Екі бірдей ардагер Тұрсынбай мен Ақжан жалғыз ұлы Жаңабайдың отау құрғанын көрді, немере сүйді. Отағасы жылу орталығында, отанасы ет комбинатында еңбек етіп, зейнетке шықты.
Жаңабай әскери борышын өтеуге аттанды. Аман-сау Қиыр Шығыстан оралып, атағы дүркіреген сол кездегі Қызылорданың «Рисмаш» атты механикалық зауытына дәнекерлеуші болып орналасты. Зауыт директоры Абай Дәулетбаев іскер азаматты бірден танушы еді, көп ұзамай Жаңабай бригадирлікке көтерілді. Бүкілодақтық көрменің бас жүлдесіне ие болды. Жалғыз ұлдың қуанышы ата-ананың мақтанышына айналды.
– Балам, үйленетін кез келді. – Бақ пен дәулет шаңырақтың бірлігінен басталады. Танысып жүрген қызың бар ма, қарағым? – деді ата өткенге ой жіберіп.
– Танысып жүрген қызым Жаңақорғанның «Кейден» ауылында, аты – Гүлнар, – деп ұлы да ойын бүкпесіз айтты.
Сонымен Тұрсынбай ата мен Ақжан әже Жаңақорғанға құда түсуге аттанды. Құдасы Нәштен кең пейілді кісі екен, құшағын аша қарсы алды. Пәтуаласты, жалғыз ұлдың той мәзіріне, қызу әзірлікке кірісті. Жиған-тергенін қуанышқа шашты.
Уақыт шіркін қандай жүйрік еді! Енді, міне, сол кездегі Жаңабай мен Гүлнар зейнет жасына жетті. Ұл-қыз өсірді, 15-ке жуық немере сүйіп үлгерді. Ұлы Дәурен – инженер, Дәулет – ұстаз, қызы Несібелі – дәрігер. Бір кездегі «Рисмаш» зауыты қайта құру кезінде тарады. Жаңабай бірыңғай кәсіпкерлікке бел буды. Титов қонысынан «Несібелі» атты азық-түлік дүкенін ашты. Мұғалім кейін балабақшада тәрбиеші боп жүрген зайыбы Гүлнар Нәштенқызы Түктібаева Жаңабайға жәрдемші болып, саудаға шықты.
Жуырда ерлі-зайыпты кәсіпкерлер өздерінің зейнетке шығу салтанатын өткізіп, ағайын-туыстың жылы лебіздеріне, сый-сияпатына бөленгеніне куә болдық.
Қайыр ҚОРАСАНИ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<