Биіктік

793

0

«Ленин жолы» газетінің Арал мен Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі ретінде меценат, «Рза» АҚ президенті, елге танымал Самұрат Жұманұлы Имандосов жетекшілік еткен ұжымда талай болғанмын. Озаттары жөнінде мақала жазғанмын. Сосын да өзім куә болған бір-жар деректі қағазға түсірдім.

Ол келгенге дейін…

Самұрат Имандосовтың мамандығы инженер-гидротехник. Еңбек жолын аудандық су басқармасында қатардағы инженер болудан бастады. Содан көзге түсіп, қызметте көтеріле берді. «Басықара» поселкесіндегі №64 жылжымалы механикаландырылған колоннаны жеті жыл басқарған оны 1980 жылы аудан орталығындағы №86 жылжымалы мехколоннаға бастық етіп ауыстырды.

Не себепті? Облыста Қазалы массиві сияқты іргелі істі игеру 1975 жылы қолға алынған-ды. Ауданның колхоз-совхоздарындағы жер жұмыстарын атқаратын бірден-бір колонна осы болатын. 1975-1980 жылдар аралығында 10 мың гектардай жер тегістелді десе де, оның не коллекторы, не сбросы шешілмеген. Мұның үстіне колонна басшылары қосып жазу сияқты көзбояушылыққа ұшырап, қылмысқа тартылып, қызметтен босап жатты. Еңбек тәртібі бетімен кетіп, зиянға белшесінен батып, жоспар ұдайы кейін қалатын. Колонна тірегі болып саналатын механизаторлардың көбісі айлық алған күні өле ішіп, кеңсенің айналасына түнеп шығатын. Алып техникаларды, эксковатор мен скреперді, бульдозерді жүргізушілер табысқа қызығып сырттан келетін және олар жастарды үйретуден ат-тонын ала қашатын.

«Маған екі жыл уақыт беріңдер!..»

Бір қызығы, аудандық партия комитетінің ұсынысымен барған оны «Кызылордаводстрой» тресінің бастықтары қомсынады. «Ол колоннаның жүгі ауыр. Көп жыл сол саланың маманы Борис Геннадиевич Кимнің өзі жөнге сала алмаған, 600-дей адамы бар өндірісті бұл жас жігіт қалай тіктемек?» деседі. Сонда Самұрат Жұманұлының көзі оттай жанып:

– Маған екі жыл мұрша беріңіздер, сонда ол мекеме «Кызылордаводстрой» тресінің алдыңғы қатарына шығады, – деді.

– Қазіргі ең мықты №29 мехколаннаның да алдын орап кетесің бе? – деп олар күліседі.

– Е-е, оның да алдына шықса несі бар? – деп қаһарланып тұрып алады.

– Бұл сабазың қиын екен деп істен сескеніп, абыржып тұрған жоқ, тәуекелі зор екен, ол колонна осындай таланттың ырқына көнсе керек, барсын, басқарсын, – деп келісіпті.

Міне, 1980 жылы Самұрат қабылдап алғандағы бұл колоннаның жағдайы осындай еді.

Жеңіс

Отыз екідегі жұмыста ысылған инженер мұнда келу бойына жергілікті жастарды техникаға, құрылыс мамандығына үйретуге құлшына кірісті. Бірінші кезекте мықты кадрлар корпусын жасақтауды алдына міндет етіп қойды. 198I-1984 жылдар аумағында 25 эксковаторшы, 46 скреперші, 19 бульдозерші, 24 тас қалаушы жергілікті жастардан оқытылып, тәжірибеден өтіп, қызу еңбекке араласты. Бұл үлкен жеңіс еді. Енді сырттан келгендер бұрынғыдай желкелерін күжірейте алмайтын болды. Егістің коллекторы мен сбросы да жедел шешім тапты.

Көптеген бастамалар осы ұжымнан көтерілді. КПСС ХХІІ съезі атындағы совхоздан іргесі қаланған орта мектепті осы колоннаның №5 учаскесі 150 күнде бітіреміз деп үндеу тастағанда, ешкім нанған жоқ-ты.

– Қазақ ССР-нің 40 жылдығы атындағы совхоздан орта мектептің іргесі қаланғанына биыл төртінші жыл. Сіздерге ондай мектепті бес айда бітіру қайда? – деп сенімсіздік білдіргендер болды, әрине.

– Оның құрылысын жүргізіп жатқан №1604 мехколонна ғой. Ал біз №86 мехколоннаданбыз, – депті учаске бастығы Кеңес Бабанаев.

Ақыры сөздерінде тұрды.

1984 жылы су өте-мөте тапшы болып, шаруашылықтар су алудың кезегіне тұрып, магистралды екі канал – «Солжаға» мен «Оңжағаның» бірінде су болса, екіншісі құрғап жатқан жылы мемлекетке 450 мың центнер Қазалы күріші тапсырылса, мұнда №86 мехколоннаның сүбелі үлесі болды. Өйткені, жер тегістеудің сапалы жүргізілуі аз судың тиімді пайдаланылуына жол ашты.

«Мелиоратор» – біздің Мәскеуіміз

Ал «Мелиоратор» шағын ауданы негізінде бірнеше рет облыстық деңгейде семинар-кеңестер өткізілді. Жұмысшы-қызметкерлерінің 80 пайызы орталықтан жылу, су келетін көрікті үйлерде тұрды. Бұл шағын  ауданда тұрмыстық-мәдени қызметтің барлық түрі бар. Тіпті коммуналдық, газ беру де, бәрі-бәрі өздерінде. Сосын да бұл ауданды құрылысшылары «Біздің Мәскеу» дейтін.

Еңбекке лайық құрмет

– Әсіресе, дала қостарындағы механизаторларға баса көңіл бөлінуде, – деді мехколонна кәсіподағының төрағасы Т.Ахметов бізбен сұбхатында – Олар қысы-жазы вахталық әдіспен жер басында болады. Сондай-ақ, зиянды деп саналатын жұмыстар да баршылық. Осындай мақсаттарға жылына 6 миллион сом бөлінді.

– Ал зейнеткерлер мен қарастығы жоқ және табысы аз отбасыларға ше?

– 14 зейнеткерге және 40-тан астам табысы аз отбасы мен қарастығы жоқ адамдарға қосымша айлық төлейміз. Көбісін пәтерақыдан босаттық. Көтермелеу ретінде тәртібі жақсы озат оқушыларға өткен жылы 17 мың сом төленді. Биыл да солай болады. №234 пен №16 орта мектептерге әрдайым шефтік көмек беріледі. Қайырымдылық қорына деп жылына 30 мың сомды әр мекемеге аударып отырмыз.

– Бақшалық жер көбісінде бар шығар?

– 30 гектар жер тегістеліп, қоршалып, электр желісі тартылып, жол салынып, күзетші қойылып, саяжай үшін 1500 сомнан несие бөлінді. Құрылыс материалын 50 процентке арзандаттық. Жеміс-жидек көшеттері, тағы-тағылары тегін әкеліп беріледі. Сондай-ақ жұмысшыларға ара-тұра ет, ұн, күріш, картоп, сәбіз, жуа өте арзан бағамен сатылады.

– Олардың денсаулығын қорғау қалай?

– Өзімізден тәулігіне 150 адам қабылдайтын емхана биыл пайдалануға беріледі. Өткен жылы Алматы дәрігерлік институтымен келісім-шартқа отырып, жұмысшылардың тісін емдеуге 10 мың сом, балалардың денсаулығын жақсартуға 15 мың сом ақша жұмсалды.

Қазір де өз биігінде

Ойлап қарасақ, осындай әлеуметтік жетістіктің негізі С.Имандосовтың халық үнін тыңдап, мүмкін еместің мүмкіндігін тауып, көптің ойынан шығып, олардың сенімін ақтаудан басталғанға ұқсайды. Оны биікке шығарған да осы көптің қалауы. Ел игілігі үшін күн-түн көз ілмей, ұшақ үстінде түнеп жер-жерді адақтады, іздегенін тапты. Сол табысымен көпке сәуле шашты! Өзі жанылған алмастай жарқырады.

Ол 75 жасында да солай. Халық алғысынан күш-қуат алып, сол биігінде жүр…

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

дербес зейнеткер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<