Еңбекпен келген бақыт

565

0

Сыр өңіріне белгілі қоғам қайраткері Жақай Бодықбаев – қиыннан қиыстырып әр істің көзін табатын, түйінін тарқата білетін адам. Кеуде сарайында сол өткен күндер сайрап тұр. Бәрінен бұрын қатарынан қалмай, ғұмыр кешуді ойлады. Сондықтан болар, алдына қойған мақсаты мен арманы биікке жетеледі.

Әкесі Серік аса сауаты болмаса да, ауыл-аймаққа сөзін өткізе алатын, өтірікке жаны қас, ойы жүйрік, сөзі өткір кісі болған. Артель құруда, колхоздастыру кезеңінде уақыт желін түсіне білген зерек жан шаруашылықта өндіріс, құрылыс бригадирі қызметтерін атқарған. Денсаулығына байланысты соғысқа бара алмаса да, Ресейдің Свердлов облысына еңбек майданына жіберіліп, өндіріс орнында жұмыс жасайды. Сол жерде жүріп өкпесіне суық тигізіп, елге қайтады. Жастайынан әке денсаулығына алаңдаулы бала оған салмақ салмады.

Содан 1957 жылы Қызылорда қаласындағы ауылшаруашылық техникумының аграном мамандығы бойынша студенті атанды. Қызығы мол студент кезең, күзге салым ауыл шаруашылығы жұмысына бару басталды. Ол кезде қазіргідей заманауи техникалар қайда? Бірінші курста Шиелі ауданына қарасты «Большевик» (кейін «Авангард») колхозына күріш ору науқанына алып барды. Студенттер көбіне атыз жиегінде қалған масақты терумен, орумен айналысады. Ең қызығы, 40 күндік жұмыстың қорытындысын шығарғанда студент Жақай Бодықбаев 480 сом табыс тауып, студенттер арасынан оза шауып Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесіне қатысуға жолдама алады. Бұл студент жігіттің еңбектен тапқан алғашқы зор қуанышы еді.

– Біздің кезімізде жастардың селтеңдеп көшеде бос жүргені ұят саналатын. Жұмыссыз жастармен комсомол ұйымы тікелей айналысса, оған қоса учаскелік милиция тіркеуге алып, не себепті жұмыссыз жүргенін анықтап, ата-анасымен сөйлесетін. Ауылдық жерлерде СПТУ-дың филиалдары жұмыс жасап, бос жүрген жастарды трактор, машина айдауға оқытып, үйретіп, техникаларды игеруге бағыттайтын. Сол курсты бітіргенше, курсанттарға ұмытпасам 12 сом стипендия төлейтін. Кейін жастар шаруашылыққа жұмысқа алынып, комбайн, трактор, машина рөліне отырып, күзгі егін жинауға, мал азығын дайындау науқандарына қатысатын. Бұны айтып отырған себебім, бүгінгі қоғамда жастармен жұмыс жасайтын ұйымдар осы жағын білсін дегенім ғой, – деді арадағы әңгіме барысында Жақай ағай.

Расында ол кезеңнің жастарды жұмысқа тартуының жақсы жақтарын біз де көзімізбен көріп, басымыздан өткердік.

Ол оқуын бітірісімен Тереңөзек аудандық байланыс бөлімшесіне пошта агенті болып жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастайды. Арада біршама уақыт өткенде аудандық партия комитеті шақырып, техникалық қызметке қабылдайды. Аудан басшылығы байланыс бөліміндегі қызметтестері арқылы жұмыста өте тындырымды, ұқыпты, тиянақты, ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын азамат екенін сырттай зерттеп біледі. Сол кездегі Тереңөзек ауданының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Нұрқасым Бердіқұлов өзіне шақырып, жұмыс жасау керегін айтады.

Бірінші басшының сенім артқаны көңіліне қанат бітіреді. Уақытпен санаспай берілген тапсырманы дер кезінде орындап отырады. Қыста аупартком кеңсесінің көмірін тасып, көктемде кеңсе айналасына қараса, күзде аудандағы күріш ору науқанында комбайн рөліне отырып астық орады. Алғаш рет Абай атындағы колхозда егін орағында комбайнер жетіспей қалғанда бірінші хатшы Нұрқасым Бердіқұловтың өзі «бір тайды әкеп бәйгеге қостым» деп колхоз жігіттерін қайрап кеткені бар. Сол мектептен сүрінбей өтіп, сенімге ие болды, көп нәрсені үйренді, білді, ұғынды, бойына сіңірді. Қызылорда облысын Шымкентке қосу туралы әңгіме болғанда, Орталық комитет Н.Бердіқұловтың дәлелдері мен дәйектеріне құлақ асып, облысты аман алып қалғанына Жақай ағай әлі күнге дейін таңғалады.

Содан 1961 жылы Жақай Бодықбаев аудандық комсомол комитетіне нұсқаушы болып ауысады. Егін, мал шаруашылығы мен құрылыс саласында екпінді жастар бригадасын құрады. Аудан жастарын еңбекке баулуға өзі бас болады. Мұнда да жасаған тірлігі жастарға шабыт беріп, қысқа мерзімде егін жинап алуда рекорд орнатып, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алады.

1969 жылы сол кездегі ХХІ партсъез совхозына бас агроном қызметіне жоғарылайды. Сейілбек Шаухаманов директор, Жақай досының қай істе де тындырымды, ізденімпаз, тиянақты, теориялық-практикалық білімді, ұтқыр ұйымдастырушы, қарым-қабілетті екенін өте жақсы біледі. Бір жағынан егін жағдайын білетін білікті маман. Шаруашылықтың егіннен өнім алудағы түсімі төмендеп кеткен. Осыны жолға қою білікті әрі іскер Жақай Бодықбаевтың қолынан келетініне С.Шаухаманов сенді.

Осы совхозда ол аянбай еңбек етті. Күріштен мол өнім алына бастады. Ол кезде егістікті аралайтын машина жоқ, ат мінетін. Мұны білген аудандық атқару комитетінің төрағасы Елеу Көшербаев өзіне шақырып алып, үш дөңгелекті «Урал» мотоциклін «бас агрономдығыңа берген байғазым» деп інісіне сыйға тартады. Осылайша егіннен жоғары өнім жинауға ықпал етіп, шаруашылықты жетістікке, табысқа жеткізді. Адал еңбегі үшін аудан басшылары мен досы Сейілбек Шаухаманов іскерлігін, еңбекқорлығын жоғары бағалады. Өз естелігінде: «Жақай Бодықбаев – еңбекті пір тұтқан, өз бақытын еңбектен тапқан, өз бақытын өз қолымен жасаған азамат» деп жазады. Бұдан артық қандай баға керек?

Кезінде Нұрқасым Бердіқұлов, Қонысбек Қазантаев, Жұмабай Бекішов, Елеу Көшербаев, Елтай Тыныштықбаев, Сейілбек Шаухаманов секілді азаматтардың мектебінен өткен Жақай Бодықбаевтың осал болуға қақысы жоқ еді. Бұл кісілер оны шыңдады, білмегенін үйретті, қажетті тұста өсірді, демеді. Бірнеше совхоздың директоры болды. С.Сейфуллин совхозын басқарғанда күріш көлемін 1800 гектарға жеткізіп, 55 центнерден өнім жинады. Ірі қараны 2800 басқа жеткізді. Алты жыл ішіндегі табысы сараланып, Мәскеудегі көрмеге 6 рет қатысып, 4 қола, 1 күміс, 1 алтын медаьдің иегері атанады. 1976 жылы осы көрмеде «УАЗ» жеңіл автокөлігімен марапатталды. Содан Шиелі аудандық ауыл шарушылығы бөлімін басқарады. Күріштен мол өнім алып, облыстың алдына шығарады. Осында жүргенде Жадыра Таспанбетова Социалистік Еңбек Ері атанады. Бұдан соң екінші рет облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасарлығына келді.

Сейілбек Шаухаманов тәуелсіздік алған тұста Жақай Бодықбаевты Қармақшы ауданының әкімі етіп тайындады. Сол тұста ауданға тағайындалған алғашқы әкім Жақай Бодықбаев еді. Қармақшыны 4 жыл басқарды. Жұрт не істерін білмей аңтарылған кезеңде 12 ұн тартатын, 13 күріш ақтайтын, 10 тары сөгін, 7 пісте майын шығаратын, 10 макарон өнімін өндіретін, 8 жүгері түтікшелерін шығаратын, 6 балапан инкубаторын, басқа да бірнеше ірілі-ұсақты цех ашудың басы-қасында өзі жүрді. Сөйтіп аудан халқы өзін-өзі қамтамасыз етуге толықтай қол жеткізді. Тірлікті осылай жолға қойып, зор абыроймен зейнетке шықты.

Мұнан соң туған жері «Ақжарма» кеңшарында біраз жыл директор болды. Бүгінде асыл жары Шәрбанның қасында жоқтығы болмаса, ұл-қыздарының шаттығын көруде. Жақай ағамыз 85 жасқа келсе де, ат арқасынан түспей, облыс ардагерлерінің Көкшетау, Сарыағаш курортты аймақтарында жеңілдікпен демалуына атсалысып келеді. Өткен жылы Көкше аймағындағы Зерендіге 150-ге тарта ардагердің демалуының орайын келтірді. Мұндай ізгілікті іс кез келген азаматтың қолынан келе бермесі анық. Биыл да бұл шара жалғасын таппақ. Бұның бәрі – Жақай Бодықбаевтың жанашырлық ісі. Әлі де халыққа берер өнегеңіз көп болсын дейміз.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<