Балжанның баянды жолы

538

0

Балжан аймағымыздың экономика басқармасына жетекшілікке 1997 жылы келген еді. Сол уақытта мен қаржы басқармасы басшысы болғандықтан бірге тығыз жұмыс атқаруға тура келді. Ал онан бұрын Балжанды білетінім Алматы халық шаруашылығы институтын қаржыгер мамандығымен бітіріп, арнайы жолдамамен облыстық қаржы бөліміне қатардағы экономист болып келген 1985 жылдан басталады. Ол кезеңде институтты бітіргендерге диплом жолдамамен келген жас мамандарға тек қызметке орналасқаннан кейін берілетін еді. Сол жылдың күзінде институтты бітіргендігі туралы «қызыл дипломды» қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары ретінде Балжанға мен өз қолыммен тапсырғаным бар.
Қаржы органдарында көп аялдамастан Қызылордада ашыл­ған агроинженерлер, ке­йін политехникалық болып атал­ған институтта экономика саласы бойынша ұстаздыққа ауысып 10 жылдан аса жоғары білімді экономистерді дайын­дауда аянбай еңбек етіп, жүз­деген шәкірттер тәрбиелеп өсір­ді. Өзі де осы институтта жү­ріп ғылыми жұмыстармен ай­налысып экономика ғылым­дары кандидаты атағын абыроймен қорғады. Доцент ғы­лы­ми атағын алып, кафедра мең­герушісі лауазымын да ат­қар­ды.
Балжан Мөрәліқызының зор білімі, ел экономикасының айтулы білгір маманы екендігі 1996 жылы Қызылорда қаласында арнайы экономикалық аймақ құру кезінде айқын білінді. Осы аймақтың даму концеп­циясын, экономикалық есеп­терін, өңір­дің әл-аухатын көте­рудің жолдарын талдап, респуб­ликадағы орталық органдар алдында дә­лелдеп шығу үшін жасалған есеп-қисаптардың арқасында ел Президенті арнайы жарлыққа қол қойып еді.
Осы арнайы экономикалық аймақ статусына ие болу біз­дің өңірімізге шетелдерден ке­летін құрал-жабдықтардың, тех­никаның кедендік алымдар мен төлемдерсіз жеткізілуі шаруашылық субъектілеріне де, тұтынушылар үшін де үл­кен қаржылай жеңілдік болды. Со­нымен қатар айрықша атап өтетін жағдай – бұрын респуб­ликалық бюджетке түсіп келген салықтық түсімдердің бар­­­лығының қала бюджетіне тү­­сетіндігінен, яғни қаланың өзін-өзі қаржыландырылуы то­лы­ғымен қамтамасыз етілген-ді. Осындай іс-шаралардың ар­қасында, біздің облыс тарихында алғаш рет республикада 1999 жылдың бюджетін бекіткенде Қызылорда облы­сының бюджеті 350 млн теңге «профицитпен», яғни кірісі шы­­ғысынан артық сомамен бе­­кітілген болатын. Осылайша біздің облыс республикада алғашқы және соңғы рет «донор» облыстар қатарына ілігіп, бір мәрте айды аспанға шығарғанымыз бар.
Сол тұста Балжанның бі­лі­мі, тәжірибесі ескеріліп, облыс­тың экономика басқармасы бас­шысы лауазымына, сол кез­дегі облыстың принципшіл, жа­ңашыл басшысы Бердібек Са­парбаевтың қолдауымен та­ғайындалды. Осы лауазымда қызмет атқарған кездері, ке­йінірек 2005 жылы бюджеттік жоспарлау функциясында эко­­­номика басқармасына бе­ріл­­геннен соң, Шәменова өз қыз­метінде облыс эконо­ми­ка­сының жан-жақты дамуы­ның тамыршысындай, кеме­ліне кел­ген экономист есе­бінде кө­рінуінің куәсі болдық. Аталған қызметте 15 жылдай басшылық лауазымда жүргенде облыс эко­номикасы бұрын-соңды бол­маған жетістіктерге жетті. Өңір­де үш ауысымды мектептер жойылды, барлық елді мекендерде медициналық мекемелер жүйесі жаңа ғимараттарға көшірілсе, облыста салынатын әлеуметтік объектілер , ауызсу, автожолдар құрылысы, аяқсуға арналған каналдарды салудың кезектілігі жасалынып, реттілік орнап еді. Облыс экономистері мен қаржыгерлерінің біліктілігі жоғарылап, республикада өз­де­рінің тиісті орындарын алып, олармен санасатын жағдайға жетті.
Балжан Мөрәліқызының қол­дауымен және бастамашыл­дығымен өңірдің экономика жүйесінің 80 жылдық, экономика, қаржы және банк жүйесінің 90 жылдығына арналған ме­рейтойлар өтті. Сала қызмет­керлері мен ардагерлерге сый-сияпаттар жасалып, арнайы төсбелгілермен марапат­тал­ды. Осы шаралардың атқа­ры­­­луында әріптесіміздің зор ұйым­­дастырушылық қабілетін және салаға шын жанашыр­лығын көрдік.
Кейінгі екі жылда Балжан Шәменова облыс әкімінің орынбасары лауазымына келіп, өңірімізде әлеуметтік саланың дамуына үлкен үлес қосып, халықтың ықыласын иеленді. Балжан Мөрәліқызы елордада жаңа қызметке ша­қырту алуына байланысты сонда ауы­суға шешім қабылдаған екен. Ағасының ұлы Асылбек Шә­меновтің қала әкімі болып қызметке келуі тұсында бұл әділетті әрі этикалық тұрғыдан дұрыс шешім, сондай-ақ кадр­лық саясатқа байланысты жаңа ұстанымға лайықты үн қосу деп білеміз. Сондықтан мен әріптесім, Балжан қарындасыма мұнан кейінгі жауапты қызме­тінде де табыс тілеймін.
Белгілі қоғам қайраткері Мө­рәлі әкеміз бен Айшо­нық шешеміздің аяулы да ар­дақ­ты қызы Балжан қарында­сы­мыз еліміздің атын шығарып жүре беретініне сенімім мол.

Қамбар Әжібеков,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Кеңес Одағы қаржы жүйесінің үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<