Кешегіні жалғаған бүгінменен

1651

1

«Сәнімкүл апам 90 жасқа толғанда мақала жазу – Желдербай бабамның жұрағаты ретіндегі міндетім» деген ойды санамда қорытқалы  біраз болған. Бұл бастамамды мақала кейіпкері салған жерден қолдай қоймайтынын ішім сезеді. Әйтсе де бір жексенбіде апама сәлем бере бардым. Амандық-саулықтан соң ойымдағыны білдіріп едім:

– Мақала деймісің, оның не керегі бар? – деді.

– Апа, 90 жасыңыз жақын қалды. Өскелең ұрпаққа сіз сияқты екі дәуірдің куәсі болған, бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған адамдардың өмірін, көрген-білгенін үлгі ететін үрдісіміз бар. Әр заманда жаңарып-жаңғырып, қазақтың шаңырақ көтеру тойының басты әніне айналған «Ақ босаға», басқа да өлеңдеріңіз туралы да сөз қозғайық, – дедім.

Ашаршылық жайлаған кез

– Адам үлкейгенде бала кезіндегі суреттер бар бояуымен көз алдыңнан кино лентасы сияқты өтеді екен. Ішіне еніп кетсең, шыға алмайсың. Мектепке барғаным, соғыс уағы, одан кейінгі жылдар, ауыл-ауыл болып қоныстанған  аталас ағайындар, бәрі-бәрі есіме жиі түседі. Шешелеріміз «Тазабалық», «Төрттен артық» атап кеткен Сазанбай, Бесбай атам ауылдары қоңсы қонатын. Несін сұрайсың, адам қырылып жатқан ашаршылық жылы дүниеге келіппін. Колхоздың жаңа құрылған кезі. Әкем Байтұрсын колхоздың жылқысын баққан. Сол нәубет заманда Алпысбай нағашымның басынан өткен оқиғаны айтып берейін:

Ол кісі аңшы, мерген болыпты. Ағайын-туғанды аңшылықпен аштықтан аман сақтап қалған. Аң аулап, тері дайындауға қырға аттанғанда қасына баласы мен әйелін ғана алады екен. Қарт анасы мен алты жасар қызын қарындасына, яғни біздің үйге қалдырады. Шамамен қайтып келетін күнін де айтады.

Нағашым келетін күн болды-ау дегенде анасы тағат таппай, баласын күтпей, алты жастағы немересін ертіп жолға шыққан. Екі ара шамамен жеті-сегіз шақырымдай. Сол күні кешке қарай нағашым анасы мен қызын іздеп үйге келіпті. Ал олар таңертеңгілік кетіп қалған.

Алпысбай ағам жол шетіндегі оқшау тұрған бір киіз үй маңынан анасы мен қызын көргендерден хабарын естіп, алдынан шыққан екен. Бірақ екеуін де таба алмайды. Із әлгі жалғыз үйдің маңына дейін ғана.

Оқшау тігілген жалғыз үйдің иесі жайлы, жолаушылардың осы маңнан жоғалып кететіні туралы ел арасына түрлі әңгіме тарайды. Нағашым жарықтық, өте сабырлы, аз сөйлейтін,  ұстамды, ақылды кісі еді. Ел тойынып, әлгі үйдің иесі бидайға қарауыл болыпты. Сол кезде Алпысбай ағам оны атып тастаған. Бұл үшін нағашымды ешкім, тіпті туысқандары да жауапқа тартпаған. Ауылдастары әлгі адам туралы «жұртқа істегені өзінің алдынан шықты» депті. Кейін жұмбақ үйдің жұртынан адам сүйектері табылған. «Ол кім деген кісі? Туған-туысқандары қазір ауылда бар ма?» деген сұрақтарымызға «Айтпаймын кім екенін. Балаларының жазығы жоқ, әкесінің ісіне олар кінәлі емес, білмей-ақ қойыңдар» деп қысқа қайыратын. Жұмбақ үйдің құпиясын қалай ашқаны туралы сол күйі тіс жармай кетті.

«Елестейді, кейде есіме түседі»

– Әкем 1942 жылы маусымда соғысқа аттанды. Жүзге жетпейтін түтіні бар ауылдан 30-40-тай адам бірден шақырылған екен. Ауыл күңіреніп кетті. Әскерге кететін ағалар, жігіттер жиналып, күнде бір үйге барып, үлкендерге сәлем беріп, батасын алып аттанып жатты. Кішкентай балалар солардың ізінен еріп жүрдік. Жайлауда едік, ауыл қаңырап бос қалды. Майданға кеткендердің жартысынан көбі оралмады. Менің әкем де… – деді апам сол күндерді есіне алып.

Сәнімкүл апамның әкесінің соғысқа аттанған кезін суреттеген өлеңін бізге бала күнімізде  үйдің үлкендері  жаттатқызған.

– Менің әкем қарапайым кісі еді,

Елестейді, кейде есіме түседі,

Шаш желбіреп, жалаңаяқ жүгірген,

Қырық екінші жыл. Маусым айы іші еді.

Әкем жатыр ұзақ жолға жиналып,

Анам көзге жас алады қиналып,

Туған-туыс, ақ тілеулі ата-ана,

Аттандырды. Қоштасарда қимадық.

Оқ жалаған, қара қайғы, тымық түн

Серпілді де, туған елде тынықтым,

Менің әкем, жаным әкем мәңгілік,

Оралмады, неткен хабар суық тым?!

Менің әкем кеткен де жоқ жоғалып,

Өлген де жоқ, болашағын доғарып,

Туған жердің торғынына оранып,

Дауысымды есітіп жатыр. Ол – анық!

Бұл өлеңнің өн бойында соғыстың суық хабарына, қылқан кескендей жігіттердің беймәлім сапарға кетіп бара жатқанына алаңдаған ел ішінің суреті, жат жерде қалған әкеге деген перзенттік сағыныш лебі есіп тұр.

Апам әңгімесін одан әрі жалғады.

– Соғыс елде болмағанымен, қиындығын көрдік. Азаматтардың орнын аналарымыз бен жеңгелеріміз, балалар бастық. Күріш отауға шықтық. Сәл есейгесін колхоз жұмысына, күріш, бидай оруға араластық. Шешемізге жіп иіртіп алып, майдандағыларға шұлық, қолғап тоқыдық. Әр үйде қаралы дауыс, жылау, жоқтау. Желегі түспестен жесір болған жеңгелеріміздің қасынан табылдық. 

Жігіттердің орнында жұмыс істеген ауылдың қыздарын «Қырық қыз» деп атаушы еді. Әр үйден 3-4 қыздан шығады, күріш орды, негізгі жұмыс күші болды. Соғыс аяқталған соң барлығы рет-ретімен майданнан оралған жігіттерге ұзатылып, орындарын тапты.

Қазіргі Ақжар ауылының айналасындағы «Сарыой» деген жерден екі-үш шақырымдағы мектепке қатынаймыз. Мектебіміз кейін ғой, орта мектеп болғаны, жоғары сыныпты Қармақшыға аудан орталығына барып  оқыдық. Заманның тар кезі, онжылдықты жалғастыруға келгендердің көбісі жағдайы болмаған соң, ауылға қайтты.

«Бойымыздан бұрындау, ойымызды түзедік»

– Мектеп бітірген соң, пединститутқа оқуға түстім. Әуелбек Қоңыратбаев сабақ берді. Шамасы орталықта тұрақтатпай, шет өңірлердегі институтқа келген уақыты болса керек. Ол кезде бірен-саран болмаса, қызды оқыту үрдіске ене қоймаған. Ауылдағылар жалғызбасты әйелдің жалғыз қызының Қызылорда асып оқуға кеткенін аса құптай қоймады. Шешем Зерімкүл колхоз құрылғаннан мүше болып, екпінді еңбек етті. Тоқсан сайын сыйақыға ендей масаты алады. Оны төркіндеп келген апамыздың көйлек-көншегіне жинап, риза қылып аттандыратын. Бір ерекшелігі – біздің ұрпақ бойымыздан бұрын ойымызды түзедік.

Апамның «Біз, біз едік, біз едік, бұралған жігіт-қыз едік, бойымыздан бұрындау, ойымызды түзедік» деп келетін өлеңі бар еді. Екеуара бір пальто, бір етік киіп ержеткен, бойжеткен, өмір өзі шыңдаған сол дәуір жастарының бейнесі берілген өлең. Таршылыққа қарамай білім қуған, асқақ мақсатқа ұмтылған олардың қай-қайсысы да тура жолдан адасқан жоқ.

– Институттан кейін жолдамамен Қарағанды облысына жіберді, – деді апам әңгімесін сабақтай түсіп. – Оған жету үшін бір жеті жол жүреді екен. Шу теміржолы іске қосылмаған уақыт. Автобазада жұмыс істейтін Жәлел ағам «Қарсақбайға» қатынайтын жүк көлігіне мінгізіп жіберді. Астық, басқа да зат тиелген, оның үстіне жолаушылар қосылдық. Түнімен жол жүрдік, әр 50 шақырым сайын бір бекет. Біреуіне тоқтап, кино көргеніміз бар. Қарағандыға барған соң облыстық білім бөлімінен Жезқазғанға, ол жақтан Қарсақбайға жіберді. Жезді деген жердегі қазақ-орыс мектебінде сабақ бердім.

Кейін Қармақшы ауданының орталығы Жосалыдағы мектепте еңбек еттім. Қызылордаға көшіп келген соң, жұмыс іздеймін. Мектептерде орын жоқ, табылғаны тек уақытша. Ол кезде Науқанбек (жолдасы – Г.Ж.)  ревизор, білім саласының қаржы жағын тексереді. Менің жұмыс таппай жүргеніммен шаруасы жоқ, «қолыңда дипломың бар, өзің ізде, тап» дейді. 

Сөйтіп жүргенде қыздар педагогикалық училищесінен орын табылып, сонда жұмысқа тұрдым. Ол кезде училищеге еліміздің әр қиырынан келіп қыздар оқиды. Олардың біліміне де, тәрбиесіне де жауаптымыз. Кілең қыздар оқитын оқу орны болған соң екі жағын қатар алып жүрмесе болмайды. Зейнетке шыққан соң бірнеше жыл Қорқыт ата университеті «Бастауышты оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының студенттеріне де дәріс оқыдым.

«Қыз аттаған, келін кеп ақ босаға»

Сәнімкүл Желдербаева жазған «Мәнерлеп оқу» деп аталатын көмекші оқу құралы бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған. «Халықтың баласын тәрбиелейтін әрбір мұғалімнің халық ауыз әдебиеті туындыларын, балаларға лайықты ертегі, тақпақ, өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, т.б. көп білетін, оны көркемдеп мәнерлі де әсерлі оқи алатын, жатқа білетін, балалар аудиториясын өзіне тәнті етіп басқара отырып әңгімелеп бере алатын өз ісінің шебері болуын уақыт талап етіп отыр» деп жазылған кітаптың алғысөзінде. Бұл оқулықты балабақша тәрбиешілерінен бастап, жоғары оқу орындарының оқытушылары әлі күнге дейін пайдаланып келеді.

«Ақ босаға»! Қазақтың кең даласына тараған, бағы жанған ән! Келін түскен әр шаңырақтың әнұраны іспетті, шыққанына жарты ғасырдан асса да ескірмейтін, уақытпен бірге жаңғырып, жаңарып келе жатқан туынды. Жақында «Ақ босаға» туралы белгілі фольклортанушы Берік Жүсіповтің «Бұйырса, жер бетінде ана тілін, салт-санасын, ата-баба дәстүрін сақтаған соңғы қазақ қалғанша, дәстүрлі неке заңы шеру тартып тұрғанда, ғашық жүректер ынтызарлығын тоқтатқанша мәңгі шырқала беретін әннің бірі – осы! Талайдың қыз күнін сағындырып, басынан қызыл орамалын алып, ақ жаулық салып, келін болып түскен ең бақытты сәтін есіне салып, көзіне қуаныш моншақтарын үйіретін ән» деген пікірін оқыдым.

– «Ақ босаға» сол кездегі «Ленин жолына» басқа да өлеңдеріммен бірге жарық көрген еді, – деді апам әңгіме желісін үзбей. – Композитор Мұхамеджан Рүстемов хабарласып ән жазғысы келетінін айтты. Мәтіннің кей тұстарын әуенге бейімдедік. Әні мен сөзі үйлесіп, елге тарап кетті. Басқа өлеңдер «Ақ босаға», «Жүректегі жауһарлар» деген кітаптарға топтастырылды. «Сырдария кітапханасының» бір томына Рахат Наурызбаева екеуміздің өлеңдеріміз енді, – деді ол. 

Ұстаз, ақын Сәнімкүл Желдербаеваның өлеңдерінің өзегінде туған ауыл, адамдардың сыйластығы, ұлттың дәстүр-салты, жары соғыстан қайтпаса да, ошағының отын сөндірмеген  қазақ әйелдерінің ерлігі туралы тақырыптар өрілген. Ол сағымы тербелген боз даланы, табан күйдіретін ыстық құмды, үкілі қыз секілді қамысты жырға қосты. Қыз аттаған, келін келген ақ босағаның қасиетін, желегі түспей жесір атанса да, күдік пен сенімнің аражігін арманмен желімдеген аналардың асыл бейнесін асқақтатты. Өйткені мұның бәрі – өзінің басынан өткерген, көзі көрген, жүрегімен сезінгендері. Сондықтан да бұл өлеңдер шынайы, өміршең.      

Бүгінде Сәнімкүл апам балалары, немере-шөберелерінің ортасында  90 жастың биігіне шықты. Біз ғасырға жуықтаған ғұмырдың кей үзіктерінен осылайша сыр шерттік. Алла қуат берсін, апа!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<