Сыр бойының тарих ғылымы саласында өз орны бар айтулы тұлға, ұстазым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өтеубай Қожақұлы 70 жасқа келді. Ол өзінің тынымсыз ізденісі, ғылымға шексіз құштарлығы, алға қойған мақсатын орындаудағы табандылығы арқасында тек қана Сыр бойына емес, Қазақ еліне белгілі ғалым болды.
«Әлемдегі ең басты құдырет – еңбек және тәртіп» деп өскен Өтеубай Қожақұлы тарих ғылымы және оны оқыту әдістемесі төңірегінде 200-ден астам ғылыми еңбектің, 10 оқу-әдістемелік құралдың авторы атанды.
Тарихшы ғалым Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектепті бітіргеннен кейін ХХІІ партсъезд атындағы кеңшарда қызмет атқарды. Гурьев (Атырау) педагогикалық институтының тарих факультетін үздік бітірген соң Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде бөлім меңгерушісі болды. 1985 жылдан бері Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде) оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор қызметін атқарады.
Ө.Қожақұлы содан бері кафедрада жемісті жұмыс жасап келеді. Ол өзінің ғылыми-педагогикалық қызметінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, қазақ филологиясы және тарих факультеті деканының орынбасары, факультеттің кәсіподақ төрағасы болып еңбек етті. 1994 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қасымбаевтың ғылыми жетекшілігімен «Сырдария облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы (1867-1914 жж.)» атты кандидаттық диссертациясын қорғаған. ҚР Жоғарғы аттестациялық комитеттің шешімімен доцент, кейін профессор атағы берілді.
Педагогикалық қызметін ғылыммен үзбей ұштастырып, 2006 жылы болашақ қорғалатын докторлық диссертациясына негіз болатын «Қазақ-қоқан қарым-қатынастары (ХVІІІ-ХІХ ғғ.)» атты монографиясын жариялады. Осы негізде және сол кездегі кафедра меңгерушісі, белгілі ғалым К.Илиясованың біліктілігі нәтижесінде 2008 жылы «Тарих» мамандығы бойынша магистратура ашылды. Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы, Өзбекстан, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивтерінде сақталған тарихи деректерді алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. Ғылыми зерттеудің негізгі бағыты – ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы Қазақстанның оңтүстік өлкесінің Ресейге қосылуы, ұлт азаттық қозғалыс, Қазақстанның Орта Азия халықтарымен халықаралық, саяси және сауда байланыстары, ХVІІІ-ХХ ғасырдағы көшпелі және отырықшы халықтардың өзара әрекеттесуі, қазақ халқының өмірі мен қызметі. Стамбул, Орынбор, Омбы, Алматы, Астана Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Көкшетау, Орал, Шымкент, Тараз және т.б. қалаларда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларға қатысып, мақалалары шықты. М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі біріккен диссертациялық кеңесінің мәжілісінде «ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегі мен ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарына дейінгі қазақ-қоқан қарым-қатынастары (саяси және шаруашылық мәселелері бойынша)» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Сөйтіп, Тәуелсіздік Қазақстанның Қызылорда облысынан шыққан алғашқы тарих ғылымдарының докторларының бірі атанды. Білім мен ғылым саласындағы жасаған еңбегі ескеріліп, Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Әйтеке би» медалімен, Қорқыт ата «Алтын медалімен», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне арналған мерекелік медалімен, Қазалы ауданының мерейтойлық медалімен марапатталды.
Өтеубай Қожақұлы – өнегелі отбасы иесі, бес бала өсіріп, олардан немерелер сүйіп отыр. Бүгінде жаңаша білім мен тәрбие беруге өз үлесін қосып келе жатқан үлгілі ұстаз, көрнекті ғалым.
Мен ағайдың ғылыми жетекшілігімен диссертациямды сәтті қорғадым және ұстазымның батасын алып, жақсы тілегін естідім.
Өтеубай Қожақұлы жақсы тарихшы ғана емес, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын жақсы көреді. Табиғатындағы тектілік, сал-серілік ол кісінің тұлғасын ажарландырып тұрады. Сөзі мен ісі әрқашан үйлесім тауып жататын жігерлі ұстаз. Әр істі шешуде тапқырлығымен, өжеттігімен ерекшеленеді. Бастаған істі тиянақты аяқтайды. Әріптестеріне әркез түсінушілікпен қарайтын сезімтал, мейірімді жан.
Әдетте ұстаздың еңбегі оның шәкірттерінің жетістігімен бағаланатыны белгілі. Өтеубай ағайдың шәкірттерінің ішінде ғылым кандидаттары, РhD докторлары, аудан әкімдері, қалалық және аудандық білім бөлімі басшылары, мектеп директорлары көптеп кездеседі. Олардың барлығы осы күнге дейін өздерінің тұлға болып қалыптасуындағы Өтеубай Қожақұлының сіңірген еңбегі жайлы айтудан жалықпайды. Барынша қанағатшыл, қарапайым Өтеубай ағай – өзінен көмек сұрап келгендерге де қол ұшын созуға даяр тұратын кісі. Еңбекқор, талантты, нағыз патриот азамат. Кафедрада үлкендік жасап отыратын ақсақалдығы өз алдына өнеге. Тарих ғылымына байланысты іс-шаралардың барлығына сүбелі үлесін қосып келеді.
«Жақсы сөз-жарым ырыс» демекші ұстазыма зор денсаулық, мол бақыт, отбасына амандық, құт-береке тілеймін.
Бақытжан Ахметбек,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<