Еңбекпен есейген жылдар

406

0

«Адам өмірді тануда сүреңді, сүреңсіз, баянды, баянсыз жолдармен жүріп барып шыңдалады. Осы жолдың ең дұрысы – еңбек ету» деген Шығыс философиясы жиі ойға түседі. Адал еңбек адам абыройын асқақтатады. Біз әңгіме арқауы еткелі отырған Аманкелді Махатаев – кезінде партия және кеңес қызметінде жүргенде іскер ұйымдастырушылық қабілетімен танылған, досқа беріктігімен, адалдығымен, бірсөзділігімен, мәрттігімен қадірін асырған азамат.

«Іскер әрі ұйымдастырушы қабілетімен танылған» деуіміздің сыры бар. Сонау 1980 жылдардың орта тұсында елде қайта құру кезеңі басталды. Сол жылдары біздің облысқа Социалистік Еңбек Ері, қазақтың біртуар азаматы Еркін Әуелбеков басшы болып келді. Осы шақта жергілікті кадрларды қайта іріктеу басталып, білім мен білігі, іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеті сараланады. Осы іріктеуде бірінші хатшының алдынан сүрінбей өткен Аманкелді Махатаев Сырдария аудандық партия комитеті партиялық бақылау комиссиясының төрағасы қызметіне бекітіледі. Сонда жаңа қызметіне сәттілік тілеген Е.Әуелбеков қолын алып тұрып: «Алдағы уақытта сіздей білімді де білікті кадрлар бізге аса қажет» дейді. Дуалы ауыздан мынадай уәлі сөз естіген ол кісі жаңа қызметіне құлшына кіріседі.

Алайда уақыт бір орнында тұрған ба? Арада жылдар жылжып КСРО келмеске кетіп еліміз егемендігін жариялады. Осы тұста Аманкелді Махатайұлы Сырдария ауданы әкімінің аппарат басшысы қызметіне келді. Үкімет оңтайландыру саясатын қолға алған шақта Сырдария ауданы таратылып Шиеліге, қалаға және Тереңөзекке бөліп берді.

Ауданның тарайтынын алдын ала сезсе де, аттан салып жоғарыға шығып, жағдай айтып қызмет сұрамады. «Осы көште жүрген әріптестермен бірге көрермін» деді. Жасаған болжамы дұрыс келіп, өліара шақта облыстық көші-қон басқармасы бас маман қызметіне шақырады. Содан зейнетке шықты.

Аманкелді ағамыз сөз арасы: «Өмір – қатал сыншы. Босбелбеулікті, боркеміктікті ұнатпайды. Алдыңа мақсат қоя білу керек. Оған жету үшін бірбеткейлік, қажыр-қайрат, күш-жігер, тынымсыз еңбек, терең білім қажет. Міне, сонда ғана  мақсатыңа, арманыңа жетесің. Бәлки, сонау қиын-қыстау кезең – Ұлы Отан соғысы жылдарында дүние есігін ашқандықтан ба, өмірді ерте түсініп, сезініп өстік. Жалаңаяқ жүріп ер жеттік. Соғыс бітсе де, жағдай бірден жақсарып кеткен жоқ. Менің сонау қызығы мол студент шақта тапқан достарым да осындай жандар қатарынан еді. Оларды әрдайым сағына еске алып отырамын. Әсіресе, өзің білетін қыран қанатты, тұлпар тұрпатты ақын Әскербек Рахымбекұлының орны бөлек қой» деп ағамыз терезеден сыртқа мұңдана қарады.

Біршама уақыттан кейін сарғайған облыстық «Сыр бойы» газетін қолыма ұстатты. Қарасам, Әскербек ағаның бірнеше өлеңдері жарық көрген екен. Соның ішінде  мына бір жыр жолы бойыма айрықша жылылық  ұялатты. Досты бағаласа, осылай бағалау керек.

– …Дос болып жарты ғасыр біз келеміз,

Аманжан, іздесек табылатын іргедеміз.

Қалайша қартайдық деп күрмелеміз,

Шабыттың шалқарында жүр кемеміз.

Студенттік шақтар қайда сайрандаған?

Жаз дидар жас күндер-ай жайрандаған!

Сен маған семсердейсің қайралмаған,

Табанды, мәрт мінезіңе қайран қалам!

деп таңдана, таңқала, жан досына арнапты. Әс-ағаның жырға қосқан  досы Аманкелді Махатайұлы  осы жылдың сәуір айында сексенінші көктемін қарсы алыпты. Ақынның досына жыр арнау себебі, кеудеден жаны шыққанша сыйласқан адал достың, басына іс түскенде сырт айналмай, өмірінің соңына дейін сыйласа білген нағыз достың болатынын бүгінге үлгі етсе керек.

Аманкелді Махатайұлы бұрынғы Сырдария ауданы, қазіргі Шиелі ауданына қарасты М.Шоқай  ауылында 1943 жылы дүниеге келген. Осы ауылда онжылдықты бітірісімен Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті және музыка  факультетінің студенті атанады. Әскербек Рахымбекұлы, Зинабдин Шермағамбетов, Өтеп Төлебаев және Балтабек Байсынов секілді жаңа достар табады. Бірде аш, бірде тоқ сол шақта бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрып, бір үзім қара нанды теңдей бөлісіп жейді. Осылай студенттік шақта басталған сыйластық, достықтың тіні үзілген емес.

1965 жылы жоғары оқу орнын бітірген Аманкелді Махатайұлы №43 мектепке мұғалім болып орналасып, алғаш еңбек жолын бастаған. Жігерлі де ізденімпаз жігіт көп ұзамай директордың орынбасары қызметіне көтеріледі. Оның еңбекқорлығы, білім жолындағы ізденімпаздығы, тынымсыз жұмыс жасауы, ұйымдастыру қабілетінің зор екендігі Сырдария ауданы басшыларының құлағына жетеді.

Содан оны 1973 жылы Сырдария аудандық мәдениет бөлімінің басшысы етіп тағайындайды. Басшылық қызмет жайлы орындықта шіреніп отыру емес екенін халыққа рухани қызмет көрсету барысында толық түсінеді. Көктемде ақтылы қой өрген қырда, жазда егісті алқапта, күзде дән тасыған қырманда мәдени іс-шараларды өткізу де уақыт таңдамайтынын білді. Осындай тынымсыз тірлігінің арқасында Сырдария аудандық мәдениет бөлімі бірнеше рет республикалық фестивальдің лауреаты, 2 рет республикалық халық театры байқауының жеңімпазы атанды. Аудандағы екі ұжым «Халық театры» атағын алды. Сондай-ақ халық әнін насихаттаушы, термеші Темірхан Ерғалиев, айтыскер ақын, эпикалық жыршы Серік Өтеуов, әуесқой композитор Саттар Шынтеміров, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, әнші-механизатор Мәден Иманжаппаров секілді талантты азаматтардың бағы жанып, бүкілодақтық фестивальдің лауреаттары болды. Өкінішке қарай, бұлардың бәрі бүгінде өмірде жоқ. Сырдария аудандық мәдениет бөлімінде Аманкелді ағамыз осындай жарқын істер атқарды. Кейіннен партия мен кеңес қызметіне ауысқанда да іскерлігі мен біліктілігін көрсетті.

Ол ҚР Президентінің «Құрмет» граммотасымен, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалімен марапатталған. «ҚазССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алған.

Зайыбы Палтай Бекжанова екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Бәрі де – отбасылы, жоғары білімді ел азаматтары. Бүгінде солардан өрбіген немере-шөберелердің шаттығына бөленуде.  Палтай апаймен бас қосқандарына биыл аттай 60 жыл толыпты. Сексеннің сеңгіріне шыққан Аманкелді ағамыз жаңа Қазақстанның жарқын болашағына нық сеніммен қарап, ұлы өмір көшіне ілесіп барады.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<