Құлбаев феномені

397

0

Қырман меңгерушісі Райыс ағай ылғи «Мен сендерге бір қызық айтайын» деп бастайтын әңгімесін. «Қырманда сары плащ киген бір кісі жүр, облыс әкімі Сапарбаевқа ұқсайтын сияқты, қазір төбеде күріш тазалайтын агрегаттардың қасында тұр» деді қалың көзілдірігінің шаңын сүртіп тұрып. Шаруашылық басшысы екеуміз бірден «қой» деппіз. Далаға атып шығып төбе жаққа қарасақ, шынымен Сапарбаев Бердібек Машбекұлы екен. Төмен түсе «Қырман тасысын!» деп біздің сәлемімізді ақжарқын пейілмен алып жатыр. Аймақ басшысының біздің шағын ауылымызға ескертпей келуі таңғалдырды. Қасында тек жүргізушісі. Қалжан ахун шаруашылығының директоры Құлбаев Алданберген Бодыбайұлы ағамыз да қонақты қырман қосына қарай бастап, шаруашылықтың жай-күйімен таныстырып әбігер болуда. Алдекеңнің де осы шаруашылыққа басшы болып қайта келгеніне көп болған жоқ еді. Алдыңғы қызметі облыстық орман шаруашылығының бас директоры болған.

Бердібек Машбекұлы қырман қосында асықпай шай ішіп отырып, әңгіме үстінде аймақтағы жаңалықтарды бөлісті. «Менің аяқасты ауылдарыңа келуім, сіздерді ойландырып отырған шығар» деп ашық әңгімеге көшті. «Көкейімде көптен бері мазалап жүрген жұмысым, Алдеке, өзіңізбен кездесіп, алдыңыздан өту еді. Ойпырмай бұл қалай болды?» деп ренжіп те жүрген шығарсыз. «Облыстың кадрлық саясатына байланысты сізді өзіңіздің абыройлы жұмыс істеп кеткен шаруашылығыңызға қайта әкелуге тура келді. Сіздің ел алдындағы еңбегіңізді бағалап, алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеп, әлде де бірге жұмыс істейміз деген сеніммен келіп отырмын» деп тұрып Алдекеңнің қолын алды. Қазір ойлап отырсам, Алдекеңнің алдына аймақ басшысының, кейін министр, Премьер-министрдің орынбасары, еліміздің тағы да бес облысының әкімі болатын тұлғаның бұлай келуі үлкен абырой және алдағы жұмыстарына сәттілік әкелді деп ойлаймын. Талай жетістіктер мен қиындықтардан абыроймен өтіп, әлде де аяғы үзеңгіден кеткен жоқ. Сол кездесу менің есімнен кетпейді. Өйткені облыс әкімімен әңгіме-дүкен құрған аз уақытта ол қазаққа тән «Ұлық болсаң, кішік бол» дейтін ізеттілік пен әдептіліктің, құрмет пен адамгершіліктің жоғары құндылығын көрсетіп кетті. Бұл 1997 жылдың күзі болатын.

Алдекең бұл шаруашылыққа алғашқы директор болып келгенде 1985 жылы 36 жаста екен. Шаруашылық «21 партсъезд совхозы» болып аталып, оған «Қызылдихан» және Қалжан ахун (бұрынғы Жетінші) елді мекендері қарайтын. Совхоздың орталығын «Қызылдиханнан» Қалжан ахун елді мекеніне көшіріп жатқан кезде қабылдап алды. Алғашқы таңертеңгі нарядтарды (планировканы) Қалжан ахун каналының жағасында, бөрененің үстінде, келешек техникалар тұратын тұрақ орнында жасап жүрді. Шаруашылықтың негізгі жұмысы күріш егу болғанымен, қосымша мал бордақылау, құрылыс салу, көкөніс-бақша егу, балық-құс асырау жұмыстары алда күтіп тұрды.

1986-1989 жылдары совхоз мемлекетке астық тапсыру міндеттемесін орындау бойынша ауданда бірінші орында болды. Өндіріс бригадирлері Қуаныш Мықбаев, Жарылқасын Ерташев, Зайдағали Жүсіпбаев және ең маңызды қиын саланы басқаратын шөп бригадирі Орынтай Махамбетов ағалардың ұйымдастырушылық қабілеті мен ауыл азаматтарының қажырлы еңбегінің арқасында совхоз суырылып, облыстың алдыңғы қатарына шықты. Мал басы ірі қара 5000, жылқы басы 600-ге жетті. Осы жылдары шаруашылық өз күшімен 78 үй, екі дала қосын, кеңсе, гараж, қырман салып, жеті үйдің есебінен ауыл клубының қабырғасын қалады.

Ауыл құрылыс алаңына айналып, 10 бригадада жүздің үстінде құрылысшы жұмыс істеді. Құрылысшы Самұрат Сисенов, Жақсығали Еспанов, Қасым Қожанов және Кархолев отбасы бригадалары салған тұрғын үйлер әр отбасыға қуаныш сыйлады. Малшылар күніне арнайы келген облыстың басшысы Әуелбеков Еркін Нұржанұлы жолда жүру кестесін өзгертіп, әуелі құрылысшылардың жұмысымен танысып, дала қосында әңгімелесіп отырып, сол кездегі аспазшы Жұмаш Қаюмова жеңгеміздің істеген ауқатынан ауыз тиіп, риза болыпты. Одан әрі көлікті жоспарда жоқ жақын жердегі малшы қонысына бұруға тапсырма берген. Ол кездері әр бригаданың дала қосында үкіметтің малын бағып бақташылар отыратын. Бұлар барған ескі қырман жұртындағы малшының үйінде келін түсіруге тойға дайындық жасалып, далада әйелдер түтіндетіп бауырсақ пісіріп жатыр екен. Облыс басшысы келеді деп кім ойлаған?! Бәрі асып-сасып, абыр-сабыр болып қалыпты. Еркін Нұржанұлы малшы отбасының қуанышына құтты болсын айтып, қорадағы малдың жағдайымен танысты. Күз айы, жаңбырдан кейінгі мал қораның жағдайы белгілі. Машинасынан етігін кие түскен бірінші хатшыға сықырлаған туфли кигендер ере алмай масқара болыпты. Қайтып келе жатып «бәрі дұрыс, бірақ бауырсақ пісіріп жатқан қазақтар құдайы қонаққа наннан ауыз тиіңіздер деп те айтпады ғой дегенде жерге кіріп кете жаздағанбыз»  деп еске алады Алдекең. Ол кезде Әуелбеков талай басшыларды састырып мекемелерге, ауылдарға қасына нөкерлерін ертпей және ескертусіз жалғыз барады екен. Ол сапарлары қызықты аңыз әңгімеге айналып, ел арасына тарап айтылып жүретін.

Алдекең кейін аудан әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы бөлімінде, «Шапағат ЛТД» бірлестігінде, «Шіркейлі», С.Сейфуллин шаруашылықтарында басшылық қызметтерде болды. Жауапкершілік пен ар-намысты алдына мақсат етіп қойған ағамыздың ол кезде де ерлікпен пара-пар игілікті жұмысы, қалдырған ізі аудан халқының көз алдында. Бір-ақ мысал, қиын аумалы-төкпелі заманда малдан қол үзген «Іңкәрдария» халқына егінмен айналысуына жағдай жасап, қысқа уақыт ішінде 17 драглайн экскаватор қойып, канал қазып, оның сағасына салған «Құлбай» шлюзі әлі де елдің игілігіне жарап тұр.

2001 жылы Қалжан ахун ауылында аудан әкімі Әріп Хожбановтың ұйымдастыруымен асарлатып мектеп салынды. Сол жылғы шаруашылық табысының жартысын және «келесі жылы бір нәрсесі болар, мектеп салынғаны – олжа» деп, тұқым күрішке дейін тиеп жіберген осы төраға Алдекең еді.

Екі мыңыншы жылдардың бірінші он жылдығында көптеген шаруашылықтың жұмысы жүрмей, нарыққа бейімделе алмай тоқырауға ұшырады. 2008 жылы О.Мәлібаев ауылының Дәуітбай Сақтағанов, Сымат Үсенбаев, Есентай Қозыбаев, Қосым Жөлекенов бастаған ардагерлерінің өтінішімен Алдаберген Бодыбайұлы «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы болып қайта сайланды. Ал 2012 жылы көктемде облыс әкімі Көшербаев Қырымбек Елеуұлы қатысқан аудан активінде А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин, Қалжан ахун шаруашылықтарының егін еге алмай отырған жағдайы қаралды. Жиналыста Қалжан ахун ауылы тұрғындарының атынан сөйлеген Қуандық Сарыбаев ақсақалдың ұсынысымен Қалжан ахун шаруашылығы «Қызылдихан» шаруа қожалығының қарауына қамқорға алынды. Сол кездегі жағдайды төраға былай әңгімелейді:

– Екі ауылда да бірдей жағдай болыпты, ортақ қырман сатылып, техникалар тоналып, тек отын тасуға жарайтын бір-екі «Беларусь» тракторы қалған екен. Тәжірибелі күрішші-механизаторлар ауылдан жыраққа жұмысқа тұрып кеткен. Қарыз екі ауылда да шашетектен. Ең бастысы, шаруашылыққа ақша салатын инвестор іздеу қиын болыпты. Не жасыратыны бар, ағайын-туыс, жора-жолдас жағалап қарызданып, заңгерлердің көмегімен екі шаруашылықты да бірінен соң бірін банкроттыққа жіберіп, тазалауға тура келіпті. Қазір бәрі артта қалып, екі ауылдың да шаруашылықтары аяққа тұрған соң баға беру оңай, – дейді төраға. Оның артында қасымда серік болған әріптес жігіттер мен тілектес азаматтардың баға жетпес еңбегі жатыр. Олар – Нұрым Тәжібаев, Өтебай Бегманов, Өтеш Әбілов, Арысбай Ақмырзаев, Серікбай Кенжебаев, Тахир Ерғалиев, Сайфулла Анасов, Ақшагүл Мусаева, Бақтыбай Ильясов, тағы басқа да ауыл азаматтары. Ол айта берсең ұзақ әңгіме, – деді Алдекең.

«Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» деп қазақ атам айтып кеткендей, қазір Құлбаев Алданберген Бодыбайұлына қарасты екі шаруашылықтың әрқайсысы 2 миллиард теңгенің үстіндегі қаражатқа жаңа техника алып жұмыс жасауда. Егін алқаптары қайта тегістеліп, су жолдары жөнделіп, жаңа қырмандар салынып, басқа да әртараптандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Шаруашылық елдің әлеуметтік жағдайына белсене араласуда. Биыл екі төрт пәтерлік үй салынуда. «Еңбегіне қарай өнбегі» дегендей, бастысы – айлық уақытылы төленіп, сыртқа кеткен егінші-механизаторлар ауылдарына келіп жұмысын жалғастыруда.

Халқымызда «Сүйіп істеген іс шаршатпайды» деген дана сөз бар. Осы сөз биыл егін жинау науқанына қатысқанына 53 жыл болып, 75 жасқа толып отырған Құлбаев Алданберген Бодыбайұлына айтылғандай.

«Еңбек пен бақыт егіз» деп көреген халық бекер айтпайды. Жоғарыда баяндап өткен ұзақ еңбек жолының қысқаша желісі осының куәсі. Олай дейтіні Алдекеңмен табан тіресіп күні-түні сол еңбек майданында мен ауыл әкімі, ол шаруашылық басшысы болып, бір мақсат жолында бес жылдай қызмет жасадық. Ол кісі – «Жер ана» ұғымын терең түсіне білген, жерді күтіп-баптай білгенге еңбегіне қарай ол да бас иетінін мойындаған жан. Халықтың шынайы ықыласына бөленіп, оған арқа сүйеуі үлкен азаматтылықты талап етеді. Шаруалардың басына түскен қиындықтардың күрмеуін шешу үшін аса іскерлік пен шыдамдылықты қажет.

Біреудің жөнсіз сілтеуімен жүріп, байлаулы баспақ болу оның табиғатында жоқ нәрсе. Турашылдығымен қоса қызбалығы, жөнсіз басшы мен қосшыға да иіле қоймайтын мінезі жұмысына талай рет кедергі болғанын көрдік. Кей кезде «осы қырсық біржақты мінезімнен де шығар – тіл-көзден аман қалып жүргенім» деп те әзілдейді.

Алдекең елдің алғысымен қатар мемлекетіміздің де жоғарғы марапаттарына ие болды. «Құрмет» белгісі, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалінің, басқа да төсбелгілердің иегері. Марапаттардың ішінде жанына жақын тұтатыны – «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы. Ол оның жарты ғасырдан бергі егіншінің күнде таңертеңгі алтыдан басталатын еңбегіне тереңөзектіктердің берген бағасы деп біледі.

Алдекеңнің осылайша еркін жүріп еңбек етуіне қолдау көрсетіп, үйдегі бала-шағаға еге, отбасының ұйытқысы болып, бәрін реттеп отырған Күлзейнеп жеңгеміздің арқасы десем, артық айтпаған болармын. Олардың ұл-қыздары Айгүл, Эльмира, Марат, Талғат, Қанат, барлығы да – жоғары білім алып, отбасын құрып, түрлі салада қызмет етіп, ата-анасына немере-жиендерінің қызығын көрсетіп отырған азаматтар.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап жатады.

Алданберген Бодыбайұлы – сол асулардан абыроймен өткен ел ағасы.

Марат ОМАРОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<