Халық арасында «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген тәмсіл бар. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында жұрты үшін жігерін жанып жұмыс істеген, еңбегі естен кетпейтін жандар жетерлік. Оған дәлел, қай заманда да жақсы адамдардың ізінде жақсы сөз бен жақсы ісі қалары белгілі. Солардың бірі – құрылыс саласының майталман маманы Ибрагим Абубакиров.
Ол 1965 жылы 23 наурызда дүниеге келді. Әкесі Серікбай Ибадуллаұлы көлік жүргізушісі, анасы Қаншайым Дәулетбайқызы сауда саласында қызмет етті. Зерек бала оқуға құштар болды. Қызылорда қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №4 мектепте оқыды.
Оны бітіргеннен кейін, жас жігіттің арманы туған елдің өркендеуіне үлес қосу еді. Сол мақсатпен 1982 жылы Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтына түсті. Бір жылдан соң оқуын институттың Қызылорда филиалына ауыстырып, әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтты. Елге келгеннен кейін оқуын жалғастырып, инженер-гидротехник мамандығын алып шықты.
Еңбек жолын облыстық су басқармасының қарамағындағы ПМК-33 мекемесінде өндіріс шебері, прораб қызметінен бастады. Жас маман өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, ісіне тиянақты болды. Салада біраз тәжірибе жинап, кәсіби маманға айналып, 1991-1998 жылдар аралығында СПМК-70 мекемесінде инженер қызметін абыройлы атқарды.
Білікті маман ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 2001 жылы жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Осылайша облыстағы ірі құрылыс компанияларының қатарынан табылды.
Облыс көлемінде көптеген әлеуметтік ғимарат, тұрғын үй, мектеп, балабақша, басқа да нысандар салып, ел игілігіне берді. Атап айтар болсақ, облыс әкімдігі ғимаратының, Ипподром шағын ауданындағы 900 орындық мектеп, 80 автокөлікке арналған көлікжай, көлік жуу және көлік шеберханасы құрылысын сапалы жүргізді. Бейбарыс сұлтан көшесі бойындағы 80 пәтерлік №1 ипотекалық тұрғын үй құрылысын бітірді. Қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансері ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қаладан бөлек, аудан, ауылдарда да тұрғын үй, мектеп сынды әлеуметтік нысандар салды. 2016 жылы Бейбарыс сұлтан көшесі, Арай-3 шағын ауданы, Жаппасбай батыр-2 тұрғын ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізді.
Арал қаласынан 150 орындық аурухана салып, тұрғындардың алғысын арқалады. Сол жағалаудан 320 орындық балабақша салып, балалардың қуанышына кенелді. Айта берсек, құрыш қолды құрылысшының облыс көлемінде салынған жаңа ғимараттарда қолтаңбасы қалды.
Сондай-ақ 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығына «Зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясын» сапалы етіп салып, тарту етті.
Құрылысшының еліне жасаған еңбегі лайықты бағасын алды. Ол «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрылысқа сіңірген еңбегі үшін» орденінің иегері. ҚР Ұлттық бизнес рейтингі ұйымдастыру комитетінің номинациясы бойынша «Үздік құрылысшы» атанды. Облыс, қала әкімінің Құрмет грамоталарымен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Қызылорда қаласының құрметті азаматы.
Ол өз саласының білгірі ғана емес, жаны жомарт, жүрегі мейірімділікке толы азамат еді. Қиналғанға қол ұшын созуға даяр тұратын. Елде төтенше жағдай болған уақытта дер кезінде қолдау көрсетіп, демеушілік жасағаны үшін және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін де елдің ыстық ықыласына бөленіп, алғыс алды.
Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай жан еді» деген тіркесі Ибрагимге айтылғандай еді.
Елдің сенімі мен құрметіне бөленіп, абыройлы ғұмыр кешкен Ибрагим Абубакиров пен жары Бақыт Қуанышқызы 2 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, 3 немеренің ата-әжесі атанды. Жары медицина саласының маманы. Бүгінде «Ханшайым» балабақшасының құрылтайшысы. Ұл-қызына жақсы тәрбие беріп, оларды оқытып, шаңырақ шаттығына кенелді. Ұлдың үлкені Рүстем Ибрагимұлы қазіргі кезде әкесі негізін қалаған «Абу-Сер» серіктестігіне жетекшілік етеді. Өзге де перзенттері әр салада жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр.
Тағдыр ол кісіге аз ғұмыр беріпті. Әйтсе де артында өшпес ізі қалды.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





