Қызылорда қаласының Әйтеке би көшесі бойындағы бес қабатты үйдің қасбетіне көмкерілген алып қос жүзік бейнесін көргенде ақ некесін қиып, отау құрған жас жұбайлар көзге елестейді. Осы «Неке сарайымен», яғни, қалалық АХАЖ бөлімімен қала тұрғындарының өмірі тікелей байланысты. Адам дүниеге шыр етіп келген күннен бастап, өмірінің ақырына дейін осы мекеменің есігін ашып, туу туралы, неке қию куәліктерін алады, әкелікті анықтау, бала асырап алу, сол сияқты өмірде кездесетін барлық жағдайларды рәсімдеп, заңдастырады.
«Неке сарайы» дегенде Қызылорда тұрғындарының есіне салтанатты некеге тіркеп, жастарға жүрекжарды тілегін айтып тұрған Райхан апай түседі.
1981 жылдың наурыз айында қалалық комсомол комитетінде хатшы болып жұмыс атқарып жүрген Райхан Садықоваға қалалық атқару комитетінен ұсыныс түсті. Қалалық АХАЖ бөліміне отбасылы, орнықты, іс білетін меңгеруші керек, соған сені лайық көріп отырмыз деген.
Ол Қармақшы ауданы Қармақшы ауылында қазақ орта мектебін бітірген. Қызылорда педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, осы қаладағы Осипенко атындағы №8 мектепте аға вожатый боп қызмет атқарған. Пионер ұйымдарына басшылық жасайтын қалалық комсомол комитеті жас Райханның қабілетін байқап, оны М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге комсомол комитетінің хатшысы етіп, бюро отырысында бекітіп, жұмыс жасауға жіберді.
1975 жылы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 30 жылдығына орай училище ауласында Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың кеуде мүсінін орнату туралы ұсыныс болып, комсомол комитеті арнайы шешім шығарды. Сол кездегі «Қызылордастрой» тресі партия комитетінің хатшысымен келісім жасалды. Титов поселкесінде, қаланың ортасындағы Әйтеке би көшесінің бойында жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерде училище оқушылары жұмыс жасады. Содан түскен қаржыға трест мамандары училищенің ауласына М.Мәметованың бюсті орнатылады деген жазуы бар бетоннан құйылған тұғыр орнатты. 1975 жылдың 9 мамыры училище комсомолдары үшін естен кетпес уақыт болды. 1974-1976 жылдары училищеде оқып, осы жұмысқа тікелей қатысқан қыздар қазір білікті ұстаз, ардақты ана, аяулы әже болып отырған шығар.
Еңбек жолы осылай жалғасқан Райхан Тұрсынбайқызы 1976 жылдың күзінде қалалық комсомол комитетіне хатшы болып сайланды. Қызылорда қаласының жоғары, орта оқу орындары, мектептердегі комсомол, пионер ұйымдарына басшылық жасауға міндетті болды. Міне, осы кезде қала жастарының тыныс-тіршілігіне араласып, ол жастарды еңбекқорлыққа, білім алуға, үлкенге қамқорлық, кішіге ізет көрсетуге, өнерге, спортқа деген құштарлығын арттырауға арналған көптеген іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Әсіресе жастарға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беруге көп ден қойылды. Сол кездері Қазақстан қалалары қарқындап өсіп, қол күшінің жетіспеушілігі туды. Мектеп оқушылары арасында «Аттестатпен құрылысқа» деген бастама көтеріліп, Қызылорда қаласындағы бірнеше мектеп бітірушілері бригада құрып, 8 топ жинақталды. Мамыр айында жас құрылысшылардың слеті өтіп, оған мектеп бітірушілер қатысты, ауқымды жұмыс жасалды. Маусым айында қаланың орталық алаңында жас түлек құрылысшыларға жолдама беріліп, істеріне сәттілік тілеген қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Абылай Айдосовтың, қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Бақыт Ермақашевтың үлкен қолдауы болды.
Осылай қала жастарының ортасында жүріп, Райхан апай 1977 жылдың күзінде Бекішев Жақсылықпен бас қосып, отау құрады. Отбасын құру, оны берік сақтау, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеудің өте күрделі құбылыс екені белгілі. Өз өмірлерін жастар тіршілігімен байланыстыра отырып, Жәкең мен Рекең ынтымақты өмірдің арқасында дүниеге перзент әкеліп, ата-аналық міндетін де орындады. Қыздары Алтынай мен Линара – заңгер, Ботагөз шет тілдер мамандығын алып, қызмет жасауда. Ұлы Мақсат та ата-ана жолын қуып, заңгер мамандығын меңгерген. Бұл күндері бәрі де отбасылы, ата-әжесінің немерелері өсіп келеді.
Тынымсыз комсомол жұмысы ағып жатқан өзен сияқты, бір күнінен бір күні қызық, бір күнінен бір күні күрделі. Осы жұмыста апайдың іскерлік қабілеті, адамдармен қарым-қатынас жасауы, т.б. көптеген адами қасиеттері көрініп, қала басшыларынан АХАЖ бөлімін басқаруға ұсыныс түседі.
Апай өзінің өмір жолы туралы айтқанда бойына білім сіңіріп, жастайынан еңбекке араласып, адами қалпының шыңдалуына әсер еткен, ақыл-тәлімін берген ұстаздарын жиі еске түсіреді. Сондай кісілердің қатарында Римма Абдуллина, Әнес Жақыпов, Тынышбек Шадаев, №8 мектеп директоры, ҰОС ардагері Әли Рысдәулетов, педучилище директоры Ұлмекен Рысбекова, қалалық комсомол комитетінің хатшылары Исатай Елубаев, Бақыт Ермақашев есімдері ол үшін қымбат та қадірлі.
Райхан апай 40 жыл теміржол саласында қызмет жасаған еңбек ардагері Тұрсынбай Садықов пен көпбалалы Кенжегүл апаның отбасында дүниеге келген. Тоғыз бала өсіріп, тәрбиелеген бұл отбасында еңбекқорлық, сыйластық, татулық берік орын алды. Отағасы өте жауапты қызметте жүріп, бала тәрбиесімен Кенжегүл апа айналысты. «Анамыз өте қатал, бірақ әділ еді, бәріміз жақсы оқыдық, қоғамдық жұмыстарға араластық, үйдің тіршілігіне де толықтай жауапты болдық» деп еске алады Райхан апай.
Бір кездерде «Ақмешіт ақшамы» газетінде «Үйленгенге қуанып, ажырағанға ренжитін мекеме бар» деген мақала жарық көрді. Сол тілші Г.Ділдәбекова жазғандай, АХАЖ бөлімі – қуанғанмен қуанып, жылағанмен мұңайып отыратын мекеме. Алғашқы жылдары жұмыстың қызығынан гөрі қиындығы көп болды. 1981 жылы жұмыс бастағанда бөлім қызметкерлері Есенкүл Ерболатова мен Наталья Асауленко педагогикалық институтта сырттай оқиды екен, жазда қырық күн оқуда болып, барлық жұмыс бір өзіне қалатын уақыттары болыпты.
1982 жылы Қызылжарма ауылдық кеңесінің қалаға қосылуына байланысты халық «Шанхай» деп атап кеткен елді мекенде құжатсыз жүрген жүздеген баланы құжаттандыруға тура келген.
АХАЖ бөлімінде қызмет істеп жүріп, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласқан апай 1996-1998 жылдары Қызылорда қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы болып сайланды. 1998 жылы желтоқсан айында Астанада өткен әйелдердің республикалық форумына делегат болып қатысты.
Қызмет бабында тек хал-ахуалды тіркеу емес, отбасын құруға келген жастармен жұмыс жасап, оларды жұбайлық өмірге дайындау мақсатында педагогтар, психологтар, дәрігерлерден құралған курстар құру, отбасының беріктігін сақтауға ықпалын тигізетін іс-шараларды ұйымдастыру да назардан тыс қалмады. Ұзақ жылдар тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасылармен жас жұбайлардың кездесуін өткізу, күміс той, алтын той иелерін марапаттап, оларды баспасөз беттерінде жариялау, басқа да іс-шаралардан қол босамайтын.
2003 жылы 30 маусымда «Неке сарайының», яғни, АХАЖ ғимаратының ашылғанына 30 жыл толды. Осыған байланысты сол кездегі облыстық әділет басқармасының басшысы Айтбай Әлібаевтың тікелей қолдауымен өткізілген кездесу қатысқан кісілердің жүрегінде із қалдырды. Кездесуге 1973 жылы 30 маусымда некесін тіркеген ерлі-зайыптылар, сол күні туған балалар, сол күні отбасын құрғандарына 10, 20 жыл толған жұбайлар шақырылды. Қала әкімдігінен, қалаға қарасты ауыл округтерінен, облыстық әділет басқармасынан өкілдер қатысып, жүрекжарды құттықтаулар айтылды. Қалалық мәдениет бөлімімен бірлесіп өткізген бұл кездесудің мәні мен сәні өте әсерлі болды.
Зейнетке шыққаннан кейін Халыққа қызмет көрсету орталығында тәлімгер болып, орталық жастарының мемлекеттік қызмет көрсету саласында сапалы жұмыс атқаруына ықпал жасады. Облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» ардагер комсомолдар қоғамына мүше болып, жас буынға тәрбие беру жұмысына атсалысты. Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, тәлім-тәрбие берумен айналысты.
Осылай өзінің болмысына, жүрегіне, ұстанымына жақын жұмыспен айналысып жүргенде Райхан апай уақыттың қалай тез өтіп жатқанын байқамаған сияқты. Қанша жыл жұмыс істесе де ізденуден, оқудан, білмегенін сұраудан жалықпады. Үйіне жақын жерде орналасқан Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасына жазылып, әдеби-көркем кітаптарды алып оқып жүрді. «1982 жылы Алматы қаласына білім жетілдіру курсына барғанда 3 дәптер лекция жазып келгенмін, сол дәптерлер маған көпке дейін көмектесті» деп еске түсіреді апай.
30 жылдан астам қызмет бабында Райхан Тұрсынбайқызы 54 мыңға жуық жас жұбайлардың бас қосуына және 130 мың жас сәбиге рухани ана болып, туу туралы куәліктерін берген.
Осындай еңбек те елеусіз қалмады. 1991 жылы Қызылорда облыстық кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Басқа да мерекелік медальдар, алғыс хаттарға ие болды. Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін «Әділет органдары жүйесін дамытуда қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. 2006 жылы «Қазақ әйелдерінің энциклопедиясына» енді. 2011 жылы наурыз айында Қазақстан әйелдерінің II съезіне делегат болып қатысты.
Үйленуге келген жас жұбайларға мейірімін төгіп, шуақты жүзінен нұр шашып тұрған Райхан апай Қызылорда қаласы жастарының естерінде болар. Алғашқы 1981 жылдары некесін тіркеген жас жұбайлар 20-25 жылдан кейін ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзатып, Райхан апайға енді балаларымыздың некесін тіркеп беріңіз деген өтінішпен келіп жүрді, не деген әсерлі қуаныш десеңізші?!
Есте қалған бір жағдай, 1994 жылы Халықаралық отбасы күнінің қарсаңында Белкөл кентінде тұратын бір отбасының үш баласы бір күнде үйленіп, некелері тіркелген еді. Райхан апай осы әулеттің азаматтары өсіп-өніп, өздері де ата-ана болып отырғанын мақтанышпен еске алады.
Осылай қызығы мен қиындығы қатар жүрген өмір өзен сияқты ағып, отағасы Жақсылық аға екеуі үлкендік жасқа еніп, қазыналы шақтарына жетті. Райхан апай көп жылғы еңбектің зейнетін көріп, ұл-қыздары мен немерелерінің ортасында отыр. Жақсылық ағай ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында жұмыс жасады, полковник шенінде құрметті демалысқа шықты.
Ынтымағы жарасқан отбасы иелеріне алдағы уақытта жақсы денсаулықта болып, ұл-қыздарының рахатын көріп, қызығы мен қуанышына бөлене беріңіздер демекпін.
Сәрсен ИБРАШЕВА,
ҚР Мәдениет қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<