Бақыт апа десе біздің елдегілер елп ете қалады. Әсіресе, әйелдер қауымы. Жо-жоқ қазіргі жас келіндер бұдан бейхабар болуы мүмкін. Біздің айтып отырғанымыз 50-ден асып, 70 дейтін жасты алқымдаған аналар. Олар Бақыт апа десе…
Қазалының Бекарыстан би ауылында 500-ге жетеқабыл түтін бар. Осындағы халықтың басы ауырып, балтыры сыздамайды дейсіз бе?! Денсаулықта кінәрат әрдайым болып тұрады. Ал әйелдерде… Ана болу бақытын кім аңсамас? Біз әңгімелегелі отырған кейіпкер солардың жәрдемшісі. Дұрысы, ауыл-аймақта дүниеге келген барлық баланың кіндік шешесі жайлы айтамыз.
Мен білерде елдегі шешемнің Бақыт апаға құрметі бөлек-тұғын. Әлі де содан айнымаған. Өйткені, акушерлік қызметте ол кісінің шәкірті болыпты. Бақыт апа жайлы сұрай қалсаңыз:
– 40 жылғы қызмет жолымда нағыз ұстазға балайтын адамым осы кісі, – дейтін мейірлене. – 1981 жылы мамыр айында Бекарыстан би ауылындағы аурухана перзентханасына жұмысқа тұрдым. Ол кезде Карл Маркс совхозы деп аталды. Оқуды енді бітірген 20 жастағы адамда не тәжірибесі болсын? Бақыт апай ол кезде меңгеруші екен. Алғаш бағыт беріп, баланы өмірге әкелу жағдайында қиналған келіншектерді босандыруда ақыл-кеңесін іс жүзінде көрсеткен жетекшім. Шыны сол, жұмыс барысында қаталдық танытып, кейде кезекшілікте жалғыз өзімді тастап кететін еді. Сондағысы «өз бетінше үйреніп, қорқынышын жеңе білсін» дейді екен ғой. Оны да кеш түсіндік…
Талай ұл мен қызға кіндік шеше болған біздің анамыз әлі де бұл жұмыстан шеткері қалмады. «Шешең Ұлдай мына біздің ұлдың кіндік шешесі еді, сәлем айта бар» дейтін апаларды өзім де жиі кездестіремін.
Осы кезде құлаққа түрпідей тиетін жайттардың бірі – медицина қаншалықты дамыса да аяғы ауыр әйелдердің кесарь тілігімен босануы. Одан қалды, «ауылда босандыру мүмкіндігі болмағандықтан ауданға алып кетті» дегенді жиі естиміз. Себебін сұрай қалсаңыз, тым көп. «Бала теріс келді», «аяқпен келді», «кіндігіне оралып қалды» деп мың сылтауын шұбыртады. Ең қиыны, босанғалы тұрған әйелге сол сәттегі болып жатқан қиындықтарды бетке айтатындар бар. Шыны керек, жүкті әйелмен сөйлесу әдебі қалыс қалуда. Ауылдағы батыр ананың бірі Үрімша осындай пікір айтып қалды.
– Осындайда ойыма Бақыт апа оралады. Біз босанған кезде де осы жайттар жиі болды ғой, бірақ ол қолдаушы, қорғаушы, демеуші сияқты көрінетін. Ауыл әйелдерін көркем мінезімен, аялы алақанымен, мәдениетті, сабырлы қарым-қатынасымен жеңіл босандырып алатын. Біз перзентханаға сенімді баратынбыз, өйткені, қырағы қадағалап, сауатты бағыт беріп, үнемі бақылауда ұстайтын Бақыт апа бар.
Апай босануға келген екіқабат әйелді ешқашан ауданға сандалтпайтын. Босанар шақта қорқып-мазасызданып тұруы шартты құбылыс қой. Баланың аяқпен келген, құйрықпен келген, кіндігіне оралған сәттерінде ешкімді шошытпай, «қазір оңалады, тек жақсы ойлаңдар, бәрі жақсы болады…» деген демеу сөзі сәбиін күткен әрбір ананы қуаттандыратын. Іштегі сәбидің жай-күйін анық біліп отыратын, – деп ақтарыла естелік айтты Үрімша Бахи.
Ауылдағы егде жастағы аналардың бәрі Бақыт апаны мақтайды. Ішіндегі ең өтімді сөз – «апамның қолы жеңіл». Бағасын осылай-ақ кесіп айтады. Ал ол кіндігін кескен ұл-қыздың көбі бүгінде отбасы құрып, бала сүйіп отыр.
– Айбек есімді ұлды босанарда қатты қиналдым. Теріс келді ме, білмеймін, сол кезде мамандар шарасыз күйде қалғаны бар. Акушер Құралайдың «тез Бақыт апама хабар беріңдер» дегенін естідім. Сәлден соң апаның «Қай Жақайым ол, шықпай жатқан, айтыңдаршы маған, қай Жақайым өзі (Жақайым – жергілікті ру аты)» деп әзілдей айқайлаған дауысы естілгені. Ол кісінің даусы естілісімен бала да шар етіп дүниеге келді. Ниеті түзу адам келсе, толғақ та оң болады деген ырым да бар емес пе? Сондай да қызық болып еді, – дейді мектеп мұғалімі Күлмараш Қаманова.
Қазір 85 жасты толтырған ауылдың кіндік шешесі осылайша тапжылмай қызмет етті. 1959 жылдан бастап 1989 жылы зейнетке шыққанша талай шаңырақтың ішін сәбидің шат күлкісін толтыруға себі тиді. Ауылдағы ағайынға адал көңілімен ұнамды болды. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін де алды.
– 30 жыл осы елдің келіншектерінің жанына жалау болып, аман-есен баласын бауырына басып, үйіне қайтаруға күш салдым. Зейнетке шыққан соң да толғатқандардың қасында жүрдік. Жұрттың батасы ғой, осы күнге дейін сол балалар «апалап» құрақ ұшып тұрады. Ең алғаш босандырып алған баламның өзі алпыстан асып кетті. Ол кім десең, мына мектептегі өз ағайың – Дауылбай Қапаров. Айналайын десейші, ұмытпасам қыркүйек айы болуы керек, күн дауылдатып, адам бір-бірін көрмейтіндей топырақ суырып тұрған уақытта туды ғой. Әке-шешесі соған орай Дауылбай деп ат берген. Ол заманда жалғыз біздің ауыл емес, көрші Түктібаев, Майдакөл, мына Жаңақұрылыс пен Қызылжар, Шөмішкөлдің де әйелдері осында босанды. Кіндігін кескен ұл-қызымның саны да содан көп шығар. Үш мыңнан астам бала-шағам бар, – деп күле еске алады өткен шағын.
Ел ішіне ерен еңбегімен із қалдырған, сонысымен құрметті, сонысымен жақсы адам атанған Бақыт Елмұратова жайлы жұрт осылай айтады. Бүгінде үлгілі әулеттің ақ самайлы әжесі болып отыр. Өзі дүниеге әкелдіріп, кіндігін кескен сәбилері үлкен азамат болған, апаның қолын алып, мереке күндері құттықтап, марқайтып кетеді. Қарттық шағында ақ тілеулері орындалып, жан-жағы аман болып, ұрпағымен мың жасаған кимешекті қария өмірінен аз ғана мағлұмат еді бұл. Оның алтын қолы мен көркем мінезін сезінген ауыл тұрғындары Бақыт апа десе әлі де құрақ ұшады.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<