Адам атаулыға баға беретін халық. Сенің жақсылы-жаманды істеріңді елеп-екшеп, талғам таразысына салатын да халық. Содан да халыққа қызмет ету – қалпақты құр қайырып кию емес.
Қаламгер болған соң Сыр өңірінің түкпір-түкпіріндегі, бітім-болмысы бөлек азаматтармен сыйлас та сырласпыз. Жүрегінің кірі жоқ жандармен туысасың, табанының бүрі жоқ пенделерден суысасың. Арқасы қорған ағаларды ардақтап, ізеті бөлек інілерге ардақталасың. «Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» деп атам қазақ айтқандай, осындай айтулы азаматтың бірі – Арал ауданының құрметті азаматы Нұралы аға (халық Нұраш деп атап кеткен) Оспанов.
***
Кім-кімге де өмір өрісінде кездесе беретін қиындықтар мен кедергілерді ол да көрді. Әкесі Шүйінішәлі Ұлы Отан соғысына 1941 жылы қазан айында аттанады. Бұл анасының құрсағында, анасы Салтанат болса Зейнеш, Айнаш есімді екі қызымен қала берген.
– Анамның айтуынша, – деп еске алады Нұрекең, – сол бір сұрапыл соғыста әкеміз Қиыр Шығыс майданында болған. Сауатты кісі екен, офицерлік штатқа алынып, аға лейтенант шенімен взвод командирі болыпты. Әкеміз 840 сом (рубль) жалақы алып, соның тең жартысын ай сайын анамыздың атына жіберіп отырыпты. Үйдегі үш жан осы азын-аулақ ақшамен күн көріпті. Әкеміз 1945 жылдың 24 қаңтарында, яғни жеңіске 3 ай, 15 күн қалғанда қайтыс болып, Германияның Рангсдорф деревнясына жерленген екен. Өкімет 420 сомды әскер отбасына жәрдем ретінде беріп тұрды. Бірақ сол жәрдемақы көзін көрмеген әкемнің маңдайымыздан сыйпалап, еркелетіп өсірген шапағатына жете ме? Мектепте оқып жүргенде әкесі бар балаларға қызыға да қызғана қараушы едім. Оның не айтатыны бар, мына біздер, соғыс жетімдері әкемізді аңсаумен өскенбіз ғой, – деді.
Марқұм анасы Салтанат балаларын қатарынан кем қылмай мәпелеп өсірді. Нұрағаң ерте есейеді. 1949 жылы Қамбаш орта мектебіне 1-сыныпқа барды. Кейін Арал қаласындағы №15 мектебіне ауысты. 1959 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы институттың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1964 жылы жоғары білім алып шықты.
Соғыс жылдары дүниеге келген балаларға жоғары оқу орындарында оқу оңай болған жоқ. Сабақтан тыс уақытта біреулері көркем әдебиет үйірмесіне, бірі спорттық секцияларға барды. Нұралы да қатарынан қалмай алғашында баскетбол, волейболмен шұғылданды. Тәжірибе жинақтай келе волейболдан алымды спорт шеберлерінің қатарына қосылады. Институттың құрама командасы сапында ойнап, облыстық, республикалық сайыстарда өз шеберлігімен көзге түсті.
Бала күнінен қос ішекті домбыраны серік еткен ол институттағы көркемөнер үйірмесіне да қатысып, жас күйші атанды. 1960 жылы Нұралының өмірінде естен кетпес бір оқиға болды. Атаулы мерекеге байланысты институт жастарынан 120 өнерпаз жасақталып, Алатау етегіндегі әсем шаһарға сапарлады. Студенттер қойған «Біржан-Сара» көрерменге ұнады. Беу, жастық шақтың жалындаған алауы-ай!
1964 жылы институтты бітірген жас маман еңбек жолын №85 Сульфат сегізжылдық мектебінде бастайды. Алдыңғы буын аға-апаларының тәлімін алды, білмегенін үйренді. Өзінің ізденімпаздығы, шәкірттерге деген ыстық ықыласы арқасында құрметті болды. Уақыт өте келе осы мектептің оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры болды. 1973 жылы аудандық білім бөлімінің инспекторы болып ауысты. Кейін аудандық сырттай оқу орта мектебінің, қалалық №83 орта мектебінің, №2 мектеп-интернатының директоры қызметтерін 21 жыл бойы абыроймен атқарып, ел-жұрттың алғысына кенелді. 1994 жылдан бастап аудандық білім бөлімін басқарды.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұрпақ тәрбиелеудегі атқарған шаруасы шаш етектен. Шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жауапты қызметтер атқарып жүр. Бірі – ғалым, бірі – ақын-жазушы, ал енді бірі – ұлағатты ұстаз болса, бірі – ақ халатты абзал жан.
Тоқырау жылдары өндіріс орындары ырғағынан жаңылып жұмыссыздық белең ала бастады. Сол кездегі аудан әкімінің шешімімен алдымен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы, кейіннен «Арал балық өнеркәсібі» ашық акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары қызметтеріне жіберілді. Өмір жолының осы сатыларының бәрінде де абыройлы болды. Елдің еңсесін тіктеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Нұралы Оспанов 2000 жылы Арал қалалық №220 орта мектебіне директорлық қызметке келіп, 4 жылдан соң зейнет демалысына шықты. Осылайша ағамыз аудандағы бес мектепті 31 жыл басқарды. Білім саласының айтулы ардагері анасын ықыласпен еске алады.
– Әкем соғысқа кетіп, ана құрсағында қалған менің азамат болып қалыптасуыма асыл анам Салтанаттың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оның бейнетқорлығы арқасында жетімдік көргенім жоқ десем де болады. Аяулы жанның 90 жасқа келіп, өмірден озғанша менің маңдайымды сыйпаған алақан жылуы әлі есімнен кеткен жоқ, – дейді ол.
***
Ол кездері студент жастарды ауыл шаруашылығы жұмыстарына апаратын. Нұрағаң мен Қазына жеңгемізбен студенттік жылдары танысады. Тілектері табысқан екі жас 1964 жылы отау құрды. Міне, сонан бергі 60 жыл бойы жүректері бірге соғып, шүкір, осы күнге жетті. Нұрекең бүгінде керегесі кең, босағасы берік отбасының атасы, Қазына – әжесі атанып, бау-бақшалы әулетке айналған. Сөз орайы келгенде Қазына жеңгеміздің 25 желтоқсан күні 80 жасқа толатынын айта кетейік.
Қазына – шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаз. Аға-жеңгеміз 6 перзентті болып еді. Әттең, өмір деген осы ғой, екеуі дүниеден ертерек кетті. Үлкені Жанар Оспанова көп жылдан бері банк саласында еңбек етеді. Қазір «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалында бөлім басшысы. Жалғасы мұнай компаниясында еңбек етеді. Ал, Маралы ата-аналарының жолын қуды. Кенжесі Азамат «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Колорадо штатындағы университетте оқыды. Қазір химия өнеркәсібі саласында еңбек етіп жүр. Немере-шөберелері де өсіп, өркен жайып келеді. Нұрағаң мен Қазына жеңгеміз ұл-қыздарының қызықтарына кенеліп отыр.
– Мен өзімнің ардақ тұтар ағалармен, қатар өскен замандастармен сыйлас та сырлас болып, тәлімді тәрбие алғанымды мақтан етемін. Олар – Ебейсін Исаев, Әріп Өксікбаев, Райғани Сүлейменов, Сағитжан Сермағамбетов, Айжарық Оразымбетов, Темірхан Мақсұтқалиев, Оңдасын Абылаев, Айжарық Сәдібеков. Бүгінде 90 жастың төрінен орын алған Шәкірат Дәрмағамбетов, Құдайберген Саржанов, Әбілбай Садықбаев, Кішкене Айбосынов. Бұлардың қай-қайсысы болмасын туған жердің дамуына айрықша үлес қосқан ардақты азаматтар.
Иә, Нұрағаңның өзі де елі құрметтеген абзал азамат. Адал еңбек адамды қашан да құрметке бөлейді. Нұрекеңнің ел алдындағы еңбегі еленбей қалған жоқ. Кешегі кеңестік заманда Арал қалалық кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. «Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл, 20 жыл», тағы да басқа мерекелік медаль иегері атанды. «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын алды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және республикалық ардагерлер кеңесінің «Мақтау грамотасымен» марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесіне басшылық жасады. Ал бүгінде Арал аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүр.
Сөз соңында, бүгінде 80 жасқа толған Нұралы Оспанов ағамызға шынайы тілектестігімізді білдіреміз.
Еркін ӘБІЛ,
қазақ журналистикасының қайраткері,
Арал ауданының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<