Дүниедегі ең қымбат қазына – алтын да емес, ақша да емес, уақыт. Адам баласының ғұмыры да уақыт еншісінде. Уақыт шіркін құба жонның құланындай шаң қаптырып өтіп барады. Асқар таудай ағамыз Қаһарман Тоғызбайұлы Табынбаевтың бұл өмірден өткеніне бес жыл ұшқан құстай зымырап өте шығыпты-ау. Егер ортамызды ойсыратпай тірі жүргенде 90 жастың төріне шығар еді. Сірә, уақыт әмірші деген осы болар.
Сексен жасқа толғанда Қаһарман ағаның үйіне ат басын бұрғанбыз. Бізді құшақ жая қарсы алған аға:
– Інілерім, уақыт деген осы, жүрдек пойыздай жүйткіп барады. Көргенім мен көңілге түйгенім көз алдымда. Әттең, көкірегімде сайрап тұрған жүрек жазбаларымды қағаз бетіне түсіріп, ұрпаққа ұлағат етейін десем, қолы құрғыр жүрмейді. Бірақ айтарым, менің мінезімді білесіңдер ғой, әлдекімдер тәрізді өз-өзімді дәріптеуден бойымды аулақ ұстаймын. Өйткені, бұл өмірде асқанды да көрдік, тасқанды да көрдік, асып-тасып сасқанды да көрдік. Өскенді де көрдік, өнгенді де көрдік, өсіп-өніп өшкенді де көрдік. Сірә, адам деген ардақты ат шын мәніндегі адамға ғана лайық болса керек. Еліне, жеріне, ұрпағына қолдан келер қамқорлығын, ізгілік дарытпаса адам деуге бола ма, сірә?!
Қаһарман ағаның осы аталы сөзі арқамызға қамшы болып тиген-ді. Содан да ағамыздың өнегелі де өркенді өмір жолын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Қаһарман аға 1936 жылдың көгілдір көктемінде наурыз айында Жалағаш кентінде өмір есігін ашқан. 1954 жылы осы кент орталығындағы кезіндегі Сталин атындағы №31 орта мектебін күміс медальмен тәмамдап, Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға қабылданып, 1959 жылы ғалым-зоотехник мамандығын иеленген.
Оның еңбек жолы Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясында кіші зоотехник болудан бастау алды. Бертін келе бас зоотехник міндетін атқарып жүргенде, яғни 1961 жылы аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясы таратылды. Қаһаң осы ауданға қарасты «Қаракөл» қой совхозына бас зоотехник қызметіне жіберілді. Сол жылдары Калинин атындағы колхоздың мал шаруашылығы саласы тұралап, құрдымға кеткелі тұрған-ды. Содан да мал шаруашылығын маман кадрлармен нығайту мақсатында Қаһаңды осы елді мекеннің бас зоотехнигі қызметіне ауыстырды. Шаруашылықты қалпына келтіруге зор құлшыныспен кіріскен Қаһаң ауыл жастарының тұрмыс-тіршілігіне де зер салып, оларды еңбекке баулуға бел буа, білек түре кіріседі. Ауыл жастары оған зор сенім артып, колхоз бастауыш комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Ауылы ғана емес, аудан көлеміндегі түрлі іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ол аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшылығына тағайындалып, бюро мүшелігіне сайланды.
Сонау 1960-1970 жылдары Кеңес заманында мемлекеттік құрылымдар жиі-жиі өзгеріске ұшырап отыратын. Содан болар, 1963 жылы Жалағаш ауданы таратылып, Қармақшы ауданына қосылды. Жасыратыны жоқ, небір білікті де білімді мамандар жұмыссыз қалып жатты. Аудандық партия комитеті Қ.Табынбаевтың өмір мен еңбек жолын таразыға салып, іс-қабілетін зерттеп, жастарға жетекшілік жасауға сенім артады. Сөйтіп ол 1963 жылы Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Оның жастар ісіндегі белсенділігін байқаған облыстық партия комитеті сол жылы облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындайды.
Қаһаңның өмірдерегінің осы тұсына келгенде көптен көкейімізде жүрген бір толғақты сауал ойымызға орала кетті.
– Қаһа, естуімізше, атақты диқан Ыбырай Жақаевтың жастарға бастамасын ұйымдастыруға сіз бас-көз болған көрінесіз, осы жайлы айтсаңыз?
– Айтайын. Осы бір игілікті істе бір менің ғана емес, сол кездегі облыстық комсомол комитетінде қызмет еткен айтулы азаматтардың да өзіндік қолтаңбасы бар. Ол кезде мен облыстық комсомол комитетінің ауыл шаруашылығы саласына басшылық ететінмін. Бір күні облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Абылай Айдосов ақылдасып, жақаевшыл жастар қозғалысын бастау жайлы ой қозғаған. Осыған байланысты облыстық комсомол комитетінде дала академигі, атақты диқан Ыбырай Жақаевтың жастарға үндеу хатын ұйымдастыру бастамасы ойыма орала кетті. Бұл ұсынысты облыстық партия комитеті мен Қазақстан комсомол жастарының орталық комитеті де қызу қолдап, бұл құжаттың жобасын дайындау маған тапсырылды. Әрине, жеңіл шаруа емес. Ыбекеңнің жастарға арнаған хат жобасын дайындау үшін күн-түн көз ілмей жүргенім әлі есімде. Ұзын сөздің қысқасы сол, хат жобасын дайындап, облыстық партия мен комсомол комитетінен қолдау алдым. Іс мұнымен бітпейді. Өйткені, хат жобасы Ыбырай атаға таныстырылып, келісімін алу керек. Ат басын Ыбекеңнің ауылына бұрып, хатты егжей-тегжейлі таныстырып, қолын қойдырып алғанымда иығымнан ауыр жүк түскендей сезініп, рахат сезіміне бөленгенім бар. Даңғайыр диқанның «Жас достарға хаты» облыстық партия комитеті тарапынан қолдау алып, облыстық баспасөзде жарияланды. Аталған бастама одан әрі қарай қанатын кеңге жайып, аймақ деңгейінен асып, республика жұртшылығына жария етілді.
…Қаһарман ағаның өмірдерегіне қайтадан көз жібердім. 1965 жылы білімін жетілдіру мақсатында Алматыдағы Жоғарғы партия мектебіне жолдама алған. Партия мектебінен кейін алдымен облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бертін келе ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
1969 жыл болатын. Облыстық партия комитетіне Қаһаңның туған топырағы Жалағаш аудандық партия комитетінен ауданға жіберу жөнінде сұраныс келіп түсті. Мамандығына қарай алдымен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болып тағайындалса, осы сала жұмысында ысылған соң араға бары-жоғы екі жыл салып, яғни 1971 жылы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Ал 1974 жылы облыстық партия комитеті оған зор сенім артып, ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісі қызметіне алдырды. Ендігі сөзді Қаһаңа ұсындық.
– 1979 жыл болатын, – дейді Қаһаң, – Қазақстан орталық партия комитетіне Қазалы ауданының 70 тұрғыны қол қойған шағым келіп түсіпті. Тексеру комиссиясы арызды мұқият қарайды. Расында да қыруар кемшілік етек жайған екен. Олқылықтар мен кемшіліктері үшін сол кездегі аудан басшылары жаңартылды. Облыстық ауыл шаруашылығы бөлімі басшылығында жүргенде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәкей Есетов осы ауданның бірінші хатшысы қызметіне баруды ұсынды. Шынымды айтсам, барғым жоқ, бармасқа лажым болмады.
Ал 1983 жылы сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәкей Есетовтің нұсқауымен Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне барғанмын. Ашығын айтсам, бұл ауданда да алып-қашпа әңгіме бар екен. Десе де, ақ жолдан адаспай жүріп, ақты ақ деп, қараны қара деп бағаласаң, шындықтың шырағы өшпес болар, інілерім.
…Иә, екі бірдей аудандағы басшылық қызметін абыройлы атқарып, өрлеу жолына салған Қаһарман 1986 жылы облыстық партия комитетінің шешімімен ауыл шаруашылығы саласына басшылық қызметке келді. Мал асылдандыру станциясының директоры, одан әрі тұтыну қоғамы төрағасының орынбасары, дайындау конторасының директоры қызметтерін атқарып, республикаға ерекше еңбек сіңірген дербес зейнеткер құрметіне ие болып, еңбек демалысына шыққан.
Қаһарман ағаның ел алдындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері мен Тәуелсіз Қазақстанның «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президумының Құрмет грамотасы, басқа да құзырлы органдардан алған Алғыс хаттары мен ондаған мерекелік медальды санамалап айту әсте мүмкін емес. Кезіндегі облыстық, аудандық партия комитетінің бюро және пленум мүшесі, облыстық кеңестің бірнеше дүркін депутаты болып сайлануы, Жалағаш, Қазалы аудандарының құрметті азаматы атануы халық сенімінен туған құрмет болса керек.
Қазыналы қарт қартайса да қарап отыруды қаламады. Он екі жыл бойы облыстық ардагерлер кеңесінің пленум және алқа мүшесі болып, ақыл-кеңес айтып, шамасы келгенше тәлімді тәрбие берумен өмірден өтті.
Қаһарман аға Құдай қосқан қосағы Рүстембекқызы Ершімен өмірге Ләззат, Жаннат, Салтанат, Шамшырақ, Шолпан, Жанар есімді алтын асықтай алты қыз әкеледі. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп, атам қазақ айтқандай, олардың бәрі дерлік жоғары білім алып, сан алуан салада еңбек етті. Өнегелі отбасы Сәкен, Қабыланбек, Әділ есімді күйеу балаларын өз баласындай қамқорлық құшағына алып, олардан тараған 16 немере мен 11 шөберенің қызығына кенелді. Сондай-ақ есімдері Сыр еліне танымал Шыңғыс Айбосынов, Әшірбек (Шаризад) Тауабаев, Жарылқасын Үмбетов, Ерғали Бекішев, Зупар Әшімов, Бимырза Арынғазы есімді құдаларымен туған бауырдай сыйластықта болды.
Адамның атын тану оңай да, адамгершілігін тану аса қиын екен. Қаһаңмен әңгіме үстінде әр адамның өзіне ғана тән бітім-болмысы, өмірге көзқарасы, бір-біріне ешбір ұқсамайтын бітімі мен мінез-құлқы болатынын аңғардық. Әрбір адамның өмірі – өзінше бір тарих. Астарында қуаныш та, реніш те, ерлік те, оны айтасыз, еңсе түсіріп, еңкейтер сындарлы сәттер де болады. Бұл – өмір заңы. Бүгінде көзі тірі болғанда 90 жастың төріне шығып отыратын Қаһарман аға да осындай өмір заңымен жаза баспай жүріп өтті. Осы жылдары талайлармен үзеңгі қағыстырып, ел басқарды, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігін түзеуге барынша қызмет етті. Туған топырағы Сыр елін гүлдендіріп, экономикасы мен әлеуметтік ахуалын жақсартып, өрге бастыруға сіңірген еңбегі өлшеусіз болды. Сөйтіп, өмірде өлмейтұғын ісін қалдырды.
Шакизат ТӨРЕБАЕВ,
Қызылорда облысының құрметті азаматы,
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі





