Өмірін адал еңбекке арнап, туған топырақтың гүлденуіне қызмет жасаған, ыстығына күйіп, суығына тоңған нағыз ел жанашырларының арқасында өлкеміз өсіп-өркендеп, бүгінгі күнге жетті. Сондай есімі ел жадында сақталған арда азаматтардың бірі – Киікбай Смайылұлы. Ол 1935 жылы «Тартоғай» ауылдық кеңесінде дүниеге келген.
Балалық шағы соғыс жылдарына сәйкес келген оны ауыртпалық ерте есейтті. Қара жұмысқа ерте араласты. Өгіз жетектеп, жер айдады. Аудан орталығына астық тасыды. Бар болғаны он жасында егінге араласып, бидай орып, күріш екті. Бұл оның еңбекке етене жақын, төзімді әрі табанды азамат болып қалыптасуына жол ашты.
Киікбай Смайылұлының өмірі Шиелі ауданының өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты. 1957 жылы Ташкент жер суландыру және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлерін дайындайтын институтты инженер-механик мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын «Шиелі механикаландырылған орман-тоғай шаруашылығында» матор-трактор шеберханасының меңгерушісі болып бастайды. Одан соң сол кездегі «Қызыл Ту» колхозында (Ы.Жақаев ауылы) 8 жыл бойы бас инженер қызметін абыроймен атқарды. Қандай істі де тындырымды, ұқыпты қалпымен көзге түскен ол кейін Шиелі РТС мекемесінде 12 жыл аға инженер ретінде қызмет етті. Адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 12 жыл бойы «Бәйгеқұм» совхозын басқарды. Директорлық қызметті мінсіз атқарып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ол басқарған кезде ауылдың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, шаруашылық жетістіктерге шықты. Зейнет жасына дейінгі соңғы үш жылында сол «Бәйгеқұм» ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, ел сенімін тағы да ақтады. Ауылдың әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударып, халықпен етене жұмыс істей білді. Оның әділдігі мен еңбекқорлығы ел есінде. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына ықпал жасады.
ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАМЫ
1970-1978 жылдары Киікбай Смайылұлы «Ауылшаруашылығы техникасы» бірлестігінің басшысы болған тұста елде тың игерудің екінші кезеңі жүріп жатты. Ол кезде Шиелі аупарткомының бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов.
– Еңбек жолымдағы үлгі тұтатын адамдарым Ғафур Мұхамеджанов пен Қонысбек Қазантаев болатын. Іскер, еңбекқор, сондай әділ кісілер еді. Оларды өмірлік ұстазым десем де артық емес, – дейді кейіпкеріміз.
Ұстаздарынан көрген-түйгеніне өзінің өмірлік тәжірибесін ұштастырған Киікбай Смайылұлы бірлестіктің жұмысын ә дегеннен-ақ үйіріп алып кетеді. Қызметіне тәнті болған басшылық оны сол кезде жаңадан құрылған «Бәйгеқұм» көкөніс-бақша совхозына директор етіп тағайындауға шешім шығарады. «Көкөністі жегенім болмаса, егудің қыр-сырын білмеймін ғой» дегеніне қарамай, «сен екпейсің, ұйымдастырасың» деп басшылық тізгінді қолына береді. Талапты адам қай істе де солай. Совхозды басқарған 12 жылдың ішінде бүкіл Шиелі ауданынан шығатын қауынның жартысынан көбін «Бәйгеқұмнан» өндіретін мүмкіндікке жетеді. Мәселен жыл сайын Қызылорда облысынан экспортталатын 32 мың тонна қауынның 11-12 мың тоннасы Шиеліден жөнелтіледі. Ал сол 11-12 мың тоннаның 6-7 мың тоннасы «Бәйгеқұмның» қауыны еді. Әр ауылдың тұрғынына берілетін 25 сотық жерден бөлек, совхоздың есебінен 500 гектар аумаққа қауын егілетін. «Бәйгеқұмның» өзіне тиесілі алқабы болмағандықтан, «Қарғалыдан» бастап «Айдарлы» совхозына дейінгі аралықтағы дарияның қос бетін жағалай егін даласына айналдырған. Оны күтіп-баптап өсіру бір бөлек, шашау шығармай діттеген жерге өткізіп, диқанның еңбегін өтеу үлкен шаруа. Совхоз құрылған сәттен басы-қасында жүріп, аптап ыстық пен қаһарлы қысқа қарамай еңбек еткен басшының әр сәті күні кешегідей есінде.
– Маған мықты ел азаматтарымен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Қорғанбек Қайруллаев, Сайлау Әбішев, Жақай Бодықов, Серік Дүйсенбаев, Бибіжан Жәукебаева, Нәзира Парманқұлова, Әтіркүл Шорабаева – бәрі де өз ісінің шебері, туған жердің нағыз жанашырлары болды. Олармен қызметтес болғанымды әрқашан мақтанышпен айтамын. Сол кісілермен иық тірестіре жүріп, ауылдың дамуына үлес қостық, – дейді ардагер. Бұл – тек құрмет емес, шынайы жолдастықтың, ұрпаққа үлгі боларлық сыйластықтың көрінісі. Аға буынның осындай ықыласы бүгінгі ұрпаққа сабақ болса игі.
Еңбекке марапат
Киікбай Смайылұлы 1994 жылы «Ерекше еңбегі сіңген зейнеткер» мәртебесіне ие болды. «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы. Сонымен қатар, бірнеше мерекелік медальмен марапатталған. «Тың және тыңайған жерлерді игерудің 25 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Тыңға 50 жыл», Ұлы Жеңістің 65, 70, 75, 80 жылдығына арналған медальдар, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық, Шиелі ауданының 95 жылдығына арналған мерекелік медальдар – бәрі де оның маңдай терінің, елге сіңірген қызметінің айғағы.
Киікбай ақсақал қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласып, Шиелі поселкелік, «Жөлек», «Иіркөл», «Бәйгеқұм» ауылдық кеңестеріне бірнеше мәрте депутат болып сайланған. Ол ел үшін еңбек етудің нағыз үлгісін көрсетті.
1960 жылы жары Меруерт Әбубәкірқызымен шаңырақ көтерді. 7 ұл-қыз өсіріп, олардан 15 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Тоқсанның төріне шыққан ақсақал – ұрпаққа үлгі, елге тірек, өткеннің куәсі, бүгіннің шежіресі.
Гүлхан ЯХИЯ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі





