Қарапайымдылық –қайраткердің құнды қасиеті

1227

0

Өзіне де, өзгеге де орынды талап қоя білетін, гуманистік қасиеттерімен ерекшеленетін Сырдың саңлағы Мархабат Жайымбетов ғибратты ғұмырдың күнгей кезеңі – алпыс жасқа толып отыр. Мархабаттың марқаятын емес, мерейлі мезетінде үзеңгілес біздер оның озық орнын ой таразысына салдық.

Әдетте адам баласы дүниедегі барлық құбылысты өлшеп-пішіп, болмыс-бітімін безбендеуге ықы­ласты келеді. Бұл тұр­ғыда таразы басында Мархабат Жа­­йым­бетұлының өмір тәжіри­бе­сінен ізде­німпаздық рухы, адамгер­шілік дидары, қай­рат­керлік қарапайымдылық қасиеті ба­сым тұрады. Туабітті табиғаты бар­ға тасымайтын, жоққа жасымайтын, жомарт жүрек дерсің. Тіпті басшымын деп басынбайды, қашанда халық қызметшісі ретінде өзін елден ешқашан биік ұстаған емес.

Расында да, Мархабат Жайым­бетов бүгінде Мәжілістің мінбері­нен сөйлейтін депутат қана емес, жүрегі елі үшін соққан, қайы­рым­дылығымен, іскерлігімен, табанды­лығымен көпті тәнті еткен тұлға ретінде зор құрметке ие болып жүр.

«Тегіне тартпай ұл тумас» деген тәмсілдің өзі адам тағдырының қай­нар көзі қайдан бастау аларын айтып тұрады ғой. Одан кейін әри­не, азаматтың қалыптасуына өс­кен, жүрген ортасының да тигі­зер әсері мол. Тұлғаның өмір жолын­дағы өзіндік ізденісі, өзін-өзі тәр­биелеуі де маңызды. Осы үш қа­сиет бойында тоғысқан Мархабат Жайымбетұлының бекзат болмысы – терең білімді табысты еңбекке ұштастырып, елге пайдалы тиімді тетіктерді іске қосу болды. Сол үміт­тің сыйын ақыры жүзеге асырып, кәсіп пен нәсіптің игі нышанын көрсетті. Мақсатқа жету жолын­да біздің кейіпкеріміз бұғанасы қа­таймаған балаң шағында туған жері Қазалыдан алысқа ұзап, ілім-білім іздеді. Сол кезеңдегі Кеңестер Ода­ғының Мелиорация және су шаруа­шылығы министрлігіне бағынып, атағы дүрілдеп тұрған Қызылорда по­литехникумына оқуға түсіп, «элект­рик» кәсіби мамандығын игер­ді.

Бұдан кейін арман қуған талап­шыл жастың білім жолындағы із­денісі Ресейде жалғасты. Ен то­ғай­­дың бойындағы ерке Еділ өзе­­нінің жағасында орналасқан Вол­го­град қаласындағы беделді жоға­ры оқу орны саналатын Ауыл шаруашылығы институтында  инженер-электрик мамандағы бойынша жоғары білім алуы, кейін экономика мен басқарудың бесас­пап білгіріне айналуы – оның өзін-өзі үздіксіз дамытуға деген асқақ талпынысының көрінісі. Кейін мұ­хит асып, азуын айға білеген Аме­ри­каның Аризона штаты Йорк уни­верситетінен алған PhD дәрежесі білім шыңын бағындыруға тағы бір баспалдақ қосты. Ол білім жолында жүріп ел мен жер көрді, тың тәжірибелермен танысты, жақсыны туған өңірде жаратуды көздеді. Осы қадам оны жетістікке жеткізді.

Қайраткер тұлғаның еңбек жо­лы нақты секторда, яғни, «Аг­ро­­рем­маш» механикалық жөн­деу за­­уытында бастау алды. Бұл – Мар­ха­­бат Жайым­бетұлының аза­мат­тық тағ­дырының қайнар көзі, ал­ғаш­қы сүрлеуі болды. Қызылорда қа­ласындағы өндіріс орнында 1989-1993 жылдары қарапайым цех энер­гетигінен энерго-механикалық учас­кенің бастығы қызметіне дейін жоғарылаған алғашқы кәсіби өсу жолы одан кейінгі кезеңде Сыр мұ­найын игеруге жалғасты, респуб­ли­калық деңгейдегі жауапты қыз­мет­терге жол ашты. «Құмкөл Мұ­найда» бас энергетиктен бастап, Қы­зылорда қаласының әкімі, Арал ауданының әкімі, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымдарына дейінгі әрбір қызмет сатысы – оның ұйымдастырушылық қабілетін бағалады, басқару шеберлігін шың­дады, ел мүддесіне деген шексіз адал­дығын, туған жерге деген сүйіс­пеншілігін айқын көрсетті. Ол тек басқарған жоқ, сонымен қатар қарапайым халықтың мұң-мұқ­та­жын терең түсініп, олардың әл-ау­қатын жақсартуға бағытталған нақты әрі пәрменді қадамдар жасады. Қызылорда қаласының заманауи талаптарға сай көркеюі, Аралдың күрделі жағдайдағы экологиялық проблемаларына терең назар аударуы оның жанашырлығы, әрбір ауыртпалықты жүрекпен сезінетін кең пейілдің иесі екенін дәлелдеді. Мархабат Жайымбетұлының жетек­шілігімен бірқатар әлеуметтік ғи­ма­раттардың, тұрғын үйлердің құ­рылыс жобаларымен бірге бірқатар монументтердің де сәулеттік жобасы  дайындалды.

Мархабат есімінің өзі – оның асыл болмысының жарқын айнасындай. Ағамыздың өзі де ес білгелі өз есіміне лайық болуды есінен бір шығарып көрмегені анық. Араб тілінен келген бұл сөз ең алдымен жақсылық, мейірімділік деген ұлы ұғымдарды, сондай-ақ, іл­типат, ізгі ниет деген терең әрі жы­лы мағыналарды қамтиды. Ол тек есімімен ғана емес, әрбір ісімен де осы асыл қасиеттерді бойына сіңірген абзал жігіт ағасы, арғымақ тектес азамат. Кез келген адамға жүрегінен шыққан жылы шыраймен қарап, қиын сәтте көмек қолын созуға әзір тұратын қайырымды жүрегі – оның айналасындағы барша жанға үлгі.

Мәкеңді сырттай танып, тұлғалық қасиетіне қанық болғанымызбен, 2008 жылы қызметтік жол тоғыс­тырды. Ол Қызылорда облысы әкі­мінің орынбасары, мен облыс әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі қызметінде болдық. Сол сәттен бастап, әріптестік ақыл-кеңесін ай­туға ешқашан ерінбейтін, мол тәжі­рибесімен бөлісуге әрдайым ниетті, білікті әрі парасатты басшы ретінде таныдық. Әсіресе, сонау жылдары Сырдария өзені арнасынан тасып, елді мекендерді су басу қаупі төнгенде күндіз-түні бел шешпей, қызметін қырағы атқарды.

Мархабатты толық танып білмей жатып, оның өмірі балдай болды деп сыртынан тон пішетіндер қа­телеседі. Тағдыр таразысы оған бал­­дақ ұстауға да зар еткен кезеңді кез­дестірді. Бірақ бұл ауыр сынаққа да қабақ шытпаған қайсар тұлға қа­натын қайта қомдап, аяғына қайта тұрды.  Кейін елордаға қоныс ауда­рып, Президент Әкім­шілігі­нің Мем­лекеттік бақылау және ұйым­дас­тыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы ретінде республика көлеміндегі аса маңызды мәселелерді шешуге белсенді атсалысты. Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінде жауапты қызметтер атқарып жүрген кезінде құрылыс саласын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, жер ресурстарын тиімді басқару бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға білек түре қатысты. Бас мемлекеттік құрылыс инспекторы ретінде саладағы заң­дылықтың қатаң сақталуын қада­ғалады. Осы кезеңде Қызылорда қа­ласының әкімі қызметін атқарған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевпен тығыз әріптестік қарым-қатынаста болып, облыс орталығындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің көптеп бой көтеруіне атсалысты.

Туған жерге деген сағыныш пен Сыр өңірінің дамуына тікелей үлес қосуға деген ыстық ұмтылыс оны қайтадан туған топырағымен бай­ланыстырып, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне қай­та алып келді. Ел астанасында қыз­мет атқарған жылдары да, Сырға қайта із салған кездері де рухани бай­ланысымызды үзбей, әріптестік ниетпен жақын араласып, рухтас, сыйлас, ниеттес пейіл танытуды жал­ғастырдық. Жақсы адаммен байланыста болған кездерден әрдайым тек жақсы естеліктер ғана ойға оралады. 

Бүгінде ол ел аманатын арқа­лаған халық қалаулысы ретінде Қы­зылорда облысының әкімі Нұрлы­бек Машбекұлы Нәлібаевпен, Пар­ла­менттегі сырбойылық әріп­тес­терімен бірге тізе қосып, Сыр өңі­рінің өзекті мәселелерін шешуге белсенді атсалысып келеді. Пар­ламент Мәжілісінің пленарлық оты­рыстарында, түрлі заң жобалары бойынша өтетін жұмысшы топта­рының талқылауларында жиі сөз алатын Мархабат Жайымбетұлы – өзі сайланған аймақтың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының мүддесін қорғайтын беделді әрі белсенді депутат. Оның депутаттық сауалдары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуға, отандық өн­діріс пен инновациялық технология­ларды дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді батыл қозғайды. Оның әрбір сөзі – терең ойдың, мол тә­жірибенің, елге деген жан­ашыр­лық­тың жемісі. Ол – теңізге тамшыдай болса да, еліміздің игілігі үшін сүбелі үлес қосып келе жатқан на­­ғыз қайраткер. Осы сөзіміздің тағы бір айғағы ретінде өткен жыл­дары Парламент Мәжілісі жа­нын­дағы республикалық бюд­жетті қа­лыптастыру жөніндегі бірлескен  ко­миссияны Мархабат Жайым­бет­ұлы басқарғанын атап айтуға болады.

Расында, Мархабат Жайымбет­ұлы­ның өмір жолы – қарапайым­дылықтан басталып, жоғары жетіс­тіктерге жеткен, туған жері мен елі­нің игілігі үшін талмай еңбек ет­кен нағыз патриоттың жарқын өне­гесі деп білемін.

Ол қай қызметте де дегдарлық қасиетін жоғалтқан емес. Оның әр­бір атқарған қызметі – жауап­кер­шіліктің, кәсіби білікті­ліктің және туған жерге деген шексіз сү­йіс­пеншіліктің жарқын көрінісі. Облыс аумағында бағалы бастама­лар көтеріліп, өңірдің өмірінде же­тістіктің жарқын беттері жарқырай көріне бастаса, онда Мархабат әріп­тесіміздің де маңдай тер, адал үлесі бар екенін айтқан ләзім. Ер еңбегі – ел ертеңіне қосылған қолтаңба десек, бұл перзент парызының парасатты ізі болып қаланатыны анық.

Төрт көзі түгел топқа төрелік етсе де төбелігін емес, өрелігін көр­сеткен, ілкімді ісімен ірілігін та­нытқан, бір тамса елге дарысын дей­тін қамқор қайраткер Мархабат Жайымбетұлының елден алған ал­ғысы алдынан шыға берсін!

Жылы сөзі жібектей, сабырлығы имандай, тереңдігі мен іскерлігі тең тұлғаның қай қыры да қалаулы. Өйткені қарапайымдылық – оның құн­ды қасиеті.

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының

депутаты