Қазақтың Бибігүлі

84

0

Сурет ашық дереккөзден

Өткен ғасырдың 50-жылдарынан біздің ауылда да радио торабы жұмыс істей бастады. Арнайы қызметкер келіп, таңғы 6-дан радио торабын қосатын. Содан оянамыз. Жаңалықтар, алуан түрлі әдеби-музыкалық хабарлар, ауыл еңбеккерлеріне арналған концерттер әрбір үйдегі кішкене қорапшадан тыңдалып жататын. Ол заманда теледидар дегенің жоқ. Бос уақыттағы ермегіміз – кітап оқу, радио тыңдау. Бізді, сол кездің балаларын ата-аналарымызбен бірге Жамал Омарованың, Рабиға Есімжанованың, Роза Бағланованың, ағайынды Абдуллиндердің құйқылжыта салған әндері ерекше баурайтын. Сәл кейінірек домбырасына қосылып тым тәуір қазақи ән салатын Ләззәт Сүйіндікова шықты. Бүгінгідей екінің бірі емес, ол заманда әншілер санаулы. Ал күйшілерден есімізде қалғаны Қали Жантілеуов, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев болатын.

Неге екенін қайдам, Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенованы үлкендер жағы көбірек тыңдай қоймайтын. Кейін білсек, классикалық дүниелерді орындағандықтан шығар, олардың өнерін шын түсініп бағалай алмаған. Расын айтсам, мен де бұл екі әншіні 60-жылдардың ортасында мойындадым. Әсіресе, Ермек Серкебаевтың әуелеткен «Сұршақызы», Бибігүл Төлегенованың «Гауһартасы» мен «Бұлбұлы» еріксіз баурай бастады.

Беріге дейін сахнаның сәніне айналып, бұлбұлдай сайраған Бибігүл апайды тума талант, өмірге сирек келетін құбылыс деуге болады. Қазір 95 жасқа келіп отырған әншіні тебіренбей жазу мүмкін емес. Ол – қазақ еліне Алланың берген сыйы.

Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Жас кезінен музыкаға құлағы қанып өседі. Олай дейтініміз әкесі скрипка тартып, анасы ән салады екен. Күнкөріс қамымен Семейдің ет комбинатында жұмыс істеп жүрген Бибігүлді сол бір жылдары осында жер аударылып келген жазушы әрі кәсіби әнші Галина Иосифовна Серебрякова кездестіреді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, болашақ әншінің өнер жолындағы алғашқы ұстазы осы Серебрякова болған. Жұмыстан қолы босаған кешкіліктерде Бибігүлді үйіне шақырып алып, ән салуға баулыған. Талантты қыз Галина Иосифовнаның талмай үйретуінің арқасында бас-аяғы 3 айдың ішінде «Риголетто» операсындағы Джильданың ариясын, Штраустың «Көктемгі дауыстар», Туликовтың «Қуаныш вальсін» өз нақышында келтіріп, жатқа айтатын дәрежеге жеткен. Серебрякова өзінің өмірбаяндық кітабында Бибігүл Төлегеновны былайша еске алады: «Алғашқы дыбыстардан бастап-ақ мені өзіне тартып алды. Оның тембрінің ғасырдағы өте үздік колоратуралық сопраномен кездейсоқ ұқсастығы мені таң-тамаша қалдырды.

1931 жылы Лондондағы «Альберт Холда» қайталанбас әнші Курчиді тыңдаған едім. Міне, шалғай қиырдағы Семейде әлі ән айтуға үйренбеген жас әншінің даусына сол бір күн сәулесіндей нәзік, бақбақ гүлдің ұлпаларындай жұмсақ ноталар құйқылжыған болатын…».

Осы жерде Бибігүл Төлегенованың жастайынан көп қиыншылық көргенін де айта кету керек. 1937 жылы әкесін «халық жауы» деп ұстап, сол кеткеннен оралмайды. Қамқоршысынан айырылған жылдар Бибігүлді ерте есейткен сыңайлы. Ол туралы өзі былай депті: «Әкемнен қалған сеңсең тонды тілгілеп, шешемнің біздерге қысқы аяқкиім тігіп беретіні есімде қалған. Кәдімгі тері байпақтар. Олардың өзі бір-екі аптадан аспай, быт-шыты шығатын. Соған қарамастан анам тонды қиқалап қайта тігетін…

Бірде қыстың қақаған суығында шешем екеуміздің біреудің кірін жуып-шайқағанымыз бар. Кір жуатын машина, су құбыры деген атымен жоқ, барлығы өзен суына қолмен жуылады. Анам қолдарының көгеріп кеткеніне қарамастан жұмысын тоқтатпады. Ол кездің қуанышты күндері аз болатын. «Халық жауының» қызы атану оңайға соқпады, ол отбасымыздың бәріне шарпуын тигізді…».

Бибігүл 18 жасында Алматыға келеді. Консерваторияға түседі. Тұрмыс құрып, балалы-шағалы болады. Бір жағы оқу, бір жағы бала тәрбиесі, оның үстіне түсініспеген жұбайы бейнет үстіне бейнет қосады. Өмірден көрген қиындықтарын тәптіштеп жазбай-ақ қоялық. Тумысынан қайсар қыздың бәріне шыдап, бәрін жеңгенін айтумен шектелсек жарар. Қысқа қайырсақ, Бибігүл Ахметқызы – өмірін өнерге ғана арнаған жан.

Енді Бибігүл апамыздың біршама жылдар бұрын республикаға белгілі журналист Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатынан үзінді келтіре кетейік:

Сұрақ: – Сіз консерватория бітірген жылы опера театрына қабылдандыңыз. Алайда көп ұзамай филармонияға ауысып кеттіңіз. Оған қатты өкінген, қиналған боларсыз?

Жауап: – Театрға барған бетте менің радиода қосымша жұмыс істейтінім екінің бірінің аузынан түспеді. Бір жиналыста театр директоры: «Біз сіздей кісілерді жоғары жылжытпаймыз» деп жіберді. Басымнан сөз асырмай өскенмін, орнымнан атып тұрып: «Сіздің жылжытуыңызға күнім қарап тұрған жоқ, мен өзімді-өзім жылжытамын» деп салдым. Әнуарбек Үмбетбаев партия ұйымының хатшысы еді, мені кабинеттен итеріп шығарып жіберді. Бұл 1956 жылғы жағдай…

 Театрмен бірге Мәскеуге барып, көтеріңкі көңіл-күймен қайтып келе жатқанбыз. «Қандыағаш» стансасына келгенде вагонымызға бір кісі кірді.

– Төлегенова деген кім ?

– Мен.

– Сіз болсаңыз, қазір осы жерде пойыздан түсуіңіз керек, – дейді.

– Е, неге?

– Құрманғазы оркестрімен концерт қоюға қатысасыз!

– Мен онда жұмыс істемеймін ғой…

– Жоқ, сіз сонда жұмыс істейсіз, сізді мына бұйрықпен таныстыруды маған тапсырды.

Мәскеуде жүргенде тағдырымды сырттан шешіп, мені филармонияға ауыстырып жіберіпті. Купеде Роза Жамановамен бірге келе жатқанмын. Роза өзі қорқақ, зәресі ұшып, кішкентай көздері бақырайып кетті. Есімді жиғанша болған жоқ, заттарымды буып-түйіп, сол «Қандыағаштан» түсірді де тастады. Жүрегім қан жылап, перронда қала бердім. Опера сахнасына шығарсам деп жүрген қаншама бейнелерім көзден бұл-бұл ұшты… Артынша Гурьевке оркестр жетті. Әуелде ықтиярсыз ауысқаныммен Қазақ мемлекеттік филармониясымен өткізген он бес жылыма еш өкінбеймін. Филармонияның арқасында Құрманғазы атындағы оркестрмен бірге жүріп, еліміздің түкпір-түкпірін араладым. Атақтың бәрін, орденнің бәрін сонда жүргенде алдым.

«Қазақстанның Халық әртісі», «КСРО-ның Халық әртісі», Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Ленин» ордені… Бәрі-бәрі бірінен-кейін бірі келіп жатты. Сәл кейінірек, Еңбек Ері атанып, кеудеме «Алтын жұлдыз» тақтым. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Отан» орденімен марапатталдым… Ең бастысы, маған барлық жағдай жасалды. Оған шексіз ризамын… Менің мына өмірдегі бақытты сәттерімнің бірі Жүсіпбек Елебеков ағаның «Шырағым Бибігүл, «Гауһартасты» тірілттің, ризамын» деп көзіне жас алып тұрып бата бергені. Сол сәтте өзіме-өзім күбірлеп, «Жүсекеңнен бата алсаң – әнші болғаның» дегенмін.

…Жазушы Дулат Исабеков Мәскеу маңындағы әскери бөлімде жүріп, азанда жауынгерлік постта көрші қыстақтың сыртқа қойған қалқанды радиосынан Бибігүлдің орындауындағы «Гауһартас» әнін естиді. Жүрегі толқып, туған елге деген сағынышы оянады. Содан ол «Гауһартас» повесін жаза бастаған ғой. Өзімен бірге әскери борышын өтеп жатқан жас қазақ жауынгерлері күнделікті жазғанын күнде кешкілік ықыластана тыңдайды екен. Кейін осы әдеби шығарманың желісімен «Қазақфильм» киностудиясы «Гауһартас» фильмін түсіргенін білеміз. Фильмнің сәтті шыққаны сонша, әлі экраннан түскен жоқ. Ал повестің өзі қаншама елдің тіліне аударылып басылды. Шығарманың лейтмотиві – таяу жылдарға дейін халық әні аталып келген Сегізсерінің «Гауһартас» әні. Кезінде жазушының «Гауһартас» повесін қолдан-қолға тигізбей оқып едік.

Бибігүл Ахметқызының консерваторияда білім алғанын жоғарыда айтып өткенбіз. Өзінің әншілік өнерімен елге таныла отырып, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі де айтарлықтай. Шәкірттерінің бәрін санамалап жату артығырақ болар, алайда біздің аймақтан шыққан белгілі әнші, марқұм Қаракөз Ақдәулетованы, бүгінде республика көлеміне танылған опера әншісі Самал Байсейітованы атай кету керек. Сәл ертеректе «Қазақстан» телеарнасының «Айтуға оңай» бағдарламасына арнайы шақырылып, қатысқан Бибігүл туралы хабарды көргенбіз. Сол хабарда жоғарыда атап кеткен екі шәкірті де отырды. Бибігүл ана Қаракөзді үлкен қызым, Самалды кіші қызым дейді екен. Үшеуі қосылып ән салды, жарасымды-ақ. Хабар соңында бұлбұл әнші «Гауһартасты» шырқады. Сол бәз-баяғы сыңғырлаған дауыс, бәз-баяғы әсем ырғақ, керемет қайырым. Таңданасың, таңданбасқа шараң жоқ. Ән әншінің биік тұғырын танытып-ақ тұр. Омырауында «Алтын жұлдызы» жарқырайды…

«…1996 жыл еді, Минскіге бардым. «Бұлбұлды» орындадым. Концерттен соң, қай елден екені есімде жоқ, біреу келіп қолымды алып, мақтауын жеткізе алмай жатты. Арасында «как вы хорошо сохранились» дегенді бір емес, екі рет айтып жіберді. Бұнысы несі сонша деп қоямын. Сөйтсем, шығармайтыны жоқ Дүйсен Қасейінов жаңағы кісіге «между прочим ей уже восемьдесять пять» деп айтып үлгірген екен…

…2014 жылы Түркияда болдым. Дүйсен «Түрксой»-дың бас директоры еді. Сол елдің бес қаласында концертімді ойдағыдай етіп, ұйымдастырып берді. «Баяғы айтқан жасыңа апаңды ақыры жеткіздің десем, Дүйсен: «Көрдіңіз бе, менің сөзім періштенің құлағына шалынған. Мен сіздің осы жасыңызға дейін сахнадан түспейтініңізді білгенмін», – дейді.

…2021 жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, Алматы телеарнасына берген арнайы сұхбатында Бибігүл апа өміріндегі небір ұмытылмас сәттердің куәсі болған әсем қала Алматыны сүйсіне айтып отырып: «Қызымыз екеуміз белгілі өнер жұлдыздарына арнап антология шығардық. Оған Күләш Байсейітовадан бастап, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Ришат Абдуллин, Әлібек Дінішевті енгіздік. Антологияны бастырып шығарған «Атамұра» корпорациясына мың да бір рахмет» дейді.

Тағы да 2022 жылы, яғни 93 жасында «Сарасөз» бағдарламасына келгенін көрдік. Бағдарламаны жүргізген Қаракөз Сүлейменованың берген сұрақтарына тұшымды, салиқалы жауаптар беріп отырды. Сұхбат барысында қазақ әндерінің кереметтігін айтып, өзі орындаған бірнеше ән жайлы, олардың орындалу мәнері турасында сыр бөлісті. «Бір ән салып бере аласыз ба?» деген жүргізушінің өтінішінен кейін, әкесінің айтатын «Аққу едің көлдегі» деп басталатын әнін орындап берді. Әрине, жас озған сайын, дауыс та тап бұрынғыдай болмайтыны ақиқат. Десе де, әлі бұлбұл үннің ізі жоғалмаған… Хабар соңында қонақкәдеге «Жиырма бес» әнін шырқады. Тыңдай бергің келеді…

Ақпарат көздерінен естіп-біліп отырғанымыздай, Астана қаласында немересінің бастамасымен өнер мектебі салынған. Кадрлары да таңдалып алынған. «Қазақ бұлбұлы» атанған Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың биылғы 95 жылдығына орай ашылып, мектеп бірінші қыркүйектен бастап жұмыс істеп жатыр. Әрине, мектеп әншінің атындағы жеке мектеп. Ол жер әлі-ақ талай-талай жас өнерпаз шәкірттердің өнер ордасына айналар… Осы жылдың 22 қыркүйек күні әйгілі әнші өзінің кіндік қаны тамған Семей қаласында халқымен қауышып, «Қазақтың Бибігүлі – халықтың бұлбұл үні» деген тақырыппен тамаша ән кеші өтіпті. Кешке облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев арнайы қатысып, жерлесін 95 жасымен құттықтапты.

Әлемді әуенімен тербеген ән бұлбұлы ғасыр жасына қарай бара жатыр. Жасыңызға жас қосыла берсін Қазақтың Бибігүлі!

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

 Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<