Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында теміржолшы отбасында дүние есігін ашты. Ерте жасынан анасынан айырылып, жалғыз әкесінің қамқорлығында қалған бала Жандарбек мектеп бітірген 1959 жылы Ташкентке оқуға аттанып, Ташкент политехникалық институтына қабылданды. Еңбек пен оқуды қатар ұштастыра жүріп, оқуын да аяқтаған соң Алматыға бірден қайтып кетпек болған. Бірақ өзбек билігі оқудан кейін үш жыл сонда жұмыс істеуді шарт етіп қояды.
Болашақ сәулетші дәл сол сәтте табандатқан 40 жыл бойы Өзбекстанда тұрақтап қаламын деп ойламаса керек. Осы жылдар ішінде ол талай қызметті абыройлы атқарды. Өзбекстанның Ташкент, Наманган, Нүкіс секілді қалаларының сәулет тұрғысынан дамуына көп үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырды. Бұл еңбектері елеусіз қалмады, Өзбекстанның Еңбек сіңірген сәулетшісі атанды.
Еліміз тәуелсіздік алған тұста, 1991 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік рәміздерге халықаралық байқау жарияланады. Шет жерде жүріп, туған елді әбден сағынған сәулетші өзінің басқа арман-мұраттарының бәрін ысырып тастап, егемен елдің Елтаңбасын сомдауға кіріседі. Сөйтіп, 1992 жылдың 27 наурызында Жоғарғы Кеңестің бәйге материалдарын қабылдайтын бөліміне өз жобасын тапсырады. Құзырлы комиссия Мемлекеттік Елтаңба байқауына түскен 293 жұмыстың ішінен 6-уын іріктеп алады. Оның ішінде Ж.Мәлібековтің де еңбегі бар-тын.
Әрине, жобаны талқылау оңай болған жоқ, таңертеңнен басталған талқылау тек кешке ғана шешім тапты. Елтаңбаның тең авторы Шот-Аман Уәлиханов екеуі жобаның бастапқы нұсқасына біршама өзгертулер де енгізді, бірақ Елтаңбаның өзіндік идеясы сақталып қалды. Ақыр соңында комиссия мүшелері академик Салық Зимановтың, Сұлтан Сартаевтың, жазушы Әбіш Кекілбаевтың қолдауымен Ж.Мәлібеков жобасы таңдап алынады. Сөйтіп, 1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңес депутаттары 237 дауыспен Елтаңбаның жобасын қабылдады.
– Бұл сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің жетекшілігіммен жасалған нұсқа қабылданды. Енді көп ұзамай Қазақстан азаматтығын аламын. Осында түбегейлі көшіп келіп, қалған өмірімді алаңсыз өз еліме арнаймын деген ой келді, – дейді Елтаңба авторы.
Елтаңбада талай ұрпаққа кие қарашаңырақ, яки отау үй, ел мен жерді қорғаушы ерге қанат болған тұлпар, тосылғанда жол көрсеткен темірқазық жұлдыз бейнеленген. Қазақы үй – Ұлы даланың рәмізіне айналған сәулет туындысы. Киіз үйдің әр бөлігі ұлт дүниетанымын құрап отыр. Ал қарашаңырақ – әлемдік құндылық пен үйлесімге қосқан қазақтың үлесі.
Сөйтіп, 6 маусым күні Абай атындағы Опера және балет театрында мемлекеттік рәміздердің тұсаукесері өткізіліп, Ж.Мәлібековке ресми түрде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы» деген Президенттің қолы қойылған «Биік мәртебелі куәлік» табысталды.
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері егемендік алған сәтте бірден пайда бола кеткен жоқ. Кеңестің атрибуттарынан арылып, тәуелсіз елдің нышандарын жасау үшін терең білімнен басқа, сергек сана мен сезімтал түйсік керек. Одан бөлек, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін ашып көрсете алатын ұлттық ерекшеліктерді сомдау оңай шаруа емес. Міне, осы талаптардың үдесінен шығып, елдіктің нышанына айналған мемлекеттік рәміздердің бекітілгеніне биыл 31 жыл, ал Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков 81 жасқа толып отыр.
Жандарбек Мәлібеков қырық жылға жуық Өзбекстан Республикасы ғылыми-инженерлік қала құрылысын жобалау институтында сәулетші, бас сәулетші болып еңбек етті. Қазақстан және Өзбекстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі. 1982 жылы Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласының орталығын абаттандыруға байланысты Кеңес Одағы бойынша өткізілген байқауда бірінші орын алған. 1985-1990 жылдары Кеңес Одағы бойынша өткізілген бірнеше сәулет өнері байқауларының жеңімпазы. Самарқанд, Әндіжан, Ферғана, Ташкент қалаларының орталықтарын безендіру мақсатында өткізілген байқауда жеке авторлық еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі сыйлыққа ие болған. Ташкенттегі метроны салу құрылысына қатысып, ІІ дәрежелі сыйлықтың иегері атанған. Ташкенттегі Қазақстанның төрт қабатты елшілік ғимаратының және Қырғыз Республикасы елшілігі ғимаратының жобасын сызған. Ташкентте Төле бидің басына орнатылған мешіт жобасын жасаған.
Ал елордаға көшіп келгеннен кейін оның сызбасы бойынша «Нұр Астана» мешіті салынды. Сондай-ақ сәулетшінің жобасы бойынша «Алатау» спорт кешені, «Егемен Қазақстан» газетінің ғимараты, Еуразия университетінің оқу корпусы, қаланың бірқатар шағын аудандарындағы тұрғын үйлер бой көтерді. Қазір Қытайда, Батыс Еуропада біраз жобалары жүзеге асырылып жатыр, яғни, ол өзінің дарынды сәулетші екенін өмір бойы паш етіп келеді.
Әрине, көпшілік сәулетшілердің еңбегін көбіне байқай бермейтіні бар. Жандарбек ағаны да халық тек Елтаңба авторы ретінде таниды. Бірақ әріден толғасақ Орталық Азиядағы ең әдемі шаһарлардың, беріден айтсақ елорданың сәулетінде қолының таңбасы қалған тұлға. Сәулетші ретінде қала құрылысының қазаққа таңсық бағыттарында да еңбек сіңіргені бар. Оған Ташкент метросы құрылысына қатысуы дәлел болса керек.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан сәулетшінің еңбегін елі бағалап келеді. Ол ел дамуына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, I дәрежелі «Барыс» орденімен, «Тәуелсіздікке 10 жыл» медалімен марапатталды.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<