Зинабдин Шермұхаммедұлы! Бұл – биік деңгейде айтылатын есім. Шын мәніндегі білімі мен білігі, ой-өрісі, пайым-парасаты биік, көзқарасы мығым, артық сөзден ада, барды місе тұтып, кемді кемелдігі жеңген ақыл-парасат иесі.
Зинабдин Шермұхаммедұлы Жаңақорғанның Түркістан облысымен шекаралас аймағындағы қарт Қаратаудан бастау алатын «Бесарық» өзенінің бойындағы «Кеңес» ауылында 1943 жылы дүниеге келген. Саналы ғұмырының 60 жылға жуық уақытын білім саласын дамытуға, жастарды тәрбиелеуге арнап, елдің құрметіне бөленді. Еңбек жолын қарапайым ауыл мектебінде мұғалімдіктен бастап, КСРО білім беру ісінің озық қызметкері, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанып, бірнеше рет Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие болды. Аудандық білім бөлімінің басшысы, аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілді.
Зинабдин ағай білім саласын дамытумен қатар 30 жылдай уақытын мектеп директоры қызметіне арнап, мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп, әріптестерінің құрметіне бөленді. Ауыл мектептерінің білім сапасы мен материалдық базасын дамыту бағытында ғасырға татитындай іс атқарды. Осындай ізгі істерінің нәтижесінде есімі елге танылып, жоғары марапаттарды иеленді. Қолынан іс келетін білікті мамандарды таңдап-тауып, сенім арту – білгір басшыға тән көрегендік десек, сол сенімді бүкіл ақыл-ойы мен күш-қуатын жұмсай отырып, абыроймен ақтап шығу да – нағыз өнеге-ерлік дер едік. Қазақ баласының қатарынан кем қалмай, алға адымдап келе жатқаны осындай ұлағатты ұстаздардың салған сара жолының арқасында деуімізге толық негіз бар. Ол көп адамның қолынан келе бермейтін таңғажайып істерді тындырып, көп адамның батылы жете бермейтін істерге тәуекел етті. Сондықтан көп адам жете бермейтін асқақ абыройға кенелді.
Зинабдин Шермұхаммедұлы – қара сөздің қасиетін танитын, ішкі ойын жеткізе алатын шешен, ұлттық құндылықтарды жетік білетін, қазақы дәстүр мен ғұрыпты дәріптей алатын білгір, ұлттың тілі мен ділін қорғай алатын табанды тұлға.
«80-нің сеңгірінен қарап тұрсам балалық шағым тым тар болды. Асық атып алаңсыз ойнап-күлетін шағымда мал бағып, жүгері масағын жинап, ала таңнан тұрып, ата-анама қолғабыс қылуға тырыстым. Адам баласы жаспен емес, жауапкершілікпен есейеді. Өмірдің өзі мені талмас табандылыққа баулып, қызметтің қай саласында жүрсем де тыңғылықты еңбекпен нәтиже шығарсам деп қызмет етуге, атқарған барлық қызмет сатысында ел алдындағы жауапкершілікке атүсті қарамауға үйретті. Сүйікті салама деген адалдық мені биік шыңға алып шықты. Ал ел мүддесіне, отбасына, әулетіне, өзіне қалтқысыз қызмет ету әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен перзент бойына даритын тәрбие тәлімі болса керек. Сондықтан мен бірінші Аллаға, екінші өмірге әкелген, аялап өсірген әкем мен анама алғысым шексіз», – деп ата-анасына деген сағынышын айтып отырады.
Жалпы Зинабдин ағайдың айтқаны да, жазғаны да көптің көңілін дөп басып отыратындығымен еректенеді. Қай мәжіліске, пікірталасқа, қай ауыл, қай қауымға барса да, өзінің энциклопедиялық білімімен ерекшеленіп, көптің ортасынан ойып орын алып, оқшау қошеметтеліп жатады. Қолына қалам алғалы халықтың сөзін сөйлеп, әр мақаласында халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді қозғап, білім беру мен жастар тәрбиесін жетілдіру бағытындағы өмірлік тәжірибесін бөлісіп, ұлттың тілі, мәдениеті мен тәрбиесі тақырыбында қалам тербеп, уақытысында замандас, әріптес-дос болған тұлғалардың өмір жолы мен жетістіктерін, адами болмыстарын көркем тілмен суреттеп, жас ұрпаққа насихаттап келеді.
Ағай 80 жасқа өзінің мінсіз мінезімен, бәйтеректей беріктігімен, маңдайына жазған ырыздығын адал еңбегімен теріп, елге танымал, қалың жұртына қадірлі азамат атанып, сергек көңілмен келіп отыр. Бір бойына біткен абзал да адами қасиеттерін тани алсаң, арда азаматтың жан сырына қаныға түсерің анық.
Бір сәтке сұхбаттасып қалсаң, таусылмайтын шежіре. Қазіргі қоғамда белең алып баратын жағымсыз әрекеттер, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтардың құлдырап бара жатқаны көңіліңді құлазытса, сол сананы сергітіп, намысыңды қайрайтын рухты сөздері ерекше бір күш сыйлайтынын байқаймын. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген тәмсіл бар. Көп жасадым деп айтпаймын, бірақ көпті көрдім. Сендер бақытты жансыңдар. Әке мен ананың алдында еркелеп өстіңдер. Бізде балалық шақ болған жоқ. Тағдырдың небір тартысқа толы тауқыметін көрдік. Қиындыққа төздік. Өмірдің барлық жағдаяттарына дайын болуларың керек. Біздің жас кезімізде ақыл айтып, бағдар берер ағаларымыз болған жоқ. Бізден білмегеніңді сұрап қалудан қысылмаңдар, – деп абыздық ақылын айтудан еш танған емес.
Зинабдин ағайдың өмірге келген заманы өте ауыр болды. Халқымыздың басына қиыншылық туған, зұлмат соғыс жылдарына сәйкес келді. Сол заманның барлық қиыншылық, барлық ауыртпалығы сол ұрпақтың мойнына артылды, арқасына батты. Сонымен таласып жүріп бұл кісілер білім алып, мектепке барды. Сол заманның ауыр кезеңінен тірі қалған балалардың барлығы өте пысық, еті тірі болып өсті. Аштықтың орнын арманмен, жоқтықтың орнын талаппен, жетімдіктің орнын жігерімен толтырып, өз бағытын өзі сомдаған, жасампаз ұрпақ болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында дүниеге келген бұл буынның біз әңгіме етіп отырған өкілінің мерейлі жасқа келіп, сүйікті болуы екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ деп санаймын. Осының бәрі – өмірге, өнерге, мәдениетке, айналасына адалдықтың, тазалықтың арқасында келген абырой. Ең бастысы, оны ұстап тұру да – текті тұлғаның қолынан келетін іс. Атақты өнер тарланы Асанәлі Әшімов: «Біреулерге атақ берген, біреуге соны ұстап тұратын абырой бермеген», – деп айтқанындай, Алла тағала Зинабдин ағайға сол атақты да, абыройды да ұстап тұратын кемел ақыл берген. Рухани құндылыққа адалдықтың, елге қызмет етудің бек үлгісі осындай болса керек.
Осының барлығы қайдан басталды? «Бұлақ басынан тұнады», «Көп қасиет ата-анадан келеді» деген даналық бар. Осынау тектіліктің басында Шермұхаммед атамыз бен Кәделі әжеміз тұр.
Қазіргі таңда жоғары деңгейде көтеріліп жүрген, рухани сұранысқа ие Зинабдин ағайдың ұлттық құндылықтар бағытындағы әңгімелерінің қағазға түскен нұсқалары әрбір оқырманды ойландырмай қоймайды. Өңірлік газеттердің тұрақты авторына айналған ағайдың жарияланымдары өте құнды. Халықтан биік сыншы жоқ. Осының өзі табанды еңбектің рухани жетістікке айналғанының бір белгісін білдірмей ме?!
Ұстаз – білгенін үйретуші ғана емес, өнегелі адам. Шәкірттерін алаламайтын, барлық жастардың бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі.
Апта бойы өзі қызмет еткен Жаманбай батыр ауылдық округіндегі Ж.Қыдыров атындағы №54 орта мектеп пен Т.Әбдірашов атындағы №239 орта мектепте, аудан орталығындағы №3 мектеп-гимназияда, мәдениет үйінде өткен мерейтой иесімен кездесуге арналған іс-шаралардың барлығы ұлағатты ұстазды ұлықтаудың жарқын көрінісі болса керек. Зинабдин ағай мұндай құрмет пен қошеметке өзінің ізгілік қасиетімен, бекзада болмысымен, жан дүниесінің адалдығымен кенеліп отыр.
Жандос ЕСІРКЕПОВ,
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің
қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<