«Адамзат баласының бойына біткен адами қасиеттерінің ішіндегі ең шоқтығы биігі – парасат» деп ой қорытады ғұлама ғалымдар. Жеке басымның пайымдауымша да, жалпы ел-халықтың да ойы осыған саяды. Парасат табиғаттың адам баласына деген үлкен сыйы деп түсінген дұрыс. Оның талант пен тума дарынды толық пайдаланып жұмсауға үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Бойындағы осындай дара қасиеттерді ел игілігіне жұмсаған республикаға танымал абзал азаматтар қатарында жарты ғасырдан астам уақыт бірге қызметтес, сыйлас, пікірлес, ағалы-інілі болып кеткен, адами болмысы бөлек, парасаты биік, мінезге өте бай, айтатынын ой қазанында әбден қайнататын, жер қозғалса да қозғалмайтын өте сабырлы мінезімен, ұстамдылығымен ел-халықтың есінде қаларлық жемісті жұмыс жасап, қазір сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Қуанышқали Шапшаңов замандасым деп айтар едім. Затында үлкенге де, кішіге де құрметпен қарайтын өте қарапайым жандар болады. Олардың жанына көпшілік үйірсек келеді. Мансабы жоғары қызметтерде жүрсе де, туабітті қарапайымдығы Қуекеңнің адами болмысын бекзаттыққа жеткізгенінің талай рет куәсі болғанымды айтуға тиіспін.
Халық – таразы. Қандай жағдайда болсын қателеспейтініне көзіңді жеткізіп қарасаң, тәнті боласың. Кімнің кім екенін тап басып, жазбай таниды. Әбден сырласып, таразылап алмай, өзінің көкейіне түйгенін бірден айта салмайтынын қайтерсің. Кейбір өзіне-өзі құдірет болып, қолдан жасанды болмыс құрып жүргендерге тарих деген алып өткел бәрін есіне күнде салып отыратынын қайтерсің. Халықтың шамына тие берсең, өрт тұтанып немесе алапат дауыл, тасқын су да басып кетеріне күмәніңіз болмасын. Міне, Құдайдан кейінгі халықтың қадір-қасиетін жете түсініп, өзінің саналы өмірін жұртшылықпен бірге өткізген, халық бағасын білген, мен әңгімеге арқау етіп отырған Қуанышқали замандас ағамыз.
«Атыңды тану оңай, адамды тану қиын» деген сөзді бабаларымыз кейінгі ұрпаққа өсиет етіп қалдырып кеткен. Жоғарыда айтқанымдай қандай бір азаматқа баға беретін халық. Халық – сыншы, халық – көреген. Сол халықтың берген бағасы бойынша Қуанышқали ағамыз – жүрегінің есігі ашық жүретін, ашық айтып адал күлетін, пейіл-парасаты кең адам. Басқаларға бұйыра бермейтін өзіндік тәубәсі, шүкіршілігі, қанағатшылдығы, байлыққа, мансапқа қызықпайтыны бар. Жүзі жарқын, шындықтың бетіне тура қарайтын әріптес, аға ретінде бағалаймын.
Неге екенін білмеймін, екеуміздің өмір жолымызда бір ұқсастық бар секілді, болмаса маған солай көрінетін сияқты. Қуекең менен өмірге ерте келгенімен бірге жұмыс жасап, қызметтес болдық. Еңбектің қара қазанында қатар қайнап, ащы мен тұщы дәмін бірге сезіндік. Қуекеңнің алды кең, іскер, кішіпейіл, өте қарапайым, жұмысқа ыждағатты екенін айту парыз. Ол ешуақытта көзге көріну үшін еңбектенген емес. Нені біледі, нені істей алады, жүрегі нені қалайды тек соны ғана жасаған азамат.
Қазалы ауданында жұмыс жасаған кезде қысқа мерзім ішінде сауда мәдениеті жоғарылап, жаңа сауда үйлері бой көтерді. Халыққа қызмет көрсету орындарының көптеп ашылуы – сол Қазалы аудандық партия комитетінің басшылығы мен аудандық совет атқару комитетінің ынтымақтасқан іс-қимылының, тиісті салаларға жауапты лауазымды қызметкерлердің біліктілігінің нәтижесі. Қуекеңді қазалылықтар жақсы көрді, адами қасиетін бағалады. Бұл оның қанымен біткен қадір-қасиетіне байланысты.
Жалпы ол кезде партия идеолоиясында «бәрі де адам үшін, адамның игілігі үшін» деген ұстаным болғаны белгілі. Басшылардың қай-қайсысына да қызметке тағайындау кезінде қарапайым халықтың мұң-мұқтажына ерекше ыждағатпен қарау тапсырылатын. Сондықтан ол жоғары жақтың тапсырмаларын орындауда өте жоғары іскерлік көрсетті.
Сол Қазалыда болған жылдар Қуекеңнің кейінгі еңбек жолын жемісті қызмет атқару үшін бай тәжірибе жинақтаған кезең болды. Осы жұмыстарда жинақталған тәжірибе кейінгі сатыларға жол ашты. Мұны басшылық дұрыс бағалап, қызмет бабында өсті. Қай қызметте де қарапайым әрі қайырымды, халық ортасында көп болатын іскер басшы ретінде танылды. Оның ерен еңбегі, елмен етене араласуы неше түрлі жақсы әңгімелер мен аңыздар тудырды. Парасатты, жаны жарқын адамның елге еткен жақсылығы да көп болады. Қуекең төрағаның бірінші орынбасары болып қызмет еткен облыстық кеңес атқару комитеті, облыстық партия комитеті, Қазалы аудандық кеңесі атқару комитеті, облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасы және ол араласқан жұртшылық азаматтығын, кісілігін жыр қылып айтады.
Сырт қарағанда, жақсы адамдардың мінезі бір-біріне ұқсас келетіні анық нәрсе. Адамгершілік, кішіпейілділік, адалдық, қарапайымдылық – жақсы адамдардың бәріне ортақ. Ал үңіле қарасақ, зерттей пайымдасақ, осы қасиеттердің Қуекеңнің бойында барлығына көз жеткіземіз. Оның елгезек мінезі мен адами қабылдауы, жылы, шын көңілімен сөйлесуі, үлкен-кішіге бірдей қарап, сыйлай білуі – өзінше бір әлем. Бұл жасанды емес, жаратылысынан қалыптасқан дегдарлық пен тектіліктен туындайды дер едім.
Қуекең білімі жағынан педагог болғандықтан, сауаттылығымен озық. Аудан шаруашылықтарын басқарып, аудандағы екі басшының бірі болуы соның дәлелі. Басшы адамның барлық істің маманы болуы мүмкін емес.
Қабілеті, басқару тетігін меңгеруі, қай істің болса да алдын, бағытын танып, болжай білетін көрегендігі, жоғары масштабта ойлауы, логикасының ұшқырлығы тәнті етеді. Қажетті мамандармен тіл табысып, оларды үлкен іске ұйымдастыра білуі жоғары табыс биігінен көрсетті. Еңсесі биік азаматтың халық алдындағы абыройының қалай құралғанын танисың да, елмен бірге қуанасың, шаттанасың.
Қуекең өзінің бар ойын, еңбегін, күшін, жігерін, мақсатын бір ғана нәрсеге – елдің тұтастығы, бірлігі, жігіттердің арасындағы үлкен ауызбіршілікке жұмсады. Салада, аудандық, облыстық мекемелерде басшылықта жүргенде, өзі істеген ұжым мүшелерін, халықты жұмылдыра білді. Ол атаққа, лауазымға, мансапқа қызықпады. Тағы бір қыры өзінің басшылығымен атқарылған істерге мақтанбады, масаттанбады. Қанша бірге болғанда байқағаным өте ұстамды әрі төзімді, мінезге бай азамат. Кейбіреулер сияқты өзін-өзі көтермелеу үшін өзге біреулерді тілінің ұшына салып бөтен әңгіме айтқанын естіген емеспін. Көзге түсуге де көп тырыса бермейді.
Қуекеңнің бекзат болмысы, тап-тұйнақтай іс-әрекеті өте жарасымды. Қайбір іске болсын байыппен қарайтын, алыстан қайыра ойлайтын тереңдігі бар. Нені болса да ой сарабынан өткізбей пікір білдірмейді. Эмоцияға берілмейтін төзімділігіне қоса, қолына алған ісін аса жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен атқарады. Әңгімесінің әр сөзін сараптан өткізбей айтпайтын қасиетін тұстастары бағалайды. Қуанышқали Рахымбердіұлын ширек ғасырдан астам уақыт бірге қоян-қолтық қызметтес, жұмыстас болғандықтан, зейнет демалысынан кейін қоғамдық жұмыстарда бірге жүргендіктен тереңірек білдім десем артық айта қоймаспын.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы тарихи мекенінің басына бұлт үйіріліп, қиын кезеңдер орнағанда қанаттаса жұмыс жасаудың сәті түсті. Облыста ұзақ жыл экология саласын басқарған уақытта ешкімге дауыс көтермей-ақ, өзінің сабырлы қалпымен жәй сөйлеп, ғарыш айлағы бойынша ауқымды, маңызды өте жоғары тапсырмаларға өте сергектікпен қарады. Табиғат қорғаушыларды, пайдаланушыларды бөле-жармай, мемлекет мүддесіне сай келетін бастамаларды үнемі қолдап, шақырып отырды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Байқоңыр қаласының басшысынан бастап, Қызылорда облыстық қоршаған ортаны қорғау мекемесінің басшысын адами болмысы, мықты, сауатты, білгірлігі үшін сыйлағанының талай куәсі болғанбыз. Мәскеуден келетін «РосКосмос» басшыларымен, осы саладағы ғалымдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің сол уақыттағы арнаулы өкілі Нұрғалиев Ерғазы Мерғалиұлы, академик, Қазақстанның осы саладағы ірі маманы Мейірбек Молдабеков және тағы басқа белгілі мамандармен ұшыру алаңында көбірек болып, етене араластық. Ауызбіршілікпен еңбек еткен уақытты қазір сағыныш сезіммен еске аламыз.
Бірде Қуекеңмен бірге «Энергия-Буран» ұшыру алаңында да болғанымыз бар. Ол кезде ұшыру алаңында ракетаның қазіргі көшірме макеті емес өзі сақталып тұрған. Ол жерге кім көрінгенді жібере бермейтін. Қуекең және басқа кісілерді арнайы алып барған «РосКосмос» басшылығының өкілі арнайы таныстырып, техникалық мәліметтерін барынша түсіндірді. Бір кезде Қуекең «РосКосмос» өкілден:
– Мына сатымен жоғары шығып әрі қарай көруге бола ма? – деп сұрады. – Әрине, болады. Саты сол үшін қойылған, – деп түсіндірді.
Қуекең жоғары көтеріліп, алып ракетаның ұшар басына дейін барып, қолын тигізіп тәу етіп сатымен жерге қайта түсті. Біз күліп жатырмыз. «Қуеке, осы жерден де жақсы көрініп тұр ғой» деп. Сонда Қуанышқали Рахманбердіұлы бізге қарап күліп:
– Жігіттер, бұл – ХХ ғасырдағы ғылымның үлкен жетістігі болса, екінші жағынан Аллаға біздің туған жерден барып жақындап келді емес пе?! – деген.
Қуекең биыл 80 жасқа толып отыр. Мен өзімнің әріптес, замандасым Қуанышқали аға мен Несіпкүл апайдың әулетінің амандығын тілеймін.
Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<