Осыдан 32 жыл бұрын 1990 жылғы 25 қазанда еліміз үшін айтулы оқиға болды. Осы күні Жоғарғы Кеңес Егемендік туралы Декларацияны қабылдап, тәуелсіз Қазақстан жолындағы алғашқы қадамдардың бірі жасалды. Тарихи құжат қазіргі Қазақстанның қалыптасуына ерекше әсер етті. Егемендік оңай жолмен келген жоқ. Қаншама тер төгілді, батыл шешімдер қабылданды. Бұл – біздің тарихымыз, өсіп- өркендеу жолымыз. Сондықтан мерекеге ұлттық мәртебе беріп, Республика деңгейінде атап өту заңдылық деп есептеймін.
Бұл күн – Тәуелсіздіктің бастауы. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктері, тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға бағытталған батыл қадамдарының жылнамасы осы күннен басталады. 90-жылдары Балтық жағалауы елдерінен басталған тәуелсіздік декларацияларының шеруін біздің ел де жалғастырып, сол кездегі Жоғарғы кеңес депутаттарының қолдауымен Қазақстан өзінің декларациясын жариялады. Тәуелсіздіктің алғашқы нышандарын көрсетті, яғни, біздің заң шығарушы, сот, атқарушы билік деп айқындалып, социалистік қоғамдағы болған түрлі ұғымдар алынып тасталып, еліміздің жаңа саяси жүйесі қалыптасты.
Еліміздің әр азаматы Республика күні мерекесінің қалай қалыптасқанын ұмытқан жоқ. Бұл – жай ғана мереке емес, халқымыздың ғасырлар бойғы күресінің нәтижесі. Мұның бәрі – халықтың бірлігі, жарқын болашаққа деген ортақ сенімінің арқасы. Сондықтан әлем картасында Қазақстан Республикасының қалай пайда болғанын келер ұрпақ ұмытпауы керек. Бұл мереке – жаңа Қазақстанды құрудың, елімізді жаңғырту мен дамытудың маңызды бөлігі.
1991 жылы егемендік еншісіне тигеннен кейін елімізде әрбір салада реформа жүргізілді. Экономика, білім, ауыл шаруашылығы, тағысын тағылар. Қазір айтуға оңай, ал сол кезде шұғыл шешімдер қабылданды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең маңызды міндеттердің бірі жүйелік экономикалық реформалар жасау еді. Жетпіс жыл бойы жоспарлы экономикамен өмір сүріп келген елді бірден нарықтық жүйеге көшіру, әрине, мүмкін емес. Сондықтан күрделі реформаларды жүргізу бірнеше кезеңге созылды.
Алғашқы 1991-1993 жылдардың аралығында елде бұрын-соңды болмаған инфляция тіркелді. Азық-түлік бағасының қымбаттау индексі 1992 жылдың қорытындысы бойынша аспандап кетті. Мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қызылорда қаласының әкімдігінде қызмет істедім. Сол кездері ұлттық валюта жоқ бола тұра, экономикалық қарым-қатынастарды өзгертуге тура келді. Елде ақша жоқ, қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз етудің өзі – үлкен мәселе. Бізден бұрын өз валютасын шығарып үлгерген бұрынғы Кеңес үкіметінен бөлініп шыққан елдерден келіп, ескі ақшаға толтырып зат алып кетіп жатқандар да кездесті. Дүкендерде тауар тапшылығы орын алып, бір қолға берілетін азық-түлік пен киім, басқа да қажет тауарлар санын шектеуге, арнайы карталар енгізуге мәжбүр болдық.
1993 жылы ұлттық валютамыз айналымға шыққан соң, қалада теңгені ауыстыратын комиссия төрағасы болдым. Дәл осы кезде еліміздің өзіндік макроэкономикалық саясатының бет-бедері қалыптасып, алғашқы жылдар қиындығы біртіндеп еңсеріле бастады. Мемлекет тұңғыш рет қаржылық жағдайды тұрақтандыру бағытында оң нәтижелерге қол жеткізді. Төл валютамыз – теңге де тұрақталуға бет бұрды. 1993 жылы 1 доллар бағамы 4,7 теңге болды.
1995 жылдың желтоқсанында Парламент сайлауы өтті. Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданы атынан сайлауға түсіп, бірінші қос палаталы Парламентке Мәжіліс депутаты болып сайландым. Осы кезеңде Сыр өңірінің экономикасы өте қиын жағдайда еді. Қызылорда облысы жағдайын дұрыстау үшін Үкімет қаулысымен арнайы экономикалық аймақ енгізілді. Депутаттық қызмет барысында сол арнайы экономикалық аймақтың 1999 жылға дейін сақталуына жұмыс жасадық.
Тәуелсіздік алу – ел дамуының бастапқы кезеңі ғана. Жаңа ғасырға аяқ басқан тұста да аймағымызда күрмеуі қиын мәселелер көп еді. Қазіргідей бюджеттен миллиардтарған қаржы бөлінбейтін кез. Көптеген мәселелердің шешім табуына бюджет тапшылығы аяққа тұсау болды. Бір ғана мысал келтірейін, 2000 жылы облыс әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Сол кезде қаржы тапшылығынан Қызылорда қаласында үш көшені жөндеу үлкен мәселе болды. Қала басшылығындағы азаматтарға жоқтан бар жасауға тура келді. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы көрініс. Сол кезеңде қуаныш та, қиыншылық та болды. Бірақ, халық пен мемлекет бірігіп, барлығына төтеп берді. Еліміздің қуаттылығы да осында.
Бүгінде еліміз әлем назарын өзіне аударып, сындарлы кезеңге аяқ басты, нақты шешімдер қабылданып, елдегі тұрақтылық қамтамасыз етілді. Соның ішінде өңіріміз де өрісті өркендеп келеді. Білім, мәдениет, спорт, өндіріс, кәсіпкерлікте айтарлықтай даму бар. Біздің ендігі мақсат – осы қарқынды дамуды жалғастыру. Біз осындай күрделі кезеңде бастамаларды қолдап, бірлік, ынтымақ, сенімді диалог ұғымдары аясында топтасуымыз қажет. Өйткені, елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ.
Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруға, әділетті қоғамды одан әрі қалыптастыру мен қоғамдық келісімді, бірлікті нығайтуға бағытталған. Республика күнінің жаңа мәртебеде қайта жаңғырғанына қуаныштымын. Мереке он үш жылдан кейін қайтарылып отыр. Өзіміз осындай күндерді атап өтіп, маңыздылығын насихаттамасақ, келер ұрпақ тарихымызды ұмытып қалуы да мүмкін. Республика күні баршамызға ерекше рух беріп, барлығымызды біріктіретін күн болары анық.
Шахизат ТӨРЕБАЕВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<