Көркем сөздің толағайы

355

0

(Байбота Серікбайұлы шығармашылығы жайлы бірер сөз)

Көркем әдебиеттің түпкі тегін қазбалай бастасақ, ол ерте дүниедегі сиқырлы сөз өнерінен бастау алары бесенеден белгілі. Сөз – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан асыл қазына! Сөз – ойдың айшықталуы! Сөз – адамның ішкі әлеміндегі барша құпияларын тіл арқылы жариялаушы! Қысқасы, әдебиет деген киелі әлемді біз осы өрнегі сан алуан сөз арқылы таныдық, танып та келеміз, тани да беретін шығармыз.

Әріге бармай-ақ, бүгінгі күнмен ой қайырмалалық. Қазақ әдебиеті – өскелең әдебиет! Қазақ жазба әдебиеті жиырмасыншы ғасырда түбегейлі қалыптасты деп тұжырым жасайды бірқатар әдебиеттанушылар. Онымен келіспейтіндер де бар. Мысалы, музыка туралы үлкен кітапты (600 бет) жазған Әбу Насыр Мұхамед Фараби де, хикметтер (төрт кітап!) жинағын жазбаша топтастырған қожа Ахмет Иассауи де қазақ үшін жат болмаса, онда неге жазба мұрамызды сол замандардан бастамасқа деп ой қозғағандар бар, солардың бірі – осы жолдар авторы. Бірақ, шүкіршілікке көшсек, жазба әдебиетіміздің аяғынан тік тұрып, оның әртүрлі жанрларының жүйелі түрде қалыпқа түсу кезеңі өткен ғасырға тиесілі екенін біржола жоққа шығару білместіктің шаруасы болмақ. Хакім Абай поэзиясынан бастау алып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Бейімбет, Ілияс, Сәкен, Мұхтарлар болып жалғасқан жазба әдебиетімізді енді кім олқы көрер? Тіпті өткен ғасырдағы рухани белесімізге баға бере келе көрнекті әдебиеттанушы ағамыз Рымғали Нұрғали «қазақ әдебиетінің алтын ғасырына» теңегені тағы бар. Бұл пікір негізсіз де емес. Жиырмасыншы ғасырда проза, поэзия һәм драматургия саласы барынша қарыштады, биікке өрледі, көркемдік кеңістікке молынан көтеріле алды. «Ақбілек», «Батыр Баян», «Құлагер», «Көкшетау», «Абай жолы», «Оянған өлке», «Дауылдан кейін», «Боран», «Қан мен тер», «Бөлтірік бөрік астында», «Инеш», «Домбыра», «Дариға-жүрек», «Аңыздың ақыры», «Бөрте», тағы басқа көркем дүниелерді ұлттық рухани қазынамыз деп ауыз толтыра айтуға хақылымыз.

Ашығын айту керек, жиырма бірінші ғасыр басында қазақ жыры адымын кеңейтті: көркем сөз көшін жетелеуші жауынгер жанр – поэзия екенін тағы да дәлелдеп, алдымызға мол сыбаға тартты. Расында да соңғы 20-25 жыл ширегінде бізбен тұстас, замандас ақындар ұлт қоржынына өлеңмен мол олжа салғанын көріп те, біліп те келеміз. Әлбетте, бұл жерде әдебиеттің басқа жанрлары тоқтап-тұралап қалды деуге негіз жоқ. Қара сөздің тайқазанын тынымсыз қайнатушы проза да жыр-тұлпардан қалыспай, өзінше дамып отырды. Драматургия саласы да белін жазып, адымын аша түскендей.

Біз бүгін шығармашылығын тілге тиек еткелі отырған замандасымыз Байбота Серікбайұлы жайлы сөз қозғағанда оның ақындығымен қабат басқа да көптеген қырлары ойға орала береді. Ол заңды да. Өйткені біз білетін Байботаны ақын, көсемсөзші, тарихшы, сосын бала жанының бағбаны, содан соң оқулық жазған қаламгер-педагог деп жалғастыра берсек еш артықтығы жоқ.

Ең алғашқы әңгіме Байбота ақын деген тақырыпта өрбігені орынды болар. Әлі есімде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Сыр еліндегі Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Жаңақорған тынысы») газеті жер-жерлердегі жас тілшілердің басқосуын өткізді. «Бірлік» аулынан Жұмабай, «Келінтөбе» жақтан Есенғали, «Жетітөбеден» Оразбек, «Қыраш» ауылынан мен келіп қатысқан болатынбыз. Төртеуміз бас қосып отырған сәтте Есенғали (Раушанов) былай деді:

– Білесіңдер ме, біздің ауданнан шыққан, қазір Алматыдағы атақты университетте оқып жатқан Байбота деген ақын тарихи тақырыпта поэма жазып бітіріпті, – деп маңғаздана сөйледі. Ол кезде әлі мектеп оқушысымыз, поэма жазу аса талантты адамның ғана қолынан келеді деп ойлағандықтан ба, әлі жөнді танымайтын Байботаға қатты қызыға, тіпті аяқастынан ұлы ақын болып кеткендей таңданыс байқаттық. Есенғали онымен де қоймады, тағы да сөзін жалғап:

– Енді поэзия жинағы жеке кітап болып баспадан шыққалы жатыр екен, – деді. – Қысқасы, жігіттер, өз қатарластары арасындағы ең озық шайыр осы Байбота ағамыз болғалы тұр. Мен оның төгіліп тұрған ғажап жырларын өз аузынан естідім. Алматыға барған сапарымда…

Есенғали құрдасымыз сол жолы тым әсірелеп айтты ма, жоқ расымен де поэзиясына қатты ризалық танытқан жағдайы болды ма, ол жағы белгісіз, бірақ біз үшін Байбота ақын бейнесі бір сәтте аспандап шыға келген.

 Сол сыртынан аңыз еткен ақынды 1974 жылы Алматыға келіп, университетке оқуға түскенде көзіміз көріп, жырларына қанықтық. Біздің қиялымыздағыдай тым асқақ, өзін биік ұстап сөйлесетін кердең емес, барынша қарапайым екен. Негізі, Есенғали оны бекер мақтамапты, 1977 жылы шыққан «Тұңғыш кітап» атты биттің қабығындай жинағымен-ақ поэзияға нық сеніммен қадам жасағанын әйгілеп бере алған бір ақын болса – ол осы Байбота! Содан бергі уақытта оннан астам жыр жинағын ұсынып, қазақ поэзиясының айтулы тұлғасына айналып үлгерді. Менің қолымда 1981 жылы шыққан «Жұлдызым жоғары» және 2001 жылы шыққан «Сам жамыраған шақ» деген екі жыр жинағы бар. Біріншісін ақынның өзі сыйлаған, ал екіншісін кітап дүкенінен сатып алыппын. Арада жиырма жыл уақыт жатыр. Осы шағын ойтолғауды жазар алдында екі кітабын қатар қолыма ала отырып, оқып шықтым. Сонда не байқады дейсіздер? Ақын кешегі қылышынан қан тамған кеңес заманда да, қазіргі тәуелсіз кезеңде де өзінің ақындық қана емес, азаматтық берік ұстанымынан айнымаған. Әрине, Байбота көп жағдайда лирикаға барынша бейімдік танытып, сүю мен күю сезімдерін жырмен кестелеуде өз мәнерін көрсеткен, көрсетіп те келе жатқан ақын. Ондай жырларында жылылық бар, жан әлеміңді ырғақпен тербер сыршылдық бар. Ғашықтық пен махаббатты, сүю сезімін өз биігінде аялай алмаған адам ақын болар ма? Ол жайынан бізге дейінгі әдебиетші-сыншылар мен ақын-жазушылар көбірек қаузап жазғандықтан да, көп тоқталып жатпай, басқа қырынан келуді жөн санадық. Дәлірек айтқанда, ақынның өткен заман қойнауына сүңгіп кетіп, кеше мен бүгінді салыстыра бағамдаған азаматтық жырларына басымдық бере сөз саптауға ыңғай танытып отырмыз. Негізі біздің қазақ ақындарының көбісі тарихи тақырыпқа батыл бара бермейді, барса да бетін қалқиды, әрі қарай тереңдеуге құштар емес. Оның өз себептері бар. Ал Байбота керісінше, кешегі заман келбеті десе ұшар құстай қомданып, түрленіп сала берер мінезге ие. Айталық ақын елі мен жерін сүюді құрғақ дауысқа салып, жалаң ұранмен жырламайды, білімділігі мен біліктілігін көрсете отырып, тарихтың терең қойнауынан сыр шертеді, оқырманын ойландырады. Мәселен «Жұлдызым жоғары» жинағында әйгілі Отырар ойраны жайынан сөз қозғай отырып, халқының жүрегіне шер боп қатқан кешегі күннің қайғысын былай түйеді:

– Астында құмның жарық оты бар,

Қайғыға толы жыл, ғасыр өткен.

Ыңырсиды әлі алып Отырар,

Қайысып белі бұл қасіреттен!..(«Отырардағы ой»).

Немесе тағы бір құм жұтқан «кәрі» қала – Сауран тағдыры да ақынның жан-жүрегін езіп жібергендей болады. Сосын да өз жырында:

– Ех, Сауран! Сауран! Қадірлім! Киелім менің!

Қор боп ең сен тағыларға!

Құныс боп қатқан қайғыны сүйегіңдегі,

Айықтырарлық біздерден ем табылар ма?..

– деп төгілгенде, ақынмен бірге мұңайғандай боласың. («Сауран»).

Лүп-лүп еткен ақын жүрегі, әрине, өзіне жақын «туған елім, жерім» деп соққанымен, оның арғы тереңінде жалпы адамзаттың амандығы мен бақытты ғұмырын арман етері сөзсіз шындық! Жас Байбота бір уақыттарда Сыр бойындағы көне қалалар қирандысын көзімен көріп, жанымен қиналып, қиянатшыл өткен тарихқа лағнет жырын толғаса, енді есейе келе тұтас дәуірді, адамзаттық мәселелерді өз жүрегі арқылы өткеріп, барлық жұмыр бастыларға арнап тоқтам айтқандай болады. Мысалы, «Сам жамыраған шақ» атты жыр жинағындағы ғұндарға арнаған топтама жырларында былай деп толғанған:

– Көз алдымда әлі бағзы бір баябан елес,

Қиналған кезде келмеді түсім көмекке.

Қай дәуірде де ғұнды ешкім аяған емес,

Ендеше ғұн да біреуді есіркемек пе? («Ғұндар жыры»).

Осылай деп тебірене жырлап отырады да, тағы бір тұсында көңіл арманын адамзаттық арманға ұластырады.

– Тәңірім, қайтіп жай табам,

Жебемнің ұшын қайрадым.

Желбірер ме екен қайтадан,

Бөрілі менің байрағым?!

Ақынның арман еткен байрағы – тек көк ту ғана емес, одан да тереңде жатқаны һәм мүлде түпсіз тұңғиықты аңсауы екенін іш сезеді, көңіл топшылайды.

Замандас ақын Байбота Серікбайұлының поэзиясы жайында, біздің білуімізде, аз айтылып-жазылған жоқ. Тіпті ақындық қуатын әлдеқашан мойындап, қатарластарының алдыңғы тобына есімін кіргізіп те қойған. Бірқатар сыни жазбаларда ақынның жырларын талдай келе қазақтың қара өлеңін одан әрі тереңдете түсуге талпыныс жасағанын, сөйтіп қазіргі қазақ поэзиясына әкелген өзіндік жаңашыл қайырымдары мен ырғақтары жайлы айтады. (Мысалы, сыншы Бақыт Сарбалаұлының мақаласында). Ендеше, Байботаның өлең-жырлары жайындағы аз-кем ойларымызды осы жерде тұзақтай тұрып, оның қаламгерлік екінші бір қырына ауысқымыз келеді.

***

Кезекті сөзбаянның тақырыбы да, табиғаты да мүлде бөлек. Қалың оқырманға әу бастан талантты ақын болып танылған Байбота кенет тосын мінез танытып, тарихи тақырыпқа шұғыл бұрылып, прозаның кеңдария тілімен көлемді еңбек жазып аяқтады. Оған «Тiл ұшындағы тарих» деген оқшау атау берді. Сөйтіп елді елең еткізді. Міне біз де енді осы еңбегі жайында кішкене сөз қозғап көрелік. Өзі бұл еңбегіне арнайы белгі соғып, «алғыр оқырмандар кітабы» деп атап өтіпті. Бұл кітап жарыққа шыққалы да арада жиырма жылға тақау уақыт өтіп кетіпті. Осы уақыт аралығында жалпы әдебиет пен тарих зерттеушілері, өкінішке орай, бұл елеуге тұрарлық көркем дүниеге аса көп көңіл аудармапты, ал, бірлі-жарым тілге тиек еткендері ризалығын жасыра алмай, жоғары бағалапты. Анығында кім оқыса да, әсіресе маңыз бере оқығандар, қаламгердің еңбегіне тәнті болғанына дау жоқ. Бұл кiтап, шындығында, түркiшiлдiк болмыс пен рух жайында ой толғайды. Басы тiлдiң пайда болуымен баяндалып, әрі қарай қазiргi қазақ лексиконында бар жеке сөздердiң, көне топонимдердiң, байырғы түркi этнонимдерiнiң, әйгiлi антропонимдердiң жұмбақ сырларына тереңдеп үңіледі. Бұл туынды тiлдiк деректер мен тарихи мағлұматтарға арқа сүйей отырып, әртүрлі қисынды жаңа ғылыми болжамдар жасауға талпынады.

Байбота бұл тақырыпқа тосыннан келмеген сыңайлы. 1977 жылы университетті бітіру кезінде дипломының тақырыбын «Лениншіл жас» және археология ғылымы» деп таңдап алыпты. «Лениншіл жас» («Жас Алаш») басылымы сол уақытта «Күмбез» деген айдармен біраз жыл ширегінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан археология жұмыстарының барысы жайында үнемі жазып отырған кез болатын. Есік қорғанынан табылған Алтын адам, Аңырақайдағы Таңбалытас, тағы басқа тарихи жәдігерлер жайында кеңінен сөз қозғап, ойлы оқырмандарды осы бағытқа жетелеу керектігі өзінен-өзі түсінікті еді. Ол үшін осы табылған жәдігерлердегі көне жазулар сырын аша түсу күн тәртібінде тұрды. Жас журналист әрі ақын Байбота Серікбайұлы үшін бұл бағыт өте қызғылықты болып көрінсе керек. Сол үздіксіз ізденіс ұзаққа созылып, ақыр аяғында өз нәтижесін берген сыңайлы. Бірақ бізді таңғалдыратыны – жас кезінен ғаламат қуатты ақын екенін сездіре алған азаматтың тарих қойнауына шым-м батуына не себеп? Қандай қажеттілік?

Ақын-тарихшы Байбота Серікбайұлын тыңдап көрелік. «…Бозбала шағымда туған әуестік бірте-бірте өлеңдерімнен де өзгеше өрнек таба бастады. Сыр бойында жатқан көне қалаларымыз Отырар мен Сауранға жыр арнадым. Ғаир-ханның мұңға толы монологын сезініп те бірендім. Халқымыздың көне тарихын бүгінгі өмірімізбен сабақтастыра отырып, «Аракс аңызы» атты баллада жаздым. Менің поэзияда тарихи тақырыпқа тереңдей бастауым әдебиетке өзімді өкшелей келген буынға әжептәуір ықпал жасады. Тарихи тақырыпқа бара бастаған ақынның көне қолданыстағы атаулар мен архаизмдерге жиі жолығатыны ақиқат. Олардың мән-мағынасына үңіліп, сырын ашқың келеді. Қолданыстан шығып қалған өлі сөздерді қайта тірілтіп, қазақ тілінің қазынасына қосуды армандайды екенсің. Сөз төркініне үңілу ақынға ғана емес, кез келген адамға тарихи сабақтастықты, мәдениеттер байланысын түсіндіре түседі…» деп, өзінің осы еңбегі жайында Байбота-тарихшы тебірене ой толғайды.

«Тіл ұшындағы тарих», автордың тәпсірлеуінше, ұзақ жылдар бойы жазылған, жеке кітап болып тек осы ғасыр басында ғана оқырмандарымен табысқан сыңайлы. Кітаптың аты ғана емес, мазмұны да қызықты еді. Оны көп оқырман байқады да. Өйткені мұндағы айтылған пікірлер мен ой-түйіндер бұған дейін айтылмаған, анығында сонылау еді. Қызық болғанда, тарихшы-ақынның бұл еңбегі оқырмандарын былай қойып, ғылым айналасында жүрген оқымыстыларды да елең еткізді. Мойындағандары да бар, мойындағысы келмегендер де аз емес еді. Сөйтсе де, жазылуы бөлек бұл еңбекті бірте-бірте жас ғалымдар өздеріне жолбастар ретінде қабылдап, ғылыми мақалаларына сілтеме жасап жатты. Неге? Себебі, бұл кітапта автор өте көне замандардағы жазба ескерткіштерден бастап күні бүгінге дейінгі көркем қазыналарымызды қатар ала отырып, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді, таным мен пайымды, мағына мен мәнді, ой мен түйсікті мейлінше тереңінен талдады, пәлсапалық бағытта түйіндемелер жасады.

Бір нәрсенің басы ашық: ақынның қара сөзге баруы, әсіресе тарихи тақырыпта һәм тіл табиғатын ашу бағытында қалам тербеуі өзінше ерекшеленіп тұратыны бар. Ендеше, Байботаның жазба еңбегінен де соны еріксіз байқайсыз. Десе де, ақын мен шайырдың «қара сөзге» мойын бұрып, сүбелі еңбек қалдыруы тарихта болған, тіпті көп мысалдар келтіруге болады. Хакім Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген еңбегін логикалық тұрғыда жалғастырған жазба десе де жараса кетердей. Ол ғана емес, Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным», Қадыр Мырза Әлидің «Жазмыш», Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» тәрізді туындыларын да еріксіз еске түсіріп қояры бар. Сөз жоқ, біз атаған көркем жазбалардың барлығын да бірилеуге жатқыза алмағанмен, үлкен мағынада қай-қайсысын да прозалық шығармалар санатына қосып сөз етуге жарап жатыр. Осы тұжырымға тоқтасақ, онда «Тіл ұшындағы тарих» та прозалық шығарма, ал мағыналық жағынан тіл төркіні жайлы болжамдар яки сөздердің шығу тегін қаузаған тарихи-ғылыми баян. Әсіресе, шежірелер мен тарихи деректерде кездесетін көне атаулардың, топонимдер мен антропонимдердің астарын аршу арқылы тарих қалтарыстарына үңілу кітабы деп қабылдау орынды шығар.

Тарихшы-ақынның еңбегін оқу үстінде ойымыз сан-саққа жүгіріп отырды: не деген түпсіз дерекнамалық баян? Мұндай дүниені жазып шығу үшін кісіге мол білім керек, мол білім үшін көп кітап ақтару керек, көп кітап ақтару үшін талғам керек. Ал талғампаз болу – таланттың ісі!

Тағы да автордың өзін тыңдап көрелік. Ол жазады: «Тіл ұшындағы тарихты» жазу үстінде еске алған еңбектерімнің қисабы жоқ. Талай-талай қалың томдар парақталды, қаншама кітап оқылды, газет-журналдардың шаңбасқан тігінділері ақтарылды. Бірақ кітаптың соңғы беттерінде тек дәйек сөздер алынып, сілтеме жасалған әдебиеттердің ғана тізімі беріліп отыр. Олардың өзі 350-ден асып жығылады. Ешқандай атақ-абырой дәметпей-ақ ғұмырының тұтастай бір кезеңін жанкештілікпен мұндай жұмысқа арнауға кез келген кісінің тәуекелі жетіп, жүрегі дауалай бермейтінін де түсінемін. Әсіресе, ақын үшін бұл ләззатынан мехнаты басым түсетін қара жұмыс сықылды нәрсе. Дегенмен әлдекім көзіңнің нұрын төгіп жазған кітабыңнан қажетін тауып, оны кәдесіне жаратып жатса, еңбектің жанғаны да…»

Ойланасың! Ойға қаласың! Мынадай еңбекті ақын жазып шықты дегенге сене алмағандай күйге түсесің. Бірақ, кітап қолыңда тұр. Авторы – ақын Байбота Серікбайұлы екеніне көзің анық жетеді!

***

Біздің замандасымыз Байбота Серікбайұлын ақын ғана емес, оған қоса тарихтың, әсіресе тілдің тегі мен түрленуі жайында көсіле ой қозғаған айтулы білгір. Ол турасында жоғарыда ой жұмбаздап, аз-кем баян еттік. Енді тағы бір ерекше қырын айтпасқа болмайды. Ол не? Ол – Байбота жазған «Әліппе»! Ақынның балаларға арнап жыр жазып, бірнеше кітапша шығарғанынан да хабардар едік, аз-кем білулі едік. Жыр ғана емес, жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар – қысқасы, сәбилер әлеміне еркін еніп, небір таңғажайып шағын көркем дүниелерді де жарыққа шығарды емес пе! Оған әлемнің осы күнгі ең мықты деген қаламгерлерінің балаларға арналған тартымды туындыларын қазақ тілінде жатық аударып, төл туындыға айналардай «өмір сыйлауы» тағы бар. Бұндай ерекше дарынына таңғалуымыз енді жайына қалды, ал мына жолы тіпті аузымыз ашыла, таңдай қаққанымызды жасыра алмаймыз.

Жаз мезгілінде немерем Нұрдидар мектепке баруға әзірленіп, оған дейін дайындық жұмыстарын жүргізе берейік деп, кітап дүкендерін аралап жүріп, оқулықтар іздедік. Шынын айтқанда, әртүрлі деңгейде жазылған оқулықтар көп, бірақ бәрі бірдей көңілден шыға бермейді. Өзіміз қаламгер болған соң, ішкі талғам да бар. Немерем жақсы оқулықпен «тіл шығарса» болашағы да нұрлы әрі ашық боларына үміттенеміз ғой. Сондай үкілі үмітпен кітап оқулығын іздеп жүріп, ерекше жазылған «Әліппеге» тап келерміз бе? Авторы кім дейсіз бе? Ол – қазіргі талантты қазақ ақыны Байбота Қошым-Ноғай! Басқа басқа, ақын кісінің тап мынадай өте түсінікті, бала ұғымына сай һәм мектеп жасына дейінгі сәбидің жас ерекшелігін ескере отырып түзген оқулығы, ашығын айтайын, мені қатты таңғалдырды. Кітаптың алғашқы бетіне «мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді дұрыс оқуға үйрету құралы» деп атап көрсетіпті.

Осы кезде мектеп оқушыларына арнап оқулықтар жазу үрдісі кең етек алды. Жеке автор һәм ұжымдық авторлар болып жазылып жатқан, әр сала бойынша жүйеленген, бірі сәтті, бірі сәтсіздеу оқу құралдары аз ба? Бұл ретте тиісті министрлікке «таяқтың бір ұшы тиіп жатқан» сындар да аз емес. Мерзімдік баспасөз беттерінде ұжым болып әзірленген оқу құралдарының да ішінен аяқ алып жүргісіз қателіктер мен кемшіліктер тауып, сынаған жағдайларға куәміз. Сондай кездерде ойлаушы ек: негізі оқу құралын кез келген ғылым адамы (тілші, тарихшы, филолог, психолог, философ, т.б.) жаза береді деу мүлде қате түсінік. Бұндай өте жауапты жұмысқа білім деңгейімен қабат сол іске икемі барлар, тіпті тәжірибесі жетерлік кісілердің тартылғаны мақұл-ақ. Оқу құралын түзгенде, қалай десек те, мына жағдайлар қатаң ескерілуі керек: баланың жас ерекшелігі басты назарда болып, әр жастағы бүлдіршіндердің қабылдау мүмкіндігіне және қабілетіне сай келгені керек; оқу құралындағы мысалдар, шағын әңгімелер ертеден қалыптасқан ұлттық ұғымымыз бен салт-дәстүрімізден тым алшақ кетпегені мақұл; мысал түріндегі түсіндірулерде қазақ топырағында жоқ жануарлар мен өмірі өспеген ағаш-өсімдіктерді жиі келтіріп, шатастыра бермеген жөн; оқулық еркін көсіле беретін, дерек үстіне дерек қосарлайтын ғылыми жұмыс емес, бұны да есте ұстау маңызды; ең бастысы – жазылған оқу құралы бала үшін мейлінше тартымды, еріксіз жетелеп отырғаны өте-мөте керек.

Әлбетте, мұны әрі қарай тағы да созып, ежіктеп отырып алуға әбден болады, алайда біз оқулық жазуды мақсат еткен әріптестерге ақыл айтудан аулақпыз, бұлар – тек ұсыныс түріндегі тілек сөздер.

Бәрі де ақын Байботаның «Әліппесінен» бастау алып кетті-ау! Расымен де, мына оқу құралы мектепке баруға даярланып жатқан кез-келген бүлдіршін үшін таптырмас еңбек болыпты. Әр әріп бойынша сөз түзгенде күнделікті өмірде қолданылып жүрген сөздерді орнымен пайдалана білген. Бала оқыған сәтте есіне тез сақтап қалу жағын барынша ескерген. Мысал әңгімелер де аса ауыр емес, бала ұғымына ыңғайлап келтірілген. Қысқасы, автор көркем туынды емес, оқу құралын жасап отырғанын мықтап жадында ұстана білген. Осыдан соң бізге мынадай ой келді: алдағы уақытта мектептің төменгі сынып оқушыларына оқулық түзілер болса, онда мұндай мәртебелі топқа Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайды ойланбастан қосуға болатындай.

***

Таяуда Сыр елінде тұрып жатқан талантты жазушы ағамыз Сайлаубай Жұбатырұлымен тілдескенде, бізге мынадай әңгіме айтты:

– Менің «Абыржы» деген үлкен романымды білесің, үзіндісін «Роман&Драма» деген журналыңда жариялағансың, – деді. – Соның соңғы басылымын әзірлеп жатып, есіме түркілік көне сөздердің мән-мағынасына барынша жетік Байбота інім түсер ме? Дереу хабарластым. Қолжазбаны қарап шығуын өтіндім. Сөз қолданудағы кейбір шикіліктерді байқасаң, жасырмай айт, кітабымның сауабын аласың.

– Ал, Байбота не деді? – дедім қызыға түсіп.

– Ол оқып шығуға уәде етті! – деді жазушы ағам.

Ақын-тарихшы мен талантты жазушы арасындағы бұл мөлтек әңгіме әрі қарай қалай жалғасты – оны білмедім.

Ұзақ сөздің тоқ етер түйіні – Байбота Серікбайұлы бүгінгі көркем сөздің қадір-қасиетін терең ұғынған, өзіндік қолтаңбасын айқындаған, өз жазу мәнерін қалыптастырған қалам иесі. Оны қазақ көркем сөзінің Толағайы деп атасақ, артық болар ма, сірә!..

Жолтай ЖҰМАТ – ӘЛМАШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<