Бейнетпен жеткен баянды ғұмыр

410

0

– Ассалаумағалейкум, аға!

– Уағалейкумассалам!

– Аға, денсаулығыңыз жақсы ма, таныдыңыз ба? – дедім.

– Әй, інім-ай, сені неге танымайын? Ағасы інісін ұмыта ма екен? Тек тірліктен қолың қалт еткенде келіп сәлем бермегенің болмаса, сендей ініні ұмытуға бола ма? – деп ағалық базынасын әріден білдірді.

– Кел, айналайын, төрге шық. Көп жылдан бері өзің көрінбей кеттің, осы қаладасың ба әлде басқа жаққа көшіп кеттің бе? – деп хал-жағдайымды сұрады.

Тоқсанның екеуінде болса да Байсерке Райымқұлов ағамыз ширақ көрінді. Ішімнен тіл-аузым тасқа деп қойдым. Ағамыз денсаулық саласының ардагері, бұрынғы Сырдария ауданындағы ауруханада 40 жылдан аса бас терапевт дәрігер және терапия бөлімінің меңгерушісі қызметін қоса атқарған. Бүгінде Тасбөгет кентінің абыз ақсақалы атанып отырған Байсерке Махмұтұлымен арамыздағы әңгіме басталып кете берді.

– …Е-е-е, інім-ай, мен бұл дүние дүрбелеңге түсіп, «халық жауы» деп игі жақсылар қудалауға ұшырап жатқан аласапыран заманда 1931 жылғы күздің соңғы айы қарашаның 26-сында дүниеге келіппін. Мына Алматы қаласы маңында «Байсерке» деген станса бар, сол жерде өмір есігін ашқам. Есімімді соған байланысты қойса керек.

Махмұт әкем өз заманында орысшаға жүйрік кісі болған. Өте қағылез, зерек, алғыр, барынша ширақ еді. Әйтеуір, кеңес үкіметі жүргізген саясатта орысша білген адам жерде қалмаған ғой, көкем қазақшаны орысшаға аударатын тілмаштық қызмет атқарған. Тартоғайдан Алматыға көшіп келуінің себебі де сол болса керек. Негізі әкем о баста теміржолшы еді. Онда орыс ұлты көп болғандықтан, тіл үйренген. 1920 жылы көкемді құқық қорғау органына қызметке ауыстырған. Қазақ азаматтарын қуғын-сүргіннен алып қалып, талай жанға көмектескен көрінеді. Осынысын біреулер сезіп қойды ма, басына басқа бір қатер төнді ме, кім білсін, 1933 жылы бізді бір күнде Сыр өңіріне туған жері Тартоғайға көшіріп жіберді. Сөйтеді де әкемнің өзі Алматыда қызмет бабымен қалып қояды. Мен ол кезде екі жасар баламын, қарным ашып жылаудан басқа нені білгендеймін? Тартоғай жақта анамның төркін жұрты бар екен. Бәлки соларды сағаласын деді ме әлде туған жерге барса өлмес деді ме, ол жағын білмедім. Анам Бибігүл айналысына ықпалы жүретін, дәулетті Шәмет найманның қызы еді. Сол кісінің үлкен баласы Шәймерден ағаның қолында тұрдық.

Ол кездегі ауыл адамдарының пейілі де, көңілі де даладай кең болған ғой. Басымызда баспанамыз жоқ бізге ауыл адамдары мен нағашы жұрт бас болып асарлатып балықшының ертегісіндегідей үй тұрғызып берді. Үй біздер үшін хан сарайындай көрінгені анық. Мен сол жоқшылық пен таршылықтың кесірінен тез есейіп, тез ержеттім-ау деймін. Анам байғұс жұмыстан шаршап келгенде құшақтап бауырына басып жылап алатын. Арасында күбірлеп «Әкең байғұс, аман болса болғаны ғой. Тірі болса, ендігі келетін уақыты болды ғой» деп мені қыса түсіп, ұйықтап қалатын. Ондайда бауырынан сытылып шығып, үстіне шапан жабамын. Ертеңіне бізге қарауға шамасы келмей, жұмысқа ерте кетіп қалатын. Үйдегі 6-7 бас уақ малға қараймын. Оны нағашыларым енші етіп берген. Бірде аш, бірде тоқ, өміріміз өтіп жатты. Бажай екеуміз қас қарая жұмыстан шаршап келетін анамызды асыға күтіп отырамыз. Ол үйге кіріп келгенде қарнымның ашқанын сезетінмін. Ауыз толтырып жейтін тамақ та жоқ. Анам байғұс жұмыстан әкелген бір уыс бидайын қара суға қайнатып бізге атала жасап береді. Тамақтан артылса, күндіз Бажай екеуміз қол диірменге тартып ұн етіп қоямыз.

Негізі бірбеткей болып өстім. Ауылда жүріп қатардан қалмай мектепке бардым. Жақсы оқуға тырыстым. Бәрін білгім келетін. Ол кезде сабақ та дұрыс өтпейді. Күнде бір нәрсе шығады. «Ойбай, бәленше молда «халық жауы» екен, соны үш әріп алып кетіпті» деп жатады. Баламыз ғой, ол жағын біз түсіне бермейміз. Ондай хабарды далада естиярлардан естиміз. Естігенімізді үйге айтсақ, анам қолымен ауызымды баса қояды. «Ойбай, балам, тыныш жүр. Жұртқа ешнәрсе айтушы болма, әйтпесе, сені де ұстап алып кетіп жүрер» деп зәресі қалмайтын. Сөйтеді де есіктен шығып, ешкім естіп қоймады ма дегендей, сыртты бір қарап келетін. «Сөзді неғыласыңдар, өлмейтін жақтарыңды ойлаңдар! Анау, келіп қалар деген әкелерің әлі жоқ» деп жанарынан жас ыршып түсетін. Содан үнсіз қаламыз.

«…Шіркін, әкем болғанда ғой, мынадай жылап-сықтау болмас еді-ау» деп ой кешемін. «Үйіміз бұдан да жарық әрі жылы болар еді ғой. Әке, қайдасың, тезірек келсей» деп есікке телміретінмін. Күндіз әкем келіп қалмады ма екен деп көкемді танымасам да, «Тартоғай» стансасына барып қайтатынмын. Солай көп жылдарым хабарсыз кеткен, Алматыда жұмыс бабымен қалып қойған әкемнің жолын тосумен өтті. Оны өзімнен басқа кім білсін, балалық мұңымды, әкеге деген сағынышымды кім ұқсын? Бұны айтып отырған себебім, әкенің қадірін, бағасын жастар білсін дегенім ғой.

Содан арада 9 жыл өткенде қай жақтан екенін білмеймін, Махмұт әкем үйге келді. Ол кезде есейіп қалғанмын. Анау-мынау үй шаруасын атқарып жүрген кезім. Бажай екеуміз мәзбіз. Анам байғұс отағасының оралғанына қуанышты. Ертеңіне ақсарбас мал шалып ауыл-аймаққа құдайы берді.

Көкем келген бойда жол бойына жұмысқа тұрды. Бес-алты айдан соң аудан басшылары туған жері Тартоғай ауылдық кеңесіне төраға етіп тағайындады. Ол кезде Тартоғай Шиеліге қарайтын. Шамалы уақыттан соң ІІ дүниежүзілік соғыс басталды да кетті. Ауылдан азаматтар майданға лек-легімен кетіп жатты. Бұрынғыдан да ауыр жылдар енді басталды. Жігіттер соғысқа аттанған сайын көкемнің екі иығы салбырап, көзі жасаурап, мұңайып үйге келеді де, терең күрсініп, көзін жұмып жерге отыра кетеді. «Арыс азаматтарым-ай, соғыстан аман-есен келсе екен» деп екі иығы солқылдап барып басылатын. Бірнеше жас жігіттің атын атап, «боздақтарды айтсаңшы, олар не көрді, кеше ғана үйленіп еді, артында жылап-еңіреп жары қалды. Жалғыздарын майданға жіберіп жатқан ағайындардың күні не болмақ?» деп қиналғанда түнімен ұйықтамай, уһілеп шығатынын талай көзім көрді. Соғыстың не екенін сонда ұқтым.

Ауыл балалары болып жігіттерді шығарып салуға топырлап вокзалға барамыз. Ол жерде ызғын шу, жылап-сықтау, қоштасулар. Бір ағайынның жалғыз ұлын қан майданға аттандырып салып, жер бауырлап жата қалып «Жалғызым-ау, ажалға сені өз қолыммен шығарып салдым-ау» деп ботадай боздап жылағанын көргенде сай-сүйегім сырқырады. Оны көріп біз де үйге жылап қайтамыз. Міне – мен көзбен көрген соғыс шындығы. Бала болсақ та, анадай көріністен кейін үйге келгенде көмейімізден тамақ өтпей қалатын. Тамақ ішпестен сабаққа кетеміз. Оқудан келе үй тірлігін істеп, уақ малға қараймын. Егінге барамыз, масақ тереміз. Айналаңа қарасаң, жұрттың еңсесі түсіп кеткен, ешкім де күлмейді. Адамдардың қабағы қатулы, бәрі де күн-түн демей егінде, малда жүреді.

Соғысқа кеткендерден өлді деген үшбұрышты «қара қағаз» келе бастады. Көкемнің сондай кездегі түрін көрсеңіз, шошисыз. Жүзі қап-қара, екі жағы суалып, бір сүзек ауруынан тұрғандай кейіпте қалады. Алдында тұрған әскери адамды құшақтаған күйі «бұның өлгенін қалай естіртеміз, мына қаралы қағазды қалай береміз?» деп еңірегінін көргенде, сол жердегі жұрттың бәрі қосыла жылағанын білем. Осылай ауылға екі-үш «қара қағаз» келгеннен кейін әкем өз еркімен төрағалықтан кетуге арыз берді. Оның себебі айтпаса да түсінікті. Ағайынға өлімді естіртуден ауыр нәрсе жоғын жүрегімен, жанымен сезінді. Қайғылы адамның көзіне ең жаман, сұмпайы жандай көрінетінін түсінді, бірден майданға сұранды. Басшылар ол кісіні үгіттеп: «Жаңа үй берейік, ауылдық кеңестің төрағасы болып істей бер» дегенде көкем: «Жаңа үйдің маған не керегі бар? Ауылдағы ағайынның қабырғасы қайғыдан сөгіліп жатқанда, қай бетіммен әдемі үйден кіріп-шығам. Болмайды. Мына қайғыны көтеріп жүргенше, мені соғысқа алыңдар, болмаса басқа жұмысқа ауыстырыңдар, шынымен маған жандарың ашыса… Ауылдағы ағайынға азалы хабар жеткізіп қарабет болғанымша, одан да соғыста өлейін» деп төраға болудан бас тартады. Алайда көкемді майданға алмай, қайтадан сол теміржолға Шиелідегі 21-бекетке басшылық қызметке жіберді.

Соғыс аяқталғанда 7-сыныпты бітірдім. Елдің жағдайы бірден түзеліп кеткен жоқ. Теміржол бойында көбіне орыстар жұмыс жасайды. Солардың балаларымен ойнап жүріп орыс тілін үйрендім. Жетіншіні бітірісімен тұрмысымызды түзету үшін жанымды сала жұмыс істедім. Саудамен айналыстым. Әкемнің күндіз-түні жұмыстан қолы босамайды. Поезда жүріп анам пісіріп берген нанды сатам. Шаруашылықтан еңбекақыға алған күріш, бидайды Шиеліге базарға апарып сатып келем. Біртіндеп ауыл адамдарының да жағдайы жақсара бастады. Сауданың арқасында біз де оңалып қалдық. Көкем «Тартоғай» стансасына қызметке ауысты. Бұл 1949 жылдар шамасы. Теміржол әкеме жаңа үй берді. Осыдан бастап әкем менің барлық жұмысты тастап, қалаға барып, оқуға түсуімді қалады.

Сөйтіп 1950 жылы Қызылордадағы медициналық училищеге құжаттарымды тапсырдым. Орыс тілін жақсы білгендіктен емтихансыз, комиссия сұхбаттасу арқылы оқуға қабылдады. Сөйтіп арманыма жетіп, фельдшерлік бөлімнің студенті атандым. Оны 1953 жылы қызыл дипломмен бітіріп, өзіміздің Жаңақорған ауданындағы «Бірлік» шаруашылығына жолдамамен фельдшер болып, еңбек жолымды бастадым. Ол кезде жоғары білімді дәрігер ауыл арасында некен-саяқ. Тіпті жоқ десек те болады. Ауылда медициналық пункт ғана бар. Техника деген атауымен жоқ. Онда екі медбрат, бір-екі медсестра жұмыс істейді. Жұмыс ауқымы кең. Ауыл адамдары әр жерде орналасқан, қазіргідей көше жоқ. Астымда велосипедім бар. Желді күні онымен жүре алмайсың. Болмаса біреудің атын сұрап мінеміз. Малшылар ауыл сыртында шалғайда орналасқан. Күндіз-түн, қыс-жаз демей, ауа райының ыстық-суығына қарамай, науқас шақырса кете береміз. Қараңғыда тау ішінде қасқыр қамаған да кездер болды. Алайда науқасқа баруың керек. О кезде жауапкершілік деген бірінші орында.

1958 жылы Ақтөбедегі мединституттың терапия бөліміне оқуға түсіп, 1964 жылы бітірдім. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы С.Махашованың бұйрығымен «Тартоғайдағы» ауруханаға бас дәрігер болып келдім. 1971 жылы Сырдария аудандық ауруханасына бас терапевт етіп тағайындады, 1992 жылға дейін абыройлы жұмыс жасап, зейнетке шықтым. Дәрігердің мықтысы – ауруға ауру қоспағаны. Негізі науқасты әбден зерделеп, анализдерін толық алдырып барып диагнозын қойған дұрыс. Екінші жағынан менің ең негізгі тәсілім кәдімгі қазақша тамыр ұстау арқылы ауруды анықтаймын. Бүгінде бұндай табиғи қабілет кез келген дәрігердің бойынан табыла бермейді.

Денсаулық саласында жүргенде күш-жігерімді, білім-білігімді адамдарға жұмсадым. Босана алмай жатқан аналарды операция жасап, ажалдан арашалап аман алып қалған кездерім көп болды. Арымның тазалығына қуанам. Өзіңнің мамандығыңды таза атқару адами борыш деп білемін. Міне, бүгінгі баянды ғұмырыма осылай бейнетпен жеттім, – деп Байсерке ақсақал сөзін аяқтады.

Иә, қуғын-сүргін жылдары дүниеге келіп, балалық шағында соғыстың кермек дәмін татып, бүгінде егемен елдің тілеуқорына айналған, тоқсанның үшеуіне аяқ басқалы отырған Байсерке Райымқұлов ағамыздың өмірі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Ақпарат аласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<