Кемел жас

707

0

«Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деп Ұлы Абай айтқандай, тумысынан кішіпейіл Әлімжан Жарылқағанов – табиғаты жанға жайлы, кезінде теңіз толқыны тулап жатқан «Ұялының» перзенті. Қазір ауылдың орны медиен дала. Осында өсіп-өнген азаматтар «Бұл жерде Ұялы елді мекені болған» деп жазылған тақта қойған. Қасиетті жер 30-дан астам ұлтқа пана болып, теңіз кемелері бағдаршамға бой түзеп, дабыл беріп көкжиекке қарай бойлап бара жатқан-ды десең біреу сенер, біреу сенбес. Бұл шегініс біз тақырыпқа арқау етіп отырған, бүгінде 63-ке келіп, зейнет жасына жеткен Әлімжан ағамыздың топырағынан нәр, суынан әр, ауасынан әл алғанын, текті жер туымды тарландарды дүниеге әкелгенін баяндау үшін жасалып  отыр.

Қазақтың марқасқа ұл-қыздары Роза Бағланова, академик Жораев, ғалым Мұстафа Матаев оқыған мектепте терең білім алған Әлекең қазақтың ең жоғары оқу орны, қарашаңырақ ҚазМУ-дың журналистика факультетінде шыңдалу мен шынығу сынынан сүрінбей өтті. Еңбек жолын 1984 жылы Целиноград облыстық  телерадио комитетінің радио редакциясында тілші болып бастады. Белгілі телерадио дикторы Рабиға Аманжоловамен бірге «Арман» хабарын жүргізуі, Шерхан Мұртазадан шәкірттік тәлім-тәрбие алуы ағамызды биік белестерге қанаттандырды.

Тынбай іздену, шығармашылық шабыт, жастық жалын Әлімжан Мұратбайұлын 1987 жылы КСРО Журналистер одағының мүшесі деген құрметті атаққа жеткізді. Тоқсаныншы жылдары еліміз қиын-қыстау кезді бастан кешіріп, жатқанда, экономика және саяси дағдарыстың мәнін түсінетін маман ретінде өзін қажетсінетін салаға әкелді.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Бас штабына қарасты баспасөз орталығынан басшы ретінде шақырылған білікті маман қылмыстық-атқару жүйесінде ақ пен қараның, қылмыс пен жазаның аражігін айыру, қалың бұқараға жеткізе, түсіндіре баяндауда көрегендік пен ұстамдылық танытты. Ескеретін жайт, Әлімжан Жарылқағановты осы саладағы баспасөз тарихын зерттеп жүрген бірден-бір журналист деп мақтанышпен айтамыз. Бұл – қарымды қаламгер, тәжірибелі мемлекеттік қызметкердің ерінбей-жалықпай жасаған еңбегінің нәтижесі.

Әскери борышын 1976 жылы арнаулы дайындық курсынан өтіп, Шығыс Германияда өтеуі сақа жігітке Ішкі істер минстрлігінің ауыр жүгі мен тәртібіне тез көндігіп бейімделуіне ықпал етті. Тумысынан көнбіс әрі сабырлы мінезі қалам мен қаруды қатар шебер меңгеруге әсерін тигізді.

Әлімжан Мұратбайұлының қаламгерлік қоржынының, өмірлік тәжірибесінің толығуына өзінің замандас әріптестерінің де әсері болды. Әсіресе, Алтынбек Сәрсенбаев, Дархан Мыңбай, Шамшадин Паттеев, Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр, Жүсіпбек Қорғасбек, Ғалым Омарханов, Серғазы Мұхтарбеков, Батырбек Садыханов, Жандарбек Туғанбаев, Сағатбек Медеубек сынды азаматтардың орны ерекше.

ҚР Ішкі істер министрі, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменовтің Әлімжанға деген ағалық қамқорлығымен қатар, қатаң талапшылдығы оны әбден шыңдады. Халық тыныштығын сақтау саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, қызмет қазанында қайнады. Нәтижесінде шыңдалудың шырқау шегіне жеткізді.

Ер есейгенде елін іздейді. Халқына тиер пайдасын ойлайды. Осы қағида Әлімжан Жарылқағановты тағы бір белеске жетелеп, облыстық ішкі саясат басқармасына басшы орынбасарлығына, одан кейін мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшылығына алып келді. Осы кезге дейінгі жоғары деңгейдегі қызметі бір төбе болса, туған жері Қазалыға келіп, аудан әкімнің орынбасары болуы тағдырындағы ең бақытты сәттері екендігін баса айтуымыз керек. Мейлі көп болсын, аз болсын, үлкен не кіші қызмет болсын туған өлкеге табан тіреп, халқының қажетіне жарау, одан алғыс алу – үлкен абырой. Осы биік белестерден мүдірмей өткен Әлімжан бүгінде ҚР Ішкі істер министірлігі медиа-орталығының бас директоры болып жұмыс жасап жатыр. Отставкадағы полковник, «Мәдениет саласының үздігі», филология ғылымдарының кандидаты, заңгер-журналист ағамыз пайғамбар жасына осылай келді.

Б.ЖОЛТАЕВ,

Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<