Қала тұрғыны Бибісара Өксікбаева жетпістен асқан шағында сахнаға көтеріліп, елдің алдында мерейі үстем болды. Саналы ұрпақ тәрбиелеген ақ жаулықты анаға облыстық қорғаныс департаментінің бастығы, полковник Айдын Сағынбеков «Офицердің анасы» төсбелгісін тақты.
Себебі баласы Шәріпбай Шахизадаұлы Жалағаш аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысының орынбасары қызметін жемісті атқарып жүр. Шені − подполковник. Ол әр жылдары Алматы облысы Іле ауданында байланыс әскери бөлімінде, Семей қаласындағы Шығыс өңірлік қолбасшылығының басқармасында взвод командирінен торап бастығы, аға офицер болып қызмет етті. Сондай-ақ Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери институтында қызмет бастығы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, Қарағанды қаласындағы Астана өңірлік қолбасшылығының басқармасында аға офицер қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде Жалағаш аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысының орынбасары ретінде әскери бөлімшелерді жасақтау, жастарды әскерге шақыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, аудандағы жұмылдыру жұмыстарын жүргізуде. «Жақсы ұл – жанған шырақ» демекші Шәріпбайдың қорғаныс істері саласындағы еңбегі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен еленген.
Офицердің анасы Бибісара Өксікбайқызы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіріп, Қызылорда қаласында жобалау институтында және жобалау мекемелерінде бөлім басшысы, аға инженер қызметтерін атқарған. Қызмет істей жүріп, бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлгенін айтады.
− Біздің уақытта жұмыссыз жүру деген жоқ еді. Күндіз-түні ірі жобаларды жасауға қатыстық. Арасында үйге барып балаларды тамақтандырып, бірін сабаққа жіберіп, бірін күтіп алып та үлгеретін едік. Ұлдар бокс, күрес үйірмелерінен қалмайтын. Жолдасым Шахизадамен бірге ұл-қызды жеткіздік. Оларды оқыту, маман болуына жол көрсеттік. Аллаға шүкір, бәрі − өз саласының үздіктері. «Баласы жаман туғанның әкесін түйе үстінде ит қабар» деген, осылардың жаманатын естімесек болды, − дейді ардақты жан.
Аяулы ананың қызы Шолпан − кеден саласының үздігі, ұлы Шохан − құрылыс саласының білікті маманы. Немересі Шерхан да өнерлі жігіт болып өсіп келеді. Білімді, тәрбиелі ұл-қыз өсірген әзиз ана бүгінде немерелерінің ортасында қарттықтың шуағына бөленіп отыр.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<