «Мен айтатынымды кеше айттым ғой» десем көнбейді. Содан қасыма балық шаруашылығының маманы Зауалханды алып облыс әкіміне бардық. Қазіргі теңіздің, ондағы балықтың және балықшылардың жағдайын – бәрін ретімен айттық. Сонымен камбала да ауланды, тоқылдақ пойыз да қайта жүрді. Міне, осылай болған, – деп бір тоқтаған-ды.
Ер еңбегі ескерусіз қалған жоқ, кезінде Қызылорда облыстық кеңесінің, Қазақстан Балық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы министрліктерінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Балық шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері» атағын алды. Сонымен бірге «Арал ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Зайыбы Даража екеуі төрт ұл, үш қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, бәрін де үйлі-баранды етті. Қолындағы Түгелбай мен Кәрімнен басқасының бәрі Алматыда тұрады. Бір-бір мамандық иесі, тіршіліктері түзу. Осы балаларынан немере-шөбере сүйіп, әулет ақсақалы атанған Жылқыбай Арынғазиевтың дәл қазіргі шақта теңіз бен балықтан басқа арманы жоқ. Кездесіп қалып «Ал әңгіме айт» десең, тағы да сол жолға түседі де, төгіле сөйлей жөнеледі.
Міне, «кімді айтсаң, сол келеді» дегендей, орталық алаңда аудан әкімдігінен шығып келе жатқан Жылқыбай Арынғазиев ақсақалды көріп қалдық. Алдын кеспей алыстан күтіп алып «Ассалаумағалейкүмімізді» айтып, жағдай сұрастық.
Баяғы қалпы. Түк өзгермеген. Тіктене қарап:
– Не жағдайды айтасың? – деді. – Теңізің анау, суың мынау, балығың құрыды, балықшы көшіп жатыр… Бітті… Бітті ғой. Осыны журналистер, мына сендер көтеріп жазуларың керек емес пе? – деп бізге ақыра сөйлеп, шақшия қарады.
Не дейік, сәлем береміз деп сау басымызға сақина тілеп алғанымызға аң-таңбыз. Сөйтті де әңгімесін қайта бастады.
– Мына Зауалхан екеуміз облыс әкіміне хат жазып келе жатырмыз. Сонда не айтты дейсіңдер ғой, Кіші теңіздің, көлдер жүйесінің аудандағы қазіргі жағдайын, су деңгейін түгел жаздық. Қамбаш, Ақшатау көлдерінде тоғанды балық шаруашылығын көптеп қолға алу, үлкен көлдердің жағалауларында балықты шарбақтап өсіру тәсілін қолға алу, жоғары тұздылыққа бейім камбала тәрізді балық түрлерін өсіруге ерекше көңіл бөлу, осылайша балыққа бақылауды күшейту, жаңа бастамалармен балықшылардың басқа жаққа көшуін тоқтату, ауданда балық шаруашылығын дамытуды мемлекеттен қаржыландыру жолдарын қарастыруды айттық, – деп көңіл шерін тарқатқан ол «мұным қалай?!» дегендей жайраңдай қарады.
– Дұрыс болған, оң болсын! – деп біз де тілек қостық.
Көңілі жай тапқан Жәкең үйіне қарай тартты. Қол көтеріп, көлікке мінбейді. Салт атты сал жігіттей сексен бестің жалына жабысып сергек барады.
Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның Құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<