Берік аға 70 жасқа толды дегенде ойымызға талай жайт оралған еді. Уақытында облыстық газеттің экономикалық бетіне жайғасатын ауыл шаруашылығы саласы туралы жазатын болған соң ба, көбіне-көп егін мен мал жайында қажетті ақпарат іздеп тұратынымыз бар. Әсіресе, кеңестік кездегі бейнеті көп шаруашылықтың бел ортасында жүрген сала ардагерлерін көбірек сөйлететін едік. Сондағы бір кейіпкеріміз – Берік Бисембаев. Аралда туып, Қазалыда тұратын ағаның саналы ғұмырында ауыл шаруашылығын өркендетуге жұмсаған күш-жігерін көзкөргендердің барлығы да білуі тиіс. Ал біз өзінің парасат-пайымымен ел жағдайын жеке басынан жоғары қоя білген ардагер аға жайлы аз-кем сөз қозғауды жөн көрдік.
Иә, төрт түліктің басын көбейткен Берік Бисембаев өз тәжірибесін өзгелерге де үйретті, өзі де өмір академиясынан көп нәрсені үйренуден жалықпады. Қырық жылға жуық Арал ауданындағы елді мекендердің құрылуына атсалысып, соны басқарған әкесі Әбидің тәрбиесі болар, бұл да бала күнінен еңбек қазанында әбден қайнап пісті. Ал отбасында тәрбиемен айналысқан анасы Шәрипа халық арасында өте сыйлы бәйбіше атанған әрі даңқты қазақ батыры Жанқожа бабаның ұрпағы болатын.
Кейіпкеріміз 1954 жылы теңізді өлкеде туған. Арал маңайында туған ұлдың қара қайық есіп, торлы ауды тараштамағаны кемде-кем. Берік аға да сол кәсіппен айналысты. Дұрысы, 1971 жылы мектеп бітірісімен еңбек жолын Райым колхозында балықшы болудан бастады. Жаздың аптабы мен қыстың қатал суығында мұз ойып, судан несібесін сүзді, солай ел байлығын арттыруға бозбала күнінен үлес қосқаны бар.
– Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтынан 1977 жылы зооинженер мамандығын алып шықтым, – дейді Берік Әбиұлы. – Кейіннен 1986 жылы республикалық басшы кадрлар дайындайтын арнайы курсты бітіргеніміз бар. Одан соң туған елге оралып, Аралдағы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде зоотехник, «Приарал» кеңшарының ферма зоотехнигі болдым. 1980-1997 жылдары Қазалы ауданының Жанқожа батыр кеңшарында бас зоотехник, партком хатшысы, кеңшар директоры, «Арықбалық» ауылының әкімі, серіктестіктің басқарма төрағасы, 1997 жылы Арал ауданы әкімінің кеңесшісі сияқты қызметтер маңдайымызға жазылыпты. Шүкір, абыройсыз болмадық. Әлі есімде, өзім басшылық жасаған тұста қазіргі Жанқожа батыр ауылында 70 мың қой, 2 жарым мың жылқы, мың бас түйе болды. Совхозға қарасты Шилі, Шөлқұм, Шәкен және Жиеналы дейтін жердегі фермаларда төрт түлік қаптап жатты. Сонда отар-отар қаракөл қойдан төлдеген қозыны үш ай толғанда етке тапсыру үшін бордақылайтынбыз. Сенсең, әр қозы 46 келіге дейін салмақ берді. Бұл рекордтық көрсеткіш еді. Өйткені, бұрын-соңды Қазалыда мұндай салмақ берген төл болмаған. Жалпы сол 80-90-жылдары Қазалыда 20 мың гектарға дейін егістік, соның ішінде 9 мың гектарға дейін күріш өсірілді. Ауданда 200 мың қой, 7 жарым мың жылқы, 4 жарым мың түйе, 12 мыңнан астам ірі қара болғаны есімде…
Бекеңнің айтуынша, сол уақыттары өзі басқарған шаруашылық Бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) «Алтын кітабына» жазылып, 27 рет одақтық, республикалық жүлдеге ие болып, аудандағы мал шаруашылығы бойынша озат тәжірибе мектебіне айналған. Сондай-ақ Жанқожа батыр атындағы кеңшар директоры болған кезінде атакәсіптен бөлек, Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр атындағы кеңшардың директоры Қожахмет Баймахановпен әріптестік орнатып ауылда қаз, нутрия өсіруді қолға алды.
Иә, жас кезінен үлкендердің тәлімін көп алған Берік сол уақытта ел басқарған Берекет Омаров, Шынтас Жалғасбаев, Дәуқара Аймағамбетов сынды ағалардан үйренгені көп болды.
– Мемлекет және қоғам қайраткері С.Шаухаманов айтқандай, «Түбінде елді ауыл шаруашылығы асырайды», ал мен сол салада үзбей 45 жыл еңбек еттім. 1997 жылы басшылықтың шешімімен Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалдым. Ол нағыз қиын кез ғой, 10 жылдан астам сала жетекшісі бола жүріп, қолдан келгенше ел жағдайының жақсаруына үлес қосып бақтым. Ауданда алғашқы рет «Қазалы Несие» несие серіктестігін ашып, саланы нарықтық экономикаға көшіру бағытында жекешелендіру, қайта құрылымдауды ұйымдастырып, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен қожалықтардың көбеюіне мүмкіндік жасадық. Жекешелендіру кезеңінде ел тұтастығын, ауызбіршілікті сақтауға, жергілікті кәсіпкерлердің сенімді жұмыс жасауына көп көмектесуге тырыстық, – дейді өткен уақытты еске алған ағамыз.
2008 жылы аудандағы іргелі елді мекеннің бірі Ғани Мұратбаев ауылдық округінің әкімі болған Берік Бисембаев мұнда өзіне де, өзгеге де тыныштық бермегенге ұқсайды. Алдымен ауылды көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүйеге келтіріп, онысы басқа округ әкімдеріне үлгі болды. Сортаң жерге көк шығарған әкім өзі талап еткен тәртіп пен тазалық арқасында Ғани ауылы «Үлгілі ауыл» атанды.
– Жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығы республикалық дәрежеде өткен еді. Соған орай ауылдың әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайын түзеу үшін әрбір үйге сервистік ауызсу, көшелерге түнгі жарық шамдары мен асфальт төселіп, ауыл тұрғындары ауданда алғашқы болып «көгілдір отын» пайдаланды. Бұл жұмыстар республикалық, облыстық баспасөзге жазылып, теледидардан үлгі етіп көрсетілді. 2018 жылдың тамыз айынан аудан әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып, сол жылы зейнетке шықтық. Ал қазір демалыста болсам да, аудандағы қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмай келемін. Бес жылдан бері «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Қазалы филиалы директорының орынбасары қызметіндемін, Қазалы аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі, төрағаның орынбасарымын, – дейді ол.
Белі бекіп, буыны қатайғалы ауыл шарушылығы дейтін ауыр саланың жүгін алға тартқан ағаның еңбегі елеусіз болмапты. ҚР «Құрмет грамотасымен», Президенттің «Алғыс хатымен» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Ал оған дейін ҚазССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Бүкілодақтық Халық жетістіктері көрмесінің, тағы да бірнеше мерекелік медальді кеудеге тағып, ауданның, облыстың марапаттарын иеленді. Ғани ауылын басқарып тұрған уақытта «Жылдың үздік ауыл әкімі» номинациясын алды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің I дәрежелі «Еңбек даңқы» медалін тағып, ауданның «Құрметті азаматы» атанды.
Бүгінде отбасында жолдасы Қантай Тәжібаева апамыз екеуі 5 бала тәрбиелеп өсіріп, 7 немеренің қызығын көріп отырған жайы бар. «Дарын мен талант Алланың жаратылысынан, азаматтың бағының жануы үйдегі жолдасынан» дегендей, елге басшылық қызмет жасаған ағаның абыройын асқақтатып, балаларына дұрыс бағытта тәрбие берген апамыздың да еңбегі өте зор десек, қателеспеспіз. Ал Берік аға өзі құрған «Әбиата» мал шаруашылығы қожалығында жасынан құмар кәсіпті әлі де жандандыруда.
Мемлекеттік қызметте болған ағаның ұлдары да осы саланың жүгін арқалап жүр. Бес ұлдың алды Астанада, кейінгілері облыс орталығы мен ауданда абыроймен қызмет атқаруда. Айтпақшы, дәл осы Бисембаевтар отбасы 2018 жылы облыстық «Мемлекеттік қызметкерлер әулеті» байқауының бас жүлдегері атанғаны бар.
Шыны керек, осындай еңбегімен абырой жиғандар тым аз насихатталады. Ал ардагер аға Болат Бисембаевтың азаматтық болмысынан бөлек, еңбек етуге деген құлшынысы жастарға үлгі бола бермек. Бастысы, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде тынбай қызмет қылған аға жайлы әңгімелеу – біздің інілік һәм азаматтық парызымыз деп білеміз. Бүгінде әулеттің алтын қазығы болып отырған оның әлі де аудан ішіндегі қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылатыны қуантады. Иә, ақсақалдық келбетімен әдемі көрінген ағаға тек жақсылыққа бастар мерейлі сәттеріңіз көп болғай деп тілейміз.
Ержан ҚОЖАС,
журналист.
Астана қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<