Еңбектің лайықты бағасы

648

0

Талай жыл төккен тер мен еңбектің лайықты бағалануы кім-кімге де қуаныш сыйлары анық. Одан әрі жұмыс істеуге деген құлшыныстың артуына септігін тигізетіні және бар. Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі қарсаңында Сәбит Қошанов III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алып, құрметке бөленді.    

Ол «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК мекемесінде 20 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Бүгінде осы мекемеде бу қазандығының операторы. Еңбекке ерте араласқан Сәбит Олжабайұлы 17 жасында сүт комбинатына жұмысқа орналасады. Одан кейін төрт жылдай «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК мекемесінде, «Қызылорда теміржол» локомотивінде бу қазандығының операторы болып жұмыс істеді. 2007 жылы «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК мекемесіне қайтадан жұмысқа шақыртылып, қазір осы жерде тұрақты еңбек етеді. Қаладағы көпқабатты үйлер мен бірқатар әлеуметтік мекеменің жылумен қамтамасыз етілуіне жауапты маманның бірі. Жылу беру маусымында бұл мекемеде жұмыс қызады. Қыстың көзі қырауда бір сағат жылусыз қалудың өзін елестету қиын.

– Сондай сәттерде жауапкершілікті түсініп, түн ортасында еш қабақ шытпай жұмысқа шығатынбыз. Құрал-сайманның бәрі ескі. Жоқтан бар жасап, ұқсата білдік. Бұрын бу қазандықтарында көмір, мазут жағатын едік. Қазір техниканың бәрі цифрландырылған. Бір жерден ақау шықса, дер кезінде біліп, хабардар боламыз. Жұмысымыз біршама жеңілдеді. Бүгінде бу қазандықтары «көгілдір отынмен» жылиды. Осының бәрі тәуелсіздіктің бізге берген сыйы деп түсінемін. Мереке қарсаңында мені марапатқа лайық деп танып, еңбегімді ескерген басшылыққа алғысымды айтамын, – дейді ол.

Марапат иесі төрт баланың әкесі, немерелерінің сүйікті атасы екенін де айта кетейік. Сексеннің төріне шыққан ата-анасының ақ батасы осындай құрметке бөленуіне себепкер болса керек. Сәбит Қошановтың жарымен отау құрғанына да 30 жыл толыпты. Тәуелсіз елдің қалыптасу, даму, жылдарында Қошановтар отбасы да өркен жайды. Ендеше елдіктің, тәуелсіздіктің бағасын жан-тәнімен түсінетін жігіт ағасының еңбегіне табыс тілейміз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<