Жерлесіміз, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі жазушы Қуаныш Жиенбай асқаралы 70 жасқа келді. Менің Қуаныш досым –кешегі Ғабит, Сәбит, Ғабидендердің көзі тірі жалғасы, атақты көркемсөз шебері, кеше ғана дүниеден 98 жасында өткен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің сүйікті шәкірті, ізетті ізбасары.
…Әдетте, шығармашылық адамдары жайлы шынайы жазып, шырайын кіргізіп, оқырман оясынан ойып орын алатындай тәп-тәуір дүние жазып тастасам дейсің. Бірақ ақ парақты алдыңа өңгеріп, енді жазуға жан салып кірісе бергенде… ормандай ойың сұйылып, айтайын дегенің Аралдың табанындай ақ сорға айналып жүре беретіні бар ғой. Бұл жолы ойда жүрген тақырыбым оң жамбасыма келе қалмасы бар ма.
Кейіпкерім – өзімнің түйедей құрдасым әрі сыныптасым, Көнебөген ауылының қасиетті ақ шағыл құмында бір жылы дүниеге келіп, бірге өскен жазушы досым Қуаныш Жиенбай. Ауылдың үлкендері айтқандай, аш-жалаңаш елді көне шинелімен жүріп, жеңіске жеткізген Сталин көкеміз қайтыс болып, «Қаратүп» колхозының үлкен-кішісі ұлардай шулап, азан-қазан жылайтын «кесапат» кезеңнен бір жыл бұрын дүниеге келіппіз. Осы ауылда қашан кәмелеттік жасқа жеткенше көрші тұрдық. Аналарымыз бен әжелеріміздің аяқ-табақтары аралас, әкелеріміз талаптас болған қарапайым жандар еді.
Қуаныштың қос әжесі Әлима мен Жаңыл марқұмдар, менің әжем Күлпарам үшеуі шуақта ұршықтарын иіріп отырып, ертелі-кеш сырласушы еді. Сол кездері о кісілер 60 жастың о жақ, бұ жағында екен-ау.
Біз дүниеге келіп көзімізді ашқанда алдымен көргеніміз шетсіз-шексіз көк теңіз болатын. Тымық күндері шырадай тұнып жататын бұл әлемді Арқадан дауыл тұрғанда көрсең… Құдды атақты суретші Айвазовскийдің әйгілі «Тоғыз вал» атты дауыл күнгі теңіз туралы картинасы көз алдыңда көлбеңдеп тұратын еді. Айнала әлем астаң-кестең. Ұлы теңізден күнделікті нәпақасын тауып жүрген балықшы атаулының қара қайықтары, үлкенді-кішілі кемелер көшкілерін (көшкі – Арал теңізі жағалауындағы кәсіп иелерінің кәсіби қолданыстағы сөзі. Анығын былайғы жұрт «зәкір» деп атайды. Шынында «якорь» деген орыс сөзінің қазақша түрі) сүйретіп жағалауда шөккен түйелердей теңкиіп-теңкиіп жатады.
Теңіз жағалауында өскен біз үшін кемелердің дауылда далаға шығып қалғаны аса таңсық емес. Көз үйренген әдеттегі сурет. Біз үшін қызығы – кемелерді, қайықтарды суға қайта түсіру қамында жанталасқан жағалаудағы күнұзағына тынбайтын тірлік. Бір жағына қарай қисайып жатқан дәу кемелердің балдыр басқан тұмсығын, бауырын түрткілеп, теңіз түбіндегі тіршілікті ойша елестетеміз. Себебі өмір бойы теңізде өскен, теңіз кешкен бұл араның адамдары қайдағы су патшасы Сүлеймен, оның айдай ажарлы, күндей көрікті балық қызы және су астында жатқан қырық қала туралы аңыз әңгімелерді айызыңды қандыра айтып отыратын. Біз білсек, сол Сүлеймен патша, оның балық қызы, теңіз зауқайым тартылып кетіп, қайта тасығанда су табанында қалған қырық қалаға осы кеменің қыр тұмсығы куә болған шығар-ау. Сондықтан қызу жұмыспен қарбалас жүрген үлкендердің көзін ала бере әлгі кеме тұмсығына қолымыз жетпеген соң ұзын қамыспен түртіп әуреге түсіп жататынбыз. Сол дауыл күндері жағалаудағы жатаған үйлеріміздің қырық құрау терезелерін ақжал толқын мөлдір моншақтарымен жуып жататын.
Біз кейде бұл көріністі үйдің ішінен таңдана, тамсана қарап тұрамыз. Сыртта терезе әйнегін үздіксіз жуып жатқан толқын тамшыларына қарап, өзімізді аквариум ішіндегі балықтардай сезінетінбіз. Бұл – менің балалық шақтан есімде қалғаны.
Жоғарыда болашақ прозашы Қуаныш екеуміздің өскен ортамыз балықшы қауымы деп айтқан болатынмын. Оның қызығы көп шыжығын теңіз жағалауында өскен біздің замандастарымыз жақсы білсе керек. Бұл – басқалардан гөрі табиғаты өзгеше қауым. Мінездері бірде дауыл күнгі теңіздей буырқанса, енді бірде тымық күнгі теңіз айдынындай жайбарақат, әзіл-қалжыңдары өткір болады. Өтірік көлгірсімейді, қулық-сұмдықпен туасылы ісі жоқ адал жандар. Шындықты қанын сорғалатып бетің бар, жүзің бар демей шыр-пыры шыға алдыңа жайып салады. Құдды Қуаныштың кейіпкері Үргенішбай қария есіңе түсетінін қайтерсің осындайда.
Міне, біздің көргеніміз, өскен ортамыз осындай адамдар болатын. Сонан ба, Қуаныш досым кейіпкерлерінің көбісі – адал, шыншыл, өтірікке жаны қас Арал теңізі жағалауындағы ақпейіл адамдар. Сірә, жазушының жазу-сызу өнеріне келіп, біртіндеп қолтаңбасы қалыптасуына өскен ортасы себепкер болса керек. Өйткені оның кітаптарының бәрі дерлік Аралдың кешегісі мен бүгіні туралы, теңіз-анамыздың басына төнген экологиялық ауыр зардаптары аз болғандай, көршілес Байқоңыр ғарыш айлағынан аспан әлеміне самғап жатқан зымырандардың зиянды қалдықтары жазушы шығармаларынан сырт қалмайды. Кітаптарының аты айқындап тұрғандай, тағы да қайталап айтамыз, Қуаныш Жиенбай шығармашылығының алтын арқауы – Арал мәселесі, оның ақжарқын адамдарының тіршілік-тынысы. Мысалы, жазушының «Жалғыз желкен», «Теңіздегі бір тамшы», «Жер үстінде де жұмақ бар» және кітаптары Арал-анамызды айналып өтпейді. Тіпті «Құлан жанарындағы ғұмыр» атты повестер мен әңгімелер жинағында да Арал тақырыбы анадайдан «алақайлап» көзге шалынады. Мысалы, автордың осы кітапқа енген «Айың тусын оңыңнан» атты әңгімесінде өзі туып-өскен Көнебөген ауылы көрініс табады. Оны жазушы төмендегіше суреттейді: …Теңізі тартылып, шаңдағы бұрқыраған Көнебөген ауылына мұрнын шүйіргісі келсе, кімнен қорқады, шүйіреді. Заңға тарта алмайсың. Бекет пен балықшылар ауылының тағдыры жер мен көктей.
Немесе «Паромшының портреті» әңгімесінің ұзына бойғы желісінде жазушы паромшы Аманжолдың тірлік-тынысы, ішкі жан дүниесін жеріне жеткізе суреттей келіп, дария бойындағы Аманөткел елді мекенін де қалам ұшынан ұмыт қалдырмайды. «Тоғыз жолдың торабына айналып, хан базарындай қайнап жататын паром аузындағы менің бала күнімдегі кешегі Аманөткел бүгінгі Аманөткелге мүлдем ұқсамайды» деп, одан әрі базарлы нарық тұсындағы ауыл тіршілігі туралы толғанады. Бұл – қазіргі қазақ ауылына ортақ құбылыс еді.
Қуаныш Әлмұратұлының тырнақалды әдеби туындыларының тұсауын Арал аймағының айнасы – «Толқын» газеті кескенін оның өзі әлі күнге мақтан тұтады. Басқасы басқа, 1967 жылы осы газетте суретімен тұңғыш рет топтама балауса жырлары жарық көрді. Сондағы Қуаныштың құдды әкесі тай мінгізгендей қуанғанын көрсең ғой. Сол топтамадағы «Асау» атты өлеңінің бір шумағы менің әлі күнге есімде.
Асау келед ырық бермей қастанып,
Көргенім жоқ қаһарынан жасқанып.
Мені аяп қалған байғұс сұлудың,
Жанарынан кеткен болар жас тамып.
Өстіп кете береді, кете береді…
Өмір жолы сан тарау. Орта мектептен соң бір-жар жыл Қазалы аудандық «Ленин туы» (қазіргі «Қазыналы Қазалы») газетінде корректор, әдеби қызметкер болып басталған Қуаныштың еңбек жолы мұнан соң ҚазМу-дың журналистика факультетіне ұласты. Әйгілі оқу ордасының алғашқы курсында оқып жүргенде «Лениншіл жаста» жарық көрген Қуаныштың «Терезелерім ағыл да тегіл жылап тұр» деген өлеңі де менің әлі күнге жадымда. Оның әскерде жүрген маған арнаған «Солдатқа хат» деген өлеңі де есімде жүр әлі. Ол өлең 1971 жылы Арал аудандық «Толқын» газетінде жарық көрген болатын. «Ой-хой, осы тұста студенттік алғашқы жылдарының өзінде-ақ оның республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде айдынды Арал жағалауының тыныс-тіршілігі туралы мәйекті мақалалары, сөз маржанын сүзген суреттемелері, ойлы очерктері жиі-жиі жарық көріп жатты. Сол тұста жас жазушы Қ.Жиенбайдың проза саласындағы тұңғыш туындысы – «Біздің Аралдың адамдары» атты көлемді әңгімесінің тұсауын республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің кескені бөгендіктердің әлі күнге есінде.
Кейін қаламгер Қуаныш Жиенбай қаршадай кезінде өзі армандаған «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің киелі табалдырығын имене аттады. Осы басылымда оның журналистік, жазушылық таланты жарқырай көрінді. Әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болды.
…Бұл күндері «Жалғыз желкен», «Теңіздегі бір тамшы», «Құлан жанарындағы ғұмыр», «Жер сілкінісінен бір жұма бұрын», «Ән салуға әлі ерте», «Екі оттың ортасы», «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Құдайыңызды ұмытпа», «Жизнь в глазах кулана», «Қателесесің, қымбаттым», «Елде жоқ ережелер», «Жиделітоғайдағы жеті күн», екі томдық шығармалар жинағы, «Күн түспейтін терезе», «Жер үстінде де жұмақ бар», «Күздің жылы жаңбыры» кітаптарының авторы және бірқатар драмалық шығармалары республикалық театрлардың сахналарынан ойып тұрып орын алғанын көрермен қауым орынды мақтан тұтады. «Сырдария кітапханасы» сериясы аясында жарық көрген қос томдығы және басқа прозалық кітаптардың авторы атанған Қ.Жиенбайдың кейіпкерлерінің баршасы Арал аймағының, оның ішінде жазушының кіндік қаны тамған қасиетті Көнебөген елді мекенінің ақпейіл адамдары…
Кезінде майталман прозашы Қ.Жиенбай республикалық «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Әсіресе оның сексенінші жылдардың аяқ шенінде осы әдеби бәйгенің ортасынан ойып орын алған «Мен баламын ба?» повесіне сол кездері аузы уәлі, сөзі дуалы аға буын, орта буын өкілдері бірсыпыра мақтау лебіздерін айтты. Сондай-ақ қайбір жылы «Астана-Бәйтерек» республикалық жабық әдеби конкурста кезекті кесек шығармасы бас жүлдені иеленді. Ол ол ма, менің досымның әдеби бәйгелерде мерейі үстем болды. Осыдан бірер жыл бұрын Халықаралық «ПЕН-клуб» сыйлығының иегері, «Алтын қалам» әдеби жабық бәйгесінде хикаяты мен драмалық шығармасы қатарласа жүлдегер атанды. Бірақ тумысынан қарапайым қаламгер сол бәз-баяғы қалпынан айнымай, бірінен соң бірі жаңа туындыларын жарқылдатып жазып жатты. Бұл – жазушының айнымас, айырылмас дағдысы болатын.
Қараңызшы, ашық, жаймашуақ күндердің өзінде телегей теңіздің беті тып-тынық болып, сілтідей тыныш жатқанымен, терең түбі қайшыласқан ішкі ағыстар мен алапат иірімдердің құдіретімен толқып, тебіреніп жатады. Сайып келгенде, теңіздің тіршілігі – ағыстары, балықтары терең түбінде. Содан болар, теңізде туғандар теңізге ұқсайды, мінездері осы бір жаратылыс тылсымнан аумайды. Ашығын айтсақ, біздің досымыз, толқында туып, толқында өскен Қуанышта да осы тектес, текті бір мінез бар. Сырттай сыпайы, сырбаз мінезді көрінетін Қуаныштың жан дүниесі теңіздің ағыстарындай шымырлап тербеліп, толқып жатады. Бұған дәлел, Қуаныштың сүмбіледей сүйсіне жазатын образдары осындай… Қуаныш Жиенбайдың жаны, жүрегі, шығармашылық мақсаты сол – өзінің туған топырағынан, толқынды теңізінен екі елі ажырамайды. Қуаныштың неге көңілі құласа, өзі алған әсеріне қарай соған ғана қалам тартады. Ол Арал адамдарының бейнесін боямасыз әдебиетке әкелді. Қазіргі қазақ сөз өнерінің бүгінгі бір сарбазы – жазушы Қуаныш Жиенбайдың кітаптарын оқып отырғанда, теңіздің ақ бас толқындарының дүбірі құлаққа келеді, шуда-шуда шалаңның иісі мүңкіп шығады, теңіз жағалауында төңкеріліп жатқан қайықтар көз алдыңа келеді. Тау-тау болып үйілген шеге құмның жоталары көз алдыңа көлбеңдеп тұра қалады…
Қазақ прозасына өзіндік өрнегімен, айшықты қолтаңбасымен келген Қуаныштың «Жалғыз желкен», «Теңіздегі бір тамшы», «Қайықшы», «Паромшының портреті», «Көпір» атты әңгіме-повестерінің кейіпкерлері – Арал аймағында адал еңбегімен күн көріп жүрген қарапайым адамдар. Шетінен жаны сірі. Шаруаны қолға алса, үлектей жапырады. Қыршаңқы әңгімеге келгенде қамшы салдырмайды. Кейде мінездері теңіздің тылсым тыншыған сәтіндей момын. Намысына тиді екенсің, Аралдың ақ бас толқынындай тулап қоя береді. Табандарынан су кеткенімен, жүректерінен жыр кетпеген аралдықтардың типтендірілген мінездемесін Қуаныш айна-қатесіз жасайды.
Қазақ әдебиетінің қазіргі аға буын прозашыларының арасындағы шоқтығы биік жазушы, жүйрік журналист Қуаныш Жиенбай қай шығармасында болсын өмірдің, адамның жан дүниесінің иірімдеріне үңілді, не жазса да тек өзінше, Қуанышша жазуға тырысты. Сол деңгейге шығып, сол үрдістен жаза баспай келеді. Қуаныштың оқырманын сүйсінтетін ең басты қасиеті – біздіңше, жоғарыда атап өткеніміздей, кімді, нені жазса да, суреттесе де, соны сағынып, толқып, тебіреніп, жүрегін жібітіп отырып жазатыны.
Қуаныш Жиенбайдың көркем шығармаларына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжан көзі тірісінде әнебір жылдары жоғары баға бере келіп: «Әр жазушы өз шындығын иманшарт тұтады, өзінің шыққан шоқысын тау көреді. Оқырман қауым осы күндері өңкей «мықтылардан» кімнің кім екенін айыра алмай, әбден шатасып кетті. Кітап шығарғанның бәрі жазушымын деп кеудесін сабалайды. Абайлап өмірге тура қарасаңыз, шындық олай емес қой. Әуелі тірі сөз бен өлі сөздің ара-жігін айырар қабілет, аура қажет. Өмірді бояумен, тірі сөзбен көре білудің өзі – өнер. Сөйлете білсең ғана жазушысың. Қуаныш осы баспалдақпен біртіндеп көтеріліп, енді сол суреткерлік әлемнен өз бояуын, өз шындығын, өз стилін тауып үлгірген» деген еді. Сонан бері Қ.Жиенбай қаламгерлік шеберлігін ұштап, сақа суреткерлік дәрежесіне көтеріліп келеді.
Ойлап отырсаң қазақ прозасының алпысыншы жылдарғы көрнекті өкілдері жаңа ғана біздің кейіпкеріміз – Қуаныш Жиенбай туралы тұшымды лебізін білдірген Дүкенбай Досжанов, одан әрі Сайын Мұратбеков, Қабдеш Жұмаділов, Мағзұм Сүндетов, т.б. болса, жетпісінші-сексенінші жылдарғы келесі толқынға Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қажығали Мұқамбетқали, Жақсылық Түменбаев, Жақау Дәуренбеков, Марат Қабанбай, Смағұл Елубай, Сайлаубай Жұбатырұлы, Молдахмет Қаназ және басқалардың өкшесін баса проза әлемінің табалдырығынан үкілі үмітпен аттаған үшінші буынға Серік Асылбеков, біздің кейіпкеріміз Қуаныш Жиенбай, Қуандық Түменбай, Дидахмет Әшімханов, Мейрам Асылғазин, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Байхонов, Несіпбек Дәутаевтарды жатқызуға болар еді.
Осы кейінгі топтың (қазір бұлардың өзі аға буын қатарында) арасынан әдебиет әлеміне әлдеқашан енген, көркем повестері, әдемі әңгімелері енген кітаптары жиірек жарық көріп жүрген Қуаныш Жиенбай есімі оқшауланып, көш басында келе жатқаны аян. Құдай берген бір пайыз талантына тоқсан тоғыз пайыз жансебіл еңбегі қосылып, маңдай тері моншақтап төгілген қаламгер қазіргі қазақ қара сөзінің алдыңғы қатарынан берік орын алғалы қашан.
Қуаныш досымның тағы бір ерекшелігі – теңіз жанды суреткер. Бұл – оның алғаш қаламын серік еткелі бойына беткен біртұтас дағдысы. Алғашқы кітабы «Жалғыз желкеннен» бастап осы күнге дейін экологиялық апат аузында отырған Арал тақырыбы оны ешқашан, ешуақытта айналып өткен емес. Әрине, теңіз тақырыбына қалам тартқан қазақ әдебиетінің өкілдері Қуанышқа дейін де болған. Мысалы, Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Шүкіров, Әнес Сарай, бұлардың бастауында тоқсан сегіз жасында бақилық сапарға аттанған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі шығармалары Каспий мен Арал теңіздері балықшыларының ерлікке тән еңбектерін көркем сөзбен кестелеген нағыз шұрайлы әдеби дүниелер болатын. Біздің айтып отырғанымыз әлем оқырмандары жылы қабылдаған әйгілі «Қан мен тер» және «Соңғы парызы» екенін көзіқарақты, көкірегі күмбірлеген былайғы жұрт біліп отыр деп ойлаймын. Осынау алдыңғы толқынның теңіз туралы хикаяттарын қаршадайынан басына жастанып жатып оқыған Қ.Жиенбайдың олардан көп нәрсені үйреніп, көп нәрсені көңіліне түйгені анық.
Айтпақшы, Қуаныш Әлмұратұлы Әбдіжәміл Нұрпейісовтей әлемдік деңгейде көрінген сөз зергерінің әдебиет әлеміндегі үміт күткен санаулы шәкірттерінің бірі де бірегейі екенін жақсы білеміз. Ол – өзін-өзі мақтамайтын, мақтатпайтын сарас сөз иесі. Арал өңірінде өмір кешкен атақты Нұртуған шайырдың «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген жыр жолдары осындайда ойға оралады. Кімнің кім екенін Алладан артық, халықтан артық ешкім білмесі хақ. Мақтаншақтық Қуаныш досымның бойында бала күннен жоқ ғадет. Бар болса тасымайды, жоқ болса жасымайды. Бұл бізге, балықшы қауымның ортасында өскен екеумізге қанмен дарыған қасиет болса керек. Өйткені біздің ауылдың адамдары аузын ашса жүрегі көрінетін, ашуланса теңіз сияқты бұрқылдап, артынша сап басылатын сарас адамдар еді. Біз бала күннен жоқшылықты, бертін келе тоқшылықты көріп өскен жарты құрсақ елдің елуінші жылдарғы түлектері болатынбыз.
Қуаныш Жиенбай жаңа сөзіміздің тізгін қағарында айтылғандай, Аралдағы ең танымал елді мекен, оны айтасыз, аты әлемге әйгілі – Бөгенде туған. Бөген – бар-жоғы сегіз жасында түйеден құлап мертігіп, өмір бойы төсекке таңылып жатса да, өз бетінше білім алып, тынбай қаламын тербеген қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіров ағамыздың, эколог жазушы Сайлаубай Жұбатыровтың туған жер топырағы, кіндік қаны тамған жері. Қуаныш жазушылық пен жанкештілік деген ұғымның егіз екеніне қаршадайынан-ақ көз жеткізіп өсіп келе жатыр.
Еңбек атаулыға ерекше қайрат дарытатын, қаламгер атаулыға шабыттың нұрын құятын қасиетті Бөген Қуанышты да киелі өнердің соқпағына салып жіберген. Кеудесі кең, алақаны ашық, жүрегі жомарт, ары таза, намысы найзағай, ізі ізгілікті, ойы өткір, қаламы ұшқыр Қуаныш сол Бөгеннен бүгінге дейін жүріп келеді. Қаламгер бақыты да осы шығар. Сондайда қаламгердің ойына алыста қалған Көнебөген ауылында өткен жадау-жүдеу, бірақ бақытты шағы оралатын шығар, бәлкім. Бәрінен бұрын Әйтеке кентінде тұратын сүйікті анасы Айымкүл тұла бойы тұңғышының өнер жолындағы жетістіктеріне шүкіршілік етеді. Сірә да, ана үміті алдамайды.
Қара сөздің жорғасы
Жас күніңнен жай таппай,
Жаздың туған Аралды.
70 келді байқатпай,
Ағартқан сәл самайды.
Биіктерге өрледің,
Болсаң жүйрік, шаршама.
Уақыт өз өрнегін,
Самайыңа салса да.
Әр таймасын жүзіңнен,
Ортаймасын көңілің.
Әтір берген қызумен,
Қартаймасын өмірің.
Топтан озсаң қуандым,
Болдың арқау жырыма.
Қаламыңды суардың,
Айдынды Арал суына.
Тайбурылдай жарыста,
Шашаңа шаң жұқпады.
Шабыс қосып шабысқа,
Қуантасың жұртты әлі.
Қарсы ал, жұртым, жебеп шын,
Қара сөздің жорғасын.
Қуантуға керексің,
Атың Қуаныш болғасын.
Айнымайтын Аралдан,
Ұшан теңіз ойларың.
Сол Аралдан жаралған,
Қаламгерлік қайнарың.
Қаламгерге қарымды,
Ықыласы зор елдің.
Шәкіртісің дарынды,
Нұрпейісов Әбеңнің.
Кітабың жүр аралап,
Байтақ елдің әр тұсын.
Жаза бер дос, саралап,
Күллі қазақ халқы үшін.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<