Ғалым мерейі

6

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Білім беру ісінің үздігі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Жеңіс Сәдуақасұлының 80 жасқа толуына арналған ғылыми кеңестің мәжілісі өтті.

Салтанатты жиынды ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева ашып, ғалымды университет ұжымы атынан мерей­тойымен құттықтап, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ахмет Байтұрсынұлы төсбелгісін табыстады.

Ғылыми кеңесте филология ғылым­дарының кандидаты Болат Боранбай баян­дама жасап, ғалымның қазақ тіл біліміне қосқан  үлесін атап өтті. Сонымен қатар профессорлар Серікбай Қошқаров, Ұлжан Жанбершиева және әріптестері мен шәкірттері жылы лебіздерін білдірді.

Шараға «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, университет кәсіподақ ұйымының төрағасы Айтжан Оразбақов, Қызылорда «Болашақ» университетінің жастар және тәрбие жұмысы жөніндегі департамент басшысы Берік Саймағанбетов қатысты. Сонымен қатар тілдерді оқыту орталығының дирек­торы Мартана Дәулетбаева облыс әкімінің атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыс етіп, ғалымға ізгі тілегін білдірді.

Жеңіс Сәдуақасұлы – қазақ тіл білімінің дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол 1979 жылдан ғылым мен педа­гогика саласында абыройлы еңбек етіп келеді, 1988 жылы кандидаттық, 1997 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғаған. Профессор 60-тан астам ғылыми жұмыс пен диссертацияларға пікір білдіріп, 25 диссертациялық жұмыстың сарапшысы болған. Оның жетекшілігімен бір аспирант кандидаттық, 20-дан астам магистрант ғылыми жұмысын сәтті қорғап, бүгінде түрлі жоғары оқу орындарында еңбек етуде.

Ғалымның 150-ге жуық ғылыми және әдістемелік еңбегі жарық көрген.

Жеңіс Сәдуақасұлының ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегі, қазақ тілін дамытуға қосқан үлесі жас ұрпақ үшін өнеге. Өмір жолы – адалдық пен еңбектің, ұстаздық пен азаматтықтың айқын үлгісі.

«СБ» ақпарат