Өнегемен өрілген өмір

652

0

Халқымыздың ғасырлар бойында қалыптастырып, келешек өмірінің жалғасы боларлық ұрпағына ұсынар тәлім-тәрбиелік салт-дәстүрінің бірі – үлкенді сыйлау, құрметтеу, соның жақсы қасиеттерін бойына дарыту. Бірақ, үлкеннің де үлкені бар, солардың ішінен келешек азамат болуға бой ұрған жас адамның өзіне етене жақын тұтар, оның әр әрекетін, әр сөзін, әр қасиетін бойтұмардай көкірегіне сақтап, өзінің бар ғұмырына арқау етіп жүретін бірегейлері болады.

Менің де адамдық, азаматтық өсу жолымда әсері көп болған біраз үлкен кісілердің, елге еңбегімен еленіп, халыққа бар күш-жігерімен қызмет еткен азаматтардың, ұстаздарымның ішінде бір атадан туған екі тұлғаны – Нұрлыбек Ерназарұлы Жүнісов пен Алтынбек Ерназарұлы Ерназаровты арнайы бөліп атай аламын және мұны өзімнің шәкірттік, өздерін өмір бойы құрмет тұтып келе жатқан інілік парызым деп есептеймін. Ендігі әңгіме 80 деген межелі жасқа толғалы отырған, жан-жағына нұрын шашып, үлкенге де, кішіге де құрметі мен ілтипатын аямайтын, таңдаған мамандығы мен оқытып жүрген шәкірттерін барынша  сүйе білетін ағамыз, ұстазымыз Алтынбек Ерназарұлы туралы болмақ. 

Жалпы адам турасында сөз айту үшін алдымен оның тегіне көз жүгіртетініміз бар. Сыр бойының «тумысынан озық ойлы, замана ағымын, қоғам қозғалысын жіті танып, көрегенділікпен көре білген көзіқарақты, таудай талантты ұлдарының бірі – кешегі өткен Ерназар Жүнісұлы еді» деп келетін көзкөргендердің сөзіндегі Ерназар ақсақал – осы менің кейіпкерімнің әкесі. Кезінде Өзбекстандағы Көкілташ медресесінде оқыған, сонда жүріп әйгілі Омық мақсыммен танысып дос болған атамыз елге келген соң, Кеңес үкіметі кезінде өз бетінше латын әліпбиімен сауаттанып, соның арқасында Қызылордадағы педучилищені бітірген. 1917 жылдан 1952 жылға дейін мектепте ұстаздық қызмет атқарып «Қызыл мұғалім» атанған Ерназар атаның балалары да әкеден асып қайда барсын.

Алтынбек – Ерназар ата мен Ақшабақ ананың бауырынан тараған 8 перзенттің, соның ішінде 6 ұлдың бірі екен. Ол жағын 1980 жылдардың басында Нұрекең деканы болып қызмет атқаратын «Филология-педагогика» факультетінің «Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасына оқытушылыққа ауысып қызмет атқарған кезде біліп алғанмын. Әйтсе де, Алтекеңмен 1984 жылға дейін жақын танысып араласудың реті келмеді. Ағамыздың өмірі туралы қызметтес болғаннан кейін ғана өз аузынан естіп қанықтым.

Алтынбек Ерназарұлы 1942 жылдың 14 мамырында Сырдария ауданына қарасты «Комсомол» кеңшарының «Колос» бөлімшесінде жоғарыда аталған өнегелі де өрелі отбасында дүниеге келіпті. 1949 жылы Шайкөл орталау мектебінің бастауыш сыныбын, 1959 жылы №171 Ғ.Мұратбаев атындағы қазақ орта мектебін бітірген. Осы жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогтік институтына түсіп, оны 1964 жылы «Орта мектептің биология және ауыл шаруашылығы негіздерінің мұғалімі» мамандығы бойынша жақсы бітіріп шығады.

Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, аймақтық агрохимиялық зертханаға агроинструктор, агрохимиялық зерттеушілер тобының жетекшісі болып тағайындалады. Осы кезден басталған алғашқы ғылыми ізденістер жас маманның ғылымға деген құлшынысын тудырып, ғылым қиясына қанат қағуға ұмтылдырады. Сөйтіп 1967 жылдың желтоқсанында өзі бітірген пединституттың «Химия» кафедрасына стажер-зерттеуші болып орналасады. Мұндағы мақсаты ғылыммен түпкілікті айналысу болады да, 1970 жылы С.Киров атындағы (қазіргі әл Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасына оқуға түседі.

Аспирантурада Қызылорда облысы үшін аса маңызды «Күріш дақылының пісіп жетілу кезіндегі белок пен көмірсутектердің жиналу процесі» тақырыбындағы зерттеу жұмысын бастайды. Бұл аймақта өсірілетін негізгі ауыл шаруашылығы дақылы – күріштің сапасы мен өнімділігін арттыру жолдарын тәжірибеге енгізуге мүмкіндік беретін алғашқы ғылыми ізденістердің бірі еді. Алтекең 1973 жылы аспирантураны бітіріп, тынымсыз ізденістердің нәтижесін қорытындылай келе, аталған тақырыптағы кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғап шығады.

Аспирантураны бітірген жылы білікті маман ретінде бұрынғы жұмысына қайта оралып, пединституттың «Химия» кафедрасында оқытушылық қызметін жалғастырды. Жас ғалым 1979 жылы «Зоология» кафедрасындағы аға оқытушылық бос орынға конкурспен ауысады да, осында жүріп өзінің ғылыми-оқытушылық қызметінің ауқымын педагогика, экология, табиғаттануды оқыту әдістемесі салаларындағы зерттеулерімен байытып, сол бағытта көптеген мақалалар мен оқу-әдістемелік құралдар шығарады. Осындай тынымсыз еңбек нәтижесінде доцент ғылыми атағын иеленеді.

Алтынбек Ерназарұлы үшін ұстаздық өміріндегі жауапты да елеулі кезең «Филология-педагогика» факультетіне алғашқыда деканның орынбасары қызметіне келіп, кейін 1984 жылы декан болып сайланған кезден басталады. Менің де Алтекеңмен толығырақ танысып, ағалы-інілі болып араласуым осы кезден басталды. Ағамыздың бұдан кейінгі өмір жолы көз алдымда өтті десем болады.

1984 жылы үлкен жүректі асыл азамат, көп жыл факультет басқарып жастардың қамқоршысына айналған ұстазымыз, басшымыз Нұрлыбек аға ойда-жоқта мезгілсіз дүние салды.

Осындай жағдайда факультеттің қалыптасқан өзіндік дәстүрі мен ерекшеліктерін одан әрі жалғастырып алып кететін басшы қажет екені айқын көріне бастады. Сөйтіп, институт басшылары мен кеңес мүшелерінің қолдауы арқылы Алтынбек Ерназарұлы 1984 жылы маусым айында факультет деканы болып сайланды.

Басшылық қызметке кіріскен күннен бастап Алтынбек Ерназарұлы Нұрекең салып кеткен сара жолды жалғастырып, алдымен факультеттің материалдық-техникалық базасын одан әрі жетілдіруге күш салды. Кафедра меңгерушілері мен оқытушыларды ұйымдастыра отырып жаңадан бірнеше кабинеттер мен зертханалардың ашылуына, олардың жаңа құралдармен жабдықталуына бар жағдайды жасады.

Ол ұжымдағы жас кадрлардың біліктілігін арттыруға, ғылыми ізденістер жасауына аса зор көңіл бөлді. Нұрлыбек ағайдың тұсында астаналық профессорларға шәкірт болып, ізденіп жүрген Т.Тебегенов, Б.Кәрібозұлы, Ұ.Жанбершиева, С.Тайманова, З.Ерназарова (осылардың қатарында мен де бармын) тәрізді жас мамандардың ғылыми жұмыстарын тезірек орындап, кандидаттық диссертацияларын мерзімінде қорғап шығуына мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ институтты, оның ішінде өз факультетімізді үздік бітірген Б.Сайлыбаев, М.Жайлауова, Ү.Бүрісов, Т.Медетбаев, М.Қойшыбаев сияқты жастарды әр кезеңде жұмысқа шақырып, оларды біліктілігін арттыру, ғылыми тақырыптар алып ізденіс жасауы үшін Мәскеуге, Алматыға жіберіп отырды. Жоғарыда аталған азаматтардың барлығы дерлік қазіргі уақытқа дейін өз мамандықтары бойынша кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғап, еліміздің жоғары оқу орындарында қызмет етіп жүр. Әсіресе, кезінде өзінен қолдау тауып, кейін ғылым докторлары дәрежесін иеленген азаматтарды (Т.Тебегенов, Б.Кәрібозұлы, З.Ерназарова, Қ.Есенова, Б.Сайлыбаев, А.Әбсадықов, мен де бармын) Алтынбек ағамыз кез келген кездесуде әлі күнге мақтанышпен айтып отырады. Жақында ғана бір кездескенімізде педагогика ғылымының докторы, профессор Б.Сайлыбаевтың өмірден ерте кеткенін қабырғасы қайыса отырып еске алып еді. Енді, міне, көп шәкіртінің бірі ғана емес, бірегейі болып ғылым әлеміне танылған, біраздан бері Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университет профессоры қызметіндегі, филология ғылымының докторы Т.Тебегеновтің де өмірден өткенін есіттік. Бұл хабардың да ағамызға оңай тимегенін бағамдаймыз.

Алтынбек Ерназарұлы факультетті 14 жыл басқарып, 1998 жылы факультеттің «Музыка» факультетімен біріктірілуіне байланысты «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі қызметіне ауысты. Осы қызметті зейнет жасына дейін атқарған ағамыз, одан соң да кафедраның доценті қызметінде әлі күнге жұмыстан қалған емес. Мамандықты сүюдің, оны адалдықпен атқара жүріп, ұжымның да, шәкірттердің де сүйіспеншілігіне бөленудің шын үлгісі осындай-ақ болар.

Жоғары білікті мамандар даярлауда ғылыми-теориялық, әдістемелік жағынан терең мағыналы дәрістері мен зертханалық жұмыстары арқылы шәкірттерінің мақтанышына айналған ұстаз-ғалым – 100-ден аса мақала, 1 электрондық оқулық, 12 әдістемелік оқу құрал, 1 монография мен өмірбаяндық деректі кітаптың авторы.

Еткен ерен еңбек еш уақытта елеусіз қалған емес. Көп жылғы ұстаздық және ғылыми-педагогикалық еңбегі үшін Алтынбек Ерназарұлы Білім министрлігінің Құрмет грамоталармен, «Қазақ ССР-нің халыққа білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері»  атақтарымен, Елбасының «Алғыс хаттарымен», «Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің 80 жылдығы» ескерткіш медалімен, Қорқыт ата атындағы «Алтын медальмен», «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағымен, Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

– Әрине, еңбектің бағасына қарай уақытылы марапаттаулардың болғаны да дұрыс шығар. Ол адамды еңбекке бұрынғыдан да құлшындыра түседі. Алайда, кез келген марапат халықтың алғысы мен құрметінен артық бола алмайды. Сол халықтың ішінде бірге қызметтес болған ұжым мүшелері, алдыңнан білім алып шығып, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген бұрынғы шәкірттер және қазіргі алдыңда оқып жатқан шәкірттер бар. Мен үшін ең қымбат марапат осылардың жүрекжарды тілектері мен алғаусыз ризашылық сөздері, – дейді ағамыз.

«Әке көрген оқ жонар…» дегендей, Ерназар ақсақал сияқты өнегелі, өрелі әкеден, тәрбиелі де көргенді ағадан үлгі алған Алтекеңнің өзі де өнегелі отағасы ретінде Тәжігүл Сазанбаева жеңгеміз екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бірақ, Алланың ісіне не шара, Тәжігүл жеңгеміз артына алпысты алқымдаған ағамызды тастап, өмірден ертерек өтіп кетті. Адалдықтың символындай болған, үнемі күліп жүретін, ақжарқын жеңгеміздің  қолынан талай дәм татқан біздей іні-қарындастары қатты қайғырдық. Ал Алтекең үшін өмірлік жарынан айырылу, балаларының анасыз қалуы – бұл нағыз өшпес өкініш, орны толмас ауыр қайғы еді. Мұндай еңсені езген батпан қайғыны, Алланың мезгілсіз берген сынағын, көтере білу де ердің ерінің қолынан келер. Ағамыздың қолынан келді, көтере білді.

Бір қайғының бір қуанышы да болатынын ата-бабаларымыз айтып кеткен ғой. Алтекеңнің бақытына Мейрамкүл деген асыл әйел жолықты, жолықты да жар болуға келісті. Бүгінгі күні ағамыздың сексенге жаңылмай жетуіне, Тәжігүл жеңгемізден қалған балаларды жеткізіп, солардан көрген немерелерді тәрбиелеп өсіруге бар күшін салып, ақ әже атанып отырған осы жеңгеміз. Мейрамкүл жеңгей, сізге денсаулық тілей отырып, Алтекеңді кем дегенде  100-ге жеткізеді деген үмітімізді ақтайды деп сенгіміз келеді.

Әрдайым жүзіңіз жарқын, аман жүріңіз, аға!

Жеңіс Сәдуақасұлы,

филология ғылымының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<