Құрмет» орденімен марапатталды

862

0

Биыл ел тәуелсіздігіне – 30 жыл! Тарих үшін көзді ашып жұмғандай қысқа уақыт арасында Қазақстан бүкіл әлемге танылды. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз, зайырлы елге айналды.

Қазақстан халқы осы жылдарда егемендігіміздің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында тынбай еңбек етті. Ұлық мереке қарсаңында мемлекетімізді нығайтуға, еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетілді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты шарада мәдениет пен өнерге қосқан зор үлесі үшін, жерлесіміз Аманкелді Кененбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сыр бойының тумасы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық «Никор» суретшілер ассоциациясының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Аманкелді Кененбаев қазақтың ұлттық бейнелеу өнерінде айрықша талантымен танылған өнер иесі.

ҚР ҰҒА құрметті академигі Райхан Ерғалиева суретшінің шығармашылығына туралы былайша толғайды: «Оның кенептерінің дәл бір ішкі жағынан Қызылорда даласының аптабы немесе шаңды ауасы, жарық шашады

Сиқыр күн сәулесімен бірге түскен сансыз шаң-тозаң түйіршіктерін салмақсыздыққа ілініп тұруға, олардың мекендеушілерінің жайбасар өмірін жұмсақ буалдырға орануға мәжбүрлейді. Оның картиналарындағы күннің жарығы да тек күн немесе жыл мезгіліне қарай емес, суретшінің көңіл-күйіне байланысты түсін өзгертіп отырады. Оның эмоциясы көбінесе өмір экзистенциясының алдындағы тыныш шаттықты, туған өлкесіне деген имманенттік махаббатын, автордың махаббатын ғажайып сұлулыққа айналдыратын оның біртегіс көркін бейнелейді». Бұл өнер иесіне берілген жоғары баға.

Кескіндеме мен мүсін өнерін қатар ұстап келе жатқан суреткердің жүрегін жарып шыққан әр шығармасы таным мен талғам таразысынан өткен сүбелі туындылар. Өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін туындыларында ұлттық дүниетаным мен философия, ұлттық саф өнер менмұндалайды.

Ол шығармашылық жолын 1982 жылы бастады. Талай-талай халықаралық көрмелер мен симпозиумдарға қатысты. (Алматы, Ашхабад, Одесса, Москва, Прага, София, Будапешт т. б.). 2000 жылы Алматы қаласындағы «Вояджер» галереясында «Длинные цветные сны» атты жеке көрмесі өтті.

2007 жылы Лондон қаласында Англия королевасының «Виктория және Альберт» жеке мұражайында «Қазақстанның жаңа өнері» көрмесіне қатысты.

2010 жылы Франция астанасы Парижде орнатылған түркі халықтарының тәуелсіздігі үшін жанқиярлықпен күрескен саясаткер Мұстафа Шоқай бюст-ескерткішінің авторы. 2012 жылы Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық NewYorkRealismFineArt «Жер. Уақыт. Адамдар» конкурстық көрмесінің жоғарғы марапаты «Алтын қыран» медалінің иегері.

2015 жылы NewYorkRealismFineArt ұйымдастыруымен Токиода NIW галареясында өткен халықаралық көрмеге қатысқан. Осы жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2016 жылы Манхэттен галереясында (АҚШ, Нью-Йорк) Визуальді өнер фестивалінде Expressionism категориясы бойынша «SaintMichael» алтын медалін иеленді. Автордың туындылары ҚР мемлекеттік мұражайларында, ҚР Президентінің Резиденциясында және дүние жүзі коллекционерлерінің қорларында сақтаулы.

А.Кененбаевтың палитрасының өзгелерден ерекшелігі – күлгін ымырттың жұмсарып, жарасым табатын ортасына бойлаған жылы және суық реңктердің ширыққан жарқылында, оның картиналарының ішкі энергиясында.

Шығармашылық жұмыстардың басты кейіпкерлері – аспан, жер, киіз үйдің шаңырағы, ошақ басы, түйенің сұлбасы. Оның өткір көзі жарықтың сәулесі басқаша құлағанын, көлеңке қоюланғанын, жеңіл ауаның орнынан сәл жылжығанын бірден көптеген реңктер арқылы табады. Оның картиналарының әуені, ырғағы, фигуралардың пластикасы әжептәуір нағыз қазақи менталитетке және адамның дүние сезіміне толы.

Суретші Аманкелді Кененбаевтың шығармашылық бағыты болып табылатын импрессионизм жанры (фр. тілінен аударғанда әсер дегенді білдіреді) – алғаш рет Францияда 19 ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан ағым. Импрессионизм өкілдері өмірді шынайы, айқын, боямасыз бейнелеуге ұмтылды. Импрессионистер өмірдің немесе табиғаттың бір сәттілік бейнесі әсерлі де көркем беруге ұмтылды.

Табиғаттың құбылмалы шақтарын, заттардың түсін, жарық пен сәуленің дәл де нәзік өзгеретінін көрсете білді. Импрессионизм өкілдері табиғаттағы құлпырған бай бояу әлемін жіті байқап, анық жеткізуге тырысты. Түстердің түрленуін алғаш көрсеткен де импрессионизм ағымы болды. Аманкелді Кененбаевтың импрессионизм бағытымен айналыса бастауы да заңды нәрсе, өйткені оның мінезі балаға ұқсайды – таза, мейірімді, жасандылықтан ада күлкісі бар ашық адам. Ол әлемді жан дүниесімен қабылдаудан өмірге деген қуанышы мен тазалығын жоғалтпады.

.

Кенжегүл АХМЕТОВА,

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<