Дала қызғалдағы

546

0

Биыл КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай елімізде аты аңызға айналған әншінің құрметіне арналған түрлі іс-шаралар өтуде.

Мерейтойлық іс-шараның бірі Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өтті. Концерт «Дала қызғалдағы» деп аталады.

Дархан даламыздың дара тұлғасы, ән әлемі падишасының құрметіне арналған концерт Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Концертте «Томирис» би ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова, Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаева, «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейтова, республикалық байқаулардың лауреаттары Сымбат Тасбергенова, Мағжан Аманжолов, Ақылбек Табынбаев, Мақсат Мақұлбеков, Айдос Шадаев, Жания Жанболатқызы, Айгерім Ахметова, Камила Тауекелова өнер көрсетіп, ұлы әншінің репертуарындағы әндерін көрермен қауымға тарту етті. Кеште «Асыл арман», «Әдемі-ау», «Кестелі орамал», «Сыр гүлі», «Ахау-керім», «Іңкәрім-ай», «Сәулем-ай», «Ақмаңдайлым», «Сен ғана», т.б. әндері шырқалды.

Роза Тәжібайқызы − Халық қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші. Ол өмірінің 70 жылынан астам уақытын сахнада өткізіп, әлемнің 50-ден аса елінде болып, 25 тілде ән шырқаған. Сөйтіп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен кәсіби өнерінің өркендеп, әлемдік аренаға шығуына үлкен үлес қосты. Жезтаңдай әнші Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталып, еліміз тәуелсіздік алған соң «Құрмет», «Отан» ордендерін иеленген.

Ол − эстрада саласында әлемнің ең талантты әншілерімен теңдес, ерекше дарын иесі. Әншінің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М.Төлебаевтың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С.Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әндері Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы. Орындауындағы әндер бірнеше рет күйтабаққа жазылып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына енген.

Роза Бағланованың әндері қазақ барда адалдық пен парасаттылық, әсемдіктің тұмарындай болып жарқырай бермек.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<