Осы жылдың қыркүйек айында тірі болғанда 80-нің сеңгіріне шығатын Оралхан Бөкей жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Ол – заңдылық. Өйткені Алла сыйлаған 50 жасқа жетер-жетпес аз ғұмырында артына өшпес мұра қалдырып кеткен Оралханды айтпау, еске алмау қазақтығымызға сын.
Мен жазушы немесе ақын емеспін. Оралхан шығармашылығы жайлы бір нәрсе айту ойымда да жоқ, қолымнан да келмейді. Бірақ Оралханның ішкі жан дүниесінің кейбір сәттерінің куәсі болғанымды тебірене еске аламын. Соларды бүгін айтпағанда қашан айтамын деген оймен қолыма қалам алдым. Оралханға қасиетті Сыр елінде етене жақындау болған екі адам бар едік. Оның бірі – Оралханды оятқан оғылан ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Өскенбай Көзбеков. Ғылым докторы, профессор Майтановтың жетекшілігімен бірнеше жыл ғылыми ізденісте жүріп, «О.Бөкеев прозасының поэтикасы» тақырыбында диссертация қорғап, онымен жүздесуді армандап кеткен інім еді.
Екінші кезекке өзімді қоямын. Себебі төмендегідей. Сексенінші жылдардың аяғында Қызылорда пединститутында (қазіргі Қорқыт ата университеті) партия ұйымын басқардым. Сол кезде науқастанып Қара теңіздің оңтүстік жағалауындағы СОКП Орталық комитетінің ХХІІ партсъезд атындағы демалыс орнына обкомнан жолдама алып бардым. Науқасымыздың ерекшелігіне қарай жылына екі-үш айдай үш жыл емдейді екен. Қазір ойлап отырсам Жаратушымыз маған сол бір кеселді кездесуге әркімнің қолы жете бермейтін Оралханмен танысып, сырласып жүрсін деп жібергендей көрінеді.
Онда емделушілерге керемет жағдай жасалған. Қарақалпақстан Жазушылар одағының хатшысы, Мемлекеттік сыйлық иегері Төлепберген Қайыпбергенов, жерлес ағам, ақын Сейіл Боранбаев жыл сайын осында келіп демалады екен. Бірер күннен кейін қатарымызға Оралхан қосылды. Жоғары талғаммен жастарша киінген, мөлдір бұйра қара шашы өзіне жарасып тұрған жазушымен Сейіл аға таныстырды. Мені онша менсініңкіремегенін байқадым да, қырсықтығыма еркіндік бердім. Сейіл ағаның:
– Оралханды танитын шығарсың? – деген сауалына:
– Танымаймын, қазір не көп жазушы көп, солардың бірі шығар, – дей салдым. Сол-ақ екен, Оралхан:
– Әдебиеттен бейхабар, өзің бір кері жүретін қырсық екенсің, – деді. Шырт мінезін ширата түсу үшін:
– Сенің «шатпақтарыңды» оқымағанмен, естуім бар, – дей салдым. Біздің таныстығымыз осылай басталған-ды.
Оралхан сырт қарағанда менмен, көкірек көрінгенімен, ішкі дүниесі кең, қарапайым жандарға шуағын төгіп тұратын, топырағын жанындай сүйетін, ұлт тілі десе жанын беретін азамат екенін жүрегіммен түсінетінмін. Екеуміздің ойларымыз тоғысып, санаторияда өткен үш жылдың алты айында бір палатада жатқанда айтпаған әңгімеміз, шертпеген сырымыз қалмады десем артық емес-ау!
Терең ойда жүретін Орекеңнің шұқшиып кітап я газет оқығанын көргенім жоқ. Сол кезде Мәскеуден шығатын «Роман газета» журналында орыс жазушысы А.Рыбаковтың «Дети Арбата» деген романы жарияланып жатты. Сталиндік репрессия жайлы алғашқы көркем шығармалардың бірі болғандықтан, журнал қолдан-қолға тимей кетті. Кітапханадан алуға менің кезегім келіп бас алмай оқи бастадым. Оралхан көріп шығуға сұрап алып, бір-екі сағаттан кейін қайтып әкеп берді.
– Қалай оқып шықтың ба? – деген сауалыма:
– Неден басталып, қалай бітетінін шамалағанмын, – деп жауап берді. Сол уақыттағы елді тамсандырған осы шығарма оны еш қызықтырмады. Оралханның терең логикасы орыс жазушысынан да артық екеніне еш шүбәм болған жоқ. Қазір ойласам ол жазу столына көп отырмай, қалаған тақырыбын ойша жан-жақты сараптап, саралап, уақыт деңгейімен үндестіріп әбден пісіп-жетілгеннен кейін жазуға кіріседі екен. Өзінің жазғандарына қайта оралмайтын себебі осы болса керек.
Біз бірге болған уақыт – кеңестік идеологияның қаһарына мініп тұрған кезі. Оның санамызда соншалықты орныққанынан болар, идеологияға сын көзбен қарау деген мүлде ойымызда болған жоқ. Оралханмен өткізген күндерімді қазіргі уақыт мінберінен сараптасам, ол сол кездің өзінде-ақ болашақты болжап білгендей. Әсіресе, тіл мәселесіне байланысты көп толғанып, тебіренетін. «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары ретінде апта сайын оны алып, әр жолының астын сызып оқитын. Әлі есімде, профессор Р.Сыздықованың тіл мәселесіне байланысты мақаласы жарық көргенде балаша қуанды. «Рабиға апай көкейде жүрген мәселелерді көтеріпті, ризамын, ойымды білдіріп, апама хат та жазып жібердім» дегені есімде.
Целиноград облысының бір аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қазақ қызы бір ауыз қазақша білмейді екен. Бір-екі күннен кейін-ақ Орекең оған «түп-тамыры жоқ идеология кімге керек?» деп тиісе бастады. Тіпті «өз ана тілімізді білмейтін саған хатшылық неге керек?» дегенге дейін барды. Біз Орекеңе басу айтып, оның жолы жеңішке әйел екенін алға тартқанымызда «ой, байғұс қазақтар-ай, бізді құртатын осы ғой» деп таусыла сөйлегені бар.
1991 жылы Оралхан «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторлығына келгенде елдегі жағдай қиын болатын. 125 мың оқырманы болған газеттің таралымы 5 мың данаға дейін құлдырады. Оқырман жинау мақсатында ақындар айтысы ұйымдастырылды. Бұған лауазымды министрліктен бастап, көп ұйымдар қарсы болды. Биліктің жазасынан тайсалмаған Оралхан көп кедергілерге қарамастан айтысты өткізіп, газет таралымы 67978 данаға жетті.
Қара теңіз жағасында серуендеп жүріп алыстан мұңартқан таудың басына қыран көзін қадап Оралханның тұра қалғаны есімде. Сәл үнсіздіктен кейін:
– Қазеке, тау басында қойшы тұр деп көз алдыңызға елестетіңізші! Біз оны тек кәсібіне қарап қойшы деп қабылдаймыз. Ал оның өзіміздей адам екенін, оның да рухани дүниелерге зәру екенін еске алмаймыз. Жүз қойдан 150-160 қозы алып жатқан олардың еңбегінің қайтарымы жоқ. Бұл – біздің халқымыздың көнбістігі. Біздің маңдайымызға қойшылық, мал бағу жазылған ба? Қазақстанда қойды елу миллионға жеткіземіз деген ұран бәрімізді қойшы болуға жетелесе керек. Етті барлық ұлттар жақсы көреді, ал солардан бір қойшы тауып берші! Болашақ аналар – қыздарымыз мал бағып, ат жалына жармасып, трактор рөліне отыруда. Бұл да – біздің болашағымызды бұлдырландырудың бір жолы ғой. Қазақтардың тез қабылдағыштығы мен ермелігін, көнбістігі мен аңқаулығын мемлекет жақсы пайдалануда, ал ғылыми, шығармашылық қасиеттерін неге пайдаланбасқа? – деп қынжыла сөйлегені бүгінге дейін құлағымнан кетпейді. Кеңестік идеологияның керітартпа тұстарын Оралхан сол кезде-ақ болжаған екен. Не деген көрегенділік?!
Қырымдағы демалыстың алғашқы жылы артымнан Әлия мен Айнұр қыздарым келді. Әлия – студент, Айнұр – мектеп оқушысы. Олардың келгеніне Орекең балаша қуанып, Симферополь вокзалынан бірге күтіп алып, пәтерге орналастырдық. Жақсыбике жұбайым сәлемдеме ретінде қазы-қарта, «Қазақстан» коньягін молынан жіберіпті. Кейде Орекең балаларға барып, «қазы мен кәртішкі қуырып жейік» деп қолқа салады. Тамақ үстінде Сырдың дәмін Алтайдың қазы-қартасымен салыстырып, бізді тамсандырып қояды. Сыр елін де асыра мақтап, біраз жерге апарып тастайтын. Өзінің тауын биіктеткенмен, өзгенің тауын аласартпайтын ғажайып жан еді. Туған жері Тарбағатай табиғатын, асқар Алтайын Орекеңдей жүрегімен сезініп, жан-тәнімен сүю әркімнің маңдайына жазыла бермеген-ау, сірә! Оның қай шығармасын алсаң да, кейіпкерлері туған Қатонқарағай мен Шыңғыстай ауылынан бастау алып жатады.
Біздің санаторияға жақын Симеиз деген елді мекендегі дүкендерді аралап жүрдік. Сөрелерде жас нәрестелердің киімінен көз тұнады. Балаларымның бәрі ересек болғандықтан, оларға ыңғайлы ештеңе кездескен жоқ.
Ойымда ештеңе жоқ:
– Оралхан, жас балаларыңа мыналардан алмайсың ба? – деп қалдым.
Кенет жанары мені тесіп жіберетіндей бір қарады да, бірден пәс түсіп:
– Қазеке, менде перзент жоқ қой әлі, – деп мұңая қалды. – «Ұйқым келмейді» деген әңгімемді оқымапсыз ғой.
Қайдан білейін? Аңдамай сөйлеп, жазушы жүрегін сыздатып қойған сол бір ұсынысыма осы кезге дейін өкінемін. Бірақ өмір шындығынан ешкім асып кете алмайды ғой.
Осы бір тосын әңгімеден кейін отбасымыз, жұбайларымыз жайлы ашық сөйлесетін болдық. Алғашқы жұбайы Айман өзімен жерлес, Мәскеуде оқыған, орысша білім алған, бір ауыз қазақша білмейтін, жүзіктің көзінен өтетіндей сұлу болғанын, үйіне тез сіңісіп кеткенін тамсана айтатын-ды. Бірақ балалы болу бақыты екеуіне бұйырмағанын, әзірге ажырасу жайлы араларында еш әңгіме болмағанын айтушы еді. Туған ағасындай болған жерлесі Ғаббас Қабышұлының естелігінен: «Ораштың бірде бар мұңын шағып, Аймаш екеуінің айырылысуға келіскендерін, «менен ең соңғы белгі осы болсын!» деп алғашқы кітабына қоштасу сөзін жазып бергенін, бірақ айырылысуға өзінің дәті шыдамағанын айтқаны бар. Мен не дейін?! «Бастарың жас, түңілмеңдер» деген жолдарды оқимыз.
Қырымға 1989 жылы бір уақытта баруға Шәміл Нұрымгереев ағамен, Оралханмен телефон арқылы келіскенбіз. Өкінішке қарай мен межелеген уақытымыздан бір апта кейін бардым. Шәміл ағамен кездесіп, «Оралхан қай палатада?» деп сұрағанымда жұбайы Айман қайғылы қазаға ұшырады деген хабар келіп, кеше ғана жедел Алматыға ұшып кеткенін айтты. Сонау Қырымда болсақ та, Оралханның қайғысына іштей ортақтастық.
– Алматыдан осы бір суық хабар келерден бірнеше күн бұрын барлық жағдайды айтып, Айманға хат жазатынын айтқан болатын. Мен «Оралхан, асықпа, амандық болса екі-үш айдан кейін Алматыда боласың ғой, Айманға сонда айтарсың деп ақыл бергенмін» деп сөзін сабақтады Шәміл аға.
Менің ойымша өр мінезді Оралхан сол бір хатты жиырма жыл отасқан сүйген жары Айманға жолдап жіберген болу керек. Ағасы әрі әріптесі Қуаныш Құрманғалиев естелігінде оның түнімен өкініш өксігінен арыла алмай, таң атқанша жылап шыққанын айтады.
Алғашқы жұбайының қазасынан екі жылдан кейін Оралхан Ардаққа үйленеді. Айхан атты ұл, Айжан атты қыз дүниеге келді. Перзенттерінің есімдерінің «Ай» дан басталып хан, жан ұғымдарымен аяқталуы, Орекеңнің сүйген жары Айманды ұмытпау үшін қойған рухани ескерткіші-ау деген ой келеді маған.
1993 жылы Қазақстанға Үндістанның Премьер-министрі Нарасимха Рао ресми сапармен келетін болғандықтан, соған орай «Қазақ әдебиетіне» үнді елі жайлы материал жазып қайтуға Оралхан Бөкей бастаған журналистер Үндістанға жіберіледі. Бұл сапардың алдында бір айдай қан қысымы жоғарылап, науқасы жайлы куәлікпен жүрсе де, Оралханға Дели шаһары қол бұлғап тұрғандай қуана келіседі. Бірақ 1993 жылдың 17 мамыры күні өзінің бұл дүниемен қоштасатынын білмесе керек. Бір естелігінде: «Календарьдың әр бетін жыртқан сайын тағы бір тамаша күнімді өз қолыммен жерлегендей саусақтарым дірілдеп кетеді. Қазіргі адамдардың барлығы асығыс. Бірақ қайда асығып бара жатқанын өздері де білмейді. Білсе, асықпас еді ғой» деп жазыпты.
Елу жылға толар-толмас аз уақыт ішінде қыруар іс тындырған Оралхан қайда асықты екен? Оралханның қазасын естігенде оның соңғы демін Алланың құзырына тапсырар уақытта қасында журналист жерлесім Нұртөре Жүсіп інімнің болғанына іштей тәубе еттім. Белгілі журналист Әмірхан Меңдеке Оралханның қазасы жайлы: «Қиян шеттегі Үндістанның Делиінің «Тәж Махал» қонақүйіндегі оңаша бөлмеде жападан-жалғыз, сапарлас серіктеріне де жалғыз ауыз сөз айтпай, жым-жырт қалыпта, тыныш, оқшау күйде жылжып келіп, пәни дүниенің өлшеулі сүрлеуін артқа тастап, бақи дүниенің болжаусыз соқпағына бет бұрар ақтық сынның үстінде дәл осылай байсал тауып баз кеше алу, дауасыз өлімді де дәл осылай жүрегі дауалап жым-жырт қалыпта, тыныш күйде қарсы алу ірілердің ғана үлесі шығар» деп жазыпты.
Оралханның артында ұлы Айхан төрт жасында, қызы Айжан үш жасында жетім қалса, ал жұбайы Ардақ жастай жесір атанды. Оралхан қызы қатты ауырғанда Жаратушымызға: «Қайтейін? Қайсыбірін айтайын? Өзімді алып, баламды қалдырсаңшы, Аллам!» деп жалбарыныпты. Оның осы өтініші орындалғанмен, қазасын тек отбасы емес, бүкіл қазақ елі аза тұтты. Ақын Жүрсін Ерман сөзін жазған жоқтауды халық хормен айтқанда бүкіл ел күңіренді. Алла тағалам Оралхандай тума таланттарға мүмкіндікті молынан бергенмен, ғұмырын қысқа етіп құзырына тездетіп алуға асыққан ба, қалай? Ұлыларды кіндік қаны тамған туған топырағы – Жер-Ана құшағына алуға асықпайтындай. Дәлелім: Алаш арыстарының біразын айтпағанда, ұлы Мұхтар соңғы демін Мәскеуде, адамзаттың Айтматовы Германияда, қазақтың Қалтайы Мәскеуде, Алтайдың ақиығы Оралхан Делиде Алланың құзырына тапсырды.
Оралханның кеткеніне 30 жыл толды, қыркүйек айында тірі болғанда сексеннің сеңгіріне шығар еді. Өр мінезді қаламгерді қазақ халқы мәңгі ұмытпайтынына бек сенімдімін. Сыр елінде де оның өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өтуде. Үш жылдың ішінде Қырымның оңтүстік жағалауында танысқан, талай сыр бөліскен Оралхан бейнесі көз алдымда. Алматыға барған кездерімде бірге болып, Қырымда айтылмай қалған әңгімелерімізді жалғастыратынбыз. Ал бүгінгі көңіліме медеу тұтатын жәдігерлерім – бірге түскен суреттеріміз, «Күллі Қызылордадан келген досым Қазыбайға құрметпен ұсынамын» деген қолтаңбасы. Бұған да шүкір!
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<