Қарымды қаламгерге құрмет

1573

0

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, қаламгер Қуаныш Жиенбайдың 70 жылдық мерейтойына арналған жиын өтті.

Жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров қатысып, жазушыға ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың құттықтауын жет­кізді. Сондай-ақ, Қуаныш Жиенбайға Сыр елінің мәдени-рухани дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Қы­зылорда облысының Құрмет грамотасы» табысталды.

Іс-шараға жазушының жерлесі, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев арнайы барып қатысты.

– Жалпы, кез келген қалам­гердің ыңғайына келетін, қолайына жағатын таусылмас тақырыбы болады. Айдынды Аралдың жағасында дүние есігін ашып, жал-жал тол­қындармен армансыз алысып өскен жазушы Қуаныш Жиенбайдың шығар­ма­ларына көк теңіздің бол­мысы, жағалауды мекен еткен ағайынның ахуалы арқау болды. Көзін ашқанда көріп-білгені балықшылар ауылының тұрмыс-тіршілігі бол­ған соң, ол бұл тақырыптың ұңғыл-шұңғылын аса жетік біледі. Жазушының осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптарын тұтастай алғанда, Арал өңірінің көркем сөзбен жазылған әдеби энцикло­педиясы деуге болар.

Арал аймағы – Теңіз тағдыры – Байқоңыр бекеті. Осы үйлесімді үштаған – жазушы шығар­машылығының айнымас арнасы, бұлжымас бағдары. Соның бәрі оның қаламгерлік келбетін, тақырып­тық танымын, өмірлік ұстанымын қалыптастырды. Бұл саланың қыр-сырын әдебиет өрісі арқылы дәл Қуаныш Жиенбайдай игерген жазушы некен-саяқ. Ол осы өңірдің кешегісі, бүгіні және болашағы туралы көркем сөздің бесігіне бөленген Арал философиясын әдеби айналымға қосты.

Жағалаудан баяғыда алыстап кеткен, аңқасы кепкен Аралдың қасиеті мен қасіретін жырлайтын шығармалар жазған теңіз тектес қаламгердің қабілеті сарқылмасын, қарымы арта берсін деп тілек айтамыз, – деп жазды Бауыржан Омарұлы, әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров жазушы Қ.Жиенбайдың 70 жыл­дық мерейтойы­на орай қаламгердің шығар­ма­шылық портреті туралы «Аралдың ақжал толқыны» жаңа жинақ жарық көргенін айтты. Кітапты Қызылорда облысының әкімі, ұлт зиялыларының қамқоры Нұрлыбек Нәлібаевтың қол­дауымен Сыр бойының сары шайыры, арқалы ақын Шаһизада Әбдікәрімов шы­ғарып берген. Кітапқа танымал қаламгердің шығармашылық сырлары мен қырлары кейіп­телген эсселер, жарық көрген дүниелері туралы мақалалары, жазушының бірқатар сұхбаттары енгізілген.

Айта кетейік, Қуаныш Жиенбай 1952 жылдың 3 ма­мырында Қызылорда облысы Арал ауданы Бөген ауылында дүниеге келген. 1976 жылы ҚазМУ-дің жур­налистика факуль­тетін бітірген. Жазушы рес­пуб­ликалық мер­зімді басылымдарда қызмет атқар­ған. Оның «Жалғыз желкен», «Теңіздегі бір тамшы», «Құлан жанарындағы ғұмыр», «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Жер үстінде де жұмақ бар» және «Сырдария» сериясымен екі том­дық шығармалар жинағы жарық көрген. Бұдан бөлек, драмалық туын­ды­­лары еліміздің театр­ла­рын­да сахналанып жүр. Шығар­малары бірне­ше тілге аударылған. Ол – «Жалын» баспа­сы жариялаған жабық бәй­генің бірнеше мәрте жүл­­дегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, ха­лық­аралық ПЕН-клуб сый­­лы­­ғы­ның лауреаты. ҚР Мә­де­ниет қайрат­кері, «Құр­мет», «Парасат» орден­дерінің иегері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<