Ел ағасы

318

0

Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу арқылы абырой тұғырына көтерілген сыйлы тұлғалар қатарындағы Исағали Жұмағұлов 85 жасқа толып отыр.

1938 жылы 13 маусым күні Қармақшы ауданы Иіркөл жағасында туған Исекең барлық ауыл балалары сияқты асық ойнап, атқа шауып, пішен орып, отын дайындап, мал жайғастырып, шымыр болып өсті. Оның көшбасшылық қабілеті мектеп қабырғасында қалыптасты. Өзінің таудай талабының арқасында бірнеше қиындықтан кейін, 1956 жылы Қызылорда педагогикалық институтының химия-биология факультетіне оқуға түсіп, оны 1961 жылы ойдағыдай бітіріп, диплом алды. Еңбек жолы «Қармақшы» совхозындағы  № 113 мектепте химия-биология пәнінен сабақ беруден басталды, оқу ісінің меңгерушісі болып көп жаңалықтар енгізді.

Талапты жасты аудан басшылары 1967 жылы «Қармақшы» совхозының партия комитетінің хатшылығына сайлады, кейін 21 жыл аталған совхозда директор болып қызмет атқарады.

«Қармақшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып жұмысын жалғастырды. Осы шаруашылықты 33 жыл басқарған уақытта халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды, совхоз  орталығы гүлденді. 624 орындық мектеп, емхана, қонақүй, балабақша, тұрғын үйлер, кірпіш зауыты, мал қоралары салынып пайдалануға берілді.

«Қармақшы» совхозы 1983 жылы бірінші рет Одақ бойынша жеңімпаз атанып, «Қызыл Туды» жеңіп алды. Ауылда 1975 жылмен салыстырғанда қой 30 мың бастан 60 мыңға, жылқы 300-ден 1000 басқа, түйе 250-ден 750 басқа өскен еді.

Осындай жетістіктердің арқасында «Қармақшы» совхозы обкомның қаулысымен озат тәжірибе мектебі болып құрылды. Жетістіктері насихатталды, облыстық семинарлар ұйымдастырылды. Әсіресе арендалық-мердігерлік әдіспен жұмыс істеу, толық шаруашылық есепке көшу, өзін-өзі қаржыландыру тәжірибелері барлық шаруашылықтарға ұсынылды.

Исекең басқарған шаруашылық 1978-1980 жылдары облыстың озат шаруашылығы атанып, «Құрмет тақтасына» жазылды. 1981 жылдан бастап республиканың озат шаруашылығы, 1982 жылдан СОКП Орталық Комитетінің, ВЛКСМ-ның ауыспалы «Қызыл Туы» мен Құрмет грамотасын 7 рет жеңіп алды.

Исағали аға облыстық, аудандық партия комитеттерінің пленум мүшесі болып бірнеше рет сайланды. Еңбегі ескеріліп, 1983 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерекше ерлігі үшін» медалімен 4 рет, ВДНХ-ның медальдарымен марапатталды. Ол Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, халқы сыйлайтын ел ағасы, ауданның қамқоршысы. Жасы 85-ке келсе де, өзі ашқан серіктестік жұмысын бақылап отырады әрі құрылтайшысы.

Қызмет істеген кездерінде жұмыс бабымен аталған совхозға жиі баратынмын. Бір күні Исекеңе сауал қойдым:

– Осы табысқа қалай жеттіңіз? Сіздің алдыңызда 5-6 директор совхоз басқарды, бірақ табысты болмады, – деп ашығын айттым.

Исекең мақтаныш сезіммен:

– Бұрын біздегі қой шаруашылығының нашар дамуының себебі – шопандар еңбекақысы төмен болды. Осыған байланысты малшылардың ынтасы болмады, өз істеріне ешқандай қызықпады, мал бағуға барғысы келмеді.

Сондықтан шаруашылық есепке көштік, мердігерлік әдіспен жұмыс жасадық, оларға бар мәдени-тұрмыстық жағдай жасалып тұрды, еңбекақы түпкі нәтижеге байланысты төленді, – деп өз тәжірибесін айтты.

Облыс басшылары Исекеңді басқа лауазымды қызметке де ұсынды. Бірақ ол «қызмет қайда қашар дейсің, ауылыма, халқыма әлде де істей алмай жатқан жұмыстарым бар еді» деп жауап берді. Оның ауылын Марал баба немесе Ишан ауылы деп те атайды.

Егемендік алған алғашқы жылдары бір совхозды  20 жылдан астам басқарған директорларға шаруашылықтың 20 пайыз үлесі берілетін. Облыс бойынша сол үлесті тек ғана Исағали Жұмағұлов алды. Алайда, үлесін ортақ меншікте қалдырып, шаруашылықты таратпай, жұмысын одан әрі жалғастыра берді. Қазір асылтұқымды түйе  өсірумен айналысып жатыр.

Исекең – Марал бабаның ұрпағы, осы ауылда табан аудармай 50 жылға жуық еңбек етті. Оның халқына адалдығын осыдан-ақ көруге болады.

Құдай қосқан қосағы марқұм Кеніш Смайылқызымен 8 ұл-қыз өсіріп, оқытып тәрбиеледі. Немере, шөберелері өсіп, өркендеп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі ретінде саланың беталысы туралы ойын айтып, ақыл-кеңесін беріп отырады.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,

облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы

ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<