ДӘРІГЕР-ҰСТАЗ МЕРЕЙІ

82

0

Адам денсаулығы үшін араша түсетін дәрігер мамандығы қашанда қасиетті. Өткен сенбіде Сыр медицинасының ардагері, аяулы ұстаз Раиса  Көзденованың 80 жас мерейто­йына арналған салтанатты шара өтті.

«Сапалы медициналық көмек – медициналық бiлiм берудегі оқыту тәсілдерiн жаңғырту мен кәсіби құзыреттіліктi дамыту нәтижесi» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында бірнеше шара ұйымдастырылды. Оған  облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов, медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов және өзге де сала ардагерлерi, медицина қызметкерлері қатысты.

Алдымен қонақтар Қызылорда медици­налық жоғары колледжінде дәрігер-ұстаз, қоғам қайраткері Раиса Көзденова атындағы оқу кабинетінің ашылу рәсіміне куә болды. Одан соң «Достық үйiнде» мерейтой иесіне арналған салтанатты шара жалғасын тапты. Шара еңбек ардагері, білікті дәрігердің өмір, еңбек жолына арналған бейнебаянды тамашалаумен басталды.

Раиса Әбдешқызы – бала дәрігері, саналы ғұмырын аймақтың денсаулық саласын дамытуға, маман даярлауға арнаған ақ халатты абзал жан, ардақты ұстаз.

Ол Алматы мемлекеттік медицина инс­титутын бітіргеннен кейін, еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасында аймақтық педиатр болып бастаған. Одан кейінгі жылдары Шиелі ауданында балалар бөлімінің меңгерушісі, аудандық педиатр, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары деңгейіне дейін көтерілген.

Еңбек еткен жылдарында Сырдария ау­дан­дық ауруханасының бас дәрігері, Шиелі поселкелік советінің халық депутаты, облыстық совет депутаты болып сайланып, «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет» ордендері мен көптеген медальдің иегері атанды. Одан бөлек, зейнет жасқа дейінгі 15 жылдан астам уақыт Қызылорда медицина колледжінің директоры қызметін атқарып, осы аралықта іргелі оқу орнынан сан мыңдаған шәкіртті түлетіп ұшырды. Бүгінде шәкірттері республиканың түкпір-түкпірінде халықтың денсаулығын жақсарту жолында еңбек етуде.

2013 жылдан бері облыстық медицина саласы ардагерлері кеңесінің төрайымы бо­лып, саланың дамуына үлес қосып келедi.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет сөз сөйлеп, мерейтой иесін облыс әкімі атынан құттықтап, жылы лебізін білдірді, ша­пан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар салтанат сахнасында белгілі дәрігер, ұлағатты ұстазды әріптестері құттықтады. Атап айтқанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов құттықтау сөз сөйлеп, шапан жауып, гүл шоғын ұсынып, ұстазына құрмет көрсетті. Сала ардагері Тұрғанбай Маханов, білім саласының ардагері Әлима Әбдіхалықова, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы Болатбек Ахметов Раиса Әбдешқызының медицина және білім саласындағы өлшеусіз еңбегін, қайраткерлігін, біліктілігін, білім­ділігін, парасаттылығын айтып, ақжарма тілектерін жеткізді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, Педиатрия және балалар хирургиясы ғы­лыми орталығының басқарма төрағасы Абай Құсайыновтың құттықтауы оқылды.

Салтанатты шара одан әрі концерттік бағ­дарламаға ұласты.

Түстен кейін Қызылорда медициналық жоғары колледжінде конференция жалға­сын тапты.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»