Асылы, дүние дидарында адам баласы үшін ұстаз деген ұлы есімнің орны қашан да биік қой. Бағымыз болар, біз ғажап ұстаздарды көрдік.
Олар салған сара жолда санадан өшпес, ізгіліктің ізі қалған ғажап дәстүр бар. Сондықтан болар, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, А.Қыраубаева дәріс оқыған аудиторияларда сабақ беру абырой ғана емес, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Ғасырлардың үнін, ұлттың үмітін, сөз өнерін аманаттаған ұлт зиялыларының жолынан жаңылмасақ, ақиқатынан айнымасақ деймін.
Алаң көңілім кей кезде «осы бір сәтте сол ағай-апайларымыз болса қандай шешім қабылдар еді?» деп ұлы ұстаздардың көзін көрген, бірге қызмет еткен, кеше мен бүгіннің ойын жалғар алтын арқау ағаларды іздейді. Сол ардақты аға әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі әдебиеттанушы-ғалым, ұлағатты ұстазым – Жолдас Мәмбетов. Ресмилендірмей, шәкірттерінің жүрегіндегі риясыз көңілмен айтсам, Жолдас ағай.
Көне ғасырлардың куәсіндей болған Жаңақорғанда кіндік қаны тамған Жолдас ағай балалық шағынан-ақ білімге құштар болды. Сұлу Сырдың бойында кемел ойдың дариясындай болып аққан жыр жампоздарының өсиетін көңілге тоқып, сүлейлерді тыңдап өсті. Ата-анасының ақ тілеуімен тәрбиенің тал бесігінде тербелді.
Ол орта мектепті кеңес өкіметінің керенау саясаты кенеріне сыймай тұрған шағында тәмамдады. Бірақ, коммунизм орнатамыз деп ұрандатқан биліктің қазаққа әкелген қасіретін бозбала шағында-ақ бар болмысымен сезінген. Сезінгені сол болар, оның аты-жөні комсомол қатарына қабылданған жастардың тізімінен табылмады. Оған саналы түрде кірмеді. Дүрмекке ере бермес қайсар мінез, турашылдық Жолдас ағайдың жан дүниесінде осы кезден-ақ бұлқынатын. Парасат-пайымыңды партия мүшесі болумен бағамдап, бұл қатардан табылмасаң болашағың бұлыңғырлау болатын сәттерде де ол өз көзқарасынан айныған емес.
Мектеп бітірген соң ел тірлігіне араласып, екі жылдай құрылысшы да болды. Әскерге барып, азаматтық борышын өтегені тағы бар. Алайда білім шыңдасам, орта көрсем, үлкен ғалымдардың тағылымын алсам деген аласармас арман жүрек түкпірінде жататын.
Ормахан әкенің ақ батасын алған соң қазақ білімінің қарашаңырағы – КазГУ-дың дайындық курсына қабылданды. Осы жерде ой түзеді, бой түзеді. Ақылына білімін серік қылған көп жастың көшбасшысы болды. Келесі жылдың сыйлаған тағы бір керемет сәті – филология факультетінің студенті деген мәртебе. Бұл Жолдас ағайдың көптен күткен қуанышы еді. Даңқы дүниеге мәлім Мұхтар Әуезовтің өзі дәріс оқыған жерден жан азығын алсам деп келген үміті ақталып, араб бөліміне қабылданды. Атағы аңызға айналып тұрған бұл бөлімінің бір артықшылығы, тек тіл меңгертумен ғана шектелмей, әдеби жәдігерлерді түпнұсқадан зерделеуге зейін қоятын. Жаһан дүниеге жол ашар дипломат деген дәргейге жеткізетін де осы бөлімнің білімі еді. Жолдас ағайдың қазақ тілі мен әдебиетінің кәусарынан қанып ішіп, асыл арналарына үңілгені осы шақ. Дана Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп қалай дөп айтқан. Жолдас ағай да З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, А.Қыраубаева, С.Мырзабеков, М.Томанов, Б.Сағындықов, А.Айғабылов, Ж.Дәдебаев сынды ұлағатты ұстаздардан білім алды, тәлімін көрді. Лепісі қазақ руханиятын қанаттандыратын нартұлғалардың әр сабағы телегей теңіз білім ғана емес, тектілік пен адамгершіліктің алтын діңгегі екенін сезінді.
Иә, бұның бәрі – өмір мектебінің жарқын парақтары. Оқу бітіргеннен кейін еңбек жолын Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Октябрь орта мектебінде мұғалім болып бастады.
Еліміздегі ең таңдаулы оқу орнын жақсы бітірген Жолдас ағайға жоғары оқу орындары да қолқа салған. Алайда алдындағы үлкен мақсат мектептегі шәкірттердің жүрегіне ұлттық құндылықтың дәнін ексем деген тілектің үстінде еді. Әдебиет әлемінің әсемдігін әр қазақтың баласы білсе деген ниеті де Алматыдан алысқа ұзатпай, жыл өткен соң арманының ақ желкені болған университетке оралды. Кафедраға аға оқытушы болып қабылданды. Бұл елдің еңсесі түсіп, тығырыққа тірелген тоқсаныншы жылдар болатын. Білім ғана емес, бар саланың берекесі кетіп, бас қайғы болған алмағайып уақытта да ол өз мақсатынан айныған жоқ.
Тоқсаныншы жылдардың басында біз де жоғары курсқа жетіп жығылғанбыз. Арнаулы курстардың бірінің семинарын Жолдас ағай жүргізетінін естігенде қатты қуандық. Бұрын бір жатақханада тұрған аға достың сабағында арқа-басымыз кеңіп, өткен-кеткенді еске алар әңгіме тиегін ағытармыз деген үміт де жоқ емес. Не керек, тағатсыздана күткен сәтіміз де келді. Аудиторияға кірген ағай бәрімізбен емен-жарқын амандасып, хал-жағдайымызды сұраған соң тез сабақ тізгінін алды. Сол алғашқы сабақта-ақ бізді ойының тереңдігімен, шешендігімен ғажап бір күйге енгізіп кеткен. Көп адам тәуекел ете бермейтін теорияны терең меңгергеніне таңғалғанбыз. Енді алғашқы сабақты қалай күтсек, бұдан кейінгі сабақтарды да асыға күтетін болдық. Тек бір айырмашылығы, бұл күткен адамымыз – терең білімді, әділетті, әдебиет әлеміне жан дүниесімен берілген Жолдас ағай болатын.
Жолдас ағай осы жылдары академик-жазушы, ұлағатты ұстаз Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен ғылыми зерттеу жұмысын бастаған. Қабдоловтай тау тұлғадан тақырып бекіту бақытының да бәріне бұйырмасы анық қой. Үлкен жүректі ұстаздың сеніміне сызат түсірмей, ғылым мұхитынан әдебиеттің асыл жауһарларын жинауға асықты. Осы жолдағы ізденістері оқытушылық жолымен жалғасып, 1997-1999 жылдар аралығында филология факультеті деканының орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Кандидаттық диссертациясы Жұбан Молдағалиевтің ақындық шеберлігіне арналды. Жазар дүниесіне үлкен дайындықпен келген Жолдас ағайдың тұжырымдары оның зерттеушілік қырын да әдебиетші қауымға паш етті. Махамбеттің «мені» мұнарланған шақта «Мен – қазақпын!» деп қазақтың намысын жаныған Жұбан ақынның өлеңдеріне терең талдау жасады. Жұбан ақын мұрасын зерделеуге Жолдас ағайдай жаны таза жан ғана жанаса алатындығы анық еді. Ол осы зерттеуімен кеңес билігіне өз ойын ірікпей айтқан көрнекті ақынның жыр күмбезін жоғары көтерді. Ғалым ақын шығармаларын талдай отырып: «Біздіңше азаттық идеясының желісі үзілмеді. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандар шейіт болса да, олардың ой-пікірін астарлап болса да, бізге әкелуші Қасымдар мен Жұбандар болды» деп азаматтық кредосын да айқын аңғартты. Аңғарған адамға бұл жолдар өз тақырыбының көкжиегіне көзі жетпес қасаң пікір емес, қазақтың қилы тағдырын толғаған тиянақты тұжырым еді. Осы зерттеуінде: «Заманмен кереғар болып, онымен ашық тартысқа түсудің соңы неге апарып соқтыратынын әрине, ақын жақсы білді. Сондықтан да ол қытымыр империялық саясатпен ымыраға келе отырып, замана қайшылығын көркем образдар арқылы астарлай жеткізудің өзіндік жолын тапты» деп ақын мұрасына әділ баға берді. Қазақ халқының рухын көтерген Жұбан жырларының көркемдік қырларына үңілді. Тақырыптық-идеялық ерекшеліктері, өлеңдерінің жазылу тарихы да ғалымның сарабдал ойымен қорытындыланды. Ақын қаламынан туған өлеңдердің әр жолы зерттеушінің назарынан тыс қалған жоқ. Сондықтан болар, Жұбан жырларын, оның ақындық дәстүрін зерделеген еңбектердің арасынан Жолдас ағайдың еңбегі жарқырай көрінді.
Ол қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны, теориясына қатысты құнды зерттеу монографияларын жазды. Әсіресе, «Әдебиеттің эстетикалық негіздері» атты еңбегінде суреткерлердің шеберлігі, талғам таразысы, соған сай сөз саптауы, айналада болып жатқан құбылысты түйсінуі терең талданды. Бұл бағытта жазылған еңбектерді қазақ тілінде таба алмай дағдарған адам аз емес. Платон, Аристотель, Лессинг еңбектеріндегі ой-тұжырымды әлі де болса орыс тілі арқылы оқып, сол тілдің ерекшеліктері негізінде танып жүргеніміз анық. Сондықтан, адамзаттың арғы замандарынан бастау алатын эстетикалық танымды төл тілімізде түсіндірген толымды еңбектердің бірі осы зерттеу деп бағамдасақ, қателеспеспіз.
Жолдас ағайдың тағы бір іргелі зерттеуі саналы ғұмырын Қытай Халық Республикасында өткізген жазушы, фольклорист, этнограф Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналды. Ол тағдырдың жазуымен өмірі өзге мемлекеттің тыныс-тіршілігімен ағып жатса да, ой өзегі ұлтынан ажырамаған асыл азаматтың әдеби мұрасын ғылыми-теориялық тұрғыдан жан-жақты талдады. Қаламгер шығармашылығын зерделей отырып, қазақ әдебиеті деп айтар тұғырлы ойдың өлшемі тек өз шекарамызда ғана қалып қоймай, қандастарымыз өмір сүріп жатқан кеңістіктен де іздеудің өзектілігіне ой салады. Ғалым қазір екі мемлекет болып отырған Корей елінің тарихын пайымдай отырып: «Оларда ұлт идеологиялық принцип бойынша бөлінгендіктен, біртұтас ұлттың әдебиетінің де екіге жарылуына әкеп соқтырды… Ал біздегі жағдай оларға қарағанда сәл де болса басқашарақ. Бізде екі алып мемлекеттің ықпалымен біртұтас ұлт екіге бөлінгенімен, әлі күнге дейін олардың арасындағы көзқарастар, дәстүр мен салт өзгешелікке ұшырай қойған жоқ. Сондықтан да Қытайдан көшіп келіп жатқан қандас ағайындар атамекенге тез сіңіп, араласып, өз орындарын тауып жатуы соның белгісі деп білеміз. Оның үстіне қанша жылдар бойы басқа мемлекетте өмір сүрсе де, мемлекеттік идеологияның әсерінен гөрі олардың жүректерінде сақталған ұлттық қасиеттер, ұлттық дүниетаным әлдеқайда жоғары екені байқалды» деп тұжырымдайды. Жолдас ағай қаламгер мұрасын талдау арқылы «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген рухани қазынаның тағы бір қайнар көзіне үңіледі. Бұл қайнардың қазақтың сөз өнері, салт-санасы мен тәлім-тәрбиесінің сарқылмас бұлағы екенін есімізге тағы бір мәрте салады. Ғалым жазушы шығармашылығын тақырыптық-идеялық, жанрлық тұрғыдан зерделеп, тың тұжырымдар жасаған. Суреткердің әңгімелері мен хикаяттарының көркемдік ерекшелігі, дәуір шындығы жан-жақты талданады.
Ғалым еңбектерінде қазақ әдебиетінің тарихы мен даму бағыттары әр қырынан талданған. «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеяның көріністері», «Қорқыт ата» дастанының түркі халықтары әдебиеттануында зерттелуі», «Нәзір Төреқұлұлы», «Жүсіпбек Аймауытов – сыншы», «Мұхтар Әуезов шығармаларының түрік тіліне аударылуы жайынан», «Еркекте ақыл қала ма, өз қонысынан ауған соң» (Ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармашылығы хақында), т.б. ғылыми мақалалары мен әдеби толғамдарындағы тың тұжырымдар түркілік идеялардың темірқазығы болар ортақ ойларды айшықтауымен құнды.
Жолдас ағайдың зерттеулерінің тағы бір арнасы – әдеби-cын жанры. Ғалымның қазіргі қазақ поэзиясының даму бағыттарын барлаған пайымдаулары поэзия патшалығының табиғатын талдауға тосыннан қосылмағандығын аңғартады.
Ұстаз өзінің оқу-ағарту саласындағы іс-тәжірибелерін ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында қазақ тілі мен әдебиеті зертханасының меңгерушісі қызметінде абыроймен жүзеге асырды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Сүлеймен Демирел университетінде еңбек еткен жылдарында да ұлт руханиятының, қазақ әдебиетінің жанашыры, шәкірттерінің аяулы ұстазы болды. Қазақ ғылымының қарашаңырағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында да өнімді еңбек етті. Жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістерден тысқары қалмай, «Студенттердің өздік жұмыстарының сапасын арттырудың жолдары», «Еліміздің жоғары мектептеріндегі кредиттік жүйемен оқытудың кейбір ерекшеліктері» мақалаларында өз ойын ортаға салып, жүйелі талдау жасады.
Осы бір шағын мақалада Жолдас ағайдың қаламынан туған құнды зерттеулердің қақпасын ғана ашқандай болдым. Жоғарыда шолып өткен еңбектер соның бір парасы ғана…
Жолдас ағай – алдына алаңдайтын, артына қарайлайтын ұстаз. Көрнекті қаламгер Ә.Кекілбайұлының «Шәкірттік сезімін ұмытқан адам ұстаз бола алмайды» деген қанатты сөзі оның өмірлік ұстанымына айналған асыл қасиет. Адалдықты ту еткен абзал ағаның ұлағатты ұстаздар З.Қабдолов, Ә.Дербісәлі, А.Қыраубаева, Ж.Дәдебаев туралы жазған мақалалары да – ойлы адамның жанына азық болар өнеге. Ұстаздары жайлы толғанған өзі де мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, қанат қақтырды. Сол шәкірттің бірі – өзім. Қазір әріптес інісі ретінде де аңғаратыным, ағайдың аманшылығын сұрап, сағынышқа толы сәттерін еске алар шәкіртінің көптігі. Ал, шәкірті іздеген, шәкірті сағынған ұстаз – ең бақытты ұстаз ғой.
Ағай туралы бір үзік сырды, ой-толғанысты әзірше, осылай тарқаттым. Жарық күнді алпыс жыл айналған Жер-Ана бұл күні Жолдас ағайды абырой биігіне көтеріп отыр. Ол бұл биікке өзінің терең білімімен, қарапайымдылығымен, адами қасиеттерімен жетті. Оның еңбектері, өмірлік ұстанымы аға буынның аманатын жеткізіп, жақсы дәстүрдің дәнін еккен диқандай бізге де үлгі болары сөзсіз. Сөз өнерінің, ұлт әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым, айтар ойы айқын Жолдас ағайдың алпыс деген ауылға апарғалы отырған ой қазынасы ортаймасын деймін.
Самал ДӘРІБАЙҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<