Қарымды қалам иесі

916

0

Ел ішінде «төртінші билік» атанып кеткен журналист мамандығының жауапкершілігі жеңіл емес, екінің бірі еңсеріп кете алмайды. Олай болатын себебі, қоғамның қабағын аңдап, осы тұрғыда көпті толғандырған мәселені қозғап, билік пен бұқара арасында байланыс орнату үшін журналистің білімімен қоса ар тазалығы  басты орында тұруы тиіс. Қоғам талқысындағы қандай бір мәселеде ақиқат пен жалғанның ара жігін ажыратып, мемлекет мүддесіне келгенде әркез әділетті шешім қабылдануына дәнекер болу – журналист үшін бұлжымас қағида.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бейбітбек Бүркітбайұлы – осы салада ұзақ жыл үздіксіз қызмет атқарып, абырой биігіне көтерілген азамат. Алғашқы еңбек жолын Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетінен бастаған ол республикалық «Алтын Орда», «Заң газеті», халықаралық «Қазақстан – Заман» сияқты беделді басылымдарда қызмет ете жүріп, қоғамдағы өзекті тақырыптарды қаузап, бұқараның мұң-мұқтажын толғап, баспасөз бетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Бейбітбек Бүркітбайұлы 1952 жылы Қармақшы ауданына қарасты Ленин ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1960-1970 жылдары Жалағаш ауданындағы бұрынғы «1 Май» ауылдық кеңесі, қазіргі Мәдениет ауылы, І.Қабылов атындағы №32 орта мектепті бітірді. Арманы биік ауыл баласы  1979 жылы Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқып, журналист мамандығын алды. Оқу орнының жолдамасымен Жалағаш аудандық басылымына жұмысқа қабылданады. Ол  уақытта «Жаңадария» газетін Қален Әбдешев басқаратын. 1980-1986 жылдар аралығында осы қарашаңырақтағы журналистермен қатар еңбек етіп, қаламы төселген ол кейін аудандық баспаханаға директор болды. Ол кезде жолдамамен келген жас мамандарға міндетті түрде үй берілетін. Оның үстіне мерзімді басылымдардың беделі өте жоғары болды. Жергілікті атқарушы билік баспасөздің көтерген мәселесімен санаса отырып, әрбір жазылған сынды жауапсыз қалдырмайтын. Журналистің қаламына ілінген келеңсіздікті шұғыл зерттеп, тиісінше айыптылар жазаланатын. Сондықтан журналистерге деген көзқарас та бөлек еді.

– Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетіне қызметке келген жылы аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы Қ.Қазантаевтың қолдауымен екі бөлмелі пәтер алдым. Әлеуметтік тұрғыда қолдау бар, демек еш алаңсыз еңбек ету керек. Осылайша жергілікті басылымдағы шығармашылық ортада жүріп, журналистік жұмыстың қыр-сырына қанығып, көп тәжірибе жинақтадым.

Ол кезеңде негізгі өндіріс орны саналатын баспахана қызметінің экономикалық маңызы ерекше болатын. 1986 жылдан бастап аудандық, ал 1989-1999 жылдар аралығында облыстық баспаханаға басшылық еткен уақытымда талап деңгейіне сай өнім көлемін арттырумен қатар, онда еңбек етіп жатқан жұмысшыларға лайықты жағдай жасауды да басты назарға алдық, – дейді Б.Бүркітбайұлы.

Ардагер-журналистің айтуынша, әр газеттің өзіндік ерекшелігі, сондай-ақ, қалыптасқан бет-бейнесі бар. Сол себепті оның қабырғасында еңбек еткен жандар басылымның ұстанымына бейімделуі қажет. Бұл орайда республикалық «Заң газеті», ҚР Бас прокуратурасының «Құқықтық Қазақстан» газетінде қызмет атқарған  кәсіби журналист Бейбітбек Бүркітбайұлы да еңбек дауында құқығы бұзылып, қысым көрген жандардың заң тұрғысынан қорғалуына ықпал еткен екен. Осы тұста ойға оралған сауалымызды қойдық.

– Аға, адам баласының қоғамда өз бейнесінің қалыптасуына мамандығының айтарлықтай әсері бар ғой. Ал, сіз үшін журналистік сала дұрыс таңдау болды ма?

– Иә, әрине. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмыс қой. Жалпы журналист барлық саланың тыныс-тіршілігінен хабардар болуы керек. Бұл мамандықтың тағы бір ерекшелігі – жасың ұлғайса да жұмысың тоқтамайды. Қаламың қолыңда, қоғам үшін маңызды мәселе болса бейтарап қалмай, қай уақытта да араласуыңа болады. Ал, басқа мамандықтарға келсек,  зейнеткерлік жасқа жеткенде жұмысы өз-өзінен тоқтайды.

Киелі қаламды жанына серік еткен Бейбітбек Бүркітбайұлының өткен жылы «Алаңжар» атты туындысы жарыққа шықса, «Зәнзіл зар» деп аталатын екінші кітабы баспадан шығуға жақын. Бұл кітаптарда автордың өмірінің мағыналы кезеңін ой елегінен өткізіп, өзінше пайымдаған тәрбиелік мәні бар түрлі жазбаларын, сол сияқты, көңілдің кейбір сәттерінде өлең жолдарымен өрілген ішкі дүниесінің сырларын аңғаруға болады. Мысалы:

– Сағым болып, бал бұлақтан өпкен леп,

Тұра бермес табиғат та көктем боп.

Болса-дағы өктемсіген бектер көп,

Ала шапқын күндер босқа өткен жоқ.

…Кешегі күй, кешегі ән, жыр қандай,

Не көрмеді лажсыздан бұл маңдай?

Мәңгі өмір – теңізі жағасында

Халіміз бар, қайық күтіп тұрғандай, – деп төгілген ойлы шумақтардың мазмұны тым тереңде жатыр.

Қаламгердің өмірлік жары Күләйша Көшербаева да еңбек жолын баспасөз саласынан бастап, кейін ұстаздық қызметпен жалғастырды. Ал, балалары өз мамандығына сай әр салада қызмет етіп жүр.

Бүгінде 70 жасқа толып отырған әріптесіміз Бейбітбек Бүркітбайұлының баспасөз саласына сіңірген көп жылғы еңбегі зая кеткен жоқ,  өз деңгейінде бағаланды. Бұл күнде ол – ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, бірнеше мерекелік медальдардың иегері, ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Жоғарғы сотының, ҚР Ақпарат және келісім министрлігі, Қызылорда облысының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<