Имамзада Шағыртаев – Қазақстанның Еңбек Ері

1150

0

Апта басында Астанадан ақжолтай хабар жетті. Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Оның ішінде жерлесіміз, белгілі меценат-кәсіпкер, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаевқа өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

– Басқа да салада, соның ішінде ауыл шаруашылығында өнімді еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Осындай нағыз еңбек адамының бірі – Сыр елінің азаматы Имамзада Шағыртаев. Оның ауылы да, шаруасы да көпшілікке үлгі болып отыр. Табысқа жеткен әрбір жан өз ауылына дәл осылай қамқор болса, нұр үстіне нұр болар еді. Аймақты дамытуға орасан зор үлес қосқан Имамзада Қуанышбайұлы бүгін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Мен еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі керек деп ұдайы айтып жүрмін, – деген еді Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы.

Еңбек жолын өзі туған ауылы – «Таңнан» бастаған Имамзада Шағыртаев сол елден табан аудармастан қызмет етіп келеді. Қарапайым жұмысшы, артынша мамандығына сәйкес механик, инженер-механик болып жұмыс істеді. 1994-1998 жылдары Жалағаш аудандық «Асар» ассоциациясында инженер-механик болды, ал 2003 жылы «Таң ЛТД» серіктестігін құрды. Оның негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу. 2011 жылдан бері шаруашылықтың техника паркі түгел жаңартылды. Осы уақытқа дейін 1,8 млрд теңгеге жаңа үлгідегі 84 ауыл шаруашылығы техникасын алған.

Үш мың гектарға дейін Сыр салысын егетін шаруашылық қосымша төрт түлік өсіреді. Бүгінде серіктестік есебінде 600 басқа жуық мал бар. Қосымша әртараптандыру бағытында малазықтық пен бақша дақылдарын егеді. 2019 жылы «Тұқым шаруашылығы» статусын алып, аудан шаруашылықтарын I репродукциялы «Лидер» сортымен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ құны 400 млн теңгені құрайтын үлкен көлемде екі күріш зауытын іске қосты. Өнім Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б. мемлекеттерге экспортталады. Шаруашылық қосымша 150 млн теңгеге ет өңдеу цехын салып, жартылай дайын өнімдерді әзірлеуде. Тәулігіне 1 тонна консервіленген ет шығарады.

Суды 60-70 пайызға үнемдеу және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мақсатында қытайлық инвесторлармен бірге Шиелі ауданында жалпы көлемі 3 мың гектар жерге «Тамшылатып суару әдісімен жүгері егу» жобасын қолға алды. Жоба құны 1,2 млрд теңге.

Кәсіпкер бүгінде 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 225-і – «Таң» ауылының тұрғындары.

Имамзада Шағыртаев – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылды дамыту мен көркейтуге айтарлықтай үлес қосып, халықтың ризашылығына бөленген азамат. Туған ауылына 1 млрд 56 млн теңге, ал көршілес Қармақшы ауданының «Ақжар» ауылына 100 млн теңге демеушілік көрсеткен. Атап айтсақ, «Таң» ауылына 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасын салып берді. Балабақшада 21 адам жұмыс істейді. 56 млн теңгеге спорт кешенін ашса, 70 млн теңгеге Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш орнатты. Екі жыл бұрын ауыл ішін абаттандыру мақсатында 130 млн теңгеге үлкен трасса мен ауыл ортасындағы жол бойына жарық шамдарын орнатып, көшенің екі бетін қоршады.

Шаруашылық өз еңбеккерлерін ынталандыру және еңбек өнімділігін арттыру үшін 13 жылдан бері әр жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл автокөлік және 300 млн теңге қаржылай сыйақы беріп келеді. Ал келесі жылы аудандағы әлеуметтік аз қамтылған 10 отбасыға баспана салып беру жоспарланған.

Елге болсын деген ниеттен ажырамаған кәсіпкер былтыр меценаттық қызметі үшін республикалық «Жомарт жүрек» байқауында «Туған өлке» номинациясын иеленді. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер, халық арасында құрметке ие қарапайым азамат биыл ғана Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанды. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<