Ғалымның даңғыл жолы

222

0

Елдің бір туған күні болса, оныкі – екеу. Бірі – өзінің дүниеге келген күні де, екіншісі – кандидаттық диссертациясын қорғаған күні. Ол осы екі күнге де қатты мән береді, күтеді, дос-бауыр, жолдастарымен айрықша құрметтеп қарсы алады. Өзі де табиғатынан ерекше, ешкімге ұқсай бермейтін жан.

Сырдария ауданы «Ақжарма» ауылында дүниеге келген, педагогика саласының белді маманы, шәкірттері қадір тұтар ұстаз Манат Жайлауованың салмақты ойы мен ұстамды қалпын жақсы көріп, студентке берері мол педагог деп танимыз. Айтары дөп, берері көп, жалғаны жоқ жанның талайына Тәңірі о баста ұстаз болуды жазғандай ма дерсіз!

Манат Кеңесқызының кішкентайынан еліктеген адамы – алғашқы мұғалімі, ұстаздар әулетінен шыққан Гүлжамал Дәулетова болса, атасы Жайлау соғыс басталғанға дейін ауылда мұғалім болып қызмет еткен. Соның барлығын көріп, зердесіне тоқи білген Манат та апайының ата-анасының өзіне де көнбейтін талай баламен тіл табысқанына, мамандығына деген шексіз махаббатына тәнті болды. Сол кісіге ұқсағысы келді, киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнеріне дейін айнытпай, санасына сіңіре берді. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында Воронеж қаласы маңындағы қиян-кескі ұрыста қаза тапқан Жайлау атасының мұғалім болғанын естігенде «Ұстаз Отанын ерекше сүйіп, оның жолында өз өмірін құрбан ете алады-ау!» деген сәби сенімі арман желкенін одан әрі желпіндіре жігер берген еді. Содан да болар, Манат қыз мамандық таңдауда еш қиналған да жоқ, ешкіммен ақылдаспады да, арманы – ұстаздық, мақсаты соған жету ғана болды.

Арман алдамады, мақсат орындалды. 1982 жылы сол кездегі Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен методикасы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1986 жылы үздік дипломмен бітірді. Біліктілігі – бастауыш сынып мұғалімі. Қолда – қызыл диплом, көз алдында – апайы мен атасы. Манат қалада қалуды көздемеді, есіл-дерті өзін күтіп отырған ауыл баласын сауаттандыруға үлес қосу еді. Осылайша ең әуелі ауылдағы өзі білім алған орта мектептерде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеді.

Тумысынан Абай айтқан білсем, көрсем, үйренсем екен деген жан құмары серік болған санасы сергек қыз мұнымен де тоқтап қалмай, өзі мен білімін жетілдіру мақсатында Қызылорда педагогикалық институтының бастауыш оқыту және мектепке дейінгі педагогика кафедрасына стажер-зерттеуші қызметіне қабылданды. Мәскеу қаласындағы Педагогикалық ғылымдар академиясының оқыту мазмұны және әдістері ғылыми-зерттеу институтына іссапарға жіберілді. Академияның оқыту мазмұны және әдістері ғылыми-зерттеу институтының күндізгі аспирантурасында білім алды. Оны аяқсыз қалдырмады. Ауылдан шығып, алыста емес, өз облысында оқып, тұрғыны жүз пайыз қазақтардың қасында жүріп, 1994 жылы Мәскеудегі Ресей Білім академиясының Жалпы білім мектебі институты жанындағы мамандандырылған кеңесте «Особенности обучения природоведению в начальной школе, расположенной в зоне экологического кризиса» тақырыбында география ғылымдарының докторы, профессор Н.Сватковтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Қорғауын қорғады-ау, бірақ оның бекітілуі тек осы жолдардан өтіп, сезінген ғана адам білерін Манат та жақсы түсінді, күтті, үміттенді. Мақаламыздың басында айтқан Манат үшін екі туған күннің бірі болып мәңгілікке жүректе жатталған күн де келіп жетті. Осылайша 1997 жылы оған Мәскеудегі Ресей Білім академиясының Жалпы білім мектебі институты жанындағы мамандандырылған кеңестің және қайта аттестациялау жөніндегі кеңестің шешімімен педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.

Қайсар қыз педагогика саласында аянбай тер төкті. Ұстаздың жетістігі шәкірттерінің сапалы білім, саналы тәрбие алуымен өлшенетін болса, бұл тұрғыда қара жаяу емес. Оның айқын дәлелі – сан саланың тізгінін ұстаған шәкірттері. Олардың атын атап, түсін түстесек, бірнеше томға жүк болары аян. Ал сол балаларды тәрбиелеуде күш-қайраты мен жастығын аямаған ұстаздың еңбектері әр жерден, әртүрлі басылымдардан көрініс тапты. Теория мен практиканы ұштастырып, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» кредосын берік ұстанған ол – әдістемелік нұсқау, оқу-әдістемелік, көмекші құралдар авторы. Қазіргі ғалымдардан талап ететін Скопус базасындағы журналдарда бірнеше мақаласы жарық көрген. Ғылыми бағыты бойынша алыс-жақын шетелдерде өткен ғылыми-тәжірибелік конференция жинақтарында және ғылыми-әдістемелік басылымдарда мақалалары жарияланған. Қандай қоғамдық жұмыс берілсе де, аса ыждағаттықпен орындайды, өз саласында түрлі дәрістер оқиды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, білім беруде қай елде қандай инновация болса, соны үйреніп-игеруге ұмтылатыны да бар.

Қалай танылсаң, солай бағаланасың. Бұл – барлық салаға тән. Манаттың педагогтік жолдағы ерен еңбегі елеусіз қалмады. Бірнеше рет түрлі марапатқа ие болды.

Дәл қазір жоғары оқу орындары бойынша әлемдік рейтингтер санатынан көрінген, Сыр өңіріндегі қасиетті де киелі қарашаңырақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің үздік оқытушысы, «Педагогика және дәстүрлі өнер» институты, «Педагогика, психология және бастауыш оқыту әдістемесі» білім беру бағдарламасының доценті қызметін атқарады. Өзін үнемі қолдап, жұмысқа аса зор құрметпен шығарып салып, асыға күтіп отыратын жолдасы, ұлдары мен келіндері, сүйкімді немерелері бар. Тағы да Абайға жүгінсек:

«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға» өлеңінің кейіпкері – Манат Жайлауова ма дерсіз!

Ал ақын, айтыскер, Манат Кеңесқызының шәкірті, әріптес досы Айнагүл Әбуованың өлеңіне сүйенсек, Манат бейнесі былайша өрілмек:

«….Шырғалаңда кетпейді шатасып ақ,

Ауылда ана – мейір, ата – сынақ.

Мәскеу жаққа аттандың арман қуып,

Алаштың анасының батасын ап!

….Қыран боп асу асып, заңғар самғай,

Жанымыз дәл өзіңдей жанды аңсардай.

Сіз салған даңғыл жолда адастырмас,

Ғалым боп, жолды бастар бағдаршамдай!».

Қырық жылға жуық ұстаздық етіп, бүгінгі күні екі 30-дың ауылына аяқ басқан, Жамал әжесінің көмбе көкірегінен нәр алып, сол ата-анадан өрбіген өз ата-анасының тәлімімен жетіліп, ауыл махаббатына бөленіп өскен Манаттың ұстаздықтан артық мақсаты болмады. Талғамы қаншалықты биік болса, мақсат-арманына жету жолында соншалықты қарапайым өмір сүрген, ұстаздардың ұстазы Үмбетбай Уайдин айтқандай, Манат Кеңесқызы –

«…Кім боласың?

Ұмтылмаңыз жоғары,

Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі!

Кім болмаңыз, прокурор ма, сотсыз ба?

Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!» – деп ардақтар, бар жақсыға лайық жан.

Асыл ҚОЖАБАЙҚЫЗЫ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<