Адамның көзқарасы мен дүниетанымы, қоғамдық құндылықтар заманына қарай өзгеріске ұшырап отыратынын ескерсек, сол құндылықтарды құлдыратпайтын құдіретті қару – бабалар еңбегіне бас ие отырып, өткеннің өрнегін бүгінге жалғау.
Бала кезінен еңбекпен есейіп, бүкіл өмірінің басты құндылығы ретінде тек еңбекке жүгініп, еңбегіне қарай құрметке бөленген ел ағасының бірі – Рысбек Тобылов. Биыл 63 жасты еңсерген кейіпкеріміз Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде дүниеге келген. 1978-1981 жылдары Қызылорда политехникумын «Ауыл шаруашылығын электрлендіру» бөліміне қарасты техник-электрик мамандығы бойынша тәмамдаған. Жоғары оқу орнынан соң Мәскеу қаласында әскери борышын өтеген. Еңбек жолын 1983-1984 жылдары Шиелі ауданаралық «Сельхозэнерго» мекемесінде V разрядты электромонтер қызметінде бастаған Рысбек Садықұлы кейіннен Сырдария аудандық МРП «Сельхозэнерго», АО «Агропромэнерго», «Сельхозэнерго» мекемелерінде инженер, цех меңгерушісі қызметтерін атқарды. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген ұлағатты сөзді ұстанымына айналдырған кейіпкеріміз еңбек жолында қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Мәселен, Сырдария аудандық «РАПО» бірлестігінің комсомол жастар комитеті ұйымының мүшесі, аудандық халықтық бақылау комитетінің штаттан тыс өкілі, кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде қоғамға белсенді қызмет жасады.
– Ол кезде аудан жұмысы кішігірім совхоздардың даму деңгейіне байланысты. Сырдария ауданында күріш жинау науқаны барысында тазалау агрегаттарының үздіксіз жұмыс істеуіне, үш ауысымда мамандардың кезекпен қызмет атқаруына, науқанға қажетті электроматериалдармен халықтың қамтамасыз етілуіне жауапты болдым. Е.Әуелбеков партия комитетінің басшысы болған жылдары еңбек тәртібінің сақталуына, жұмыс өнімділігін арттыру мен анонимдік арыздарды қадағалау шаралары бойынша бақылау тобы комиссиясының құрамында болып, рейдтерге қатыстым. Заманына қарай адамы. Алайда сол кезеңнің әрбір қазағы – еңбек адамы болды. Қазір еңбек адамдарын елеп, ерекшелеп жатамызғой. Әрине, еткен еңбектің ақталғанына не жетсін? «Алтын алма, алғыс ал» деген әке сөзін ұран еткен елміз. Қарапайым халықтың ықыласына бөленіп, алғысын алған әр күніме ризамын, – дейді ол.
Рысбек Садықұлы жары Шолпан Жунайтқызымен бірге тәрбиелі ұрпақ өсірді. Марина, Фарида есімді қыздары мен ұлы Әлиасқардан Нұрдәулет, Бақдәулет, Алина сынды немерелерінің қызығын көріп отыр.
Жігітке жеті өнер де аз дегендей Р.Тобылов шығармашылықпен де айналысады. «Қарлығаштың ерлігі», «Бүлікшіл қарға», «Білек бірді жығар», «Аралардың айласы», «Шыны шәйнек» сынды өлеңдерінде шынайы өмірдің бейнесі көрініс тапқан. Айта кетейік, қалам ұстаған азаматтың «Сағынышты жылдар», «Ұрпаққа аманат», «Зымыраған уақыт» сынды прозалық, поэзиялық кітаптары жарық көрген.
Ауылдасы Орынбасар Төлепов «Рысбекті сонау тәуелсіздік жылдарынан бері танимын. Кеңес үкіметі тарап, мекемелердің кезекпен жабылып жатқан кезі. «Жаңажол» колхозының инженер электригі қызметін атқаратын едім. «Түсі жылыдан түңілме» дейді қазақ. Бірден тіл табыса кеттік.
Білікті маман, мықты кәсіпкер, адал азамат ретінде құрметтеймін. Кәсіпті жасайтындар өздерінің материалдық жағдайын жақсарту мақсатында іске асырады деп жатады. Алайда мен оған келіспеймін. Бір ғана кәсіпкер қаншама адамды жұмыспен қамтиды. Ал әр жұмыскердің артында бір отбасы күн көріп отырғаны жасырын емес» дейді. Бұл еңбек адамы, руханият жанашыры Рысбек Садықұлына деген құрмет деп қабылдадық.
Дина Бөкебай,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<