Халықтың аманатын арқалау – аса маңызды міндет

294

0

Мәслихат – өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне және мәслихат регламентіне сәйкес жүзеге асыратын, халық сайлайтын және оның еркін білдіретін жергілікті өкілді орган. Биылғы жыл мәслихат депутаттары мен сайлаушылар үшін ерекше жыл! Өйткені, ел дамуына айрықша сүбелі үлес қосып келе жатқан өкілді органның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Өткен 30 жыл жергілікті мәслихаттар үшін шын мәнінде жемісті жылдар болды.

Тарихқа көз жүгіртсек, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін қоғамды демократияландыру, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында елімізде өкілді орган – мәслихаттар құрылған болатын. 1994 жылдың 7 наурызында тұңғыш рет мәслихат сайлауы өткізіліп, депутаттардың бірінші сессиясы болды. Міне, осы уақыттан бастап, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының өз тарихы қалыптасты.

Иә, үлкен жүйенің жұмысын жолға қойып, жемісті жүргізілуі үшін отыз жыл тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, бүкіл республика үшін маңызды кезең екені анық. Осы жылдар ішінде халық қалаулылары елмен бірге өркендеу мен дағдарыс кезеңдерін бастан өткеріп, демократияны нығайтуда, аймақтық экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарды. Бір мақсат үшін үндескен жергілікті мәслихаттар көптеген игілікті істердің ұйытқысы болып, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ жергілікті мәслихаттар аймақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, оның атқарылуы туралы есепті бекіту мен түрлі бағдарламалардың орындалуына бақылау жүргізу құқығын иеленіп, елдің дамуы жолында беделді күшке айналды. Өкілді орган – мәслихаттардың бүгінге дейін сегіз шақырылымы болды. Осы ретте, бүгінгі күнге дейін облысымызда мәслихат хатшысы болған Бақытбек Ермақашов, Алмагүл Божанова, Нұрлан Құдайбергенов, Бекмырза Еламанов, Ақмарал Әлназарова, Қылышбай Бисенов, Наурызбай Байқадамов сияқты тұлғаларымыздың аймақты дамытудағы өзіндік орны мен қолтаңбасы бар екенін айта кету керек. Нағыз халық қалаулысы атану – үлкен жауапкершілік. Өз сайлаушыларының аманатын азаматтық парызым ғана емес, ел алдындағы перзенттік міндетім деп қарап, туған жерінің келешегі үшін аянбай еңбек етіп жүрген халық қалаулыларының бәрін бірдей атап өту де мүмкін бола қоймас. Дегенмен, мерейлі тойдың мезетінде олардың нәтижелі еңбектеріне өз ризашылығымызды жеткізу орынды деп есептеймін.

Міне, бүгінде осы ілгері ізді абыроймен лайықты жалғастыруда облыстық мәслихаттың төрағасы қызметінде мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, ел игілігі жолында жұмыла еңбек етудеміз. Әрине, халықтың аманатын арқалау – үлкен жауапкершілік.

Кез келген елде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру – саяси даму мен экономикалық өркендеуге жол ашып, тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту арқылы азаматтық қоғамның қалыптасуына оң ықпал ететін маңызды шарттардың бірі екені сөзсіз.

Қай шақырылымның мәслихат депутаты болмасын, қабылданған оң шешімдер мен жасалған ауқымды жұмыстарының нәтижесінде мәслихат тарихында із қалдыратыны анық. Бұл ретте VII шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының да білікті, білімді әрі тәжірибелі азаматтар екендігі рас.

Атап айтсақ, Қызылорда облыстық мәслихатының VII шақырылымында алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған жастар үшін 30 пайыздық квота енгізіліп, мәслихаттар сайлауы партиялық тізім бойынша өткен болатын. Облыстық мәслихат бойынша 33 мандат болса, оның «AMANAT» партиясына – 27, «Ақ жол» ҚДП – 3, «Ауыл» ХДПП – 3 мандат саны бөлінді. Облыстық өкілді органдағы халық қалаулыларының құрамында 2 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 5 магистр болды.

Осы уақыт аралығында облыстық мәслихат депутаттары еліміздің, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған жергілікті биліктің барлық игі бастамаларын қолдап, бірлесе жұмыс атқарды және өздерінің өкілеттік шеңберінде түрлі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті.

Өткен жылдың 19 наурызында VIII шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауының өткені белгілі. Облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихатқа 152 мандат белгіленіп, бүгінгі таңда оның 32-сі облыстық мәслихаттың еншісінде. 16-сы партиялық, 16-сы мажоритарлық жүйе бойынша сайланды. Ал қалалық мәслихатқа 23, аудандық мәслихаттарға 97 мандат берілді. Мәслихаттың алғашқы сессиясында мәслихат төрағасы мен тұрақты негізде жұмыс жасайтын 2 тұрақты комиссияның төрағалары мен мүшелері сайланды.

Әрбір сессия отырыстарында маңызды шешімдер қабылданып, ол өңірдің әлеуметтік жағдайын түзеуге ықпал етті. Елдің ілгері дамуы үшін еңбек ететін органның назарынан қоғамдағы өткір мәселелер мен халықтың талап-тілегі ешуақытта тыс қалған емес.

Мәслихат жергілікті өзін-өзі басқару саласында маңызды рөлге ие. Ол – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сенімді саяси институт.

Өздеріңізге белгілі, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумында да ел Президенті биліктің маңызды тармағы ретінде мәслихаттардың айрықша рөлін атап өтті. Сондықтан, Президенттің бастамаларын табысты іске асыру – біздің ортақ жауапкершілігіміз.

Депутат халықтың өкілі десек, осы ретте өңіріміздегі өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысып, халықтың мүддесі үшін қызмет етіп, аймақ дамуына сүбелі үлес қосып жүрген облыстық мәслихат депутаттарының еңбегі өте зор. Олар Сыр өңірінің өркендеуі мен дамуына бағытталған шешімдерді қабылдап қана қоймай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауларында міндеттелген тапсырмалардың, елімізде қабылданған түрлі бағдарламалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалап,  аймақ дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Соңғы 2 жарым жылдың ішінде Қызылорда облысы орнықты даму индикаторлары бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. 2022 жылы облыс бюджеті 364 млрд теңгені құраса, бүгінде бюджет көлемі екі еседен асып, яғни, 744 млрд теңгеге жетті. Бұл облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев пен жергілікті атқарушы органдардың үлкен қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өткеніміз жөн.

Депутат – халықтың атынан сөз сөйлеуге өкілеттілік алған, елдің игілігіне қызмет етуші. Сондықтан депутат болу – абырой мен мәртебе ғана емес, халық алдындағы жауапкершілік пен зор сенім.

Қазақта «Қайырымды істің қайыры мол» деген сөз бар. Бүгінге дейін қанша жанның алғысын алып, әр бастамаға тек қолдау білдіріп, әрдайым жақсылық пен жаңашылдықтың басында жүрген облыстық мәслихат депутаттары жұмыс барысында белгілі бір мәселемен келген сайлаушыларына ғана емес, сонымен қатар, облыс аумағындағы ардагерлерге, мүгедектерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үнемі өз қаражаттары есебінен де қайырымдылық демеушілік көмек көрсетіп келеді.

Су тасқыны кезінде де депутаттар көмек қолын созып, бір кісідей жұмылып, тілеулес болып, елдігіміз сынға түскен, сыналған шақта ауызбірлік пен елдікті көрсете білді.

Иә, мәслихаттардың 30 жылдығы өткен істерге марқайып, жинаған іс-тәжірибені бағамдай ой қорытып, есеп беретін кезең ғана емес, бұл – алға ауқымды жоспарлар жасап, әлеуметтік дамудың болашақ бағыт-бағдарларын айқындайтын жауапты уақыт. 30 жылдың ішінде құрамында әртүрлі салада еңбек ететін халық қалаулылары бар облыстық мәслихат өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірінде маңызды істердің жүзеге асуына зор үлесін қосты деп айта аламыз.

Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар аз емес. Сондықтан, маңызды мәселелерді ел игілігі үшін тиімді шешу жолында мақсат пен мүдденің ортақ болғаны абзал.

Осы ретте, барша әріптестерімді Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтай отырып, облысымыздың дамуына, ел тәуелсіздігінің тұғырлы және мәслихаттардың рөлін көтерудегі еңбектеріңіздің әрдайым табысты болуына тілектеспін.

Халық қалаулысы деген абыройлы мәртебеге лайықты болып, еліміздің өркендеуі жолындағы маңызды шешімдер қабылдайтын қызметте облыстық мәслихат депутаттары осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастырады деп сенім білдіремін

Мұрат ТЛЕУМБЕТОВ,

Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<