Ізденіспен тұтасқан мұрат

231

0

Адам баласы тіршілігінен сыр тартсақ, «Неге? Бұл не? Қалай?» деген сұрақтардың ең көп қойылғанын, әлі де бір мезет тоқтаусыз қойылып келе жатқанын аңғарарымыз белгілі және бұл сұрақтардың қойылатын аясы да сан алуан. Енді осы оның жауабын кім қайдан іздейді? Міне, өмір сырын іздеудің өзі осыған келіп табан тірейтін сияқты.

Иә, бәлкім, өмірдің мәнісі де осы сұрақтардың жауабын табуда шығар. Бұл қазақ тарихында талай данышпанды ойландырғаны да ақиқат. Бір ғана мысал, Абай, Шәкәрім, Ыбырай аталарымыз өз заманында оқу, білім, ғылым туралы көрегендікпен айтып кеткені мәлім. «Пайдасын көре тұра ескермедім…» деген өлең жолдары бір қарағанда автордың жеке өкініші секілді болғанымен, негізінде жас ұрпаққа арналған жол көрсету, білім алуға, ғылымды игеруге шақырғаны екенін ерте жастан ұққан, өмірінің жалауы етіп қабылдаған жастар сол заманда да аз болған жоқ, бүгін де жалғасын табуда.

Бүгінгі жазбамыздың кейіпкері білмекке құмар, тіршілік сырына ынтық қазақ баласының бірі деп біліңіз. Сонау 1944 жылы қасиетті, нулы, сулы Шиелі топырағында дүниеге келген Құрманбек Бәкірұлы сол кезеңнің жалпыға ортақ ащы-тұщысын да, жоқшылығын да, жақсылығын да бірдей көріп өсті. Соғыстан соңғы ел басындағы қиын тұста қаршадайынан еңбекпен есейді. Тіпті, өзінен бір-екі жас үлкен апасымен бес жасында мектепке баруын да кездейсоқтық деп айта алмасымыз анық.

Шамның сығырайған жарығы, сол сығырайған жарықпен сабақ оқу, үйдің балаға қараумен қабат бітер мың сан тірлігі, қатарымен ойын-сауық, үлкендермен бірге атқарылған егіс басындағы жұмыстар да оның кітап оқуға деген құштарлығын, білмекке құмарлығын еш азайта алмады. Бесінші-алтыншы класқа дейін-ақ қазақ, орыс классиктерінің біраз шығармаларын оқып тастағаны және бүгінге дейін осы шығармалардан үзіндіні жатқа айтатыны сол құштарлықтан екені хақ.

Білімге, оқуға деген ұмтылыс міндетті түрде өз нәтижесін беретіні белгілі. Біздің кейіпкеріміздің мектепті үздік бітіріп, туабітті жанына жақын ауыл деген ұғымның аясында Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Агрономия» мамандығына оқуға түсуі де кездейсоқтық емес еді және оларға «ғалым-агроном» квалификациясы берілетін-ді.

Ол кездегі мамандарға деген мемлекеттік сұраныс экономиканың қажеттілігіне сай қалыптасатыны олардың сапалы дайындалуының негізі болғанын түсінеміз. Елімізде селекционер мамандардың дайындалуы керектігі аграрлық мемлекет ретіндегі Қазақстанның болашағы үшін аса маңызды екені ескерілді. Осы ретте 1965 жылы институттың «Агрономия» мамандығының базасында арнайы селекциялық топ ашылды. Оған оқу үлгірімі жақсы, ғылыми жұмыстарға бейім студенттер тартылды. Осы топта алғашқылардың қатарында студент Бәкірұлы Құрманбектің болуын заңдылық деп қабылдаймыз және бұл – оның ғылым баспалдағындағы алғашқы қадамы. Міне, сол жолдар Құрекеңді ғылымдағы үлкен нәтижелеріне алып келді.

Бүгінгі күні әлемнің дамуы өте қарқынды жүруде және осы жолда ғылымның, технологиялардың ерекше роль атқаратынын дамыған елдер тәжірибесінен, жеке тұлғалардың іс-әрекетінен көріп отырмыз. Жалпы ғылымның жағдайы, осы бағытта мемлекеттік саясаттың қалыптасуы, әлемдік қауымдастықтағы ғылымның дамуы, оның нәтижелеріне өндіріс, технологиялар тарапынан сұраныс, ғылыми ортаның колобарациялық қалыптасуы, тағы да басқа толып жатқан факторларға тікелей байланысты.

Құрманбек Бәкірұлы өзінің ғылыми жұмыстарын жүргізу барысында осы принциптерді басшылыққа алды. Күріш дақылының біздің өңір үшін аса маңыздылығын барша жұрт жақсы біледі. Бүгінгі күрішшілер жеткен белестерде ғылымның алар орны айрықша екені белгілі, дегенмен кейбір кезеңде елене бермейтінін де айтқанымыз жөн ғой деймін.

Кеңес Одағы кезінде аймақтың күріш өндірісінің сортқа деген қажеттілігін Краснодар өлкесіндегі Бүкілодақтық күріш институты қамтамасыз еткен-ді. Жоспарлы экономика жағдайында бұл қалыпты жағдай болатын. Дегенмен Құрманбек жас та болса, алдағы уақытта өзімізде сорт шығару қажеттілігін өткір мәселе етіп көтеріп қана қоймай, сол кездегі селекцияның күріште бұрын-соңды қолданылмаған мутагенез әдісін терең игерді. Бір топ ғалымдардың қатысуымен күріштің «Маржан» сортын шығарып, 1987 жылы Жалағаш ауданы Калинин атындағы совхозда жаңалықтың жаршысы, ізденімпаз директор Жақсыбек Мәншәріповтің қолдауымен сорттың аймақ жағдайына бейімділігі, жоғары өнім түзу көрсеткіштері, технологиялық жағынан тиімділігі өндірістік жағдайда дәлелденіп, тұсауы кесілді.

Осы сорт бүгінгі күнге дейін егілуде, халық еркелетіп «Ақмаржан» десе дегендей, 37 жыл бойы сұраныстан түспей келеді. Бұл Құрекеңнің ғылым жолындағы үлкен белесі болды. Ғылым жолын «инемен құдық қазғандай» деп халқымыздың бағалауы ғылымның соншалықты қиын да ауыр, ардақты екенін көрсетсе керек. Құрекеңнің ғылымда «қазған» құдықтары көп және өте терең, нәтижелері күріш өндірісінде кеңінен қолданылуда.

Тәуелсіздіктің алғашқы  жылдары халықаралық жобаларды жүргізу барысында оның жетекшілігімен Қызылорда облысының сортаңданған топырағын күріш дақылын егу арқылы игеру қолға алынды. Жапон ғалымдарымен Жалағаш ауданы «Коммунизм» совхозында ғылымды ерекше қолдаушы, жаңа технологияларды игеруші, жаңалыққа жаны құмар, білікті де білімді шаруашылық директоры Ө.Шәменовтің қолдауымен жүргізілген ғылыми жұмыстар өте табысты болып, тұзданған жерді игеруде кеңінен қолданылуда. Сол кезеңде осы шаруашылық ғылыми-зерттеулердің полигоны болды десек қателеспейтініміздің куәгерлері арамызда жүр.

Ғылым жолында Құрманбек Бәкірұлының ізінен ерген іні-қарындастары, ізбасарлары әрдайым одан үлгі-өнеге алып келеді. Бүгінгі күнге дейін алыс-жақын шетелдерге, республика ішіндегі іссапарларға баруы, онда отандық ғылымның жетістіктерімен бірге ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін жоғары деңгейде қоя білуі және біліктілікпен ой-пікір алмасуы жастарға ой салады. Мұны оның ел мүддесі жолындағы еңбегі деп білеміз.

Жақында Қытай Халық Республикасы ғалымдарымен кездесу барысында күріштің гибридті тұқымын дайындау мәселесі көтерілген еді. Жас ғалымдарды Қытайда үйрету туралы айтылғанда Құрманбек Бәкірұлы болашақты тереңнен ойлап, оларды институт базасында үйретуге, оқытуға шақырып, өз ұстанымын өте біліктілікпен дәлелдей білді, қазір мұның нәтижесін күтудеміз.

Оның қатысуымен бүгінде институтта Қазақстандық ядролық зерттеу орталығы және Ресей ғалымдарының қатысуымен дәнді атом иондарымен өңдеу арқылы жаңа сорттар шығару бағытында кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Ғалым болып қалыптасу өмір бойы жүретін үздіксіз үдеріс, осы жолды ұстау екінің біріне жазылмайды. Туабітті даритын ерекше қабілетпен қатар, ізденімпаздық, еңбексүйгіштік, адами және ел мүддесін бәрінен жоғары ұстайтын тұлғалық қасиеттер болуы қажет. Міне осындай қасиеттер Құрманбек Бәкірұлына тән, сондықтан да оның ғылымдағы өмірі ұзақ, салған сара жолы бар, нәтижелері ел игілігіне жұмыс істеуде.

Қазақта айтылатын «сексеннің сеңгірі» деген тіркес ой ұйқасы, осы жасқа шаршап, шалдығып жеткен тұсты меңзейтін сияқты. Мен бүгін 80-ге аттай шауып, тың, тұлғалы қалпында келіп, қасында кереметтей отанасы, Бәкір ақсақалдың ұрпақтарының бұлағы, Арқаның аруы Зубайра жеңгеміз екеуі мәуелі бәйтерекке айналып, толысқан күйде жетіп отырғанын мақтанышпен, ризалықпен айтар едім.

«Жақсыдан шарапат» демекші ағамыздың 80 жылдық мерейтойы аясында алыс-жақыннан келген ғалым аға-апаларымыз, әріптестерімізбен ой-пікір алмасып, жіберген кемшіліктерді екшей отырып, жаһандық климат өзгерісі, су тапшылығы, қоршаған ортада стрестік жағдайдың қалыптасуы кезеңінде суармалы егіншілікті барынша тиімді жүргізуге бағытталған кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін жаңа идеялар мен пәрмен алатынымыз сөзсіз.

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ ұжымы Құрманбек Бәкірұлын мерейлі 80 жылдық мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр тілейді.

Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,

 техника ғылымдарының докторы, профессор,

ҰАҒА академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<