Оныншы класты бітіргеннен кейін Жамбылдың гидромелиоративтік институтына оқуға барды. Төрт-бес сабақтан емтихан тапсырып, оқуға түсе алмады. Ауылға әкесіне телефон соғып, оқудың сәті түспегенін айтты. «Ой, айналайын, оның дұрыс болған екен, онда ауылға кел, жақсы болды» деді Мөрәлі ақсақал. «Қап, әттеген-ай, болмаған екен» дей ме деп ойлаған. Сөйтсе әкесі оқуға түсе алмағанына соншалықты қиналған жоқ, қайта қуанған секілді. Кейін ойлайды, сол кезде алдындағы екі ағасы да оқуда, Айтмұрат Жамбылдың гидромелиоративтік институтында, Атамұрат Мәскеуде Скрябин атындағы академияда оқып жатыр. Сосын әкесі сірә, қасынан шығарғысы келмеген екен. Кейін Қызылордадағы политехникумды бітірді.
1974-1976 жылдары әскерде болып келді. Мамандығы гидротехник, ол кезде әскерден келгесін әрі кетсе бір ай жүресің, сосын жұмысқа шығуың керек. Берікбай Ишанбеков «ПМК-9» деген мекеменің бастығы еді, бригадир етіп жұмысқа қабылдады. Екі жылдай осында жұмыс істеді, кейін өндіріс шебері, прораб, учаске бастығы деген лауазымдарды атқарды. Одан кейін «ПМК-17» деген мекемеге бас инженер қызметіне тағайындалды. Бұл жерде бір жылдай істеп, Жалағаштағы «РСУ» құрылыс-жөндеу мекемесіне бастық болып келді.
Бұл кезде Өмекең Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқитын. 1985 жылдың маусым айында бітіріп, ауылға келді. Он-он бес күннен кейін аупарткамға шақырды. Аупарткомның бірінші хатшысы Оңалбек Сәпиев еді.
– Ал, енді сені шақырған себебім, аудандық жүк тасымалдау автотранспорт кәсіпорны бастығы басқа жұмысқа ауысып жатыр. Тәжірибең бар, білімің бар, ендігі жылы мына оқуыңды да бітіреді екенсің. Сол ағаңның орнына осы мекемеге директор болып баруға қалай қарайсың? – деді.
Мынадай ұсыныс болады деп күтпеген еді. Дегенмен көрмей жүрген жұмыс емес, бұл кезде біраз тәжірибе жинақтаған еді.
– Оңқа, сенім білдіргеніңізге рахмет, партия қайда жұмсаса, сонда барамын, – деді.
Сонымен 1985 жылы маусым айында Өмекең автобазаға директор болып барды. Кәсіпорында 150-дей машина бар екен, екі жүзден аса адам жұмыс істейді. Бұрын құрылыс мекемесінде істегенмен, автобазаның жұмысын білмейді екен. Өмірде жақсы адамдар бар ғой. Облыста Ким Дон Чер деген бастығы болды. Кезінде совхоз директорлығын атқарған, өмірді көрген, марқұм өте жақсы кісі еді, көп көмектесті. Сөйтіп бұл жұмысты да алып кетті. Автобазада жұмысшыларға жағдай жасау керек болды. Тамақ ішетін асхана жоқ екен, барлық жағдайларымен асхана салдырды, жиналыс өтетін мәжіліс залын жасады.
Бір байқағаны, мекемеге келген жаңа көліктер ретімен, кезегімен берілмейді екен. Жасыратын несі бар, таныс арқылы жақын-жуықтарға берілетін көрінеді. Жүргізушілердің бірі төрт-бес жыл бір машинаны айдап жүрсе, енді бірі екі жыл сайын жаңа машина ауыстырады. Жұмысқа кіріскеннен кейін кабинетіне жағдай айтып келушілер жиіледі. Жаңа машина мінгісі келеді. Токарь болып істейтін жұмысшылардың кәсіподақ төрағасы Қайраддин Мыңбаев еді. Бір күні Қайраддинді шақырып алды. «Жүргізушілердің жаңа машиналарды алу кестесін жасаңыз, кім қашан алды, неше жылдан кейін алды, енді кім алу керек, соны ақылдасып отырып жасаңыздар. Ешкім ренжімейтін болсын, әркім өзінің еңбегіне қарай, ретімен, уақытымен алатын болсын» деді. Екі-үш күннен кейін Қайраддин тізім-кестені жасап алып келді. Жүргізушілерді мәжіліс залына жинап, әлгі тізім-кестені өздерінің талқысына салды. Азғантай ескертпелермен кесте бекітілді. Сол жерде бәрінің көзінше, «Ал, өздеріңіз мына кестені бекітіп отырсыздар, енді жаңа келген машина болса, осы реттілікпен аласыздар. Маған жағдай айтып келмеңіздер» деді. Сөйтіп бұл мәселе жолға қойылды. Ешкім ренжіген жоқ, жаңа келген машиналар сол кесте бойынша реттілікпен беріліп жүрді.
1987 жылы аупарткомның бірінші хатшысы болып Биғали Қаюпов келді. Тамыз айының аяғы еді. Өмекеңді аупарткомға шақырды. Хатшы амандық-саулықтан кейін:
– Жолдас Шәменов, «Коммунизм» совхозына директор болып барасың, осындай шешім қабылдап отырмыз, – деді.
– Биеке, шамалы уақыт беріңіз, қабырғаммен кеңесейін, ойланайын, – деді.
Үйге келіп, анасына айтты, ақылдасты. Совхоз директоры болу деген – ол кезде үлкен мәртебе. Оны партияның орталық комитеті бекітеді. Екінің бірі директор бола бермейді. «Оны өзің біл, балам, өзің шеш» деді анасы. Анасының да сабырлылығы, жауапкершілігі ме, басқа кісі болса, «Ойбай-ау, балам-ау, бар, бол, жұрт директор бола алмай жүрген жоқ па» дер еді. Ол өз жауапкершілігіне салды. Әкесі сол совхозда жиырма жыл директор болды, ауылдың жағдайы белгілі. Бірақ директорлыққа соншалықты қызыға қоймады. Автобазадағы жылы орнын да суытқысы келмеді. Бұл мекеме – ол кезде аудандағы үлкен ұжым, азаматтармен де үйренісіп қалды. Жастық па екен, аудан орталығында қала бергісі келді және сол кезде денсаулығы да болмай, ауырып жүрді.
Сонымен ертеңіне хатшыға кірді.
– Биеке, мен қазір денсаулығым да болмай жүр, осы автобазада істей берейін, – деді.
Биекеңнің де қылшылдап тұрған жас кезі.
– Слушай, Шәменов, сен не деп тұрсың, сен не айтып тұрғаныңды түсінемісің, партияның жіберген жеріне бармайтын сен кімсің?!
Биекең қатты кетті.
– Егер аупарткомның жіберген жұмысына бармайтын болсаң, қазіргі істеп жүрген жұмысыңнан да босата аламыз, тәртіп солай, совхоз директоры болмайтын болсаң, онда автобазаны босатасың, – деді нығырлап Биекең.
Ол кездегі партиялық тәртіп, жауапкершілік солай еді, амал жоқ.
– Жарайды, Биеке, – деді.
Сонымен тапсырмасын алып, совхозға баруға дайындала бастады. Бірақ ешкімге, облыстағы бастығы Ким Дон Черге де айтпады.
Ертеңіне аупарткомға тағы шақырды. Бұл кезде Орталық Комитетке Бас хатшы болып Горбачев келіп, қайта құру, демократияландыру, жаңаша ойлау басталып жатқан. Сөйтсе жағдай былай өрбіпті. Жоғарыдан нұсқау келген. Совхоз директорлығына екі адам үміткер болу керек. Сол екі үміткердің бірін халық өзі таңдау қажет. Халық кімді таңдайды, сол директор. Таңдауға Кенжеғара Сүлейменов екеуі түсетін болыпты. Ол кезде Кенжекең аупарткомның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі еді.
Мұны естігеннен кейін хатшыға:
– Биеке-ау, Кенжекең дайын тұр екен, директорлыққа Кенжекең бара берсін да, мені жібермей-ақ қойсаңызшы, – деді.
– Жолдас Шәменов, болмайды, бұл саясат, екеуіңіз де барасыздар, совхоз тұрғындары қайсыңызды қалайды, сол директор болады, көп сөзді доғарыңыздар, – деді.
Сонымен бәрі де сол Биекең айтқандай болды. Ертеңіне Кенжекең екеуі обкомға келді. Бүкіл кабинеттерді аралап, бөлім меңгерушілердің алдынан өтті. Облыс бойынша автобазаларды, тұрмыстық-жабдықтау комбинаттарын бақылайтын обкомның Киреенко деген хатшысы бар еді. Үнемі қара шләпі киіп жүретін. Сол кісінің алдына келді. Өмекеңнің құжаттарын қарап отырды да:
– О, Шәменов, сен автобаздың директоры екенсің ғой, енді совхоз директоры болғың келіп жүр ме, облыстағы бастығың біле ме? – деді бұған қарап.
– Жоқ, білмейді, ол кісіге айтқаным жоқ.
– Шәменов, сен совхозға директор болғың келеді, оны бастығың білмейді, бұл қалай? – деді де трубканы алып, бастығына телефон соқты.
Трубкадан «бастық жоқ» деген болу керек:
– Кім бар енді, орынбасары бар ма, қос, – деді.
Орынбасары Ешмұхаметов деген кісі еді.
– Ай, мына Жалағаштағы автобаздың директоры менің алдымда отыр. Совхоз директоры болмақшы екен, сіздер білесіздер ме мұны?
– Жоқ, білмейміз, – деді трубкадан Ешмұхаметов.
Киреенко трубканы орнына қойды, сосын Өмекеңе қарап:
– Вот, Шәменов, совхоз директоры болғың келеді, оны иә бастығың білмейді, иә біз білмейміз, – деп бұрқылдап біраз әңгіме айтты. Өмекеңнің қағазына сүйкектетіп бірдеңе жазып жатыр. Байқап тұр, жақсы нәрсе жазып жатқан жоқ.
Сонымен барлық кабинеттерді, хатшыларды, бөлім басшыларын аралап шықты. Бұларды ертіп жүрген Тұржігіт Рамазанов деген обкомның бөлім меңгерушісі еді. Сол Рамазанов кешкі сағат тоғызда обкомның бірінші хатшысына кіргізді. Обкомның бірінші хатшысы бұл кезде қайраткер тұлға Еркін Нұржанұлы Әуелбеков еді. Ол кісі құжаттарын қарап отыр, манағы Киреенконың жазған тұсына келді-ау деймін. Сол параққа шұқшия үңілді де, Рамазановқа қарап:
– Мынау не, не ойы бар оның? – деді.
Рамазанов Еркін Нұржанұлына жақындап, құлағына бірдеңе деді.
Хатшы қолын бір-ақ сілтеді. Құжаттар салған папканы жауып, Рамазановқа берді де, бұлармен сөйлесіп кетті. Директор болудың жауапкершілігін, халықпен жұмыс істеудің маңыздылығын, өзінің өмір жолынан мысалдар келтіре отырып түсіндіріп, бұлардың қолын қысып:
– Ал, жігіттер, қадамдарыңа сәттілік тілеймін, жолдарың болсын! – деді.
Ауылға келіп, сайлауға түсті, не дегенмен өзінің ауылы ғой, Кенжекеңнен сәл көп дауыс алды. Сөйтіп 1987 жылы «Коммунизм» совхозының директоры болып, жұмысқа кірісті. Бұл кез тәуелсіздіктің ақ таңы жақындап, елде Горбачевтің түрлі эксперименттер жүргізіп жатқан тұс еді.
Әкесі Мөрәлі Шәменов «Коммунизм» совхозында жиырма жыл директор болды. Өмекең енді сол шаруашылыққа әкесінен кейін бес директордан соң барып тұр екен. Әкесі 1974 жылы қайтыс болды. Сол жылы Темірхан Бекжанов ағамыз директор болды. Бұл кісіден кейін Жархан Манбаев, Мақсұт Нұрылдаев, Райхан Ибраев, Сәрсен Бабағұлов келді. Осы Сәрсеннен кейін барып, яғни, араға он үш жылдай уақыт салып, совхозды Өмекең қабылдап алды.
Бұл кезде шаруашылықтан күрішті алып қойған. Мал басын көбейтіп, мал шаруашылығы, оның ішінде мал бордақылау бағытындағы совхоз болды. Сол уақытта 4 мың бас ірі қара, 250 жылқы бар, 2 мал бордақылау алаңы жұмыс істеді. Ал мал шаруашылығы – деген шығыны көп, пайдасы аз сала. Осы мәселелерді ескеріп, обком совхозға 500 гектар күріш егуге рұқсат берді. Осы жерде айтуымыз керек, бұл мәселенің оң шешілуінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Садық Әлиев ағамыздың еңбегі зор. Сәкең мал шаруашылығының ешқашан пайдамен шықпайтынын, қосымша егіспен айналыспаса совхоз экономикасының болашағы қиын болатынан аупарткомда, обком бюросында дәлелдеп, бюро мүшелерінің көзін жеткізген еді.
«Коммунизм» совхозы бөлшектенбей тұрғанда аудандағы күрішті ең көп егетін шаруашылық еді. Кейін «Таң», «Ақсу» өзінше еншісін алып, совхоз үшке бөлініп кетті. Дегенмен, Өмекең кейін күріш көлемін мың гектарға жеткізді.
1991 жылы желтоқсанда еліміз тәуелсіздік алды. 1992 жылы ақпан айында барлық дүние-мүлікті мемлекет иелігінен алу жөнінде Президент Жарлығы, Үкімет қаулысы шықты. Жоғарыдан «Барлық дүние-мүлікті совхоз тұрғындарына үлес ретінде бөліп беріңдер, таратыңдар» деген тапсырма келді. Бұл дегеніңіз – жекешелендіру ғой. Өмекең де осы бағыттағы жұмыстарын бастады. Бұл кезде «Коммунизм» совхозында 625 адам бар, яғни, осы адамдардың әрбірінің үлесі еңбек өтіліне қарай есептеліп, совхоздың дүние-мүлкі бөлінетін болды. Совхоз директорына барлық дүние-мүліктің 25 пайызы берілсін деген тәртіп бар. Ақ егіс, жоңышқа, жүгері егу жұмыстары жүріп жатыр.
1992 жылы наурыз айында барлық директорларды облыс орталығына жинады. Облыста барлығы 96 совхоз бар екен, оның ішінде 5-6-уы колхоз. Облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мақсұт Әбдіразақов, облыс әкімінің осы ауыл шаруашылығына қарайтын орынбасары Әмірғалиев. Сол жиында директорларға нақты тапсырмалар берілді. Мақаң «Осыдан барған бойдан кірісіңдер, барлық дүние-мүлікті ереже-тәртібімен таратып беріңдер» деді.
Сонымен ауылға келді. Халықты жинап, басын қосып, жағдайды түсіндіріп, мәселені ашық айтты. Ауыл тұрғындары бөлінуге құлықсыз, жекешеленуге соншалықты талпына қойған жоқ. Негізі бұл ауыл экспериментке көп түскен ғой. Әкесі 1974 жылы қайтыс болғаннан кейін үлкен совхоз үшке бөлінді. Одан кейін мал бордақылау бағытындағы совхоз атанды, күріш екпейтін болды. Мал бордақылау бағытындағы шаруашылықтан соншалықты пайда жоқ. Совхоз мемлекетке қарыз болып қалды, одан мердігерлік әдіс, арендалық әдіс деп осындай сынақтардан әбден шаршаса керек.
Енді мына жекешелендіру деген келді, совхоздың дүние-мүлкін бөліп алуын алармыз, әрі қарай қалай күн көреміз деген күмән ауыл тұрғындарын ойландырды. Жиналысқа ақсақалдар, сол елдің ыстығын да, суығын да көрген Әбдірахман Піренов, Айтбай Ақбаев, Ілияс Қарақұлов, Сүйіндік Қыстаубаев, Шәріпқани Шөменов, Тоқсейіт Қабылов, Ақберген Бегімов, Төкен Мінайдаров, Мылтықбай Ақмырзаев, Ерғали Бегімсалов, Балай Досжанов тағы басқа ағалары қатысып отыр. Директордың айтқандарын үнсіз тыңдаған олар әңгімесін аяқтағасын «Айналайын, Өмірбек, қазақ «Бөлінгенді бөрі жейді» деп бекер айтпаған ғой. Совхоздың дүние-мүлкін бөліп алғанда жеке-дара қайда барамыз? Жекешеленгенде тіршілігіміз қалай болады? Осы уақытқа дейін өзің басқарып келдің, енді әрі қарай да өзің басқара берсейші» деді.
Сөйтіп бөлінуді әзірге кідірте тұрды. Сол жылы мамыр айында директорлар тағы да жиналды. Облыс басшылығы наурыз айында дүние-мүлікті тарату, жекешелендіру жөнінде берілген тапсырманың орындалу барысын сұрады. Сөйтсе облыстағы 96 совхоздың 90-ы бұл тапсырманы орындапты, яғни, дүние-мүлікті таратып берген, жекешеленген. Тек 6 шаруашылық қана тапсырманы орындамаған, соның ішінде «Коммунизм» совхозы бар.
Тапсырманы, Президент Жарлығын орындамағаны үшін сөгісін арқалап, ауылға қайтты.
Ол кезде аудан әкімі Сәмит Далдабаев ағамыз. Сәкең директорларды жинап алып, «Мемлекет саясатын біліп отырсыздар, енді осы бағытта жұмыс істеңіздер» деп тапсырма берді. Бірақ байқайды, Сәкеңнің позициясы да елді бөлшектемеу сияқты. Ыңғайы келіп жатса бір болуды, бірлесіп әрекет жасағанды дұрыс санайды. Мамыр айының аяғында облыстан уәкіл келді. Ауыл расында әлі жекешелене қоймаған. Бірақ есеп-қисабын дайындап қойған.
– Әлі бөлінбепсіздер ғой, – деді уәкіл.
Өмекең жағдайды айтты, ауыл тұрғындарының мүлде бөлінгісі келмейтінін жеткізді.
– Өмірбек, қазір түрлі құрылымдық жүйелер бар, ұсыныстар бар, егер бөлінгісі келмесе сондай құрылымға бірігіп жұмыс істеңіздер. Мысалы, кооперативке бірігулеріңізге болады.
Сөйтіп дереу халықты жинап, басын қосып жағдайды түсіндірді, кооперативке бірігетінін айтты. Халық қуана қолдады, сөйтіп жұмысты бастап кетті. Ол жылдардағы жұмыстар осындай болды. Әрине, қиындықтар кезікті, дегенмен ел елдігін істеді. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» дегендей, қиыншылықтарды бірлесе көтерді, сөйтіп бұл ауыл бөлінбеді. Ал, енді мынаны қараңыз, тоқсаныншы жылдардың аяғында «Ай, бұл бөлінген деген болмайды екен, бөлініп тіршілік қылу қиын екен, шаруашылықтарды ірілендіру қажет» деген саясат шықты. Міне, осы кезде жиналыстарда бұл ауылдағы шаруашылықты үлгі етіп айтып жүрді.
1999 жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Жалпы Өмекеңнің депутаттық стажы жиырма жылдан асады. 1999 жылдан облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болды. Бұл да – үлкен жауапкершілік…
***
Өмекең 2007 жылы қаңтар айында Жалағаш ауданының әкімі қызметіне кірісті. Білім, мәдениет салаларына қолдау-көмек көрсету керек, елді мекендерді, аудан орталығын абаттандыру, автожолдарды жөндеу тағы сол сияқты бірталай жұмыстар кезегін күтіп тұрды. Жалағаш негізінен ауыл шаруашылығы ауданы екені белгілі. Өндіріс жоқ, бары да, нары да – күріш. Ауыл шаруашылығына мән бермесе тағы болмайды.
Күріш егу деген – бейнеті көп жұмыс. Оны былайғы жұрт біле бермейді. Егіншіліктегі агротехникалық талаптардың орындалуын қадағалады. 2008-2009 жылдары аудан шаруашылықтарына «Дихан» күріш компаниясы, «Алтын дән-ПВА», «Шапағат ЛТД», «Қызылорда Агросервис», «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты ірі құрылымдар инвестиция салды.
Мал шаруашылығы бойынша «Сәрке батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылы 700 бас асылтұқымды қаракөл тұсақ, 25 қошқарды лизинг жолымен алды. Осы шаруашылықтарды әрі қарай өркендетуге күш салды.
Кәсіпкерлік саласын да назарда ұстады. 2008-2009 жылдары №122, 202 орта мектептердің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Бұл екі мектептің ұзын барақ секілді бір қабатты ғимараттары сонау 1960 жылдары салынған. Әбден тозығы жетіп, пайдалану мерзімін өтеп болған еді.
Тиісті мамандармен ауданда атқарылатын жұмыстарды сарапқа салып, бірнешелеген нысанның құжаттарын дайындап қойған. Соның ішінде Жалағаш кентіндегі 90 орындық санаториялық балабақша құрылысы, Далдабай елді мекеніндегі №115 мектеп ғимаратының құрылысы, Жалағаш кенті ауызсу жүйесін қайта жаңғыртудың 4-кезеңі, орталық стадионды қайта жаңғырту, №№32, 38, 203 орта мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары, автожолдарды жөндеу, асфальттау және аудан орталығындағы Жеңіс паркі бар. Жалпы алғанда 2010 жылы сметалық құны 3,5 млрд теңге тұратын жұмыстардың жоба-сметалық құжаттары дайын болып, іске асырылды.
Өмекең Жалағаш ауданы әкімі қызметінен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығына барды. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің құрылысы басталған шақ болатын. Жаңа қызметке келісімен зор жауапкершілікті қажет ететін қыруар тіршілікке кірісті.
***
Өмекең – ауыл шаруашылығының нағыз майталман маманы, көпшіл, халықшыл, қоғамшыл, іскер және оған қандай қызметте жүрсе де бір өзгермейтін болмысының қарапайымдылығын қосар болсақ, Абайдың толық адамына әбден лайық. Сонымен бірге толысқан ақылы, кемелденген парасаты, сабырлы сырбаз мінезі, қай істе де көрінетін еңбекқорлығы, күндей күлімдеген көңіл дархандығы әкеден алған тәрбиесін айшықтап тұрады. Тегі жақсы кісінің тамыры тереңге тартады. Тамыры терең, жапырағы жайылған нән дарақты көп адам саялап, көлеңкелейді. Өмекең де өзінің бойындағы әке қаны, ана сүтімен қалыптасқан адамдық болмысы арқылы көпке ортақ тұлғаға айналды. Өзінің еңбек жолында еліне адал қызмет етті және өнегелі өмір жолымен соңынан ерген жастарға үлгі болды. Зейнет демалысына шыққанымен әлі күнге дейін халық мүддесіне жұмыс істеп келеді. Елім, жерім деп тер төккен адал перзентіне деген елдің де ыстық ықыласы суыған жоқ, құрмет-қошеметі кеміген жоқ. Алла назары түскен, аруақ қолдаған, халқы қадірлеген ел ағасына айналды. Кімге де болса аңқылдап құшақ жаятын, айналасындағыларға кірбіңсіз көңілден тілеулес болып жарқылдап жүретін қамқор да, ақылшы ағаның мен білетін боямасыз болмысы міне, осындай!
Иә, Өмекеңнің өмір жолы – өнеге, ел үшін, халықтың игілігі үшін бірталай жұмыстар атқарды. Мемлекет тарапынан еңбегі де бағаланды. Бірнеше мерекелік медальдардың, «Құрмет» орденінің иегері. Қай кезде де еңбектің еленгені жақсы, себебі еңбек қана біздің өмірімізді көріктендіріп, жанымызды нұрға бөлеп, адам бойындағы ізгілікті оятады.
Өмекең бүгінде жетпіс жасқа толып отыр. Алпыс – ардақты ағаның жасы болса, жетпіс – кемелдікке келу, елге тұлға болар ақсақалдық жас. Жетпіс жасыңыз құтты болсын, Өмеке, Сәуле апаймен екеуіңіз Алланың берген жасын жасап, бақытты ғұмыр кешіңіздер демекпіз.
Тұрақ Адисұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<