Елімізде бұл күндері белгілі әнші, Халық қаһарманы, КСРО және Қазақ ССР Халық артисі Роза Тәжібайқызы Бағланованың туғанына 100 жыл толғаны атап өтілуде. Ақпарат құралдары мен телеарналар оның өз халқына сіңірген еңбегін кең көлемде, түрлі қырынан баяндап жатыр. Бұл тақырыпқа мен де үн қосуды жөн көрдім. Себебі, әнші дастарханымнан дәм татқан еді.
Жалпы бұлбұл Розаны алғаш рет, бұрын Мұнайшылардың мәдениет үйі аталған, қазір Дина Нұрпейісова атындағы сарайда 1955 жылы (не 1956-ның бірінші жартысы болар) концертінде көргенмін. Концерттен шыққан қала халқы Чапаев (қазір Құлманов) арғы бетте Уәлиханов көшелерін жалғайтын бұрынғы жалғыз ғана жүзбелі көпірмен Еуропа жағына өтіп келе жатқанымыз көз алдымда. Сонда көпір үстінде көлік жоқ, тек жаяу жүргіншілер ғана ортада топ-тобымен шұбырып келеді. Бәріміздің әңгімеміз – концерттен алған әсер, әсіресе алғаш орындалған Шәмшінің «Ақмаңдайлым» әніне жауап ретінде дүниеге келген «Ақсұнқарым» әні туралы.
Бұл әннің сондағы орындалғаны естен кетпейді. Көрермен өзін жібермейтін болғасын, әрі қарай басқа әнге ауыстырмай бір шумағын қайтадан орындауға мәжбүр болды. Әннің құрылымы да (қайырмасы екі бөліктен тұрады), орындау шеберлігі де тамаша. Роза Бағлановадан басқа бұл әнді орындаушылар қазір құралақан емес және көп те емес. Асқан шеберлікпен «Ақсұнқарымды» айтуға тәуекел етушілер аз (өзі де бұл әнді концерті сайын айта бермейтін). Сондықтан да өзінің орындағанындай етіп әлі ешкім айтқан жоқ, меніңше ондай айта алмайтын да сияқты. Әннің сөзі мен ырғағы (шеберлік екібастан) залдағыларды басқа дүниеге апарып келгендей, теңіз түбінде дүлей дауыл тұрып, Каспий суын аспанға шашып, оны сапырғандай әсерде боласың.
Кейінірек, 1969 жылы Алматы Жоғары партия мектебі тыңдаушыларына келіп бір кеш, қасында өзіміздің Әзағаң (Ә.Есқалиев) және Венера Қармысовалар (Халық артисі Қапан Қармысовтың қызы – өзіміздің қаладағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін 1952 жылы алтын медальмен бітірген, сол кезде Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы Ғибатолла Мырзағалиевтің жолдасы) бар концерт беріп кеткен-ді.
Өткен ғасырдың 80-жылдары Әзағаң екеуі Индер ауданына гастрольдік сапармен келгенде ауданның шеткі ауылы Өрліктен (Көктоғай ол жылдары Исатай ауданына қарайтын) қарсы алдық. Керемет концерт болды, жүргізуші жақында ғана өмірден өткен өзіміздің театр артисі Қайыржан Махмудов. Соңынан кеңшар директоры Райхан Құспанов марқұмның үйінен дәм татып, қонақүйге демалуға орналастырдық. Әзекеңнен оңаша күй тыңдап, біраз отырғанбыз.
Ауданымызда болатын концерттерді ұйымдастыру, қонақ қабылдау сияқты мәселелерді тағы пысықтау үшін ертеңіне Кулагинода (қазір Еспол), кеште Елтайда болатын іс-шараларды нақтыладық. Аудан орталығында өтетін үлкен концерт қамымен ауылға келгенмін. Кешке қарай «қонақ апамыз Елтайға келіп орналасты, бірақ концерт қоймаймын деп жатыр» деген хабар жетті. Айтқаны – бір күнде екі концерт ауыр болады. Шын мәнінде «райком хатшысы неге кетіп қалды, сыйламағаны ма?» дегендей пікір білдіріпті. Сосын тездетіп Елтайға келіп, қонағымыздан кешірім сұрап, түсіндірдік.
Аудандағы негізгі клуб «Борат» екі жүздей адамға арналған. Сондықтан орталықтан шеттеу болса да 400 орындық кинотеатрды дайындадық. Әрине, оның сахнасының жанына тездетіп гример бөлмесін жабдықтауға тура келді. Концерт соңында «Ах, Самара городок» әнін айта бастағанда залдан бір әйел тұрып кетіп қалып еді. Кеште дастархан басында өзі «Мана концерттен кеткен әйел бізге шай дайындауға асығып барады-ау деп топшылағанмын, танып отырмын, дәл солай болып шықты ғой» деп күлдіріп еді, марқұм. Ол бізің үйдегі жолдасым Насила марқұм еді ғой, бала-шағамызбен бәріміз түгел концертке келіп едік.
Ертеңіне Махамбет бабаның басына апарып, сол жерде қонақтап, ақ бота сыйға тартып, Миялыға шығарып салдық. Бота бар болғанмен ағы таптырмай, облыстық кеңестің депутаты, аға шопан Махметов Қасымның жекеменшік ақ ботасын сұрап алғанбыз. Соған ала жіптен ноқта өргізіп тапсырдық.
Роза Тәжібайқызының ауданда болған сәттерден түсірілген фотоларды сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, Алматының қыр-сырын жақсы білетін Қ.Жылқышиевтан өзіне беріп жібергенбіз. Ол үйіне апарып берді. Кейін әнші апамыз туралы теледидардан көрсетілген кейбір бейнежазбаларда қонақты біздің паромнан қарсы алып тұрған бір топ қызыл пилоткалы пионерлермен түскен суреттер (ішінде біз де бармыз) беріліп қалады. Бір-екі фото түрлі кітапта да жүр.
Роза апамыздың соғыс кезінде майданның алғы шебіне барып концерт бергенінен Сталиннің, Хрущевтің қабылдауында болғанынан оқырман құлағдар. Қосар бір ғана пікірім Арал теңізі мен Байқоңыр проблемаларын ресми жиында қаймықпай көтеріп, батыл пікірлерін жеткізе білгені ерлігі дер едім. Әнші апайымыздың Еңбек Ері емес, Халық қаһарманы атануы тегін еместігіне осының өзінен-ақ көз жеткізуге болады.
Қазақта осындай өнерпаз әрі қайраткер қыздарымыз көбейе берсін.
Қ.РИЗУАНОВ,
Атырау облысының Құрметті азаматы,
мемлекеттік қызметтің ардагері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<