Сыр бойындағы әйел-аналардың көшін бастаған Рахима Қаржаубайқызы Ахметовамен бірінші рет кездескен адам оны қаталдау деп ойлайды. Мен де алғашқыда кабинетінің есігінен имене аттағам. Сегізінші наурыз қарсаңында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымынан сұхбат алу – дәстүрге айналған жұмысымыздың бірі. Рахима апайдың бос уақыты жоқ екені қайта-қайта шалынған телефон қоңырауынан, есік қағып кіруге рұқсат сұрағандардың көптігінен байқалып тұрды. Осындай қауырт жұмыс арасында әйел-аналардың қоғамдағы рөлі, отбасы құндылығы, осы бағыттағы комиссия жұмысы жайлы аз-кем әңгімелестік.
Ол кісі сөзін бастағаннан бірінші көргендегі ойдан жұрнақ та қалмады. Әйел-ана, қыз-келіншектердің, отбасының, бала тәрбиесінің уақыт алға тосқан күнделікті проблемаларын қатып қалған ресми деректермен үстемелеген жоқ. Бәрін алақандағыдай анық етіп түсіндірді. «Отбасы мен жұмысын қатар алып жүрген, бала тәрбиесін шет қалдырмаған, ағайын-туыстың да сый-құрметіне бөленген әйел-аналарды құрметтеудің, айналасына үлгі етудің қандай қолжетімді әдістері бар, соған сүйеніп жұмыс атқара беруіміз керек» деді.
Сол жолы бір салаға жауапты ресми тұлғадан гөрі жаныма жақын адаммен сырласқандай болып, оның кабинетінен қанаттанып шықтым. Бұл қытымыр қыс ақ көрпесін жинап, көгілдір көктемнің алғашқы лебі сезіле бастаған мезгілде Рахима Қаржаубайқызының әйел жанының сұлулығы, гүлдей нәзік бола тұра тастан берік табандылығы туралы өнегелі әңгімесінің әсері еді.
Тағы бір сұхбат барысында «Ата-ананың материалдық жағдайын жасаумен перзенттік парыз өтеле ме?» деген сауал төңірегінде ой өрбітті. Рахима апайдың анасының інісі Қадыр қан майданнан туған жерге оралмаған екен. Ұрқия әжесі баласының жолын тосумен өмірден өтіпті. «Әжем жарықтық перзентінен бір хабар біле алмай дүниеден өтті. Енді бұл арман анамның да ішінде кетпеуі керек деп көп іздендім. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ, архивті ақтарып, Қадыр көкеміздің Қызылордадағы алғашқы оқу орындарының бірі Кеңес сауда техникумында білім алғанын анықтадым. Сол кезде анамның қуанғанын көрсең, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай жүзінен нұр шашылып тұрды. Көзкөрген кісілерді шақырып ас берген едік, қайта-қайта ақ батасын жаудырды. Менің де перзенттік парызымның бір мысқалын өтегендей көңілім жайланды» деді.
Ол анам дүниеден өтіп, көңілімнің төрі босап қалған уақыт еді. Рахима апай айтқан перзенттік парыз туралы пайымнан кейін «Шешеме не жақсылық көрсеттім?» деп өз-өзімді іштей жейтін әдетімнен біртіндеп арыла бастадым.
Рахима Ахметова – Кеңес одағы тарап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген өзгерістер кезеңінде белсенді еңбек еткен білімді, табанды буынның өкілі.
Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын елімізде Президент жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және демографиялық саясат жөніндегі кеңес құрылғаны белгілі. Сол жылдары Қазақстан отбасы және әйелдер мәселесімен айналысатын арнаулы институты бар санаулы мемлекеттер қатарында еді. Үш жылдан соң осы кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия болып қайта құрылды да, құқықтары мен өкілеттігі бұрынғы кеңеске қарағанда әлдеқайда кеңейтілді.
Ұлттық комиссияға әйелдердің жағдайы мен отбасылық-демографиялық ахуал мәселелерiн талдау, мемлекеттiк органдарға ұсынымдарды тұжырымдау міндеті жүктелді. Әйелдер мен ерлер мүмкіндігінің теңдігіне қол жеткiзуге, әйелдер арасында кәсiпкерлiктi одан әрi дамытуға, еңбек нарығында әйелдердiң бәсекеге қабiлеттiлігiн арттыруға, еңбекті үй шаруасымен және бала тәрбиесiмен ұштастыруға, отбасы институтын нығайтуға жәрдемдесті. Сондай-ақ отбасындағы зорлық-зомбылықты түбiрiмен жоюда, ерлерге, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестiң халықаралық тәжiрибесiн енгізуде, халыққа гендерлiк бiлiм беру мен оқу-ағартуда, демографиялық жағдайды жақсартуда белсенділік танытты.
Рахима Қаржаубайқызы облыс әкімінің кеңесшісі, Қызылорда облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияны басқарған кезде жұмыс бабымен аудан-ауылдарға жиі барып, қыз-келіншектермен кездесетін, сырласуға да уақыт табатын. Сонда ескінің тағылым алар тұстарын да, өмірімізге дендеп енген жаңашылдықтарды да қабылдауды насихаттайтын. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, ер-азаматтар абдырап қалған кезде қазақ әйелі жасаған ерлікті үнемі үлгі етіп айтып жүреді. Отбасы құндылықтары туралы айтпас бұрын өзі сапарлап барған ауыл-аймақта қандай үлгілі ата-ана, келіндер бар соны жіті зерттейтін. Сосын ауыл жұртшылығының көз алдындағы жандардың бала тәрбиесіндегі, отбасындағы жетістіктері туралы айтуға тырысатын. Кейінгі онжылдықта жыл сайын ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» конкурсының да көздеген мақсаты осы. Оның ойынша, кемшіліктерді көзге шұқып көрсете бергеннен, жақсылық пен ізгілікті насихаттаған нәтижелі болмақ.
Рахима Ахметова республикалық іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп, әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі жұмыс атқарды. Өйткені қазақ аналарының табанды, іскер, ең бастысы, отбасының берекесін бірінші орынға қоятыны тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дәлелденді. Кәсіптің сан түрін меңгерген қыз-келіншектердің өз өнімдерін шығаруына, оны саудалауға деген талабын ұштау керек болды. Соны негізге алып облыста, аудандарда «Қанатты әйел» идеялар мен тауарлар жәрмеңкесін өткізді.
Сондай-ақ қазақ әйелінің беделі мен мәртебесін биіктету, қоғамдағы орнын жоғарылату мақсатында «Бойтұмар Ханым» қоғамдық қорын құрып, өскелең ұрпаққа ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттауда аянбай еңбек етті. Бүгінде «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күші Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Республикалық бірлестік 2019 жылы құрылған, барлық аймақта өкілдіктері бар. Құрамына әйелдердің 140 үкіметтік емес ұйымы енгізілген.
Жастайынан ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында жүріп мол тәжірибе жинақтаған, өзінің өмірлік ұстанымына берік Рахима Қаржаубайқызының жан әлемі әдемі. Жаспен де, жасамыспен де бірден тіл табыса алатыны, істің тетігін таба білетіні үлгі тұтарлық. Жұмысын комсомолдан бастаған, мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өткен адам ретінде тәртіпке бағынуды, уақытпен санасуды, бастаған жұмысты соңына дейін жеткізуді бірінші орынға қояды.
Рахима Қаржаубайқызы бүгінгі қоғамның жаңашылдықтарын қалт жібермейді, жас ұрпақтың қызығушылықтарын, замана беталысын зерттеп жүреді. Ертеңгілік бүлдіршіндерін жетелеп балабақшаға асыққан жас ата-аналарға қарап, кешегі күннің қиындықтарына мойымаған, отбасы құндылықтарын бәрінен жоғары қойған өз қатарластарының арқасында жастардың осындай бақытқа қол жеткізгеніне қарап шүкір етеді. Бүгінде мерейлі жастың табалдырығын аттаған, парасатын ізгілікке жалғаған Сыр бойының қайраткер қызына мықты денсаулық тілейміз!
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»






